ШЕР

Әдебиет
1 669 Views

ШЕР

(Әңгіме)

– Мен түрмеде көп отырған жанмын ғой. Біреулер аңдып, тың тыңдап тұрғандай ішімде үрей тұрады, – деп ол жан-жағына сақтана қарап, кафе ішін шолып өтті.

Екеумізден басқа асханада бөтен жан жоқ. Бұрыштағы үстелге барып жайғасып, асқа тапсырыс бердік.

Біздің аудан орталығында ең үлкен, асы да дәмді осы кафе. Аты да қызық – «Голубой Дунай». Аға «Портвейн» шарабын алдыртты.

– Кел, екеуміз кішкене ішейік. Саған бүгін әлі жан баласына айтпаған бір әңгімемді айтпақшымын.

Екеуміз екі қырлы стаканмен қызыл шарапты сіміріп алдық.

Бұл кісіні ойламаған жерден кездестірдім. Іссапардан кейін моншаға түсіп алайын деп кірсем Исаев ағайым жүр. Екеуміз рахаттана шомылдық, мен алып барған қайың сыпыртқымен бір-бірімізді сабалап, піскен помидордай қызарып, киініп далаға шыққанда ағай:

– Жүр «Голубай Дунайға» барып шәй ішейік, – деп шақырды.

Исаев ағайыма қарсы келе алмадым. Бұл кісі – баяғыда біздің интернаттың бастығы болған өзім ерекше құрметтейтін ұстазым. Ол кезде үстінде китель, бұтында галифе, аяғында хром етік, бойы тіп-тік, жүрісі шапқан аттай жылдам жігіт ағасы еді.

Қазір міне алдымда беті шалбарланған әжім-әжім толқынды бұйра шашы әбден сиреп, төбе тұсы тақырланып, жидіген тауықтың жүніндей бозғылданып, еңкіш тартқан арық шал отыр. Даусы баяғыдай пәрменді, ашық емес, бәсең.

– «Адамның басы, Алланың добы» демекші қалқайып, осы күнге жеткізгеніне де шүкіршілік етемін. Суға салған қайыстай созылып әлі тірлік етіп жүрмін. Ал, менің замандастарым қынадай қырылды ғой. Қайран, асыл боздақтар-ай!.. Кел, алып қояйық.

Ол темекі алып тұтатып, құшырлана сорды. Шып-шып терін беторамалымен сүрткіштеп, маған еңкейе сыбырлап:

– Мен түрмеде көп болдым ғой. Алғаш Польшада концлагерьде, одан Германияда, одан Магадан, кейін Мурманскіде – Баренцево деген суық теңіз жағасында. Иә, әңгімемді басынан бастайын. Сен зейінді шәкіртім едің. Қазір жазушы-журналиссің. Саған келіп айтайыншы осының бәрін деп сан оқталып, жүрексініп жүр едім. Көп қамалған жан қорқақ, сауысқандай сақ, үрейленіп өмірі өтеді. Сен жақсылап тыңдап ал. Саған айтпасам жарылып кетермін.

Осы аудан орталығындағы интернаттан Зәкір алтын медальмен бітіріп, Мәскеуге оқуға түсті. Екеуміз бір ауылда өскен доспыз. Келер жылы мектепті бітірген мені Зәкір шақырып алып, өзі оқитын университетке сүйреп жүріп түсірді.

Зәкір – нағыз жігіттің сұлтаны еді, бүкіл мәскеуліктерді таңқалдырып, оқуда озат, бір жылда немісше судай ағып сөйлейтін, ақындардың өлеңін жатқа айтатын оны бағалап, сталиндік стипендия алатын болды. Екеумізге жатақханадан бір бөлме берді. Біз шет тілдер университетінің неміс тілі факультетінде жарқырап көзге түсіп, мен мандалинде ойнап, ән айтамын, Зәкір немісше өлең жазады.

Екінші курсты бітіріп, демалысқа ауылға барып келемін деп жүргенде соғыс басталды.

Бір-ақ күнде заманның асты үстіне түсті, күні кеше ғана жарқырып, құлпырып тұрған Мәскеу қара жамылды. Соғыс әзірейілдей ысқырып, жиі-жиі дабыл қағылып, түн баласы бірде-бір шам жағылмай, ел аласапыран бықпырт тигендей есеңгіреп кетті. Зәкірді бірден әскерге алып кетті, он күннен кейін мен де Мәскеу түбінде окоп қаза бастадым.

Әне-міне дегенше қара күз түсіп, фашистер күн өткен сайын жақындап келе жатты. Мәскеуді қорғауға жан-жақтан эшалон-эшалон жігіттерді әкеліп төгіп тастай берді. Ию-қию сапырылысқан солдаттардың көбісі өмірі қару ұстамаған, Орта Азия, Кавказдан келгендер бір ауыз орысша да білмейді.

Қойға шапқан аш қасқырдай анталап немістер келгенде біз әлі мылтық атуға үйрене де алмай жатқанбыз. Екі адамға бір винтовка, бес оқтан беріп, жауға қарсы шықтық. Жаныңдағы серігің өлсе, винтовкасын аласың, әйтпесе жалаң уралап шығасың. Ә дегеннен баудай түсірді. Екі күннен кейін біз қоршауда қалғанымызды білдік. Біздің командир Власов бәрімізге дұшпанға беріліңдер деген бұйрық берді. Мәскеу жау қолында, СССР жеңілді» деп листовкалар таратты. Сап-сабымыздан қару-жарақты тастап, ақ туды көтеріп, немістерге берілдік.

Құйын айдаған кепкен жапырақтай өміріміз өң мен түстей халде өтіп жатты. Құр сүлде, елесіміз ғана жүр. Алдымен Польшадағы концлагерьге қамады. Ауру-сырқау, коммунист, командирлерді атып тастай берді, газ пешіне өртеді, лек-легімен тұтқындар ажал апанына кетіп жатты. Қыстың қақаған үскірігінде қатып қалғандар қаншама! Маған қашан кезек келер екен деп күннен күнге әл-дәрменім бітіп, біржола өлуге бел байлаған тұста күтпеген жерден Зәкір кездесе кеткені. Үстінде жаңа киім, қасында бір топ неміс офицерлері казармаларды аралап жүр.

– Зәкір, – дедім өлетін жауынқұртша жатқан жерімнен әрең көтеріліп. Зәкір! Бұл мен ғой, Дәуіт Исаев, – дедім.

Әй, Зәкіржан өрт жігіт қой, жалт қарады да, қасындағыларға менің де немісше оқығанымды, білетінімді айта бастады. Дереу апарып, моншаға түсіріп, концлагерьдегі немістерге аудармашы етіп қойды.

Зәкір бастаған аудармашылар бөлек жатамыз, тамағымыз да жақсарып сала берді. Еті тірі, көзі ашық оқыған тұтқындарды іріктеп Германияға айдады. Ол жақтағы түрмеде үсті-басы жарадан көрінбей, бір бұрышта бұралып, сасып тұра алмай жатқан Мырзалыны көріп қалдым. Зәкір, Мырзалы үшеуміз бір ауылданбыз, бір өскенбіз. Түрмедегілерге тамақ таситынмын, анау мені тани сап жылап жіберді. Зәкірге айтып, оны емдетіп, жөндеп ас беріп, тамақ тасушылар қатарына қостық. Аз уақытта ол есін жиып, шырайы кіріп, қалпына келіп алды.

– Сендерді бір жерге жіберткізейін деп жүрмін. Мені басқа жаққа ауыстырмақшы , – деді Зәкір.

Мырзалыны немістердің шошқа фермасына жұмысқа алдырды. Ал мені бір фабрикант байдың жалшылығына жіберді. Фабрикант сыриған ұзын бойлы, қырым еті жоқ, көзілдірікті отыздан асқан жігіт мені адам деп көзіне ілмейді. Кәужіреген неміс шалынан сыпыртқы, күрек, күркедей бөлмесін өткізіп алдым. Байдың екі жылқысы мен бір овчарка, бір алабай төбетін күту, бау-бақшасына қарау менің мойнымда. Төңіректе қылау тұрғызбай есік алдын сыпыру, ағаштар мен гүлдерді суару, аттарды бір мезгіл далаға шығарып сейілдету , иттерге уақтылы тамақ беру … бір тыным жоқ. Мен барғаннан кейін екі айдан соң фабрикант әскерге шақырылып, бар жұмысын үлбіреген жас келіншегі қолға алды. Ол фабрикаға екі ат жеккен пәуескемен барғанды ұнататын, үй мен фабриканың арасы үш шақырымдай ғана. Күйеуі машинамен не мотоциклмен жүретін, әйелі пәуескені ұнатты. Пәуескенің үстіне әдемілеп күйме жасаттырдым. Көбіне-көп көмекші қызбен жүреді, көшірі – мен.

Күйеуі соғысқа барысымен оққа ұшыпты. Фрау Мария бір айдай қара жамылып жүрді. Берлинде әскери мектепте оқитын жеті жасар ұлы каникулға келіп, бір айдай болып кетті. Ол да ұзын, суық өңді, әкесін мен өлтіргендей маған өшпенділікпен қарайды. Жұмысымнан кінәрат тауып, шешесіне жамандап, мені күндіз-түн жұмсап кегін алады.

Фрау Мариямен немісше емін-еркін әңгімелесе береміз.

Арада жыл жарымдай уақыт өткенде жаздың тамылжыған ашық бір әдемі кешінде үйге төрт форма киген әйелдер келіп, Марияға күйеуінің орденін тапсырды. Бәрі далада беседкада отырып, шарап ішті. Кешқұрым фрау мені шақырып монша жаққызды. Өзі түсіп болған соң күйеуінің жаңа киімдерін беріп:

– Дик, енді сен де түсіп ал, – деп ерекше ықылас білдірді. Мені «Дик» деп атап кеткен. Өзінің моншасына бөтен жан адамды өмірі жақындатпайтын.

Несін жасырайын, моншадан кейін беседкада отырып екеуміз шарап іштік, артынан ол бір кішкентай құмыра алып шығып:

– Бұл емдік шөп салынған таза спирт. Содан іш сен, Дик, – деп жарты стакан жұтқызып жіберді. Мені дереу дедектете жетектеп үйге кіргізіп, шешіне сап төсегіне гүмп құлады. Моншадан бұрқырап шығып, ішімде шарап бар, дәрі қосылған спирті бар, құлан көңілім шаттанып, гүл-гүл жайнап қанаттанып шыға келдім. Жаңа жауған ақша қар үстінде бұлаң қаққан тундраның ақ түлкісіндей келіншектің ағараңдаған сұлбасын құмартып, шешініп, қалай құшағымыз айқасқаны, іңкәр сезімдер атқақтап, асауша бұлқынғанымыз бәрі бұлдыр-бұлдыр жан шымырлатар тәтті елес…

Күздегі күйі келген кер маралдай керілген келіншек пен екеуміздің құшақтарымыз ажырамаған күйі қылықты да қызықты түннің тез сырғып, әппақ таңның атқанын да байқамай қалыппыз. Ол кезде мен үйленбегенмін, әйел тәнін тұңғыш рет тұшынып, хор қызындай әппақ болып жатқан фрауға сұқтана қараймын кеп. Ақ қоянның жүніндей денесінің ұлпадай жұмсақтығына ынтыға қараймын.

Жалпы неміс әйелдері көріксіз, сұңқиған, дәу мұрын, қатқақ кеуде, тыриған арық келеді. Ал, фрау Марияда төрт мүшесінде қылаудай кінәрат жоқ, толық омырау, қаз мойын, тұсақ бөксе, әдемі жұпар иісті есті алып, құшырландыра түседі. Қай жерін сүйсем де, сипаласам да жесір келіншек наздана еркелей ыңырсиды, кірпігі ашылмаған күйі ол да бас салып, өліп-өшіп ернімен қытықтап, сүйсіне сүйе бастайды.

Қалың батпақтың ішінде саф алтын жарқырап жатады, тікеннің де әдемі гүлі болады. Махаббат деген – әсем сезім мен аңсар көңілдің қосылуы, арда еркек пен ақық әйелдің бір-біріне көзсіз, сөзсіз ынтығуы.

Несін ғана жасырайын ондай періште бейнені ғұмыры көргем жоқ. Жылдар жаңғырып, дүние сапырылысып қанша заман өтсе де Марияның ғажап түр-тұлғасы әлі көз алдымда.

– Дик, таң атып қалды. Тұра ғой, бүркітім, – деді құшырлана аймалап жатып. – Моншаға барып, өз киіміңді ки. Бұл ісімізді ешкім білмеуі тиіс.

Үстіме суық су құйып жібергендей есімді жиып, өз ескі киімімді киіп, пәуескені дайындадым.

Бал түндер, балапан күндер сырғып өте берді. Түнде махаббаттың шырын сөлін бірге ішіп, бұла келіншекпен ақ төсегінде айқасып ұйықтап, күндіз тұтқын-жалшы болып жүре бердім. Махаббат бұл – адамды нұрландырып, жанын рахатқа бөлеп, шешек атып гүлдетеді. Фрау Мария да құлпырып, жайнап, толқынды шашын желкесіне түйіп, өте талғаммен киініп шыға келгенде аузым ашылып, көзім жұмылады. Түн баласы саф алтындай шашы тарқатылып мойнын, омырауын жауып, наздана еркелейтін.

Ұзақ түндерде кейде түрегеп, жеңіл-желпі жамылғыш жамыла салып, шәй ішеміз, әңгіме-дүкен құрамыз. Қызығымыз тарқамай, құштарлығымыз артып жүрген сәтте бірде ол:

– Мен жүкті болып қалдым. Не істесем екен?– дегені.

Не дерімді білмедім.

– Саспа, Дик. Сендей бүркіттен ұрпақ алып қаламын. Сұрағандарға соғыста кеткен немістің біреуінен дей саламын. Өзің білесің бе, бізде неміс қатындары бала тапса үкімет қатты көмектеседі, – дегені.

Совет Армиясы фашистерді қирата жеңіп келе жатты. Фрауым толысып, әдеміленіп, ажарлы келіншекке айналды. Шашы толқындана төгіліп, сары алтындай сырғып, сусып төгіліп тұрады.

Ақыры жеңіс келді. Біздің фабрика, қалаға іргелес поместьемізде ешбір өзгеріс бола қойған жоқ. Американдықтар келіп мені тергеп, фотоға түсіріп, жазып алып кетті.

Ең қызығы енді басталды.

Американдықтар жиі-жиі келіп менімен әңгімелесіп, Америкаға кетуге үгіттейді. Ғажап өмір, тамаша тұрмыс құрасың деп уәде берді. Тіпті сол құрлықтағы таңдаған мемлекеттің қайсысына барсаң да рұқсат дейді.

Біз тұрған жерді американдықтар басып алған, мұнда ФРГ мемлекеті құрылды. Совет Армиясы алған жерде социалистік ГДР орнады.

Маған пакетпен хаттар келе бастады. Совет елшілігінен жоғары қолбасшыдан, тағы басқа құзырлы жерлерден туған елге қайтуға шақырған хаттар алдым.

Жүріп-тұруы ауырлап, толған фрау Мария:

– Дик, сен осында жанымда қал. Ұзамай балалы боламыз. Соған осы елдің азаматтығын алып беремін. Тамаша өмір сүреміз, екеумізге ғұмыр бойы жететін байлық, дүние бар, – деп түнде көзі шыланып жалынып, жалбарынады.

Қайсысына сенерімді білмеймін. Елімді, қазағымды аңсаймын. Алып қашпа әңгімелер көп. Біреулер соғыста фашистерге тұтқынға түскендерді Совет өкіметі аямайды дейді. Фрау Марияға да бауыр басып қалдым, біреулер байлығы тасыған Америкаға пароходқа отырып кетіп жатты.

Күз әлі түсе қоймаған қоңыр салқын күні аттарды өзеннен суарып, сейілдетіп келе жатсам есік алдында совет машинасы тұр. Жүрегім зырқ ете түсті. Үйден үш советтік әскерилер шыға келді. Біреуі – Зәкір, көзіме оттай басылды. Үстінде СССР-дің лейтенанты деген погон таққан жап-жаңа әскери киім. Құшақтасып, көрісіп жатырмыз, көзімнен жасым ытқып кетті.

– Дәуіт, елге қайтамыз. Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас. Міне, Сталин жолдастың бізге деген үндеуі мен жарлығы. «Отандастарым, елге оралыңдар. Бейбіт еліміз соғыстан қалжырады. Соны көркейтейік, бауырларым», – депті Сталин жолдас, – деп орысша сөйлеп, маған парақ-парақ қағаздар берді.

Қасындағы екі капитан да жылы жүзді, жайдарлы жандар екен. «Правда» газеті мен журналдарды ашып, тұтқыннан қайтқандардың бүгінгі жақсы тұрмысы жайлы фотосуреттерді көрсете бастады.

– Оқуымызды жалғастыруға да мүмкіндік беріп отыр. Міне қараша, оқышы өзің, – деп Зәкір де қамшылап қоймайды.

– Дәл қазір өзіңе Совет солдаты формасын кигіземіз. Сталин жолдас барлығыңызға кешірім жариялады, – деп тапалдау капитан рюкзакты қолыма ұстатты.

Зәкір мені шешіндіріп, форманы киіндіре бастады. Үр жаңа киім құйып қойғандай тұп-тура.

– Бір минут үйге кіріп, қоштасып шығайын, – деппін сасқанымнан.

Совет солдаты киіміммен кіріп келгенде фрау Мария жылап жіберді.

– Кетеріңді білгенмін. Қайтемін, Дик. Аман-сау бол. Бекер сенесің, радиода, газетте күнде айтып жатыр ғой ол жақты. Үй-жайың, адресің қалай?

– Жамбыл ата ауылы. Ақын.

– Джамбул ата, – деп күбірледі ол.

Еңкейіп, столдың астынан подсигар және екі қорап сигарет берді. Подсигардың бетіне «Мариядан ескерткіш, 1945 жыл. август»– деп жазылыпты.

– Балаң дүниеге келгенде осыны саған сыйлайын деп едім… Перзентіңнің атын кім деп қояйын?

– Ұл болса Бүркіт, қыз болса Фатима деп ата.

Машина бипілдеп, мені шақыра бастады. Айна алдында тұрған Марияның алақандай ғана кішкентай суретін алып, төсқалтама сала салдым.

Ол көзі боталап, далаға да шығарып сала алмай құшақтап сүйіп:

– Даут, қош бол, қош! – деп нағыз атымды атап, жылап қалды.

Сырттағы үшеуі үш жағымнан қаумалап, машина қорабына секіріп міндім. Қасыма мені құшақтап Зәкір отырды.

– Біз Мәскеуде оқимыз Дәуіт. Әлі тамаша уақыт бар, – деп ол мәз болып, болашағымызды қиялдап кетті.

Фрау Марияның әппақ үйі бұлдырап, қалың ағаштан көрінбей қала берді.

Поезға мінер тұста Мырзалыны жолқтырдық. Екі бетінің ұшы қызарып, үстінен жаман күлімсі иіс кетпейді. Бізді көріп еңіреп жылап жіберді.

Әр-әр жерден тоқтап өздеріміздей тұтқындарды теріп, жуындырып, киіндіріп, ұзын эшалон ысқыра қозғалып, шығысқа қарай бет түзеді.

Туған елге жетсек деген көңіліміз алып ұшады. Зәкір, Мырзалы үшеуміз бір вагондамыз. Шырқап орысша, қазақша ән саламыз. Бүкіл эшалондағы қазақтармен шұрқырасып, танысып мәре-сәре мәзбіз.

Баяғы екі капитан тоқтаған жерде жинап, әңгіме өткізеді. «Бәріне кінәлі сатқын генерал Власов, сендердің түк кінәларың жоқ. Өз ауылдарыңа, үйлеріңе барып, туған-туыстарыңмен қауышып, жұмысқа тұрасыңдар. Оқып жүргендер оқуларын жалғастырады» – деп Зәкір екеумізге қарап жымиып қояды.

СССР шекарасынан өткенде шуылдасып, жүрегіміз жарылардай қуанғанымыз-ай! Совет жеріндегі алғашқы станцияға тоқтағанымызда әр вагон есігіне автомат асынған, овчарка иттері арпылдаған солдаттар есіктің екі жағына тұра қалып:

– Қолдарыңды көтеріп, бір-бірлеп өтіңдер, – деп әрқайсымызды жеке-жеке тексеріп, алдын-ала дайындаған түрмеге қамады.

Баяғы бізді алып келген екі капитан формаларын өзгертіп киіп келгенде білдік – КГБ-ның офицерлері болып шықты. Бізді алдап қақпанға түсіріпті, Жаналғыш әзірейілдей сұрланып, қандарын іштеріне тартып, түні бойы сұраққа алып:

– Отанын сатқан опасыздар! Немістің құйыршықтары! – деп былш-былш тебеді.

Мария фрау берген портсигар мен суреті бәле болып жабысты. Немісше білетінім, аудармашы болғаным жайлы Мырзалы жырдай ғып айтып беріпті. Ұрып-соғып, ұйқыдан айырып, есалаң жандай сенделіп, берген сұрағына бас шұлғып, қол қоюдан басқа амал қалмады. Әбден есеңгірегенде тірлігіңнің құны бес тиын болмай қалады екен.

Топ-тобымызбен әскери сотқа апарып, Зәкір екеумізді жиырма бес жылға, Мырзалыны он бес жылға соттады. Бізді Магаданға айдады, онда да тұрақтамай ары Тундрада мұздың астындағы мәңгі тоң боп қатқан жерді қазатын ерекше зонаға іліктік. Ерекше дейтіні аштан, суықтан өлсек құнымыз жоқ, тапсырманы орындамасаң атып тастай салады, ауырсаң емдемейді, суыққа қатырып, шанаға тиеп қалың орман ішіне аңдарға жем болу үшін апарып тастайды.

Тундрада жердің астындағы тау-тастарды тесіп-қазып қураған шыбықтай жіңішкеріп енді біттік-ау дегенде амнистия жарияланды.

Ішінара босатып жібере бастады. Ақыры он екі жылдан кейін ғана Зәкір екеумізді босатты.

Ауылдағылар тірі әруақтай тұрпатымызды көріп, бізді танымай қалды. Сталин өлгеннен кейін-ақ Мырзалы елге қайтыпты. Ол ауылда ысқырған бригадир, біз Зәкір екеуімізге әкіреңдеп, колхоз жұмысына салып қойды. Көтерем арық жылқыдай ыңыршағымыз шығып жүрсек те жұмсаған жағына бара бердік. Көрген қорлықты Мырзалыдан көрдік. «Әй, неміске сатылған опасыздар, сатқындар!» – деп сасық күзенше шаңқылдап, жұрттың көзінше бізге жөні жоқ тиісетінді шығарды. Әбден запыс болып қалған мен үндемей құтыламын. Зәкір бірде шыдамай кетіп «Мырзалы, сені сасып өлейін деп жатқан жеріңнен суырып алып қатарға қосқан мен емес пе едім» – деп еді, Мырзалы шарт ете түсті «Контрсың, сатқынсың, немістің формасын киген фашист» деп қамшымен тартып жіберді де шапты да кетті.

Ауылға келгенімізге төрт ай болғанда бізді қайта апарып қамады. Аса қауіпті шпион деп Мырзалының жазған арызына орай қайта сот болып, екеуімізге бес жыл беріп, Мурманскіге айдады. Үш жылдан кейін Хрущев амнистия жариялап, туған жерге табанымыз тиді.

Зәкір тұралап ауырып оралды, күрк-күрк жөтеліп, содан көтеріле алмай қайран азамат көз жұмды. Мен Алматыдағы екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп алдым. Мектепке жұмысқа тұрып, үйлі-баранды болып, ел қатарына іліндім. Іскерлігімді көріп, интернатқа бастық етіп қойды.

Міне сен сол жылы интернатта мектеп бітіреді екенсің. Әп-әдемі жұмыс істеп жүр едім, үстімнен тағы арыз түсті. «Отанын сатқан, пленде болған жан қалай жас ұрпаққа тәрбие береді» депті. Тексерушілер келіп, бар ісімді асты-үстіне шығарып, қанша қазбаласа да ештеңе таба алмады. ОблОНО-ның бастығы, қасында жәй киініп алған КГБ-ның екі қызметкері интернат тәрбиеленушілерінен сені шақырып сөйлескені «Исаев Дәуіт ағайдай білімді, үлгілі ұстаз, интернат бастығы бізге керек!» – дегенде бәрі отырып қалғаны әлі есімде. Ақыры мені КГБ ұсынысымен жұмыстан босатып, интернаттың бүкіл шаруашылық жағына қарайтын завхоз етіп қалдырды. Қарамағымда жирен ат, бір шана, бір арба бар өзің білесің қысы-жазы су тасыдым, асханаға болыстым, бітпейтін шаш етек жұмысты ақырын атқарып жүре бердім. «Сатқын, шпион, пленге түскен» деген суық сөз жүрегімнен өтіп, той-томалаққа да бармаймын, тартынып арақ-шарап та ішпеймін, ешкіммен сырласып, бейпіл сөйлеспеймін, өз-өзімнен ішімнен тынып, томаға-тұйықтанып алдым. Үш ай сайын қалаға комендатураға барып, есепке тұрамын.

Бірде түнде үйге келіп мені алып кетті. Алматыдағы өзіме таныс Дзержинский көшесіндегі КГБ абақтысына екі күн қамап қойды.

КГБ-ның үш тергеушісі кезек-кезек сұраққа алады.

– Сенің ФРГ-да қызың бар ма?

– Фрау Мюллер Мария деген әйелің болды ма?

– Олармен хабарласып тұрасың ба?

Әбден зәрезеп болып қалған байғұс басым не дерімді білмедім. Тайсақтап көріп едім, қолыма хат берді. Немісше жазылған бұл хатты Мюллер Марияның қызы Фатима жазыпты. Хатты оқып жатып, көзім бұлдырап, көрмей қалды. Көңілім күрт босап, шұбырған көз жасымды тыя алсамшы. Фатимаға шешесі әкесінің Исаев Дәуіт, Жамбыл ата ауылынан екенін таптап айтыпты.

Фатима отыз бесте, үлкен фабрикант, әкесін іздеп хат жазыпты.

Менен баяғы тәркілеп алған фрау Марияның және шашы қара, қасы қара бір әдеміше қыздың фотосуретін көрсетті. Қайран Мариям-ай, қандай асылзада перизат едің? Сен қыз тауып, атын Фатима қойып, әкесі кім екенін ақиқаттап айтқандығың қандай? Қызым да нағыз жаужүрек батыл, мені іздеп, сұрау сап, хат жазғанын көрмейсің бе? Шешесі былтыр қайтыс болыпты, басқа күйеуге тимей бар ғұмырын өткізіпті. Әкемді бір көрсем арманым жоқ, – депті қызым хатында.

Жүрегім езіліп, қанжылап отырып оқыдым.

Үшінші күні мені әбден қысып-қысып, ешкімге ештеңе айтпау жөнінде қолхат алып, әзер босатты. Германиядағы Фатима Мюллер ханымға мұндай адам бұл өлкеде тұрмайды деп хат жазып жіберді.

Арада үш жылдай уақыт өткенде бір үлкен оқиға болды. Үйге бір топ жалаңдаған адамдар кіріп келіп, бәрімізді даладағы автобусқа апарып отырғызып, ауылдың сыртына алып шығып кетті.

Үйімізге өздерімен келген бір әйелді кемпірше киіндіріп отырғызып қойыпты. Мені баяғыда өліп қалған, ал мына кемпір әйелі, балалары жоқ депті.

Фатима елеусіздеу рамада тұрған менің суретімді фотоаппаратымен түсіріп алыпты да, жылап қайтыпты. Үйіме бір бума ақша – марка тастап кетіпті.

Мұның бәрін сол бойда мені алып кетіп, тергеген кгбшниктер айтып берді. Қызымның жүрген-тұрғанын бәрін-бәрін суретке түсіріп алыпты, соны көрсетті. Маркілерді өздері алды.

Ақыры мені бес жылға Түркіменстанға жер аударды, бүкіл отбасымды көшіріп алып кетіп, сол жақта болып қайттым.

Құдайдың берген үш ұл, екі қызым бар. Әйелім жуас, шаруаның адамы. Олар ештеңе білмейді де, сезбейді. Мен бұл жайлы тіс жарып жан баласына айтпадым, айтуға хақым да хұқым да жоқ.

Кеше Алматыға КГБ тағы шақырыпты. Баяғы фрау Мария маған сыйлаған портсигар мен кішкентай алақандай суретін көрсетті. Фатима Мюллер жол апатынан қайтыс болыпты деп хабарлады. Мен селт етпедім, олардың өтірік айтып тұрғанын анық білдім.

Фатима қызым тірі, ол Мария екеумізден туған, өткір тас жарады. Ірі бай, буржуй, шіріген капиталист ел қанаған фабрикант өліпті деп соғып отыр. Іштен тынып, үндемедім.

Өзім үйренген сұрғылт үйдің подвалындағы абақтысына бір түнетіп, бүгін жіберді. Сол жаққа барып шыққаннан кейін денем қышып, үстіме керосин жаққандай жаман әсер аламын.

Моншаға әдейі келіп түскенім ғой.

Екі күннен кейін Ұлы Жеңістің отыз жылдығы, соғыс біткеніне міне, отыз жыл. Мен замандастарым секілді көшеге ол күні шықпаймын, үйде тығылып отырамын.

* * *

Ол кісі тағы темекісін алып тұтатып, құшырлана сорды. Екеуміз екі бөтелке «Портвейн» шарабын тауыстық. Ол төңірегіне күдіктене қарап шықты. Терін асықпай сүртінді.

– Мұны маған неге айтты деп отырсың ба? Ішім тола шер мен зар ғой. Алтын құрсақ әйелдің ішінде бесігімен ұл жатады, арманда жүрген еркектің ішінде ат басындай шер жатады. Тұңғыш рет өмірімді айтып, шерімді тарқаттым. Тұншығып өліп кете сақтаймын. Тек түсімде көріп шығамын, немісше сөйлеп жатамын. Фрау Мария екеуміздің мәңгілік махаббатымыздың айғағы – Фатима қызым алғыр боп өсті. Ол талай жерді жарып шығады, сендер көресіңдер соны.

Иә, мұның бәрін, сырым мен шынымды, қара тас боп қалған шерімді саған айтып отырғаным – сенің зейінің бар. Адам танысам, әлі талай-талай асуларды асып, биіктерге шығасың, қарағым. Тек бұл сырымды жан баласына айта көрмегін. Жарай ма?

– Ешкімге айтпаймын аға. Мырзалы қайда қазір?

– Қойға шығып кеткен. Құм ішінде жеке отырады, қой бағады. Жас әйел алған.

– Кейін көрдіңіз бе?

– Көрмегенде ше? Түк болмағандай арсалаңдап амандасып, жырқ-жырқ етеді. Әлі күнге дейін үстінен күлімсі жаман иіс шығып тұрады. Әлде маған солай көріне ме!? Шерімді шығарып, рахаттанып қалдым-ау… Мен татып алмаймын ғой, ауырмайтын жерім жоқ,қауқиып жүрген құр кеудем ғана.

Бүгін сенімен ішкім келгені, бәрін айтқым келгенін қарашы. Қой, мен ауылға қайтайын, автобус кетіп қалар.

Ол екі ұмтылып, орнынан әзер тұрды.

– Нариман, қайыр-қош. Жаман ағаң бірін айтам деп бәрін айтты. Пенде ғұмыр деген осы-ау, сірә…Шығарып салмай-ақ қой.

Ол қолымды алып, қоштаса бастады. Алақаны өрттей ыстық, ылжырап терлеп тұр. Қалың ой қамалаған мен орнымда балбал тастай қатып қалдым.

Арада екі айдай уақыт өткенде Дәуіт Исаев ағайдың қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырдым.

* * *

Кеше үйіме келіп қонып кеткен баяғыда интернатта бір сыныпта бірге оқыған Айқымбай досыма осыны айтып беріп едім, ол көзіне қайта-қайта жас алып, керемет әсерлене тыңдады.

– Сен мұны жаз. Тағдыр ғой, заман салған өмір ғой, – деді ол жыламсырап.

Адам қартайғанда көңілі бос, жылауық келеді-ау.

Ол кеткен соң түні бойы отырып, осыдан қырық бес жыл бұрын «Голубой Дунай» деген кафеде Дәуіт ағамның айтқандарын мұртын бұзбай түгел қағазға түсірдім.

Қарғыс атқыр соғыс қасіреті ешуақ жазылмайды екен ғой.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Тамыз, 2019 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *