Ағымдағы жылдың 27-ші ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті 18-ші съезі өтті. Онда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаннақты шешімдер қабылданды.
Елбасы халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту, оның ішінде көпбалалы отбасылардың және халықтың әлсіз топтарын қолдауға бағытталған мәселелерді шешуді тапсырды. Биылғы жылы негізгі жұмыс қала халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталуда. Осыған орай, қала әкімінің орынбасары Гүлжан Мамытқызы Құрманбековадан сұхбат алған болатынбыз.
– Бүгінде қазақстандықтардың әл-ауқаты үлкен басымдыққа ие. Осы орайда халықтың тұрмысын жақсарту үшін қала әкімдігі тарапынан қандай шаралар атқарылуда? Тарқатып айтып өтсеңіз.
– Иә, бұл тұрғыда көп нәрсені әкімдік жасайды. Солардың ең біріншісі – халықты жұмыспен қамту.
Экономика салаларында қосылған құн көлемінің, еңбек өнімділігінің артуы және азаматтардың статусын анықтау шаралары өздігімен жұмыспен қамтылғандардың санын азайтуға айтарлықтай әсерін тигізуде.
Мәселен, 2018 жылы өздігімен жұмыспен қамтылғандар 131 мың адамнан 124 мың адамға дейін азайды. Оның ішінде нәтижесіз өздігінше жұмыспен қамтылғандардың саны 7,2 мың адамнан 3,4 мың адамға дейін кеміген.
2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында, 30 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шаралары көзделген. Оның ішінде 2795 адам жастар тәжірибесімен, 500 тұрғын әлеуметтік жұмыс орындарымен, 2500 қоғамдық жұмыстармен қамтып, 5000 адамды кәсіптік оқытуға, 18 659 азаматты бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған.
Қалада еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Еңбек қатынастары «Enbek.kz» электрондық порталы арқылы жүргізіледі.
Жыл басынан бері «Enbek.kz» порталы арқылы 2 437 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күнге, 144 жұмыс берушілерде 1 014 бос жұмыс орындары бар. Аталған бос жұмыс орындарына жұмыспен қамту органдарына тіркелген жұмыссыз азаматтар жолдануда.
– Және бір маңызды мәселелердің бірі – халықты, әсіресе жұмыссыз, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерді әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету. Осындай әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрғындарға қолдау көрсетілуде ме?
– Сұрағыңыз орынды, әрине. Біздің басты міндетіміз де халықтың тұрмысын барынша оңтайландыруға саяды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек мөлшері көбейтілді. Осыған байланысты, қаламызда сәуір айынан бастап 39 013 атаулы әлеуметтік көмек алушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 25 164 отбасының өтініші тіркелді. Сондай-ақ, халыққа ыңғайлы қызмет көрсету үшін аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, барлығы 9 жерде жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері ашылып, халықты қабылдауға тиісті жағдайлар жасалды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығында көпбалалы аналарға цифрлық сауаттылығын нығайту бойынша тегін курстар ұйымдастырылуда.
Жалпы әлеуметтік салада бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.
Атап айтар болсам, пилоттық режимде «MEYIRIM.KZ» қайырымдылық электронды порталы енгізілді. Бұл жоба жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық іс-шараларын реттей отырып, электрондық портал арқылы аз қамтылған отбасыларға ашық және бірыңғай әлеуметтік көмектер ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жоба басталғалы әлеуметтік әлсіз топтағы 500 отбасы базаға енгізілді. Бүгінгі таңда 300 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік заттарымен көмек көрсетілді. Жоба арқылы түзілген меморандум аясында қайырымдылық қорлар арқылы жалғызбасты және көпбалалы аналарға 5 тұрғын үй (жер үй) берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін «Ел-Көмек» әлеуметтік порталы енгізілуде (соның ішінде мобильді). Бұл әлеуметтік салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді толығымен автоматтандыруға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, аз қамтылған отбасыларға берілетін бір реттік көмек, зейнеткерлерге санаторлы-курорттық емделуге, мүгедектерге берілетін құралдар және «Инва такси», «Әлеуметтік такси» — ді онлайн режимде мекемеге келмей, қызмет түрлерін үйде отырып алуға болады.
Сонымен қатар, аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылуда. Ол жерде, зейнеткерлерге денсаулықтарын сауықтыруға, спортпен шұғылдану, шахмат, компьютерлік сауаттылығын ашу, құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетілетін болады.
Аталған орталықта қосымша зағип және құлағы естімейтін мүгедек жандарға және «аутизм» диагнозымен ауыратын балаларға арналған бөлімше ашылады. Аталған орталықты жақын арада іске қосу жоспарлануда.
Одан басқа, «Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығын ашуды көздеп отырмыз. Ол жерде 18 жастан асқан бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда (1 ай мерзімге) болуға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетеді.
Келесі, «Халыққа көмек» жобасы аясында азаматтардың күнделікті проблемаларын шешуге жәрдем көрсету болып табылады.
– Жұмыс нысанының жаңа түрі – ашық әкімдік туралы да айтып өтсеңіз.
– Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы әкімдіктің жұмыс регламентіне өзгеріс енгізіп, «ашық әкімдік» жобасы және бюрократиялық кедергілерді болдырмау үшін қала әкімдігінің трансформация жөніндегі басқарушы кеңесін құрды. Барлық азаматтар үшін ашық болып, ыңғайлы жағдайда қызмет көрсету қарастырылуда.
Қала әкімінің тапсырмасымен халықпен кері байланысты күшейту үшін барлық қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және Ғабидолла Әбдірахымов өзі әлеуметтік желіде арнайы парақшасын ашты. Бұл шара қала тұрғындарын толғандыратын сұрақтарға дер кезінде шара көруге мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, қалада аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсарту үшін қала әкімінің өкімімен арнайы штаб құрылды.
Апта сайын штаб отырысы өткізіліп, қала әкімінің тікелей бақылауында болады.
Штабтың құрамына депутаттар, құзырлы органдар, «Нұр Отан» партиясы, Кәсіпкерлер палатасы, 4 аудан әкімдері, басқарма басшылары енгізілді.
– Әкімдік қалалықтардың денсаулығын нығайту бойынша көп жұмыс атқаратынын білеміз. Өзіңізге белгілі денсаулық сақтау саласының тың жаңалықтарымен бөліссеңіз.
– Шымкент қаласының тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық көмекті 634 учаске медициналық қызмет көрсетеді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап жалпы тәжірибе дәрігерінің 57 учаскесі ашылды. Халыққа амбулаториялық көмектің «қадамдық қол жетімділігін» қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі тетігін қолдана отырып 12 БМСК нысанын салу мәселесі қарастырылуда: 1 емхана, 1 БМСК орталығы және 10 дәрігерлік амбулаториялары (Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Жиделі, Қайнарбұлақ, Қызылсу, Тассай, Тәжірибе, Қызылсай, Достық, Шаңырақ).
Сонымен бірге, биылғы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Қайтпас шағын ауданында 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысы жүргізілуде, жедел жәрдем медициналық көмектің автопаркін жаңғырту жоспарлануда.
Ауруларды басқару бағдарламасын енгізуді ынталандыру мақсатында, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға арттыру көзделген. Қазіргі таңда, 931 учаскелік қызметкер жалақысына қосымша ақы алды.
Денсаулық сақтау саласында жүргізілген шаралардың нәтижесінде, негізгі көрсеткіштер бойынша өткен жылмен салыстырғанда: қатерлі ісіктерден өлім-жітім көрсеткіші 12,6 пайызға, жарақаттан, жазатайым жағдайлардан және уланудан болатын өлім-жітім 9,2 пайызға, нәресте өлімі (1000 тірі туғандарға шаққанда) 9,4 пайызға төмендеді. Цифровизация шеңберінде медициналық ұйымдарда медициналық аппараттық жүйелер 100 пайызға ендірілді. Мобильді қосымша арқылы 70 094 пациенттер қабылдауға жазылды, 2 900 адам дәрігерді үйге шақыртты.
Сонымен қатар, 874 183 пациентке денсаулық паспорты электронды түрде толтырылды. Көп балалы аналарға дәрігерге кезексіз қаралу қарастырылды, медицина ұйымдарында «ашық есік күні» ұйымдастырылып, 2500-ден астам кеңес берілді, 1250 көпбалалы отбасының балалары медициналық тексеруден өткізілді. 387 азаматқа көрсетілімі бойынша қымбат диагностикалық тексерулер жүргізілді. Диспансерлік есепте тұрған азаматтар бекітілген тізім бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Соматикалық аурулары бар 200-ден астам бала қалалық оңалту орталығына жолданды. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпалын тигізетініне сенімім мол.
– Ашық сұхбатыңыз үшін рахмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Әділ ҚЫРАН.