Содан кейін де Р.Ә. Түгелбай Тәшеновті батырға теңеп, оғанәлеуметтік-тұрмыстық, қаржылық, тағы басқа да көмектер көрсету туралы облысәкімі Марс Фазылұлы Үркімбаев пен Шымкент қаласының әкімі Амалбек Қозыбақұлы Тшановқа хат жазғанымен, оның Қарақалпақстанға жолсерікке өзін емес, мені ғанатаңдағанына өкпелеп қалғанын байқатып қойып жүрді.
Сол кездерде менің ұсынысыммен Комитет президенті Р.Ә.-ның келісуімен және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, оның қызы С.А.-ның қолдауымен, өздерін ПНД есебіне негізсіз алды деген азаматтар – Ж.К. мен Н.В.-ны Санкт-Петербург қаласындағы қордың сот-психиатриялық сынағынан өткізу туралы жолдамалар жазылды. Олардың ар-намыстарын қорғау талап арыздары соттарда қарала бастады…
Мені өзіне бәсекелес деп есептеді ме, психиатрияны медициналық емес, саяси мақсатта қолданғаны үшін бұрынғы кеңестік-компартиялық билік жүргізу жүйесінің тізгінін ұстап, «алтын астаудан ас ішкендердің» Тәуелсіздік алған ұлттық республикалар Үкіметінің тағына топ ете қалғандары мен әртүрлі партиялардың хатшылығына қонжиғандардың тікелей жауапты болмаса да қолайсыздықтар туындататыны ықпал етті ме, жоқ әлде тағы басқа бір себептер болды ма, ол жағы маған құпия болып қалуда. Әйтеуір Р.Ә.-ның маған деген көзқарасы күрт теріс бағытқа өзгерді…
Р.Ә. Комитеттің тасқа басушы – есепшісі А.А., аштық жариялағыш – тексеру комиссиясының төрағасы Д.И., тағы басқа да мүшелерін маған қатысты теріс пікірлер жазған түсініктемелер мен құжаттар дайындауға итермелепті. Олар тексеру комиссиясында талқыланды деген жарлық шығарған. Онда менің заң бұзушылығым толық дәлелденді деп, 1992 жылғы 27 сәуірде қызметтен шығарудың алғышарттарын жасады (1992 жылғы 7 сәуір және 28 сәуір). Артынша А.Күмісбековтің ұжымның ішкі іс жүргізу тәртібі мен президент тапсырмаларын орындамағаны, жарғыны өрескел бұзғаны жайлы мәселе басқарма, аткомда талқылаусыз, қызметтен босатылуы дәлелді деп табылсын деген шешім қабылдады.
Оның өзі қабылдаған осы шешімнің дұрыстығына және заңдылығына сенімді болғаны сонша, қызмет бабымен менің атқарған және соттарға қатысқан істер жөніндегі құжаттардың барлығын актілеп алып қойды. Олардың қатарындағы негізгілері – ұзақ мерзім дауласудан күрделеніп, толық мән-жайы «Егеменді Қазақстан» газетінде екі рет жарияланса да дұрыс шешімін таппаған, облыстық «Зооветснаб» бірлестігінің директоры Д.Ж. мен «штат қысқартылды» деген негізде жұмыстан шығарылған бір топ қызметкердің дауы еді. Олардың қатарындағы Д.Д.-ға қатысты бұйрық бұзылып, декреттік демалысқа кеткен болатын. Б.С., К.М., С.Р.-ның істері сот қарауында болып, әлі аяқталған жоқ еді. Шымкент саз мектебінің оқушысы С.Ө. стипендия алушылар тізіміне енгізілген. Пәтер алу кезегінен шығарылып тасталған «Шымкентсельстройтрестің» ПМК № 205 қызметкері Т.Ж.-ға Тоқаев көшесінен пәтер берілген болатын…
Р.Ә.-ның жоғарыдағы шешімін негізсіз деп есептеп, мені қызметіме қайта орналастыру туралы қойған талап арызымды Шымкент қаласы Абай аудандық халық соты толығымен қанағаттандырды. Бұрынғы атқарған Шымкент облыстық адам құқығын қорғау жөніндегі «Алматы-Хельсинки-Париж» демократиялық комитеттің жауапты хатшысы жұмысына орналастырып, лажсыздан жұмыссыз жүрген күндеріме 2812 мың сом 50 тиын өндіру туралы билік етті (1992 жылғы 10 тамыз).
Р.Ә.-ның соттың сол билігімен келіспеген қарсылық арызын қараған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот шешімін өзгеріссіз, кассациялық шағымды қанағаттандырғысыз қалдырды (1992 жыл 04 қыркүйек).
Содан кейін Р.Ә. сот шешімін орындау мақсатында мені бұрынғы қызметіме орналастыру туралы жарлық шығарғанымен (1992 жылғы 1 қыркүйек), маған әртүрлі талаптар мен ұсыныстар жасап, жоғарғы өкілетті және бақылаушы органдарға арыздануы мен шағымдануын жалғастыра берді.
Сондай орынсыз арыздарының біріне сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет басқармасына: «…Одновременно разъясняем, что управление юстиции не наделено правом установления законности или незаконности решений и приговоров народных судов…», – деген желдірме жауап берген.
Р.Ә.-ның менің ісімді қараған және оң шешім қабылдаған халық соттарының үстінен Әділет басқармасына арызданғаны мен одан кейінгі көзқарасынан, іс-әрекеттерінен мені Комитеттен кетірмей тынбайтынын анық аңғардым. «Кеше ғана» дегендей, компартиялық-кеңестік өкіметпен болған жан алып, жан беріскен «соғыс» бітті ме дегенде, Тәуелсіздік алған елімнің өздерін демократпыз деп жүргендердің «ту ұстары» Р.Ә. мен оның төңірегіндегілермен дауласуыма тура келеді ме? Соңы немен тынар екен? Мені түсініп, қолдайтындар табылар ма екен? – деген сұрақтар туындады. Бірақ…
ЗЕРТТЕУ ЗАЯ КЕТПЕДІ
Уақыт өте келе қоғамның Жарғысын, соның негізінде дайындалған ішкі жұмыстары мен сыртқы байланыстық іс қағаздарының қолжетімділерімен таныса бастадым. Онда Комитет мүшелері санының 1250 адам деп көрсетілгені, президиум мүшесі деген 25, атқару комитеті және тексеру комиссиясыз 7 адамнан тұратыны белгілі болды. Іс жүзінде олардың бірен-саранының Р.Ә.-ге келіп-кетіп тұратындары болмаса, қалғандары тізімде бар да, істе жоқ екені аңғарылды. Олардың қандай мәселелермен келгендері, істің қаралғаны мен қандай шешім қабылдағандарынан мені хабардар етпейтін. Сондықтан, олармен жай сәлемдескенім болмаса, қандай адамдар, қандай мекемеде жұмыс істейді, қандай қызмет атқаратынынан және тұлғалық болмыс-бітімдерінен бейхабар болатынмын. Кез келген ұйымдағы кадрлардың ауыс-түйісіндегі өзгерістерді, соның қатарындағы жетекші қызметкерлердің жұмысқа қабылдануы мен одан шығарылуынан ұжым мүшелерін хабардар ететіні белгілі. Бірақ, Р.Ә. Президиум мен атқару комитеті мүшелерін жинап, мені оларға, оларды маған ресми түрде таныстырған емес.
Комитет заңды тұлға ретінде халық депутаттары кеңесінің Шымкент қалалық атқару комитетінде тіркелген 1991 жылғы 29 мамыр мен жауапты хатшылықта мен қызмет атқарғаннан бергі біржарым жылда Президиум мен атқару комитетінің жеке-жеке немесе бірлескен мәжіліс өткізгендерін, оны растайтын хаттамалардың түзілгенін көрмедім. Егер ондай жиындар ұйымдастырылған болса, онда оларды менен жасырын түрде әрі басқа жақта өткізіп, хаттамаларын менен құпияда ұстайтын шығар деп ойлайтынмын.
Бір реті келгенде, сондай пікірімді тұспалдап, Р.Ә.-ге Жарғыдағы кейбір кемшіліктер мен Комитеттің басшылық органдарына қатыстыларындағы үйлеспеушіліктерді заң талаптарына сәйкестендіріп, мүшеліктерін заңдастырып, жиналыстар мен мәжілістерді тиісті және жоспарланған мерзімдерде өткізіп тұрған дұрыс. Ол Комитеттің басқа қоғамдар мен халықпен байланысын арттырып, беделін көтереді,– дедім. Ол оған: «… Олар бәрібір келмейді, пайда жоқ. Мәжіліс шақырып әуре болмау керек…» – деді.
Солай бола тұра ондай мәжілісті дайындап, тиісті адамдарды жиналысқа шақырып, оларды келтіруді өз жауапкершілігіме аламын. Жарғы талаптарына сай жиналыстар мен мәжілістерді өткізіп тұру керек. Ол міндетті нәрсе дегенімді қолдамады, қарсы болды…
Мен оны адам құқығы жөніндегі Комитетке, демократиялық қоғамға тән емес, оның жұмысы мен беделіне нұқсан келтіреді деп есептедім. Жалпы, комитетте қалыптасқан жағдайды және осы ойымды ақыл-кеңес алу үшін қоғамның республикалық басқармасының президенті Мұхтар Шахановқа хат жолдаған болатынмын (1992 жылғы 8 қазан күні. №50). Одан жауап болмаған.
ЕКІЖҮЗДІЛІК ПЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ…
Сондықтан Комитеттің атқарушы органының мүшелерімен телефон арқылы хабарласып, жоғарыдағыдай пікіріммен бөлістім. Олар: «Мұндай жиынның бұрын өткізілмегенін айтып, жалпы қоғам мен оның басшылық органдарының пікірлері мен ойларымен бөлісіп, үйлесімді әрі ұтымды жұмыс жүргізу үшін өте қажет», – деді. Оны менің дайындап, қосымша хабарлауымды ұсынып, Р.Ә.-ден басқа вице-президенттер – Б.К., Қ.М., А.С. Комитет мүшесі Р.М. келісті. Бұрынғы, яғни қызметке мен қабылданғанға дейін жауапты хатшы болған Ж.К. Шымкент қаласының әкімдігіне қызметке ауысқанын айтып, өзін президиум мен атқару комитеті мүшелігінен шығаруды өтінді.
Солардың айтқандарына сеніп, ұсыныстарын ескеріп, Комитеттің құрылуына және атқарған жұмыстарына қатысты деген, қолжетімді құжаттарды зерттеп, тұжырымдап, ондағы анықталды деген кемшіліктерді түзетіп, істі ілгерілетуге болады деген ұсыныс жобасын дайындадым. Оның көшірмесі мен қосымша тіркемелерді, жиынды өткізуді қолдаған адамдардың танысуларына бердім (1992 жылғы 20 қараша күні №62).
Жалпы өмірде, әсіресе саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарда, олардың басшылық органдары мен қатардағы мүшелерінің арасында жағымпаздық, екіжүзділік, шағыстырушылық, сатқындық пен опасыздық болып тұратынын саналы өмір сүре бастағалы бері байқайтынмын. Әсіресе жеке өзімнің, отбасы мүшелерінің, туып-өскен ауылым, туған-туысқандарымның, ұлттың мүддесі мен өзімнің ар-намысымды қорғаған жылдардан жақсы білетінмін. Солай бола тұра, дәл осындай атақты адам құқығын қорғау жөніндегі «Алматы – Хельсинки – Париж» демократиялық комитеті мен оның басқарушы органдар мүшелерінен ондай жағымсыз жәйттер жолығады деп ойламаған едім. Өте қатты қателескен екенмін. Өзімнің сондай сөз бен уәдеге, келісімге сенгіштігіме, аңғалдығым мен тәуекелшілдігіме өкіндім. Соның зардабын тарттым…
Мен дайындаған баяндама ретіндегі ақпараттарды алдын ала өсек етіп таратып жіберді ма, жоқ әлде Р.Ә.-ның қолына беріп, онымен «ауыз жаласып» кетті ма, әйтеуір сол мәселе маған қарсы бағытталды. 1991 жылғы 4 желтоқсан күні Комитет президиумы мен атқару комитеті мүшелері қатысты деп есептеген, кеңейтілген мәжілісі ұйымдастырылды. Оған Р.Ә. төрағалық етті де, менің қатысқаныма қарамай, мәжіліс хатшылығына Қ.М. деген азамат отырғызылды. Президиум мен атқару комитеті мүшелерімен мен келіскен мәселелердің барлығын сырып тастап, «ҚР Президентінің стратегиялық іс-шараларына байланысты республика мен облыстағы қоғамдық-саяси ахуал және жауапты хатшы А.Күмісбековтың тәртібі» деген сұрақтарды қойып, оны қарай бастады…
Үйлестіру Кеңесі А.Күмісбеков қызметтік тәртібін түземесе, Президиумның келесі кеңейтілген мәжілісінде, оны жауапты хатшылық қызметіне тағайындамау және қызметінен шеттету мәселесі қойылсын деген қаулы қабылдады.
Менің одан түсінгенім, қызметтік тәртібімді түзету деген сөз – Р.Ә.-ның қалауы және айтуымен ғана «жүріп-тұрып», Жарғымен берілген құқықтарым мен міндеттерім алынып тасталуы керек екен. Өзім ондай адамдар тобына жатпайтындықтан және басынушылық пен өктемдіктің «шоғы мен мұзын» бір өзім «жалаңаяқ» басып өткендіктен, тағы да тәуекелге барып, маған қарсы екінші рет «шабуылдауларына» мүмкіндік пен уақыт бердім…
ДЕМОКРАТИЯДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ
Маған кейіннен белгілі болғанындай, Р.Ә. азаматтық «Азат» қозғалысы басқармасының мүшелері мен оның төрағасы Ә.Ә.-мен қоғамдық ұйымдар арасындағы бедел, бақ пен тақ үшін таласып жүр екен.
«Азат» қозғалысының облыстық кезекті ІІ Конференциясы өткен 1992 жылғы 29 тамыз күні «Водстрой» кәсіпорынның клубына бір топ адамдармен барып, Р.Ә. оған кіргізуін талап еткен. Жиналысты ұйымдастырушылардың тапсырмасымен, есік алдында күзетте тұрған және өзі кезінде «нағыз демократ, патриот» деп мақтап жүрген В.А. кіргізбей қойған. Соған ыза болып, ашуланған Р.Ә.-ның тобы клуб есігінің шынысын сындырған. Ол туралы жедел түрде акт түзілген. Онымен келіспеген және қол қоймаған болса керек, Р.Әбсейітов азаттықтарды мұқатып, кек алу үшін: «Сейіт! Серік! Біздер Төлебаев, Орынбек, Абрамов, Жібеков және басқалар конференцияға кіріп, есеп беруіміз керек. Сағат оннан бері Ә.Ә.-ның тапсырмасы бойынша В.А. кіргізбей тұр. «Азат» қозғалысына қатысы жоқ, белгілі шизофренин-ақылсыздық ауруына ұшырағандар, әйгілі маскүнемдер өтіп кетпекші ма? Қолымызда бастауыш ұйымнан сайланған хаттама бар. Мандат комиссиясын жіберіңіз» – деген хатты Р.Ә. жазып, оның қолтаңбасымен расталып, Конференция президиумына жіберілген екен.
Осы хатты алған: «Азаттың» Конференциясына қатысқан делегаттар өздерін белгілі «шизофрениктар» мен «маскүнемдер» деп ар-намысын қорлағаны үшін қылмыстық жазаға тарту үшін сотқа жеке шағым түсірулеріне құқықтары бар еді. Бірақ, олар Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамынан қуылғанын, «Азат» қозғалысының мүшелерін экстремист, сатқын деген айдар тағып өсектегені, жеке басының қамын ойлап, қозғалыс арасына іріткі салғаны мен мүшелікке адам тарта алмағаны үшін Р.Ә.-ны «Ақсақалдар» алқасы төрағалығынан босатқан екен.
Солай бола тұра «азаттықтар» қартаң тартқан жасын сыйлаған болса керек, оның жеке басының мәселесін қарап, әділ баға беріп, сынған терезені салдырған азаттық С.Т. төлеген ақшаны оған беруді талап еткен мәлімдемені Комитет президиумына жолдаған. Бірақ ол мәлімдемемен Комитет басшылығы таныстырылмағаны, талқыланбағаны және жауапсыз қалғаны кімге болса да түсінікті. Себебі, мен жауапты хатшылықта болған мерзімде ол мәлімдеме туралы ешқандай сөз болған емес.
КЕКШІЛДІК ПЕН САТҚЫНДЫҚ «САРБАЗДАРЫ»
Егер бәрі шындыққа сай, ақиқат болса, азаттықтардан жоғарыдағыдай жағдайда қалғанының ашу-ызасын менен алғысы келді ме, әйтеуір 1993 жылғы 12 ақпан күні Комитет президиумы мен атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Онда мен ұсынған сұрақтарды қарамай, іс жоспарында жоқ екі мәселені қойды. Оның екіншісі – мені Жарғылық міндетін атқаруға деңгейінің төмендігіне байланысты қызметтен босату болды. Ол мәжілісте де менің қатысқаныма қарамай, хатшылыққа Қазақстан халқы Конгресі партиясының облыстық комитеті төрағасының орынбасары С.С. отырғызылды.
Кезінде менің қоғам жұмысын демократияландыру және кемшіліктерді түзету туралы ұсыныстарымды қолдаған вице-президенттер Қ.М., А.С. мен Ж.К., Р.М., тағы басқалар қатысқан осы жиында, кеңестік-компартиялық үкіметтің басшылары мен белсенділері өз бәсекелестерін «партияға қарсы топ», «халық жауы», «бөтен ойлылар…»,… – деп айыптағанындай, мені демократиялық комитетінің, әсіресе Р.Ә.-тың «қас дұшпанындай» етіп көрсетті, ешбір дәлелсіз және негізсіз жалалар жапты.
Сөйтіп атқарған қызметіне сай келмейді деп тауып, мені Қазақ КСР «Еңбек туралы» кодексінің 33-бабының 2-тармағының негізінде жауапты хатшылықтан екінші рет босатты. Ол туралы 1993 жылғы 15 ақпанда Жарлық шығарды.
Мен ол Жарлықпен танысып, Р.Ә.-ның мәжіліс хаттамаларының түпнұсқаларымен таныстырудан бас тартқаны, кворумның болмағаны туралы ескертпе жазып, оны өз қолтаңбаммен растап бердім…
Шындық пен әділдіктің қайсымыздың жағында екенінен хабардар болу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментіне, прокуратурасына және сотына арыздар түсірдім. Оларда менің және Р.Ә. екеуміздің арақатынасымызда туындаған даулар мен Комитет басшылығы қабылдаған шешімдерге құқықтық баға беруді өтіндім.
Мәселе қаралуына тиістілігі мен құзыреттілігіне байланысты, оны бірі екіншісіне сілтеме жасады. Қорытындысында сотқа жүгінуге тура келді. Сөйтіп, Шымкент қаласының Абай аудандық халық сотына қызметіме қайтадан орналастыру, лажсыздан жүрген уақытыма жалақы төлету және ар-намысты қорғау туралы біріктірілген талап арыз табыстадым (1992 жылғы 22 ақпан күні).
Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ,
Шымкент қаласы.
(Жалғасы бар).