ДОҚТЫРХАННЫҢ САН ҚЫРЫ

Мерей
290 Views

ЖАЗУШЫ-РЕЖИССЕР ДОҚТЫРХАН ТҰРЛЫБЕК – 75 ЖАСТА

ДОҚТЫРХАННЫҢ САН ҚЫРЫ

…Ақпанның ат құлағы көрінбес ақ түтек боранында – мың тоғыз жүз қырық тоғызыншы жылы өмірге келген Доқтырхан Тұрлыбек пен Гүлжанның көп жыл аңсап Жаратқаннан жалбарынып жүріпсұрап алған тұңғыштары – Бектұрсыннан кейінгі екінші перзенттері еді. Соғыстан кейінгісол бір қиын-қыстау заманда жас ерлі-зайыптылар совхоздың бір отар қойын алып,жаз – жайлауда, қыс – қыстау баурайындағы қыстақта отырып, мал бағатын-ды. Келіншегінің толғағы қысқан дәп сол күні батыстан баяулай көтерілген желкешкісін құтырынып, алай-дүлей боранға ұласты. Жуалының қатал мінезді табиғаты жергіліктітұрғындарға қашаннан-ақ белгілі ғой, әдетте мұндай ақ боран жеті-он күнге дейінсозылатын. Мұны жақсы білетін Тұрлыбек көп ойланбастан-ақ шанаға кері қасқаны жектіде, келіншегін тонға орап, пәленбай шақырым жердегі аудандық ауруханағатүнделетіп болса да тартты да кетті. Жем жеп, жылы қорада тұрған жануар қалыңқарды омбылай түсіп, жон арқасынан буы бұрқыраған күйі бір жарым-екі сағаттыңар жақ-бер жағында аурухана ауласынан бір-ақ шықты. Алдымен Алланың, сосын ақхалаттылардың аялы алақандарының арқасында дүние есігін іңгәлап ашқан қызылшақалақтың есімін ата-анасы біріншіден, дәрігерлердің құрметіне орай, екіншіденосылар сияқты «адам жанының арашасы болсыншы» деп ырымдап, «Доқтырхан» депқойды. Бірақ, ол Доқтырханы доқтыр болмады…

Ерлі-зайыптылар Бектұрсын мен Доктырханнан кейін де Тұраркүл, Құраркүл, Райкүл есімді қыздарды дүниеге әкеліп, көп балалы отбасы ретінде біреуден ілгері, біреуден кем дегендей өмір сүріп жатты. Қалай болғанда да соғыстан кейін тұралап қалған ауылдың хал-ахуалы бірден оңалып кете қойған жоқ. Соған қарамастан ұрпақтарын жетілдіріп, аяққа тұрғызу мақсатында Тұрлыбек пен Гүлжан тырбанып тіршілік етті. Үйелмелі-сүйелмелі, бес саусақтай бес перзент мектепте білім алып, ата-аналарының үмітін жалғап, олардың көз қуанышына айналды. Осылардың ішінде жүріс – тұрысы да өзгеше, болмыс-бітімі де бөлектеу, пысықтығы да жетерлік Доқтырханның оқуы да жақсы еді. «Әке – балаға сыншы» демекші Тұрлыбек бір күні әрі ойланып, бері ойланып: «Қыз – жат жұрттық» деген, үш қызым бойжеткен соң тұрмыс құрып кетеді, Бектұрсын оқу мен білімге жақын, оны ұстау қиын, түптің – түбінде ауылда қалып, бізді асырайтын осы Доқтырхан болар. Сондықтан мен оны қазірден бастап мал шаруашылығына баулиын» деп Доқтырханын жетінші сыныпта әжептәуір оқып жүрген жерінен мектептен шығарып алып, қой баққызып қойды. Доқтырхан қарсылық көрсеткенімен онысынан ешнәрсе шықпады. Амалсыздан көнуге тура келді. Бір жақсысы – қой соңында жүргендегі күні бойғы ермегі газет-журнал оқу болды. Мектепте жүргенде мектептегі, ауылдағы жаңалықтарды республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», аудандық «Жаңа өмір», Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеттеріне жазып тұратын-ды. Ол кездері жазушы, журналист деген ұғымдарды аса тереңдеп түсіне бермесе де, әйтеуір, газет-журналдарға жазатын адам болуды армандайтын. Бірақ, өкінішке орай, ол армандарының орындалуы жас бала үшін күн өткен сайын қиялға айналып бара жатқандай. Айналасында қол ұшын берер ешкім жоқ. Ақырында, үміт оты жылтырағандай болды. Қайдан ғана ойына түскені белгісіз «Лениншіл жас» газетіне хат жазып, көмек сұрау керек деп шешті ол ойын. Сөйтіп, қолына қалам алып «Лениншіл жасқа» өзінің оқығысы келетінін, бірақ әкесі мектептен шығарып алып, қой баққызып қойғаны туралы «Менің оқығым келеді» деген мақала жазды. Араға екі-үш апта салып, әлгі мақаласы «Лениншіл жас» газетіне шығып тұр! Сол кездері республика бойынша екі жүз елу мыңдай данамен тарайтын, аптасына бес рет жарық көретін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің органы саналатын «Лениншіл жастың» халық арасындағы беделі де, тәлім-тәрбиесі де, оқырмандарға деген қамқорлығы да өте жоғары еді. Бұл шу мұнымен бітпеді. Араға тұп – тура он күн салып, ауылға құрамында «Лениншіл жастың» тілшісі, Жамбыл облыстық және Жуалы аудандық комсомол комитеттерінің өкілдері бар арнайы комиссия сау ете қалды. Жоғары жақтан келген комиссияның екпіні қатты… Бір орыс тұрмаса да, «Красный пахарь» деп аталатын кішкентай ауыл өз өмірінде дәл осылай дүрлікпеген болар. Көп ұзамай Доқтырхан мектепке қайта барып, оқуын жалғастырды…

Жуалыдан шыққан жиырмаға жуық жазушы, ақын, журналист бар. Бірде Жуалы ауданының әкімі, ақын Мырзахан Ахметовтің елу жылға арналған шығармашылық кеші болып, Шерағаң бастап, бір топ қаламгер болып, Жуалыға аттандық. «Бала кезінде біздің Доқаң мені оқытпай қойды деп туған әкесінің үстінен арыз жазған. Бұл мырза Жуалының «Павлик Морозовы» ғой», – деп бәрімізді күлдіргені әлі есімде.

Доқтырхан оқуын жалғастырып, орта мектепті бітірген соң, Қаратау қаласындағы техникалық училищені тәмамдап, мамандық алып, құрылыс мекемесінде электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Армияға барып келген соң да осы жұмысын жалғастыра берді. Бірақ, газеттерге мақала жазуын тоқтатпады. Журналистік, жазушылық жолды таңдаған оның ішкі ойы, түпкілікті мақсаты айқын еді, сондықтан да ол қалайда өзі арманына жетуіне бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсап, тырбана жүріп еңбек етті.

Менің Доқтырханмен алғаш танысқан күнім кешегідей көз алдымда. 1972 жыл еді, бір күні бөлмемізге рұқсат сұрап, әскери киімдегі бойы сымдай тартылған, қасы-көзі қап-қара, қою мұртты, бұйра шашты келбетті жігіт кіріп келді. Мен ол кезде Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде тілші едім. Аманшылық сұрасып болған соң «Әскерден жақында ғана оралдым, өзіңмен танысуға редакцияға арнайы бас сұққан бетім еді. Аты-жөнім Доқтырхан Тұрлыбеков» деп өзін таныстырып өтті. Біздің газеттің белсенді авторы, физика-математика пәнінің мұғалімі, ауданымызға белгілі ақын Бектұрсын Тұрлыбековтың інісі екенін, бұл жігіттің де «Жаңа өмірде» әр түрлі тақырыпта мақалалары шығып тұратыны есіме сап ете қалды. Түскі үзіліске шығатын уақыт та таяп қалған еді, екеуміз сыртқа шығып, аудан орталығындағы жалғыз мейрамханаға бет түзедік.

– Қасым, жасымыз да шамалас екен, ой-пікірлеріміз де бір бағытта сияқты, мен де өзің сияқты журналист болсам ба деп жүрмін. Танысқаныма қуаныштымын, – деді ол ас ішіп отырғанымызда…

…Арада жарты жыл өтпей, редакцияға Доқтырханым келіп тұр:

– Қасеке, «Жаңа өмірге» тілші болып орналасатын болдым. Бүгін бұйрық шығады, – дейді. Шын қуанып, қолын қыстым. Бұл жөнінде Доқтырхан өзінің бір естелігінде былайша жазғаны бар еді:

– 1972 жылы әскер қатарынан оралған соң, көрші Свердлов ауданындағы механикаландырылған құрылыс колоннасында электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрдім. Бірде Жамбыл қаласындағы Орталық автобекетте «Жаңа өмір» газетінде редактордың орынбасары болып еңбек ететін Аманкелді Ормантаев ағамды кездестіріп қалдым. Қаламы қарымды журналисті бала кезімнен білуші едім. Жаны жайсаң азамат бір мені ғана емес, қаламға икемі бар көптеген жастарды жақын тартып, үнемі қамқор болып жүретін. Алғашқы тырнақ алды мақаламды, әңгіме – өлеңдерімді осы кісіге апарушы едім.

– Доқтырхан, сенің кездескенің жақсы болды, – деді Әбекең қуанып, – біздің газетте тілшінің орны босады, келесің бе?

Мен қуана – қуана келістім. «Жаңа өмірдің» редакторы Әбдіғаппар Айтақов еңбек демалысында екен. Оның бірінші орынбасары Константин Цайзар мені жұмысқа қабылдап, тілші ретінде қызметке кірістім. Ол кезде аудандық газет қазақ және орыс тілдерінде аптасына үш рет шығатын. Редакцияның байырғы қызметкерлері: Икрам Тұрғынбаев, Ораз Елшібаев, Мырзахан Ахметов, Қасым Әзімхановтарды бұрыннан танимын, олар да мені жатсына қойған жоқ. Күнде бұрқыратып екі-үш мақала жазып тастаймын, бір аптаның ішінде орыс тіліндегі мақалаларды қазақшаға аударуға да әжептәуір төселіп қалдым. Байқаймын, әріптестерім жұмысыма дән риза.

Арада 27 күн өте шығып, алғашқы жалақымды және қаламақымды алдым. Жұмыстан соң, Аманкелді, Ораз үшеуміз аудан орталығындағы жалғыз мейрамханаға барып, менің қызметімді жақсылап тұрып «жудық». Ептеп қызулаумыз, үшеуміз орталық саябақтағы би алаңына бардық. Өзіме де обал жоқ, орыстың бір әдемі қызымен билемек болып едім, жігіті қызғанып, мені итеріп жіберді, мен де қарап қалған жоқпын, ар жағы белгілі, төбелес басталып кетті…

Ертесіне бір көзім көгеріп, жұмысқа бардым. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, сол күні редактор Айтақов жұмысқа шығыпты. Ол мені көріп:

– Мына бандит кім? – деп шошып кетті.

– Бұл жігіт біздің жаңа тілшіміз Доқтырхан Тұрлыбеков, – деп Аманкелді Ормантаев мені таныстырып жатыр.

– Кім көрінгенді жұмысқа аласыңдар. Аудандық газеттің аудандық партия комитетінің органы екендігін ұмыттыңдар ма? Біреу-міреу мынаны көрсе не дейді?! Арызын жазсын да, жұмыстан кетсін!

Обалы не керек, редактордың бірінші орынбасары Константин Цайзар мен редактордың орынбасары Аманкелді Ормантаев: «Бұл баланың жазуы жақсы», – деп ара түсіп-ақ жатыр. Бірақ, Айтақов райынан қайтар емес, мені жұмыстан шығарып жіберді. Амалдың жоқтығынан бұрынғы жұмысыма қайта оралып, электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жаттым…

…Сөйтіп, Доқтырханның журналист болсам ба деген арман-үміті осылайша біржолата үзілгендей болып жүргенде Свердлов аудандық (қазіргі Байзақ ауданы) «Село жаңалығы» газеті Октябрь революциясы мерекесіне орай еңбек адамы туралы жазылған мақалаларға бәйге жариялады. Онсыз да газет-журналдарға ірілі-ұсақты мақалалар жариялап жүрген Доқтырхан көп ойланбастан бәйгеге қатысып, өзімен бірге жұмыс істейтін Серік деген жігіт туралы көлемді очерк жазып, онысы бірінші орын алды. Бұл оның аталмыш аудандық газетке тілшілік қызметке орналасуына бірден-бір себепкер болды. Доқтырханның мақаласы шыққаннан кейін бір аптадан соң аудандық газет редакторы Ғани Әлиев оны қызметке алды.

Аудандық газетке біржолата орналасып, көңілін демдеп алған соң Доқтырхан әртүрлі жанрдағы мақалаларды көсілте жазды. Өз ісіне мығым әрі жауапты журналисті тапқанына редактор да іштей разы болып, оны көп ұзамай бөлім меңгерушісі етіп, қызметін көтерді. Көзді ашып, жұмғанша өте шыққан үш-төрт жыл Доқтырхан үшін табысты кезең болды. Қаламы төселіп, аудан, облыс, республика көлемінде жазуы арқылы танылған ол ҚазМУ-дің журналистика факультетінің сырттай бөліміне студент болып қабылданды. Облыстық, республикалық басылымдарда тартымды дүниелерімен көрініп жүрген Доқтырхан Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеті басшыларының да қызығушылығына ілініп, олар қаламының желі бар жас журналисті облыстық газетке қызметке шақырды. Бұл 1977 жыл еді…

1984 жылы Алматыдағы Қазақ теледидарына ауысқанға дейінгі Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіндегі сынаптай сырғып өткен жеті жыл алдымен Доқтырханның өзінің сүйікті мамандығына сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түсті, екіншіден, журналистикадағы тынысын кеңейткен, тәжірибе жинақтаған кезең болды. Бірнеше жыл бойы мерзімді баспасөздерде еткен еңбегі­нің жемісін ол Қазақ теледидарының «Алатау» телебағдарламасына редактор болып орналасқанда шын сезінді. Газеттерде жұмыс істеп жүргенде Доқтырхан ойлы оқырмандардың көңілінен шығар шығармаларды беруге тырысса, ендігі жерде көзі ашық, көкірегі ояу көрермендерге ой салар хабарларды ұсынуды алдына мақсат етіп қойды. Теледидарға орналасуы оның ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әсіресе, ұмытылып бара жатқан қол өнері тұрғысында танымдық хабарларды жасауына жарқын жол ашты. Газетте жүргенде де оның ішкі жан-дүниесінде теледидарда да қызмет істеп, өзінің ойында жүрген көкейкесті мәселелерді көрермендерге жеткізу жайы қатты толғандыратын еді. Соның сәті енді түскендей. Қазақ теледидарына орналасқан бойда ол сол жобаларын қолға алды. Соның нәтижесінде авторлық «Бойтұмар» циклды хабары қалың көрерменнің көзайымына айналып, республика жұртшылығынан қолдау тапты. Доқтырхан осынау жүйелі жобасы аясында бірнеше жыл бойы ұлтымыздың баға жетпес құндылықтарын насихаттайтын ұлттық нақыштағы хабарларды көпшілік қауымға ұсынып отырды және осы хабарлары негізінде «Бойтұмар мен ойтұмар» атты көлемді танымдық кітап жазды.

Алматыға келген соң Доқтырхан жұмыс істеу қарқынын бұрынғыдан да үдете түсті. Тек телехабарлар түсірумен ғана шектеліп қалмастан, әдеби шығармалар жазуға да ден қойды. Бұл ретте «Сталиннің мүштегі», «Қазақы қалжыңдар», «О дүниеден келген өкіл», «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Қалила Қожаның хикаялары», «Екі килә алма және сникерс» сияқты сатиралық кітаптары жарық көріп, оқырмандардан лайықты бағаларын алып жатты. Елімізге белгілі сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы ағамыз өзінің «Аяғы бар күлкі» деген мақаласында Доқтырханың жоғарыда аты аталған кітаптарын оқып шығып, күлкіге қарқ болғанын тілге тиек ете келіп: «Менің есеп-қисабым тура болса, әзіл-сықақ ауылына тұрғыластарынан бір-жарым мүшел мөлшері кешеңдеу келген Доқтырхан бұдан былай «бесжылдықты төрт жылда орындауды» ұран етіп, сан мен сапаны ағайындастырып, арзандамас мүлкін – көркем күлкісін еселей түссін! – деп бата берді.

Доқтырханның Алматыға келуі – оның шығармашылық әлеміндегі екінші тынысын ашты. Оның іскерлігі мен еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілетінің қарымы Доқтырханның қызметінің лауазымдық өсуіне және әдебиетші қауым легіне жазушы ретінде қосылуына да себін тигізбей қоймады. Ол Алматы теледидарында, «Алатау» телебағдарламасында Бас редактор, Қазақ теледидары Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» Бас директоры сияқты басшы қызметтерде жүргенде де қолынан қаламын тастаған жоқ. Соның нәтижесінде «Бекет ата жолымен», «Өмірдің сегіз сәті», «Ойтұмар мен бойтұмар», «Мұсатай», «Үш құрдас және мен», «Шер-аға», «Тереңнен тартқан тектілік», «Тағдырыма ризамын», тағы басқа да әңгіме, хикаят, роман жанрында жазылған прозалық кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Бұл ретте Доқтырханның Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атануы оның осынау журналистік және әдеби шығармаларына берілген әділ баға еді.

Жалпы, Доқтырхан Тұрлыбек – әмбебап қаламгер. Егер оның журналистік, жазушылық еңбектерін бір төбе деп қарайтын болсақ, Доқтырханның деректі, тарихи, танымдық фильмдері бір төбе. Біз Доқтырханды әмбебап қаламгер деп тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Оның әр жанрдағы жиырмаға тарта жарық көрген кітаптары мен қырыққа жуық деректі фильмдері оның жан-жақтылығын, яғни, өнердің осынау қос саласында бірдей әрі жемісті еңбек етіп келе жатқанының шынайы көрінісі. Осы орайда елімізге белгілі сатирик-ақын, жазушы Толымбек Әлімбекұлы былай дейді: «Доқтырхан ешқашан да шаршауды, қажуды білмейді. Оны Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде бірге істеп жүргенде де аңғаратынбыз. Қазір де сол райынан таймаған. Танымдық телефильмдерді бірінен соң бірін шығаруда. Қаншама тарихи тұлғалардың, қайраткерлердің, бүгінгі еңбек майталмандарының азаматтық телебейнелерін сомдады. Әр түрлі жанрдағы кітаптары да үздіксіз жарық көруде. Ол қазақ журналистикасы мен әдебиетінде өзіндік орны бар және де шығармашылығы лайықты бағасын алып келе жатқан қарымды қаламгер. Бұл оның еңбекқорлығын, ылғи да ізденіс үстінде жүретінін көрсетсе керек. Бір қараған адамға Доқтырханның қас-қабағы Шер-ағаңдыкі сияқты қатқылдау, жүріс-тұрысы маңғаздау көрінгенмен, жан-дүниесі ашық, аңқылдаған азамат» десе, белгілі журналист-жазушы, публицист, ұлтжанды Талғат Айтбайұлы Доқтырханның қазақ сатирасының сардары, қарымды қаламгер екенін айта келіп: «Жалпы, Доқтырхан жазу майданының үш бағытында тынымсыз тер төгіп, соның зейнетін көріп келе жатқан қаламгер. Оның журналистикадағы жетістіктері мен әдебиет әлеміндегі алған асуы, сондай-ақ деректі фильмдерді түсірудегі шеберлігі Доқтырхан еңбегінің үлкен жемісі деуге болады. Оның әмбебаптығы да осында жатыр. Доқтырхан ағамыз алда әлі де оқырмандары мен көрермендеріне талай-талай танымдық шығармалар ұсынарында дау жоқ» дейді.

Иә, айтса айтқандай-ақ Доқтырхан Тұрлыбек егделігіне қарамастан шаршап-шалдығуды білмейтін, үнемі ізденіс үстінде жүретін, бақытын да, шаттығын да өзінің сүйген мамандығынан тапқан азамат. Жоғарыда жазушы Талғат Айтбайұлы айтқандай Доқтырханның жазу өнеріндегі үш саланы бағындыруы – оның үш қыры десек, Д.Тұрлыбектің көпшілік біле бермейтін, ол туралы кеуде қағып өзі де айта қоймайтын тағы бір қыры бар. Ол – оның ақындығы. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жазуды бастаған ол кейін журналистикаға ден қойды да, өлең жазуға аса мән бермеді. Екіншіден, елімізге белгілі ақын, туған ағасы – Бектұрсынмен жағаласқандай болмайын деп өзінің оң жамбасына келер журналистика мен прозаны, сосын, тележурналистиканы тізгіндеді. Егер ол өлең жазуын тоқтатпағанда бүгінде ортанқол лирик ақын болары даусыз еді. Доқтырхан бір өлеңінде:

– Жанарыңнан мұң көріп, түңілемін,

Ақша қардай жаныңа үңілемін.

Өзің болып кейде мен күрсінемін,

Дауыл соққан жас талдай бүгілемін,десе, енді екінші бір өлеңінде:

– Мына өмір шешілмеген түйін екен,

Сүйе тұрып, қосылмау қиын екен.

Өкініштен қарайып, мұз шайнаймын,

Аяулым-ау, сендей асыл бар ма екен?! – деп жырлайды.

Иә, ақынның қаламынан туған әрбір өлең осылайша махаббат лирикасын паш етіп, өзіне тарта түседі. Доқтырхан қазір де қолы қалт еткенде ешкімге көрсетпестен өлең жазатыны бар. Десе де, ақындық жағынан Бектұрсын ағасының өзінен мықты екенін мойындайды. Және екеуінің де сөз өнерін пір тұтқанына іштей разы болады. Балалық шақтарын соғыстан кейінгі қиын кезеңде өткізсе де өмірге деген құштарлық, өнерге деген сүйіспеншілік ағайынды екеуін тура жолға салды. Бұл ретте ағасы Бектұрсын інісі Доқтырханға арнаған бір өлеңінде:

…Жүре алмадық бала болып алшаңдап,

Тұйықталдық қу жоқшылық арқандап.

Мойнымызға қамыт іліп қарадық,

Ойнап жүрген балаларға жаутаңдап.

Өтіп жатыр сездірместен жайлап күн,

Сен сүйеу боп біраз уақ тойлаппын.

Мені оқыттың менен кіші болсаң да,

Қиын кезде қой да бақтың, ой бақтың.

Бар мақсатты жақсылыққа арна ғып,

Армандаудан жалықпадық, талмадық.

Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып,

Екеуміз де сөз өнерін таңдадық, – деп ағынан жарылады.

Бір өкініштісі – Бектұрсын бауырымыз шығармашылық жағынан толысқан шағында, елу жастан енді ғана асқанда соңына өлең – жырдан мәңгілік мұра тастап, бақилық болды.

Ақын Бектұрсын Тұрлыбекұлына қазақтың ақиық ақыны, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденов кезінде лайықты баға берген болатын. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, Доқтырхан бауырымыз ағасының соңында қалған бай мұрасын жинақтап, «Зулаған күнмен жарысып» атты көлемді жыр жинағын кітап етіп шығарды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында ақын Бектұрсын Тұрлыбекұлының 70 жылдығына орай, шығармашылық кеш өтті. Бұл игі іске де туған інісі, белгілі қаламгер Доқтырхан мұрындық болды.

Құрметті оқырман, біз бүгін мақаламызда Қазақстан Журналистер одағы және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың, сондай-ақ Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Халықаралық «Алтын сафран» жүлдесінің иегері, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, елімізге белгілі жазушы, белді журналист, режиссер, ең бастысы – парасат-пайымы жоғары, бітімі бөлек, бекзат болмысты қарымды қаламгер – Доқтырхан Тұрлыбек тұрғысында аз-кем сөз қозғадық. Ондағы мақсатымыз – әмбебап сөз саңлағының жүріп келе жатқан соқпақты жолы оның ізбасарлары мен жастарға үлгі-өнеге болсын деген ой еді. Жүрісіңнен таңба, тұлпар тұлғалы, қаламгер дос!

75 жылдық мерейлі тойыңыз құтты болсын!

Қасым ӘЗІМХАНҰЛЫ,

Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері

Алматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *