ОН ТОҒЫЗЫМЫЗДА ОТ КЕШТІК

Мерей Қоғам
79 Views

Қазақ елі 70 жылдан астам уақыт Кеңес Одағы аталатын ортақ Отанда өмір сүрді. Отан ортақ,жер ортақ болғандықтан да, сол Отан мен жерді қорғау міндеті де ортақ болды.Кеңес Одағының кәмелетке толған әрбір азаматы 2-3 жылға Отан күзетіне, яғни,әскерге алынды. Заң бойынша әскери міндетін өтеді. Сол әскери міндетті өтеумезгілінде Отан ана атынан қайсыбір соғыс, әскери қақтығысқа жіберілсе де, бастартуға құқығы жоқ болатын. Және де сол кеңестік идеологияның пәрменділігісоншалық, азаматтарды патриоттық рухқа, Отан үшін отқа түсуге дайын етіптәрбиелейтін.

Бүгінгі күннің мінберінен «Олар қай Отанды қорғады?», «Оларды кім жіберді?» деген сұрақтардың қойылуы заңды. Бұл сұраққа жауап беру үшін сол уақытқа, сол кезеңдегі оқиғаларға шегініс жасап, сол уақыттың тұрғысынан жауап іздеген орынды дер едік. Тағы да айтып кетсек, оларға Отан ана атынан бұйрық берілді. Жауабы біреу-ақ.

1969 жылдың наурызында Кеңес-Қытай шекарасындағы Даманский аралында әскери қақтығыс болды. Біраз жылға дейін жарияланбай келген бұл оқиға ұзаққа созылған да жоқ еді. Өйткені, сонау жылдардағы әскери оқиғаға сол кездегі ортақ Отанның шекара күзетінде болған қазақстандықтар да қатысқан болатын. Кейіннен бұл оқиға әскери қақтығыс ретінде ресми мойындалып, анықтама берілді.

Бүгінде Ресейде Даманский оқиғасы кезінде Кеңес Одағының Батыры атанған 5 адам бар екен. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 28 сәуірдегі №2247 Жарлығымен Даманск оқиғасына қатысқан азаматтардың құқығы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілді. Даманск қаһармандарының қатарында «Қызыл Жұлдыз» орденді Керімқұл Сүлей және де Оңғарбек Сыдықбеков, Болат Қазтаев, Нағашыбек Қапалбекұлы т.б. сияқты азаматтар бар.

Сонау қиыр шалғайдағы кеңес пен қытай шекарасындағы Усурийск жағалауы, Даманск аралында болған оқиғаға жарты ғасырдан астам уақыт өтті, алайда сол бір 1969 жылдың наурызындағы бейбіт халықтың тыныштығына қауіп төнген аласапыран күндер тарихта өшпес із қалдырды.

Тарихи анықтама: Даманский – Ресей шекарасында Хабаровскіден оңтүстікке қарай 230 км, Лучегорскіден батысқа қарай 35 км қашықтықта жатқан тоқымдай арал. Аты жоқ аралға 1888 жылы Транссібір теміржол магистралі салынып жатқанда өзеннен қайықпен өту кезінде дауылға ұшырап қаза тапқан инженер-теміржолшы Станислав Даманскийдің есімі беріледі.

Екі мемлекеттің шекара дауынан туған қарулы қақтығыстардың бірі 2 наурыз 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даманск аралында болды. Екі жақтан жүздеген адам, тек КСРО жағынан 58 жауынгер қаза тапты. Оқиғалар барысында екі жақ бір-біріне қарсы шындап соғысқа дайындала бастады. Шекараның екі бетінде де жер қайысқан көп әскер шоғырландырылды. Қытай шекарасының арғы жағына саны мен қарулануы жағынан қандай әскери күш шоғырланса, Кеңес Одағы жағында да дәл сондай мөлшердегі күштің басын біріктірген Приморье әскери округы шеп құрды.

1969 жылы 2 наурызда 300 қытай әскері шекараға басып кірді.

Сол кездегі құжаттар мұндай қарулы қақтығысқа итермелеген арандатушылық әрекеттер қытай шаруалары тарапынан да жиі қайталанғандығын айғақтайды. Бір жылдың ішінде ғана 40-қа жуық жаппай төбелес орын алып, шекара шебі бұзылып отырғандығы көп жайды аңғартса керек. Қытай үкіметі ақпарат көздерінде, керісінше, Кеңес Одағын қаралап, «шекара бұзды, қарапайым шаруаларды ұрып-соқты» деп бұқара халықты сендіріп келген. Содан 1969 жылғы 19 ақпанда Қытай Бас штабы мен Сыртқы істер министрлігі «қару күшімен жауап беруге» өз келісімдерін береді. Сол уақыттарда Қытайда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің резиденті болған Ю.Дроздов өз естелігінде Кеңес Одағының Даманск аралы тұсынан Қытайдың қарулы шабуылы болатындығынан дер кезінде хабарланғанын және оған толық дайындалғаны туралы айтады.

1969 жыл. 1 наурыздан 2-сіне қараған түн. Мұздай қаруланған 300 қытайлық жауынгер Даманск аралына басып кіріп, шеп құра бастайды. Таңғы сағат 10.00-де 57-Иманск шекарашылар отряды штабына алғашқы суыт хабар жетеді. Аралға «Нижне-Михайловск» заставасының командирі, аға лейтенант Иван Стрельников бастаған 32 шекарашы «Газ-69», «Газ-63» автомашинасы және бір әскери БТР-мен аттанады. Сержант Рябович бастаған шекарашылардың екінші тобы аралдың оңтүстік жағалауынан Стрельниковтің отрядына көмекке келеді. Сағат 10.45. Иван Стрельников қытай әскерлеріне Кеңес Одағының шекара шебінен шегінуге ауызша талап қояды. Сол мезетте Қытай жағынан жеткен елші бір қолын жоғары көтереді де, алдын ала келісім бойынша қытайлықтар бұрқырата оқ жаудырады. Мұндайды күтпеген шекарашылар түгелдей тіл тартпай опат болады. Бұл сәтті отряд құрамындағы әскери тілші Николай Петров фотоға түсіріп, кейіннен айғақ ретінде пайдаланады. Осы тұста жәрдемге жүгіріп жеткен сержант Рабовичтің де толық бөлімшесі табан астынан болған атыстан шейіт кетеді. Шекарашылардың өлі денесін қытайлықтар айуандықпен қорлайды. Ал сол жерде тұтқынға түскен жаралы жауынгерлер Геннадий Серебров пен Павел Акуловты шалажансар күйінде қатты азаптап, өлі денелерін бір жарым айдан кейін сәуір айының 17-жұлдызында ғана қайтарып берген.

Сұрапыл ұрыста шекарашылардың басшы құрамы застава командирі Иван Стрельниковпен қоса қырылып кеткеннен соң, жетекшілікті кіші сержант Бабанский өз қолына алады. Көп уақыт араға салып генерал-лейтенант дәрежесіне көтеріліп, Кеңес Одағы шекара қызметіне басшылыққа келген бұл азамат Даманск аралында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанады.

Айналасы 2-3 сағатта кескілескен шайқаста 38 шекарашы мерт болып, 14 жауынгер ауыр жараланыпты. Мұндай деректерді арнайы құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитеті комиссиясы жариялаған. Сол күні түс әлетінде сағат 13-00-де Тынық мұхит пен Забайкалье округінің тылдағы командованиесі тік көтеріліп, 15 наурызға дейін қытай әскерінің 3 мыңға жуық жауынгерін «Град» зеңбірегі зымыранымен төпелеп жойып жіберген. Кеңес Одағының әскери әлеуетіне шыдамаған олар шекарадан көп шегініп кетуге мәжбүр болған. Сонау қиыр шалғайдағы кеңес пен қытай шекарасындағы Усурийск жағалауы, Даманск аралында болған оқиғаға жарты ғасырдан астам уақыт өтті, алайда сол бір 1969 жылдың наурызындағы бейбіт халықтың тыныштығына қауіп төнген аласапыран күндер тарихта өшпес із қалдырды.

Сол сұрапыл күндерді ой елегінен өткізген кезде совет әскерлерінің Даманский аралын жанқиярлық ерлікпен қорғап, Отанның сынық сүйем жерін жауға бермегеніне көз жеткіземіз. Солардың қатарында Приморье өлкесінде әскери міндеттерін өтеген біздің отандастарымыз – қазақстандықтар да болды.

Даманск қақтығысының ардагері, сол соғыстағы ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған Керімқұл Сүлеев – бүгінде арамызда жоқ, қайтыс болды. Батыр жерлесіміз туралы кезінде облыстық, республикалық баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарық көрген болатын.

Елімізге біздер шексіз ризамыз, соғыс ардагерлерін ешуақытта ұмытпайды. Президент №2247 жарлығымен 28 сәуірде 1995 жылы біздің мәртебемізді (статус) Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатарына қосты. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің №161 қаулысына сәйкес 2001 жылдың 31 қаңтарынан біздер Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бір қатарда тұрамыз. Қазақстан Республикасының Заңдармен бекітілген барлық жеңілдіктеріне ие болдық. Ардагерлер бәрі риза. Ескерусіз, елеусіз қалып жатқан жоқпыз. Біздер сол соғысқа қатысқанда 19 жастағы жастар едік, әкелеріміз сияқты қолымызға қару алдық. Отанымызды, елімізді, жерімізді қорғадық, әскери антымызға берік болдық. Ерлігіміз, табандылығымыз бағаланып, сол кезде марапатталдық.

Кеңес Одағының Батыры атағы 5-адамға берді, аға лейтенант Иван Стрельниковке, Иман шекара отрядының бастығы полковник Демократ Леоновқа, кіші сержант Владимир Ореховке (қаза болғаннан кейін) аға лейтенант Виталий Бубенин және кіші сержант Юрий Бабанскийге берілді.

1969 жылдың 2 және 15 наурызындағы ұрыста ресми ақпарат бойынша 49 шекарашы және 9 мотоатқыштар қаза тапты, 98-і жараланды. Әскери қимылдар тоқтатылған соң шекарашылар, мотоатқыштар мемлекеттік наградаларға ұсынылды (материалдар алынған кітап: Даманский так это было, 50 лет пограничному конфликту на реке Уссури 1969-2019. Владивосток. Русский остров. 2019).

Кеңес әскерінің құрамында болған қай ұлттың азаматы болса да анттарына адал болып, Отан шекарасын қорғаудағы қасиетті борыштарына адалдықтарын көрсетті. Олардың құрамында біздің қазақтың ардагер азаматтары, ержүрек ұлдары болғандығын мақтанышпен айтамыз. Олар Сыдықбеков Оңғарбек, Қазтаев Болат, Қапалбекұлы Нағашыбек, Нүсіпәлиев Амангелді, Нүптекеев Рахымхан, Жұмаділов Көлбай, Бақтыбаев Серік, Әділов Жанат т.б.

Бізбен бірге бір эшалонмен 17 күн бойы жүріп, Приморье өлкесі Иман ауданы Лазо станциясына әскерге барып, 1969 жылғы осы Даманский оқиғасына қатысқан Нағашыбек Қапалбекұлы – бүгіндері көрнекті жазушы, атақты қайраткер, қадірменді ел ағасы. Ол сол қарулас достарымыздың бастарын қосып, түрлі шаралар ұйымдастырып жүреді.

Н.Қапалбекұлы – бүгіндері Даманский оқиғасы ардагерлері кеңесінің төрағасы, еңбегімен елге танылған ардақты азамат.

Ешқашан соғыс болмасын! Елімізде бейбіт заман, тыныштық, береке болсын! Келер ұрпақты отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, Тәуелсіз Қазақстанға қызмет ететіндей адалдыққа тәрбиелеу – аға ұрпақ, біздердің қасиетті де жауапты парызымыз.

Биыл Даманск оқиғасына 55 жыл толып отыр. Қарулас достарымызға зор денсаулық тілейміз!

Оңғарбек СЫДЫҚБЕКОВ,

Алматы облысы, Райымбек ауданының

Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *