Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкімі
Рақымберді Жанысбекұлы МҮЛКЕМАНОВ
мырзаның назарына!
«БӘРІН АЙТ ТА БІРІН АЙТ, «ЖАС ОТАУ ТҰРАННЫҢ» ЖЫРЫН АЙТ!»
Егемен еліміздің Үшінші ірі мегаполисі – Шымкент шаһары күн өткен сайын көркейіп, гүлденіп, түрленіп келеді. Қала бүгінде бейнебір алып құрылыс алаңына айналғандай. Аспанмен таласқан заманауи ғимараттармен бірге бой көтерген зәулім тұрғын үйлердің көбейе түскені көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Осы орайда қаланың Қаратау ауданына қарасты «Тұран-2» шағынауданындағы ақшаңқан үйлердің арасынан «Жас отау Тұран» деп аталатын керемет тұрғын үй кешенін айрықша атап өтуімізге болады. 12 қабатты төрт зәулім үй шаршы төртбұрыш тәрізді етіп салынған. Ортасында ашық стадион, балалар алаңшасы, автотұрақтар орналасқан. Оның жанындағы бұдан да биік тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталуға таяу. Әрине, мұның бәрі жақсы ғой. Осылайша тұрғындарға қолайлы жағдай жасап отырған қала басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Өкінішке орай, мыңдаған жан мекендейтін бұл заманауи зәулім үйлерде тұратындардың қуанышынан мұңы басымдау сияқты. Олай дейтініміз, пәтерлердің есіктері мен терезелері қиюласып жақсы жабылмайды. Сырттан соққан салқын самал бөлме ішінде бейнебір далада жүргендей ыңғайсыз әсер қалдырады. Интернет, телевизия дұрыс жұмыс істемейді. Балалар алаңшасындағы кейбір ойын элементтері істен шыққан. Дүкендердегі азық-түлік пен жеміс-жидектің бағасы базардағыдан біржарым-екі есе қымбат.
Бұл маңайға таяу қоныс тепкен жоғары және арнаулы орта оқу орындарын айтпағанның өзінде мемлекеттік мектеп, балабақша, мәдениет сарайы, кітапхана, кітап дүкені, кинотеатр, аурухана, стадион, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандарды емге таппайсыздар. Бәрі жекеменшіктің үлесінде. Ақылары тым қымбат. Мәселен, жекеменшік «Ziyatker mektebi» оқу ошағының бір айлық ақысы – 180 мың теңгені құрайды. Соның дәл жанындағы Golden Bary бөбекжай бақшасына әр бүлдіршін үшін айына 30 мың теңге төлеуге тура келеді. Ал «Тұран-1» шағынауданындағы №79 жалпы орта білім беретін мектебінің өзі әжептеуір қашықтықта. Екі арасы оншақты аялдамадан тұрады. Ондағы 1700 шәкірт үш ауысымда оқиды. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларының білім ордасына қатынауы айтарлықтай қиындық туғызуда. Мектеп шәкірттерін тасымалдайтын автобус жүргізушілерінің бірі жол-көлік апатына ұшырағанынан да хабардармыз.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, ОҚУ колледжінің оқытушысы, филолог (бакалавр), педагогика ғылымының магистрі Қарлығаш Үсенқұлова:
–Алты жасар Айдана қызымды мектепке шығарып салмақ болған кезімде абайсызда шұңқырға құлап кетіп, аяғымды сындырып алғанмын. Сөйтіп, бір айдай уақыт азап шектім. Өйткені, автобус тоқтайтын орындағы су ағатын лоток шұңқырларының беті жабылмаған тұғын. Әлі күнге дейін жабылмай тұр. Осындай кемшіліктерді реттейтін қала шаруашылығының қызметкерлерін қайдан табарымызды білмейміз?!
Дәл осындай ыңғайсыз жағдайға бірінші Е сынып оқушысы Дания да тап болған. Сонда да болса әлгі бес шұңқырдың беті әлі күнге дейін жабылмай тұрғаны түсініксіз.
Абырой болғанда Жаңа – 2025 жылдың басында «Тұран – 2» шағынауданынан №143 жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға беріліп, біраз түйткілді мәселенің түйіні шешілгендей болды. Алайда, №79 жалпы орта білім беретін мектепке қатынап оқитындар әлі де баршылық. Мүмкін олар биылғы оқу жылын сонда аяқтағысы келетін шығар, бәлкім.
Сол себепті болса керек, ата-аналар қауымы таңалакеуімнен өз перзенттерін Шымкенттің әр шалғайындағы мектептер мен балабақшаларға қарай сүйреуге мәжбүр. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Жұмабек Тәшенев атындағы университет, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінде тәлім-тәрбие алатын студенттер тағы бар. «Автонұр» базарына баратындарды айтпай-ақ қоялық.
Осы орайда №17 бағытта қатынайтын автобус жүргізушілерінің қызметі көңіл көншітпейтінін ренішпен тілге тиек етпесек тағы болмайды. Бір автобус пен екінші автобустың интервал арасы 10-15 минут делінгенімен, кейде бұл қоғамдық көліктерді жарты сағаттан астам уақыт күтуге тура келеді. Оның себеп-салдарын сұрасақ: «Автобус аз, газ жоқ, анау жоқ, мынау жоқ», – деп сылтауратады. Қашан қарасаңыздар, ертелі-кеш автобус іші ығы-жығы, үлкенді-кішілі жолаушыларға лық толады да тұрады. Аузы-мұрнынан шыққан автобус салонында тіпті еркін демалудың өзі қиын. Бір бағыттан екінші бағытқа дейін бару үшін бір сағаттан астам уақыт жұмсайтын үлкенді-кішілі жолаушылардың жүйкесі жұқаратыны айтпаса да түсінікті болса керек. Жүргізушілердің сөзіне сенетін болсақ, автокомпания басшылығы осы бағытта күнделікті қатынауға тиісті 14 автобустың тек бес-алтауына ғана газ құйып, қалғаны «запаста» тұратын көрінеді. Сондықтан, автобустардың қатынау интервалы созылып кететін сыңайлы.
Мұның үстіне кейбір автобустардың стационары, валидаторы жүйелі жұмыс істемей тұрады. Жүгенсіз жүргізушілер: «Жолақыны қолма-қол нақтылай төлеңіздер, ұялы телефоныма ақша сала берулеріңізге болады», – деуден әсте танбайды. Автобус аялдамаларын хабарлап отырмайды. Жолақыға нақтылай 70 теңге төлегендерге «100 теңге бермедіңіздер», – деп билет бермейді. Осындай оғаш қылығы үшін жүргізушілерді де жазалау керек шығар, бәлкім. Бұған қоса-қабат жолай қоғамдық көліктердегі жолаушылардың жолақы төлеген-төлемегенін бақылайтын тексерушілердің: «Жолақыны қолма-қол нақтылай төлегендерге 6 900 теңге айыппұл саламыз», – деп үркітіп, қорқытатынын қайтерсің.
Мәдениеті төмен кейбір жүгенсіз жүргізушілердің осындай орынсыз іс-әрекеті жолаушыларды қатты қынжылтады. Олардың арасында қала басшылығы тарапынан бекітіліп берілген автобустың қатынау сызбасын қатаң сақтай бермейтіндері де бар. Жекеменшік «Ziyatker» мектебінен кейінгі «Жас отау» аялдамасына қарай қатынағысы келмей, кежегесі кейін тартып тұратындары да кезігеді. Мәселен, бытыр 2 сәуір күні «Автонұр» базарынан – «Тұран-2» шағынауданына қарай беттеген «270 AF 17» нөмірлі автобус жүргізушісі кешкі сағат 18:00-дер шамасында жолаушылардың бірінің: «Жас отау» аялдамасында түсемін», – деген уәжіне құлақ аспастан автобустың қатынау сызбасын өрескел бұза отырып, әлгі аялдамаға жетпестен бұрылып кетіп, жолаушыны орынсыз әбігерге, әуре-сарсаңға салғанына куәміз.
16 сәуір күні шаңқай түсте сағат 13:00-дер шамасынша қос қапталдан келген жеңіл автокөліктер соқтығысып қалған. Былайша айтқанда, мұнда жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздік мәселелері толыққанды қарастырылмағанын қалай түсінуге болады?! Ал бағдаршам бұл жерге кейіннен қойылған.
«Жас отау» аялдамасындағы шыны айнаның сынып қалғанына бірталай уақыт болды. Соған қарамастан вандализмге салынып, оны сындырған беймәлім бұзақыны (бұзақыларды) іздеу шаралары әлі күнге дейін қолға алынбаған. Өйткені, бұл маңайдан полиция қызметкерлерін емге таппайсыздар. Осы орайда Қаратау аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Қуаныш Сағыналыұлы Жұмағұл мырза ай қарап отыр ма деген сауал туындайды.
19 қараша күні таңертеңгілік рейстердің бірінде автобустың артқы есігінің шыны айнасы шытынап кеткеніне де куә болғанбыз. Тағы да сол көшедегі автокөлік кептелісімен қоса-қабат орын алатын автобус салонындағы адамдардың кептелісінің салдарынан болған кемшіліктің орнын кімнің қалтасындағы қаржымен толтырамыз?!.
«Бәрін айт та бірін айт, «Жас отау Тұранның жырын айт!» демекші, міне, осындай өрескелдіктерді ескере отырып, Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Жанысбекұлы Мүлкеманов мырзаға «Жас отау Тұран» тұрғын үй кешенінде жасайтын мыңдаған жанның мынадай маңызды мұң-мұқтаждарын жеткізіп, оны шешу жолдарын шұғыл түрде қарастыруды сұранамыз:
- Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданындағы «Тұран-2» шағынауданының аумағында мемлекеттік мектеп, балабақша, мәдениет сарайы, кітапхана, кітап дүкені, кинотеатр, наубайхана, аурухана, стадион, спорт кешені, монша сияқты әлеуметтік нысандар салу жұмыстарын жедел түрде қолға алу керек. Осы орайда, құрылысы тым кешеуілдеп отырған №144 жалпы орта білім беретін мектептегі құрылыс жұмыстарының барысын қатаң қадағалау қажет. Үш ауысымда оқитын №79 жалпы орта білім беретін мектебінің мәселесін ертерек шешкен мақұл. Мемлекеттік балабақшаларды көптеп салуды қолға алған жөн.
- Тұрғындардың басым бөлігінің қаланың өзге мекен-жайларына қолайлы қатынауын сапалы қанағаттандыру мақсатында «Тұран-2» – «Автонұр» бағытында жылдам қатынайтын №17а деп аталатын жаңа автобус бағытын ашу. «Тұран-2» шағынауданы – «Жас отау» аялдамасы – Алатау көшесі – Бәйдібек би даңғылы – Қонаев даңғылы – Тәуке хан даңғылы – Республика даңғылы – Темірлан тас жолы – «Автонұр» базары бағыты бойынша қатынаса дұрыс болар еді. Мәдениеті төмен, жүгенсіз жүргізушілердің жұмысын реттеу. Осы орайда техникалық құралғылары толыққанды жұмыс істемейтін автобус жүргізушілерін сапарға шығармау шараларын қарастыру қажет.
- Ақпарат және жаңа технологиялар заманы болып саналатын – ХХІ ғасырды Интернетсіз көзге елестетудің өзі қиын. Телевизия арналарының көрсетілімін жақсарту – уақыт талабы екені даусыз. Ұялы телефон желілерінің жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз ету де аса маңызды екені белгілі. Осы орайда телекөрермендер мен әлеуметтік желі қолданушыларына сапалы әрі тиімді қызмет көрсету жұмыстарын барынша жетілдіріп, жаңғырту қажеттігі туындап отырғаны айтпаса да түсінікті шығар.
Қаратау ауданының басшылығы «Жас отау Тұран» тұрғын үй кешені тұрғындарының осындай мұң-мұқтажына бейжай қарамайды деген үміттеміз. «Әкім бол, халқыңа жақын бол», – демекші, Рақымберді Жанысбекұлы Мүлкеманов мырза, Сізден жоғарыда баяндалған мәселелер жөнінде нақты жауап күтеміз.
Әбдісаттар ӘЛІП,
республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.