ЕҢ БАСТЫ ІЗГІЛІГІМІЗ ТАТУЛЫҚ ПЕН БЕЙБІТШІЛІКТІ САҚТАУ

Қоғам
1 104 Views

29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Халықтар Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан Халықтар Ассамблеясының XXVII сессиясы өткен болатын. Осы орайда, Шымкент қаласындағы Қазақстан Халықтар Ассамблеясы ғимаратында жиында айтылған міндеттерді тағы да бір саралап, оны іске асыру мақсатында Шымкент қалалық Қазақстан Халықтар Ассамблеясының бірінші сессиясы өткізілді. Сессияның күн тәртібіне «Қоғамдық келісім формуласы. Бірлік пен жаңғыруға» мәселесі енгізілді.

Іс-шараға барлық қала мекемелері, мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері, қалалық мәслихат депутаттары, аумақ департаменттерінің, құқық қорғау органдарының басшылары, партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ардагерлер, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының ректорлары, жастар ұйымының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосудың алғашқы сөзін Шымкент қаласының әкімі, қалалық Халықтар Ассамблеясының төрағасы Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовқа бастап берді.

– Құрметті сессия қатысушылары, қала тұрғындары және қадірлі қонақтар! Біз бүгін Шымкент қалалық Қазақстан Халықтар Ассамблеясының алғашқы сессиясында бас қосып отырмыз. Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген басты табысы – бұл халқымыздың бірлігі мен тәуелсіздігі. Елбасының сара саясатының арқасында қоғамдық келісім, тәуелсіздігіміздің басты тұғырына айналды. Ассамблея еліміздегі бейбітшілік пен татулықты орнықтыруда бітімі бөлек институт болып қалыптасты. Биылғы Қазақстан Халықтар Ассамблеясының XXVII сессиясына Шымкенттен 26 делегат қатысты. Алқалы жиында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі бірліктің ұйытқысы, берекенің бастауы болғанын айрықша айтты. Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласы бүгінде 100-ден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі қалалардың қатарында. Бұл бағалай білгенге үлкен күш, ауқымы кең әлеует. Осыған орай, өткен жылы қала әкімінің аппаратында да Ассамблея хатшылығы құрылып, қоғамдық келісім мекемесі жұмысын бастады. Статистикалық деректерге сүйенсек, шымкенттіктердің 67 пайызы қазақтар, 17 пайызы өзбектер, 9 пайызы орыстар, қалған 6,5 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Олар 1,7 пайыз әзірбайжан, 1 пайыз татарлар, 0,7 пайыз түріктер, 0,6 пайыз кәрістер және басқа да ұлт өкілдері. Өткен жылы қалалық Ассамблея жанындағы жеті құрылымның, атап айтқанда қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, журналистер мен блогерлер клубы, медиация кеңесі, ақпараттық-насихаттық топ, жаңғыру жолы, жастар қозғалысы жетекшілерін бекіттік. Ассамблеядағы қоғамдық негіздегі үш орынбасардың кандидатурасын мақұлдадық. Бүгінде Шымкенттегі 130 мектептің 50-і қазақ, 1 мектеп орыс, 4 мектеп өзбек тілінде білім береді. Ал 75 мектепте білім аралас тілдерде жүргізілуде. Қалада тіркелген 171 бұқаралық ақпарат құралдарының 148-і қазақ, 97-сі орыс, 3-еуі өзбек, 1-еуі неміс, 8-і ағылшын тілдерінде жарық көреді. Ассамблея тарапынан масленица, сабан той сынды ұлттық мерекелерге көңіл бөлініп, жексенбілік мектептерде этностардың тілін, мәдениетін үйренуге қамқорлық жасалуда. Өз кезегінде қаладағы орыс, өзбек театрлары шаһардың мәдени келбетін қалыптастыруға үлкен үлесін қосуда. Қаладағы 15 этно-мәдени бірлестік Шымкенттің мәдени әр алуандығын қамтамасыз етіп, жұмыстар атқаруда.

Қазақ тілін оқып, үйренуге ынталы этнос өкілдері үшін осы ғимаратта мемлекеттік оқыту курсы ашылды. Республикалық жаңғыру жолы жастар қозғалысының штабы құрылып, 32 колледждегі достық клубының жұмысы жүйеленді. Халықтар Ассамблеясы өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін соңғы 5 айда кешенді жұмыстар тапсырды.

Біздегі маңызды мәселенің бірі осы бизнес саласында жүрген кәсіпкерлеріміздің салық төлеу мәселесі. Өздеріңізге белгілі даяшы болып, тағы басқа кішігірім мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар күндік жалақысын қолма-қол алады да, жеке шоттарына ешқандай қаржы түспей, зейнеткерлік қоры ашылмайды. Сондықтан банктен ипотекалық несие алайын десе ресми табыстары жоқ болғандықтан рәсімдей алмайды. Мен қала тұрғындары мен жастарды жұмыс орындарында ресми тіркелуге шақырамын. Бұл біріншіден, қауіпсіз жұмыс істеулеріңізге ықпалын тигізіп, алда кезігетін кедергілерден сақтайды, екіншіден, бюджетке салық төленетін болады. Біздің жалпы қалалық бюджетіміз 200 миллиард теңгені құрайды. Соның 100 миллиардын қаладан жинасақ, қалғанын үкіметтен аламыз. Күнара жолығып, жобаларымызды көрсетіп, дәлелдеп қана әзер қол жеткіземіз. Себебі Республикалық бюджеттен қаржы бөлінуін сұрайтын елімізде 17 басқару өкілі бар. Үкімет барлығына бірдей қаржы бөле алмайды.

Есептеп көрсек, өзімнің парақшамдағы әр жұма халықты қабылдаған кездегі сұралатын өтініштерді орындауға кететін қаржы 1 триллион теңгеден асып жығылады. Біздің бюджеттің қаржысы оған жетпек түгілі, жуымасы анық. Сондықтан барлығыңызға түсіндіріп айтарым бір жылдың ішінде бүкіл халықтың мәселесін шешу мүмкін емес. Ол жылдан-жылға біртіндеп орындалатын істер. Әрбіріңіздің отбасыңыз бар. Сол отбасының барлық мүшелерінің тілегін бірден орындай алмайтындықтарыңыз секілді біздің де жағдай соған саяды. Қаламыздың шет жақтарында жарық, жылу, газ, су жүргізілмеген өңірлер де бар. Сондықтан біз қаржының көп мөлшерін сондай аймақтарға жұмсап отырмыз. Алла қаласа біздің жоспар бойынша қаламыз үш жылдың көлемінде екі есеге өсіп, өркендейді деген сенімдеміз.

Құрметті қала тұрғындары, Ассамблея мүшелері менің Сіздерге айтатыным бірлікте өмір сүрейік. Бір-бірімізге сенім білдірейік. Ал сенімді ақтау үшін әділ, шыншыл болуымыз қажет. Болатын істі болады, болмайтын істі болмайды деп нақты айта білгеніміз дұрыс. Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі пайда болады. Ал билік халық үшін жұмыс жасап, адал қызмет етуі керек. Статистикалық деректерге жүгінсек миллион халқы бар қаламызда бар болғаны 700 ғана мемлекеттік қызметкер жұмыс жасайды. Сол кісілердің атқарып отырған елеулі еңбектерін жоққа шығарып жаман пікір қалдырып жататын адамдарға айтарым қызмет өкілдеріне түсіністікпен қараңыздар. Олар да өздеріңіз секілді пенде. Егер ол кісілердің күніне қалай еңбектенетінін білгілеріңіз келсе, бізде бір күн болса да жұмыс істеп көріңіздер. Сонда қандай қиын қызмет түрі екендігіне куә боласыздар. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлерді сыйлай білсеңіздер дегім келеді.

Шымкент бүгінде ерекше қалаға айналғаны анық. Республикалық статусқа ие болғандықтан алдағы уақытта орта Азияға үлгі боларлықтай қалаға айналуымыз қажет. Қазіргі таңның өзінде Шымкент көптеген қалалардың алдында көш бастап келеді. Шымкент – заманауи, халқының көзі ашық. Ертеңгі күнге, келешекке белсенділікпен қарай білетін және жастары көп қала. Сол себепті ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізді ұмытпай, оны игере отырып, бір жерде тұрақтап қалмай жаңа өмір сапасын дамытуға көшуіміз қажет. Көптеген халықтың арманына айналар қалаға айналу – біздің басты міндетіміз.

Құрметті қала тұрғындары, қонақтар. Қасиетті Рамазан айы құтты, бекіткен оразаларыңыз қабыл болсын. Алла жүректерімізге нұрын шашып, жолымызды ашсын. Иманымызды күшейтсін. Әрқашан тура жолдан тайдырмасын. Баршаңызға амандық тілеймін, – деп халықты елеулі істерді бірігіп, жұмыла атқаруға, бірлікте болуға шақырды.

Елбасы халықтың береке, бірлігі ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түсетінін үнемі айтып келеді. Кезекті елдің ішкі татулығы туралы сөзді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев жалғады.

– Қымбатты отандастар! Құрметті Ғабидолла Рахматоллаұлы! Қадірлі Ассамблея делегаттары! Біз бүгін ел өмірінің елеулі кезеңінде бас қосып отырмыз. Биліктің сабақтас болуының арқасында тыныштық пен ынтымақты сақтай отырып, әділдікпен өрлеу, ілгерілеу жолымен мемлекетіміздің мызғымас беріктігін сақтап, әлемдік өркениет көшінен өз орнымызды анықтап отырмыз. Заманымыздың заңғар саясаткері, көреген көсемі, сөйлесе шешені, отанын отқа, суға ұрындырмай, алып мемлекеттермен терезесін тең ұстатқан, әлем саясаткерлері арасында ойының озықтығымен, болжампаздығымен, дүниежүзілік көлемдегі көптеген бастамалардың көшбасшысы болған, әлем таныған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев даналық пен көп ұлтты мемлекетімізде достық пен тыныштықты сақтап, мемлекетіміздің іргетасын бірге қалаған, ұлттардың отанына айналуы әлемдік дәрежеде жоғарғы бағасын алып отыр. Тәуелсіздік алған тұста, «қазақтар өз алдына мемлекет құра алмайды, көп ұлтты ел көргенсіздік танытып, жанжал шығарып, соқтығысуға барып ыдырап кетеді» деген, сәуегейлік болжам айтқан, жеңіл ойлы саясаткерлер пікірлерінің күлі көкке ұшты. Қасиетті қазақ халқы басына түскен небір алапат қиындықтарда да, кешегі соғыс жылдарында да, жер аударылып келген басқа ұлт өкілдеріне қамқорлық жасап, төрін ұсынып, төсегін салып, достық, адами қасиеттерін танытқанын бүгінгі ұрпақ қастер тұтады. Сондықтан көп ұлтты мемлекетіміздің мызғымас бірлігі, ынтымақ тірлігі, баянды болып жасай берсін. Бұл күнде әлем жұртшылығы Қазақстан – ұлттар достығының ұясына айналды деп үлгі тұтады. Елімізде жаңа өзгерістер, серпінді жұмыстар басталмақ. Осы кезеңде ең басты ізгілігіміз татулық пен бейбітшілікті сақтау. Оны әрбір ұлт өкілі жүрегімен түсініп, жүйкесіне қондырып, іс-әрекет етуі тиіс.

Жаңа статусқа ие болған Шымкент қаласының көшелері көріктеніп, тротуарлар түзеліп, гүлзар бақтары гүлге толып, жаңарып, жасарып, келе жатқанын көріп халық қуанышқа кенелуде. Бұл өзгерістер жаңа басшының, жас басшының талғамының биіктігін, жақсылыққа жаны құмар азамат екенін көрсетіп отыр.

Жақсы істер жалғасын таба берсін деп тілек білдіреміз.

Ассамблея – көп этносты еліміздің басын біріктіретін, қоғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер. Бүгінгі таңда бұл құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр. Әлем бүгінде күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Сол өзгерістердің ішінде өзгермейтін қуатты құндылық ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Бұл біздің басты құндылығымызға айналған. Бүгінде әлемді теңселтіп тұрған ішкі этносаралық және дінаралық қатынастар. Соның нәтижесінде әлемдегі бейбітшілік өте құбылмалы және осал болып тұр.

Біздің әділетті, серпінді экономикасы бар мығым мемлекет орнатқанымыздың арқасында еліміз тыныштық пен ынтымақтың алтын ұясына айналды. Елімізде 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылар құрылтайы өткізіліп келе жатқаны, мемлекетіміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты, этнос аралық ынтымақты, әртүрлі діндегі этностардың бірлесіп өмір сүруде зор рөл атқаратынына ықпалын тигізіп отыр.

Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи бағдарламалық мақалалары арқылы ұлтты ұйқысынан оятты. Қазақстандықтар өмір сүріп отырған отанының ғасырлардан келе жатқан салт-санасы, әдет-ғұрыптарын жаңғыртып, жасартып, өмір өлшемдеріне лайықтап зердеден өткізуге бастамашылық көрсетті.

Бұл бастама тарихта таңқалдырар тіршілік бастаулары, біздің туып өскен өлкемізден, жерімізден басталғанын дәлелдеп отыр, яғни Қазақстан топырағында өмір сүріп отырған халықтың тумысы бөлек болғанымен, туы бір, ұлттық руханиятқа ортақ екенін дәлелдейтін дәйектемелер, мұралардан табылып, мұраттарға жеткізуге жол ашып отыр. Осы бірлігіміз, ынтымақ тірлігіміз мәңгілік болғай. Ұлы бабамыз Қожаберген жырау «Кеудеңде шыбын жаның болса, жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» деген мәңгілікті меңзеген ұран сөзі Елбасының қазақ елінің «Мәңгілік ел» болуын көксеген ұлы мұратын іске асыруда отандастардан ортақ бірлік пен тірлікті талап етеді», – деп Ассамблея жұмысына табыс тіледі.

Әрмен қарай жиын еңбек жолдарында табысқа жеткен белгілі жастардың жарыссөзімен ұласты.

Осыған орай, үшінші ірі мегаполиске айналған Шымкент қаласы одан әрі дамып, өркендеп, құлашын сермеп, қанатын кеңге жайып көркейіп жатқандығына көзіміз куә. Қаламызда еңбек етуге ұмтылған жастар саны күн санап артып келеді. Елім деп еміренер, жерім деп тебіренер тұлғаларды көргенде еріксіз қуанып жатасың. Бір ғана қаланың өзінен көптеген этнос өкілдерін кезіктіруге болады. Ал олардың емін-еркін, тату-тәтті етене араласып өмір сүруі – қазақ халқының бірлігінің айғағы. Ел тыныштығы, ынтымағы мен бақытты болашағы халықтарымыздың толағай татулығы астасып жатады. Ендеше, мәңгілік елдің баянды бірлігі арта берсін дейміз!

А. СӘКЕНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *