ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ АЛАҢДАТАДЫ…

Мәселе Қоғам
249 Views

ҮЙДЕ БАЛА-ШАҒА ҚАРАУСЫЗ, ТӘРБИЕСІЗ ҚАЛДЫ

Өзіміз өмір сүрген өткен  тарихымыздан өзімізді бөліп ала алмаймыз. Сталин кезінде тудық, Хрущевтің сығып алса суы сорғалаған қара нанын жеп өстік, Брежневтің жалпылдақ сүйісуден жалықпайтын мейірімін сезіндік, Горбачевтің алақұйын желөкпе көкезу сөздеріне малдандық. Ақыры СССР құлады, әулиедей көретін компартия тарады.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда бөркімізді аспанға лақтырып, әлемдегі бүкіл қазақ қуаныштан қауынша жарылды.

Егемендігіміз орасан рух беріп, зор намысты оятты. Мектептердегі орысша оқып жүрген балаларымызды қазақ сыныптарына жаппай ауыстырдық. Алғашқы кездердегі қиындықтарды азаттық шуағына шомылып қайсарлықпен жеңіп шықтық.

Бұрынғы Кеңес Одағының басқа республикаларында қырғи қабақ талас-тартыс, қақтығыс, жанжал болып жатқанда біздің ел тыныштық құшағында мамыражай күй кешті.

Тәуелсіздік алған жылы туған перзенттер міне отыздан асты.

Бүгінгі мектептегі, жоғары оқу орындарындағы жастардың бәрі – тәуелсіздік төлдері. Жұмысқа жаңа орналасып жатқан алғашқы дипломды лек те солар.

Осы тәуелсіздік кезеңдегі туған жастар қандай? Олар алғыр, өжет, жалтақтау дегенді білмейді. Ойларын бүкпесіз ашық айтады.

Жастар ойы бүкіл әлемді шарлап кеткен, олар жер шарының көптеген жерлерінде болған немесе интернет, теледидар арқылы бүкіл дүниежүзіндегі жағдай, тұрмысты біліп отырады.

Жастарымыздың бойында кәсіпкерлікке, қаржы табуға, қайтсем тез байысам деген ой-қиял басым.

Екінші бір айтарымыз – бұлардың көпшілігі кітап оқымайды, әдебиеттен аулақ өсті.

Неге? Өйткені бұлар туғанда, бала кезінде тоқсаныншы жылдары ел қиын жағдайда ата-аналары қытайдың ала қабын арқалап, жансақтау үшін тентіреп кетті, түрлі базарға барды, саудаға кірісті.

Үйде бала-шаға қараусыз, тәрбиесіз қалды. Оларды тек теледидар мен көше тәрбиеледі.

Олар кішкентайынан кітап оқымайтын болып өсті, сана-ойы басқаша қалыптасты.

Баланы не шеше тәрбиелейді, не көше тәрбиелейді, не дала тәрбиелейді, не ана тәрбиелейді.

Енді сол тәуелсіздік жылдары туғандар өздері отбасы құрып, бала тәрбиелеуге көшті.

Жастар – ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанымызды алға апаратын, әділетті ел болуға бел шешіп кірісетін біздің болашағымыз. Жастар тәрбиесі – ең басты құндылығымыз.

Бірақ өткен жылғы қаңтар оқиғасы – қайта-қайта ойлантып, көп күрделі мәселені тез арада шешуді күн тәртібіне қойды. Бұл оқиғадан кейінгі уақыт – жаңа бетбұрыс кезеңінің бастауы болды. Өткен ескі сүрлеумен емес Президентіміз Қ.Тоқаев бүкіл қоғамға жаңа әділетті жаңа сара жол, жаңа бағыт-бағдар ұсынды. Бір жылдың ішінде ғасырға бергісіз ұланғасыр саналы да салиқалы қордаланған түйінді шешетін нақты жұмыстар атқарылды.  Бұл істе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімділігі мен біліктілігі, табандылығы мен қиыннан жол тапқан саясаткерлігі – әділетті Қазақстан орнатудың тың алғышарттарын жасап берді. Өткен жылғы саяси реформалар алғашқы  игі жемістерін бере бастады. Елімізді саяси, экономикалық жағынан дамытатын референдум өткізілді. Жаңа ауқымды заңдар қабылданды. Бүкіл мемлекетіміздің барша жұрты Қ.Тоқаевқа зор сенім артып, Президент сайлауын ұйымшылдықпен өткізді. Руханият саласында өрлеу байқалады. Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда және басқа да жерлерде  сөйлеген сөздерінде Президент бүкіл елді ынтымақ, бірлікке шақырып, жаңа міндеттерді орындау жолдарын анық  көрсетіп берді.

Былтыр Президент бастамасымен құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облысы тұрғындарының алғысы тіпті шексіз. Жуырда бір топ ардагерлерді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев шақырып,  танысып, келелі әңгіме өткізді. Халқымыздың маңдайалды тұлғасы Қонаев есімін Президент жарлығымен былтыр алған қала түрленіп, әсемденіп кетіпті. Қазір 50 мың тұрғыны болса, 2030 жылы мұнда 200 мың адам тұратын өнеркәсіпті, мәдени-демалыс орны бар үлкен қалаға айналмақшы.

Өткен жылғы Қостанай облысындағы алапат өрт, Екібастұздағы жылу құбырының жарылуы секілді қиын-қыстау жағдайларды мемлекет басшысы тікелей өз бақылауына ұстап, нақты тапсырмалар беріп, апаттарды тез жойып, ел ризашылықтарын білдіруде.

Іс тетігін кадрлар шешеді. Облыс әкімдері мен үкімет мүшелерінің дені жаңа, білімді жастармен толықты. «Тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» дегендей не болса соны айтатындарды көріп жаның жабырқайды. Жақында бір мәжіліс депутаты «Еліміздің барлық облыстардағы әкімдерін ауыстыру керек» деп өжектеп сөйлеген сөзін естіп, қатты таңқалдым. Облыстардың бір-екеуінен басқасы түгел былтыр жаңадан тағайындалды емес пе?! Даңғаза айқай, даурықпа ойбай салған оның жоғарғы халық мінберінде жүріп осындай ірікті де шірікті сөзіне қарап қайран қаласың. Алдағы мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауында халық өзі таразылап, ойлы да парасатты, ел сөзін сөйлей алатын қайраткер ұл-қыздарын осы мәртебелі жерге өкілдік береді деп сенеміз.

ТҰЛҒАТАНУҒА КӨҢІЛ БӨЛУІМІЗ КЕРЕК!

Бұл арада тұлғатануға айрықша көңіл бөлуіміз керек. Совет Одағы кезінде облыс басқарған Асанбай Асқаров, Нұржан Әуелбековтей басшылардың ел-жұрт үшін істеген игілікті істерін ел аңыз ғып айтып отырады.

Тәуелсіздіктің  алғашқы кедір-бұдыр соқпақты жолында қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағанбетов, Премьер-министр болған Нұрлан Балғынбаев, қайраткер, қаламгер Шерхан Мұртазадай тау тұлғалар жайлы, олардың еліміздің қалыптасудағы қиын-қыстау кезіндегі атқарған тамаша істері ұрпаққа өнеге.

Бүгінгі күні елді бірлікке шақырып, ұйытуға ерекше үлес қосып жүрген ел ағаларын ерекше айтуға болады. Мәселен оңтүстіктегі заңгер Бекет Тұрғараев, арқадағы жазушы Жабал Ерғалиев, батыстағы ақын Светқали Нұржанов секілді аузының дуасы, сөзінің миуасы бар қадірлі шешен ел ағаларының ой-пікіріне ел жүгінеді, айтқандарына айдай сенеді.

«Атасынан ақыл алса тентек ұл да жөнделер» деп Махмуд Қашқари айтқандай ақсақалдық дәстүрді қайта жандандыруымыз керек-ақ.

Ел басқарудағы үлгі тұтар ардақтыларымыз да аз емес. Осы орайда бес облысты іскерлікпен басқарған Бердібек Сапарбаевтың атқарған ісі — баршаға үлгі. Оған премьер министрдің орынбасары, министр және басқа да қандай жауапты қызметтерді тапсырса да өте ұйымшылдықпен атқарып,  іскер басшы екенін танытып, «шаршамайтын Сапарбаев әділ басшы» деген ел пікірі аңыз болып тарап кетті.

Руханият саласында Президентіміздің саясатын қолдап, қорғап елді ісімен де сөзімен де жұмылдырып жүрген көптеген қайраткерлер есімін атауға болады. Мәселен, педагог Еңбек Ері Аягүл Миразова, академик тарихшылар Хангелді Әбжанов, Берекет Кәрібаев, ғалым Қансейіт Әбдезұлы, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев ел-жұртқа беделді де  бедерлі сөздерін айтып, халық қошеметіне бөленуде.

Әр дәуірдің өзіне лайық тұлғалары болады, солар алға шығып, жақсылыққа үндеп, көпшілікті соңынан ертеді.

Бұл орайда әділетті Қазақстан кезіндегі жауапты істердің тұтқасын ұстаған жастарға жүктелер міндет зор.

«Жастықтың оты жалындап

Жас жүректе жанған шоқ.

Талаптың аты арындап

Әр қиялға салған шақ» — деп дана Абай айтқандай Президентіміз жап-жас білімді жастарға  үлкен лауазымды қызметтерді сеніп тапсыруда. Олардың арасынан да елдің ризашылығына бөленіп, ардақты тұлға болатын қайраткерлер шығатынына кәміл сенеміз.

Осыдан бір ғасыр бұрын алашшылар «Оян қазақ елім, алаш жұртым!» деп ұран тастады емес пе! Сол ардақтылар алаш туын көтергенде жап-жас бола тұра, елдік ұлттық мүддені жоғары қойып, бастарын бәйгеге тікті, кеуделерін оққа тосты.

Бойында бұлықсыған күш-қуаты, арман мүддесі бар мемлекетшіл кемел білімді жастар болашақ жөніндегі үлкен жоспарларды тың серпін, ерен құлшыныспен атқарып тастайды. Жас болса да, бас бола білген Ғани Мұратбаев былай деген: «Жастардың бүгінгі міндеті оқу, білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман».

Осы орайда білім беру жүйесін жан-жақты қадағалап, ол жерді реформалар деген желеумен орынсыз жұлмалай берудің қажеті жоқ сияқты.

Уақыт өте келе қазіргі кезде қазақтар балаларын қайтадан орысшаға беретін болып барады. Неге? Өйткені өмір сүру үшін, оқуда, жұмыста қазақ тілі қажеттілігі күн өткен сайын төмендегені байқалады.

Сондай-ақ латын әліпбиіне көшуді де 2030 жылға дейін тоқтата тұрса жөн болар еді. Өйткені, 19 миллион қазақстандықтар латын, кириллица деп қақ жарылайын деп тұр.

Енді не істеуіміз керек?

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚҰТҚАРУ — ҰЛТТЫҚ ПАРЫЗЫМЫЗ

Ең алдымен еліміздегі барлық бала-бақшалар түгел қазақшалануы керек. Бала тілін қазақша шығарсын.

Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетіне басымдық беру қажет. Колледжде, жоғары оқу орындарында сабақ қазақ тілінде өтуі керек. Басқа тіл де керек, қажет жағдайда тез өздері-ақ үйреніп алады. Тіпті «Болашақ» бағдарламасымен шетелге тек ЖОО-ның бітірген соң, бір-екі жыл жұмыс істетіп, көзқарасы қалыптасқан жастарды ғана жіберген дұрыс сияқты.

Мемлекетімізде жауапты қызмет тұтқасын ұстайтын – мемлекеттік қызметкерлерде қазақи тіл, мінез, рухы бар болуы керек.

Қазақ тілін үйрену деген сылтаумен орасан қаржы бөлінді, тілді үйренген шенеуніктер аз. Өйткені заңымыз солқылдақ, бар заңды сақтамаймыз.

Тілді сақтау – елді сақтау, егемендігімізді сақтау. Тіпті теледидарда, радиодағы хабарлардың 50 пайызы мемлекеттік тілде берілсін деген заң да сақталмай отыр емес пе?

Аузын арандай ашып жаһандану бізге де келіп жетті. Елдің бәрі қалта телефон, интернет, фейсбук, сайт деп маймылша бүкшиіп, солардан шықпайтын болды, үлкен-кішісі бәрі шұқшиып отырады.

Сол интернет әлеміндегі хабар, дүниелерде озығы да, тозығы да, сорақы сұмдығы да толып жатыр. Біздің ел өте әуесқой, тез қабылдағыш ел. Жапатармағай бас салып, солардың ішіне түсіп, бәрін тоғыта көріп жатыр, ой-санасына сіңіріп алуда.

Интернетте не бәле жоқ: жезөкшеліктің небір сойқан түрлері, адам шошитын жат нәрселер өріп жүр. Талғамай, таңдамай буыны бекімеген балалар мен жастар қазір бар тәрбиені сол интернеттен көріп, оқып бойына сіңіруде. Батыстың, шетелдің сыртқа лақтырып тастаған былапыт дүниесін құныға құлшына көріп жатқан жұрт, онда зымиян саясат бар екенін біліп, түсініп жатқан жоқ.

Ал, әлеуметтік желідегі бір-бірімен жазысып, ой ұсыныс айтып жатқандардың хаттарын ашсаңыз — қатеден аяқ алып жүре алмайсың, сауатсыз, тіпті ұятсыз, өте тұрпайы.

Елге, ұлтқа қарсы түрлі сорақы қылмыстық жолға итермелейтін, жаман әдетті дәріптейтін — сайттарға қарсы қатаң тоқтау салатын заң қажет-ақ.

Жастарымызды жат әдеттермен уландырып, жындандырып жібермеуіміз керек.

Бүкіл еліміздегі бар насихат қазір теледидарда қалды. Бірақ теледидарда ойлы, салмақты дүниелер аз, бәрі ырду-дырду, ойын-сауық, арзан күлкі.

Теледидарларды белгілі бір топ әншілер түгел жаулап алған, әншілер хабар жүргізеді, әншілер өмірі насихатталып, қайта-қайта көрсетіледі, әншілер елге ақыл айтады, әншілер әнін айтады.

Апыр-ау, үлгі-өнеге болатын басқа да сан мамандық иелері қайда, олардың тұрмыс, өмірі, айтар ойы қайда?

Зиялы қауым өкілдерінің құнарлы, маңызды ой-пікірлері, жалпақ жұртқа айтар өзекті мәселелері неге көтерілмейді?

Қазақ тойшыл халық болып алдық. Түрлі сылтау, себеп тауып той өткізуге әбден құмартып, құлшынып, жаппай халықтық сипат алды. Жиған-тергеніміздің бәрін бір кештік тойға ысырап еткенімізге мақтанатын болдық. Адамзатқа ең қымбат нәрсе – уақыт. Шынын айтқанда өміріміздің алтын уақыттары тойларда есіл босқа өтіп жатыр. Қазақтың тойы ешқашан уақытында басталмайды. Шаласауат той басқарушысының сөз әдебіне қарап-ақ шаршайсың, ғибрат болар түк жоқ.

Той тағлымдық, танымдық болуы керек. Тойларды арақ-шарапсыз өткізу – бүкіл ел болып қолдап кетер игі іс.

Маскүнемдікке барар жол осы той. Тойдан кейін екі-үш күн есін жия алмай бас жазып жүрген тойшыл қауым — араққа бейім болып бара жатқанын ұқпайды-ақ.

Ең ауыр кесел – маскүнемдік пен нашақорлық, бұл ұлтты аздырып, тоздыратын ең қауіпті дерт. Нашақорлық бұрын қалаларда ғана болушы еді, қазір ауыл жастарына да жетіпті. Бұл сұмдық індеттен құтылу, біржола тазарту – ортақ ісіміз.

Әлемде тоғызыншы орындағы ұлан-байтақ жеріміз бар. Халқымыздың саны енді ғана 19 миллионға жетті.

Кезінде қазақ халқы да қанат жайып өсіп, өркендемек болған. Екі мәрте ашаршылық, ақ таяқ жұтта қырылды, асылдарымыз бен ақылдыларымыз репрессияға ұшырады. Ұлы Отан соғысында қаншама қыршын қиылды.

Мәселен, 1917 жылы қазақтар саны 5 миллион 400 мың болса, өзбектер – 4 миллион 800 мың болған екен. Бүгіндері өзбектер 36 миллионнан асып кетті.

Демографиялық дүмпу, өсу қажет.

Баяғыда мектептерде дене шынықтыру сабағына ерекше көңіл бөліп, үлкен үзілісте гимнастика жасататын. Таза ауада сабақ өткізу, табиғатқа шығу сабақтары өтетін.

Әсіресе ер балаларды әскерге дайындау ерте басталатын. Әскерге шыныққан, шымыр болып бару – әрбір бозбаланың арманы, борышы, парызы болды. Армияға барып келгендерге құрметпен қарады. Әскер бозбаланы шыңдады, тәрбиеледі, шынықтырды. Спорт жаппай бұқаралық болатын.

Қазір әлжуаз, қит етсе ауырып қалатын, қаны аз балалар көбейді. Ертеден кешке дейін интернет, теледидарды жатып көреді.

Әр аудан, облыс орталықтарында әңгіредей зәулім-зәулім спорт сарайларын бюджет ақшасына салып қойды. Ол көпшілікке жабық, тек элита ғана демалып, сергитін орынға ғана айналып барады. Оны айтасыз, стадион, спорт алаңдары да сатылып кеткен, тарс жабық.

Қазір әскерге барудан қашатындар көбейді. Әр ер баланың көкірегінде намыс отын тұтатып, Отанды қорғау – басты борыш екендігіне орай кешенді дайындық жүйе бағдарламасын іске асыруымыз керек-ақ.

Патриоттық сезім, елжандылық – осыдан басталады. Ұзын сонар тарихқа көз жүгіртсек қазақтың қайсарлығы, биік рухы мен намысы, өршіл батырлығы арқасында ғана еліміз бен жерімізді сақтап қалдық емес пе?!

АУЫЛ ТАҒДЫРЫ – ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ

Еліміздің жаны, тіні, тілі – ауылда. Президентіміз Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың бес жылдық іс-жоспарын жасау жөнінде үкіметке тапсырма берді. Ауыл — бүкіл экономиканың локомотиві. Ауыл тағдыры – қазақ тағдыры.

Ауылда жұмыс таба алмағандар қалаға ағылуда. Қалаларда да завод, фабрика, комбинаттар жоқ, не істерін білмеген жастар ұрлық-қарлық, нашақорлық  секілді жаман жолға түсіп кететінін көріп жүрміз. Кезінде ауылға деп бөлінген орасан қаржылар қайда кетті?

Баяғыда өрісіміз – құт, қонысымыз – береке болған жайлаулар малға толып, өріске таласып жүруші еді:

Қазір жайлау, қыстау қаңырап, тусырап тұр.

Түркия мемлекеті өзіне қажеті бар нәрсені азық-түлік, керек-жарақтың бәрін өздерінде өндіріп, жасайды.

Қала төңірегінде бұрында көкөніс себетін, сүт өндіретін шаруашылықтар болатын. Сол қайран суармалы жерлерге қаптаған үй салып тастады.

Негізінде қалаларда далитып үй сала беру дұрыс па, осы?  Алматы шаһарының үй-жайлары Алатаудың асқар шыңдарынан бастап, жайылып ұлғайып кетіп барады.

Осы құрылыс пен жол салу ісінде жемқорлық жайлап алғанын жұрттың бәрі біледі, сондықтан да онда атқарылған жұмыс өте сапасыз, қалай болса солай тез-тез асығыс жүргізіледі.

Кредитке пәтерлер беру алғашында дұрыс-ақ еді, бірақ бұл да басқа жолға түсті: Қазір  дәулеттілер 2-3, тіпті   он-он бес пәтерді кредитке алып, қайтып пәтер жалдайтындарға өткізіп қойып, оңай баю жолына түсуде. Тіпті ауылдағы үйін сатып, ақшасына кредитке пәтер алатындар толқыны көбейді. Аз жылда ауыл қаңырап бос қалмаса екен?

Ал, осы несиеге үй салып жатқан құрылыс компанияларының жосықсыз екпінін басу қажет-ақ. Олардың артында қолы ұзын қомағайлар тұрғаны анық. Елдің бәрін қарызға белшесінен батырып, несие деген желеумен есепсіз үйлер салып, пәтерлерді сатумен айналысуды доғара тұрғанымыз абзал-ақ. Өйткені қарызға белшеден батқандар тым көбейіп кетсе – арты қиын болады.

Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп атап көрсетті. Қай сала болсын заңға бағынып, жұмыс істеуі керек.

Мемлекетімізді дұшпандарымыздың әзәзіл ақпараттық шабуылынан қорғауымыз қажет. Әсіресе жаһандану дәуірінде обадай жайлаған жаман жат пиғылды, ел санасын улап, қорлайтын электронды ақпарат тасқыны үдеп барады. Ел ішінде журналист мамандығы жоқ блогерлер деген қаптап кетті. Олар тек мемлекет қызметкерлерін бопсалап, жамандап, арандатып, үркітіп қорқытып қаржы табуды көздейді. Бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін қарайтын әлеуметтік желілерде сұрқия ұятсыз-арсыз қалыпта жүйемізді қаралайтын лас мақаласымақ тасқыны жаулап барады.

Ел тыныштығы мен бейбіт өмір үшін еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметкерлердің рөлі соңғы жылдары тым төмендеп кетті. Әсіресе ауыл, аудан, облыстарда халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін басқарып, мұң-мұқтажын шешіп отырған әкімдер қауымын бей-берекет сынап, мінеп, әуелі кекетіп-мұқататын дәрежеге жеттік. Кім көрінген бас-көз жоқ жамандап, зіркілдеп, ай-шай жоқ оларды басынып, жеке арларына тиіп, бедел-абыройларын айрандай төгуде.

Бұдан бір ғасыр бұрын дәулетті байлар мен имам-молдаларға жаппай шабуыл жасап, ақыры ел қаймақтары болған оларды жер аударып, атып, асып, тұқымдарын түгел тұздай құртпады ма? Сауатсыз, есірік мінез, көр кеуде құл-құтандар әкіреңдеп ұлтымыздың асыл текті қаймақтарын түгел жойып жіберді.

Міне қазір де ел тізгінін ұстаған ірілі-ұсақты мемлекетшіл замандастарымызды бас-көз демей, орынсыз сынап сойып, соққының астына алып, дүрелеп жатқан жоқпыз ба? Сондықтан да олардың халық алдында бедел-абыройын көтеру — жағын ойластыру керек-ақ.

Бұл үшін бүкіл ел жұрт болып ортақ игі істерге жұмылдыруда бүгін абыз ақсақалдардың айтар дуалы сөздері ауадай қажет. Ұлт зиялылары Президентіміздің әр сөзіне, әр бастамасына ерекше қолдау білдіріп, жүрекжарды  пікір-ойларын баспасөзде, әлеуметтік желіде жариялауда. Ел алдына шығып бүгінгі күн жөнінде, баршаны отансүйгіштікке, елжандылыққа, адами құндылықтарды игеруге шақырған көптеген замандастарымыздың мағыналы әңгімелері әсерлі шығуда.

Міне, 2023 жыл есігін айқара ашты. Тағдыр бізге Қазақстан атты тәуелсіз елімізде дәл бүгінгідей дәуірде өмір сүруді жазыпты. Сапырылысқан ой-пікірлерімнің бір парасын ортаға салып, ел-жұртыммен бөліссем деген ақжарылғап пейілім деп білерсіздер.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *