«ДАРА ЖОЛДЫ ДАҢҒАЙЫР АЗАМАТ»

Тұлға
989 Views

Бір азамат болады: өмірде атқарған игілікті ісі көп, алайда оны мақтан етіп айтпайды. Оны маңайындағы адамдар жалықпай баяндап беруге әзір тұрады.

Сыр елінің сұңқар сынды тұлғасы Нұржан Пірмантаевты осындай атпал азаматтар қатарында деуге әбден болады. Ол 1969 жылы 27 тамызда Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1986 жылы №29 қазақ орта мектебін бітіріп, келесі жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанады.

1990 жылы Қызылорда политехникалық техникумына оқуға түсіп, оны үш жылдан соң «техник-құрылысшы технолог» мамандығы бойынша бітіреді. Кейін кеңшарда жүргізуші, 1999-2006 жылдар аралығында егіс бригадирі болып жұмыс істеп, өндірістен қол үзбей жүріп Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетін инженер мамандығы бойынша үздік тәмамдаған.

Ал 2006-2008 жылдары Тұрмағамбет ЖШC-інде бас агроном, бас инженер-механик, 2008 жылдың маусым айынан бастап директор кызметін атқарады. Осы жылдары ауыл экономикасы да көп қиындықтарды басынан кешірген. Техникалар көне және тым аз еді. Жұмысына деген адалдығының арқасында Нұржан Айдарбекұлы халықтың жағдайын жақсарту жолында еселі еңбек етті.

Нәтижесінде ауылшаруашылығындағы eгін егетін жерлерді жыңғыл, шеңгел бұтақтарынан тазартып егіс алқабын кеңейтіп, ауыл адамдарына, жұмысшыларға бау-бақшалық жерлер ашылуына ықпал етеді. Сондай жерлер халыққа пайдалануға беріліп, көпшілік құрметіне бөленеді.

Нұржан Айдарбекұлы ауылшаруашылығы техникаларын жаңа техникалармен толықтыруға мән беріп, көміліп қалған каналдарды қаздырып, eгіc өнімділігін арттыру бағытында орасан зор жұмыстар жүргізеді. Елдің экономикалық жағдайын жақсартуға белсене атсалысады. Ауыл орталығына жаңа монша, көкөніс сақтайтын қойма, көше абаттандыру (ағаш егу, жөндеу), ауыл ішінің тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп, ауылдың кіреберісіне аркамен әдіптелген Тұрмағамбет атты саябақ ашылды. Дала қостары жасалып, қырман қоймаларына жөндеу жұмыстары жүргізілді, ауыл мешіті жанына оған қажетті қоймалар салынды.

Ауыл игілігіне пайдалануға «Шағын сүт өндеу» зауыты және ауылды көркейту мақсатында орталық алаң ашылды.Ауыл балаларына арналып сәулетті балабақша бой көтерді.

Азаматтың осындай қажырлы еңбегі еленбей, бағаланбай қалмады. 2008 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Нұржан Айбарбекұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласуды дәстүрге айналдырған. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің аудандық байқауында «Ауылшаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер» атанған. Сыр бойы жыраулар мектебінің көрнекті өкілі, жыр дүлдүлі – Дүр Оңғардың 150 жылдық мерейтойын өткізуге белсене араласқаны үшін-2009 жылы егін жинауда жоғары көрсеткішке жеткені үшін, Социалистік Еңбек Ері Қасымтай 1зтілеуовтің 100 жылдық мерейтойын өткізуге қосқан елеулі үлесі үшін, 2010 жылы жоғары әрі сапалы өнім жинауды қамтамасыз еткені үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

2010 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін «Озат ауылшаруашылығы құрылымы» аталымымен, «Қызылорда қаласына-190 жыл, «Қызылорда облысына-70 жыл» мерекелік медалімен, 2011 жылы жоғары әрі сапалы өнім жинауды қамтамасыз еткені үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

2013 жылы халықтар бірлігін нығайту мен еңбек мәртебесін көтерудегі үлгілі істері үшін «Цай Ден Хак — 100 жыл» мерекелік медалін алса, дәл осы жылы аудан бойынша «Жылдың ең үздік меценаты» аталымына ие болған. Ал 2014 жылы Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы және қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалі табысталған. Және бұл Нұржан Айдарбекұлының жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана.

2016 жылы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Сол жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, 2018 жылы 5 желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығымен«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Нұржан Айдарбекұлы – үлгілі отбасы иесі. Ол жары Марал Нұрқановамен төрт перзент сүйген. Балаларының анасы №29 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істейді. Үлкен қызы Анар Пірмантаева №80 мектеп-гимназиясында мұғалима. Ұлы Қуаныш Айдарбек Қазак гуманитарлық заң университетінің ІІІ-курс студенті. Қызы Перизат Айдарбек 2014 жылы Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетін информатика мамандығы бойынша бакалаврын аяқтаса, кенже қызы Бақыт алтыншы сынып оқушысы. Тәрбиелi, өнегелі, үлгілі отбасыдан түлеп ұшқан балапандар өз елінің сүйікті ұл-қызы болары анық. Өйткені Нұржан Айдарбекұлы қым-қуыт шаруашылық бабымен шапқылап жүрсе де үйдегі балалар тәрбиесін ұдайы назарында ұстап, өнеге тұтарлық абыройлы әке болуды жадында берік ұстады. Яғни оның отбасылық базасы берік, тұғыры нық. Бұл екінің бірінің маңдайына жазылмайтын бақыт.

М.БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,

Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *