АҚЫНДАР ТҮСТІ АЙТЫСҚА

Жастар
1 277 Views

Биылғы Жастар жылының аясында егемен елімізде бірқатар ізгілікті де игілікті шаралар атқарылды. Қаншама өнер мен спорт бәйгелері өткізілді. Міне, солардың бірі Шымкенттегі біздің Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ұйымдастырылған «Тәуелсіз елдің жастары» атты республикалық ақындар айтысы дер едік. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған от ауызды, орақ тілді суырып салма ақындардың сөз сайысы өткен аталмыш жоғары оқу орнының үлкен мәжіліс залында ине шаншар орын табылмады. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық руханиятымызды, ұлттық өнерімізді насихаттау, сол ұлттық өнеріміз арқылы салт-дәстүрімізді жастардың санасына сіңдіру болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында студент жастардың бойында қазақ халқының ұлттық төл өнері – айтысқа деген қызығушылық пен құштарлықты қалыптастыру көзделген.

Белгілі айтыскер ақын, ОҚМПУ-дегі айтыс үйірмесінің жетекшісі, «Дарын» жастар Мемлекеттік сыйлығының иегері Біржан Байтуов жүргізген бұл сөз сайысына егемен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12 ақын қатысты. Айтыскерлердің өнерін саралауға бес адам тартылды. Олар айтыскер ақын, Батырбек Өтеп атындағы Өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова (қазылар алқасының төрайымы), айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Кәрима Оралова, Шымкент қаласындағы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтай, ОҚМПУ-дің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Рауан Бегалиева тұғын.

Сонымен, сөз сайысы басталып та кетті. Алғашқы жұпта Бәйдібек ауданының тумасы, бүгінде Шымкентте оқитын Рахат Аман мен арыстық Нұрмахан Жақып айтысқа түсті. Екінші жұпты үшінші мегаполистің тағы бір өкілі Абылай Құлтай мен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев құрады. Үшінші жұпта Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласынан келген Айшолпан Тілеутай мен ОҚМПУ намысын қорғаған шымкенттік Нұрғали Әнапия айтысты. Төртінші жұпта отырарлық Дәурен Ақсақалов пен Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Аян Ниязбек өзара сөз жарыстырды. Бесінші жұпта қызылордалық Сырым Әділбеков пен Алматы қаласынан келген ақын Бекжан Базарбек бәсекеге түсті. Алтыншы жұпта Оңтүстік астананың тағы бір өкілі Сұлужан Таубалды мен ақмолалық Дәурен Ысқақ айтысты.

Республикалық жас ақындар айтысының қорытындысы бойынша Бас бәйгені (бір миллион теңге) шымкенттік ОҚМПУ студенті Нұрғали Әнапия жеңіп алды. Бірінші орынды (700 мың теңге) семейлік Айшолпан Тілеутай иемденді. Екінші орынды (500 мың теңге) Ақмола облысының атынан айтысқа шыққан Дәурен Ысқақ еншіледі. Үшінші орын (300 мың теңге) отырарлық Дәурен Ақсақаловтың үлесіне тиді. Өзге қатысушылардың бәріне 100 мың теңгелік қаржылай сыйақы берілді.

С. ІЛЕСХАН.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *