Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанның қол жеткізген барлық жетістіктері мен жеңістерінің негізінде халықтың ынтымақ-бірлігі жатыр. Этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім, азаматтардың заң алдындағы теңдігі мен толеранттылық — қазақстандық қоғамның ең қастерлі құндылықтары болып отыр. Осынау құндылықтарды қоғамдық санаға орнықтыра түсіп, елдің ішкі бірлігі мен саяси тұрақтылықты нығайта түсуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөл атқарып келе жатқаны белгілі.
Бүгінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында 17 этномәдени бірлестік белсенді түрде жұмыс істеуде. Бұл мегаполисте барлық этнос өкілдерінің ұлттық ерекшеліктерін, тілі мен мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалғанын көрсетеді.
Соңғы жылдары ҚХА өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытып келеді. Ендігі жерде Ассамблея тек мәдени іс-шаралар өткізумен шектелмей, Қазақстан халқын азаматтық негіздегі біртұтас ұлтқа айналдыру, ұлттық бірлікті бекемдеу, жаңа қазақстандық патриотизмді насихаттау және қайырымдылық іс-шараларды үйлестіру секілді маңызды функцияларды атқарып жүр. Ол үшін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан түрлі қоғамдық негіздегі құрылымдар, атап айтқанда, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі және медиация кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, ғылыми-сарапшылық топ және журналистер мен блогерлер клубы жұмыс істеуде.
Жақында Ассамблеяның жұмысын жетілдіре түсуге септігін тигізетін тағы да бір жаңалық болды. Нақты айтар болсақ, шаһардағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты Түркістан облысынан Шымкент қаласының қарауына өтіп, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолданысына берілді. Айта кетейік, «Қоғамдық келісім» мекемесі – ҚХА-ның жұмысшы органы.
Көпшіліктің есінде болса, бұл ғимаратты 2017 жылғы 27 сәуірде Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Елбасы Н.Назарбаевтың өзі ашқан болатын. Біз төменде түрлі этнос өкілдерінен құралатын «Шымкент-Цирк» ұжымына барып, өнер мен бірлікті ұштастырған отандастарымызбен тілдесіп, бір шоғыр мақала әзірлеп, өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Шавкат СҰРАНШИЕВ:
«ҚОНАҚЖАЙ, КЕҢПЕЙІЛДІ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ»
Бүгінде Шымкентте түрлі ұлт өкілдерінің талантты жастары еңбек етіп жүр. Қиын да күрделі сала саналатын циркте де өзге ұлт өкілдері көп. Солардың бірі — Шавкат Сұраншиев. Таланты мен талабы ұштасқан Шавкаттың мұнда өнер көрсетіп жүргеніне 9 жылға жуықтапты. Ұйғыр ұлтының өкілі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Онда өтетін түрлі іс-шараларға атсалысып тұрады.
Алматыдағы А. Селезнев атындағы хореографиялық училищесінде оқыған ол кейінірек циркке қызығушылығы ояныпты. Сол арманының жетегіне еріп сыңары екеуі Ж.Елебеков атындағы колледжге түседі. «Досымның ағасы цирк әртісі болған. Сонымен бірге барып, көріп, қатты қызығушылығым оянды. Оқу орнын қызыл дипломға бітіріп, Шымкентке келдік. 2012 жылдан бері осындамыз. Өзіміздің тобымыз бар, бес метрлік арқанның үстінде ойнаймыз, әртүрлі өнер көрсетеміз. Цирк колледжінде 8 жанрдың барлығын үйретеді. Соңында өзің шешім қабылдайсың қай бағытты таңдайтыныңды… Даршы яғни, (конотоходец) арқанның үстінде жүріп, түрлі трюктер қоямыз. Өте қауіпті әрі күрделі. Басты трюктер бар. Қазір «Сира доңғалағы» атты трюкті меңгеріп жатырмыз. Бұл сала Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Соны меңгеріп жатырмыз. Қойылымды бастан-аяқ өзіміз жасаймыз. 2016 жылы «Азия жаңғырығы» байқауына қатыстық. Күміс медаль жеңіп алдық. Басқа елдерде мәселен Ресейде, Қытайда келісімшарт бойынша жұмыс істедік. Татарстанда, Башқұрстанда болдық. «Шопито» циркімен бірге 15 қаланы араладық. Ресейде бір жыл болдық. Түрлі ұлттарды көрдік. Татулық пен бірлікті биік қойған елде өмір сүріп жатқанымызға шүкір дейміз» дейді талантты жас. Шымкент циркінде өнер көрсеткеніне 9 жылдан асқан дарынды жас ата-анасын Алматыдан осында көшіріп әкеліпті. «Қонақжай, кеңпейілді қазақ халқына алғысым шексіз» дейді өнер иесі.
ҚАЗАҚСТАНДА ТУЫЛҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН
Шымкент-Цирк балетмейстері міндетін атқарушы Нулифар Халықбердиева Иззатуллақызы:
— Хореграфия мен актерлік шеберлік – бұл менің бала кезден армандаған мамандығым. Өзім жеті жасымнан бастап сахнадамын. Міне, би өнерін кәсіп етіп, кәсіби жолда жүргеніне 22 жыл болыпты. Шымкенттегі Қазақстан Халқы Ассамблея-сындағы өзбек диаспорасының мүшесімін. Мерекелік іс-шаралардан қалыс қалмаймын, әрқандай би мектептерінде жұмыс істедім, ал Циркке 2012 жылы келдім. Бір жолы Алматыға жұмысқа кетейін деп тұрғанымда Шымкентте үлкен іс-шара өтетін болды. Ассамблеяның атынан қатысуым керек-тұғын, сөйтіп дайындық жасауға циркке келетінмін. Сол кездері цирктің директоры Сұлтан Срайлов менің өнерімді байқап, циркке шақырды. Содан бері осында қызмет атқарып келемін.
Режиссерлік те жұмыстар істедім. Маған ұжымым қолдау білдірді.
Цирктің жанры өте көп. Әр жанрды зерделеп бітем дегенше уақыт зымырап өтіп кетеді. Біздің ұжым өзге ұжымдарға қарағанда жас ұжым. Нағыз бір отбасы дерсіз. Түрлі ұлт өкілдері бар. Бәріміз бір үйдің баласындай татумыз. Циркке келіп «Мәдениет саласының үздігі» деген төсбелгі алдым.. Номердің әдемі шығуы балетмейстерге байланысты. Көрерменге әдемі бере білу де өнер. Кеңес одағында спортшылар, цирк әртістері, хореографтар 25 жылда зейнетке шығатын. Қазір мұны алып тастады. Яғни, спортшылар, цирк қызметкерлері, бишілерге зейнетақы тағайындалмайды.
Білесіздер, оларда өнер көрсету барысында жарақат алу көп болады. Сондықтан бұрын ерте зейнетке шығаратын. Осы мәселені де министрлік көтерсе дұрыс болар еді… Бүгінде ұстаздық жасап жүрмін. Менің де жарақаттарым көп. Соған қарамай жұмыс жасап келемін…
Қазақ халқына, қазақ еліне, Ел-басына көп рахмет. Елбасы Қазақстанда барлық ұлтты бір отбасыдай біріктіріп келеді. Тату, бірлікте өмір кешудеміз. Шетелге шыққанда Қазақстанда туылғаныма мақтанамын. Тәжікстаннан, Түркіменстаннан, Ресейден шақыртулар көп болды. Қазақстаннан, Шымкентімнен кете алмайтынымды түсіндім. Ұжымды, осы циркті қимаймын…» дейді.
БАЛАЛАРДЫҢ БАЛ-БҰЛ ЖҮЗІН КӨРГЕНДЕ, ЖАРАҚАТЫҢДЫ ҰМЫТАСЫҢ…
Шымкент-Цирк ұжымының әртісі, славян диаспорасының өкілі, әуе гимнасты Зарина Владимировна Шаметько:
— Мен он бір жылдан бері спорттық гимнастикамен айналысамын. Соның үш жылында Шымкент-циркте жұмыс істедім. Қазір осы ұжымда 2016 жылдан бері акробат алаңында биіктен секіріп билейтін әуе гимнастымын. Алдыңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Азия жаңғырығы» бауқауында жүлделі орын жеңіп алдық.
Осындай жетістіктерді бағындыруыма себеп болған менің жаттықтырушым – Олег Касаткин. Ол кісіге мың алғымызды жаудырамын. Қазіргі жетекшім – Мақсат Бегалиев. Өткен жаңа жылда мен абайсызда жұмыс барысында басымнан жарақат алғанмын, соған қарамастан екі номер дайындап, сахнаға алып шықтым.
Манежге шығып, әуе шарымен қалықтай жөнелгенде, төменде залда отырған балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанып қызыға, әрі таңдана өзіңе қарап тұрғанын көргенде бар ауруыңды, алған жарақатыңды ұмытып кетесің. Бәрінен шабыт аласың. Кенет көрінбейтін қанат бітіп, ұшып бара жатқандайсың…Өзімді мұндай сәтте бақытты сезінемін. Еңбегіңнін жемісін көру үлкен бақыт.
Қазір Мардан Сапарбаев университетінде «Денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білімімді жетілдіріп жатырмын.
Қазақстан күннен-күнге дамып келе жатқан ел, бұл күндерге татулық пен бірліктің арқасында жеттік. Иә, расында ғылым мен технология білімі жетілген мемлекеттерде дамиды, ал даму үшін ел іші бейбіт болуы керек. Біздің көк туымыз әрқашан биікке желбіреп, түрлі этнос өкілдері қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бетке алып, кемелдене берсін!
Қазақстанда ұлтаралық достық пен келісім орнап, ең бейбіт ел деген атаққа ие болды. Кеңестік дәуірден басталған, интернационалдық тәрбие мен идея қазір жаңаша жаңғырып, «Қазақстан ұлттар лабораториясы» бұл күнде, тіпті, өзгеше бір ұлттар достығының «брендіне» айналды десем қателеспеймін.
Азиз ИРИСТАЕВ:
«АЛАР АСУЛАРЫМ МЕН ЖЕТІСТІКТЕРІМ АЛДА»
Шымкент қаласындағы өзбек этносының спорттық гимнастика шебері Азиз Ғаниұл спорт пен өнерді ұштастырып келеді. Оның өмір жолындағы қызықты сәттерінен сыр бөлістік. Қазіргі кезеңдегі гимнасти-калық державаға айналған мемлекет қатарына Қытай, Жапония, Румыния жөне Ресейді жатқызуға болады.
Гимнастика — тек қана спортшылар үлесі емес, ол адам өмірінің жалғасы бола да білген жаттығу түрі. «Гимнастика менің өмірімді сақтады» деген кітабында Шлиссельбург қорғанының тұтқыны Н.А.Морозов «Мен өз өмірімде гимнастикаға борыштармын, себебі, ол маған қимыл-қозғалысты сыйлады, жаттығуы арқылы өмірді сүюді үйретті» — дейді. Гимнастика өнері республикамызда да көркейіп келеді.
Азиз 2000 жылы Шымкент қаласында туылып, бала кезінен спорт мектебінде гимнастикаға қатысып, шеберлігін шыңдай түседі. Мектеп атынан бірнеше жарыстарға қатысып, жүлделі оралып, абырой биігінен көрінген сәттері көп. Алайда, Азиз арада жылдар салып цирк сахнасынан көрінемін деп ойламапты.
2015 жылы он бес жасымда менің жаттықтырушым циркке баруыма кеңес берді. Міне, қазіргі жаттықтырушым әрі ұстазым Олег Касаткинмен таныстығым осылай басталды. Тренеріме алғысымды білдіремін, ол маған ұстаздық етіп, шәкірт ретінде тәрбиелеп шығарды. Қиын, әрі қауіпті трюктерді үйрендім. Бүгінде әуе белдіктерімен жұмыс істейміз. Әрине, барынша сақтық шараларын қолданамыз.
Цирк ұжымының өзі әр ұлттан құралған. Гастрольдік сапарға шығып тұрамыз. Сапар барысында көршілес мемлекеттерге шығып, ондағы цирк өнері қалай дамып келе жатқанына көз жеткіздік. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, біздің де әлі талай ізденуімізге, өсуімізге тура келеді. Дегенмен, бұған бізде мүмкіндіктер көп. Бала кезімде спорт мектебіне барып жүргенімде цирктің не екенін білмеппін. Маған дейін спорт мектебінде жүріп, циркке кеткен адамдар көп.. Солардың бірі болып, мен де цирк сахнасының шымылдығын аштым. Алғаш мұнда келгенімде әріптестерім: «Енді кете алмайсың, цирк керек адамдарын жібермей, өзіне қарай саз балшық секілді тартып әкетеді» деген болатын. Расында қазір солай циркте беріле жұмыс істеймін, расында цирк мені өзіне тартып әкетті. Қазір өзімнен кейін келген әріптестеріме де осылай деп айтып отырамын. Циркке бір келген адам одан шыға алмай қалады. Бүгінде жасым жиырмада. Алар асуларым мен жетістіктерім алда. Бастысы, көп ұлтты еліміз ауызбіршілік пен татулықта болып, көркейіп дами берсін!
Бетті әзірлеген
Меруерт МАҚАЖАН