ДІНМҰХАМЕД ДЕП ЖАЗАМ ЖЫР БАСЫНА

Әдебиет
1 445 Views

Көз суғарып таулардың тұлғасына,

Дінмұхамед деп жазам жыр басына.

Жыр басына жазбайын неге, ағайын,

Мұңдасыма айналса, сырласы ма?!

Қаламымды малып ап жыр жазамын,

Димаш деген бұлақтың тұнбасына.

Димаш десем, жанарым нұрға толған,

Сауыт кеудем патша өлең, жырға толған.

Димаш десем, самғаған көкті айналып,

Қыран құсым саңқылдап қырға қонған.

Ол кісідей мені жұрт түсінгенде,

Ит жүгіртіп, кім бассын мысымды елде.

Димаш жайлы жыр жазам,

Димаш нұры

Көкірегіме сәулесін түсіргенде.

Ұят безіп жерімнен, Ар қашқаны –

Қараулықтың жамаға жармасқаны.

Иван кетпей елімнен иман кетсе,

Уақыттың бұл, тіпті, алжасқаны.

Қара бұлттың көбесін қақыратқан

Димаш Рухы – халқымның алдаспаны.

Көк жүзінен Димаш-Күн сөнбейді әсте,

Тұрса егерде құламай арлы аспаны.

Димаш-Өмір өлмейді,

Болашаққа

Жалған емес жыр болып жалғасқаны.

Көз жасына мас болған тірілердің,

Бәрін көргем желкеуде ірілердің.

Ұлы ерлердің сапына жеткерген-ді,

Дінмұхамед айналып піріне елдің.

Шырақ жоқ-тын ол тұста санада өшкен,

Қала, дала жоқ еді нала кешкен.

Таудың ұлы өссе егер тауға қарап,

Қазақ жасы Димашқа қарап өскен.

Күллі әлемге елу жыл ел ағасы,

Болған бар ма Димаштай ер данасы.

Ғасыр бойы дөңбекшіп толғатқан-ды,

Туарда Оны қазақтың кең даласы.

Кеме ұшырып Ғарышқа жол ашқалы,

Одан, сірә, басшының жоқ асқаны.

Биіктігінен Димаштың тұғырлы Елім,

Биік болса Алаштың көк аспаны!

Рафаэль НИЯЗБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *