КӨЛЕҢКЕ (Әңгіме)

Әдебиет
826 Views

– Нариман, маған келіп кетші, – деген генерал Досов ағамның телефондағы дауысын естігендеұшып кете жаздадым. Бұл кісі жай анау-мынау генерал емес МВД деп қысқартыпайтатын Ішкі істер министрі. Ал, мен болсам көкбазардың түбіндегі тоғыз қабаткөк әйнек үйдегі көп журналистің бірімін. Министр отыратын Дзержинсккөшесіндегі сыртына колонна қойылған сұр үйге әп-сәтте жетіп бардым.

Кірпікшешен шашын теп-тегіс қып қысқартып алған тығыршықтай көмекшісінен не жөнінде шақырғанын сұрап едім, иығын қиқаңдатып білмейтіндігін айтты.

Бұл министр – менің әкемнің соғыста қайтыс болған Дос бауырының жалғыз ұлы. Интернатта, Ресейдегі әскери училищеде, институтта оқып, шетте өсті. Иығына пагон тағып, өмір бойы осы салада істеп, міне министр болғалы үшінші жылға ауды, атағы дүркіреп тұр.

Қабылдау бөлмесіндегі төзіммен кезек күткен сандаған генерал, полковниктерді тез қабылдап, шығарып жіберді.

– Әке-шешең қалай, барып тұрасың ба? Алматыға көшіп келмей ме? – деп министр ағам жаймашуақ қарсы алды. – Көкеме барып сәлем беріп қайтайық бір жексенбіде – деп, алдындағы күнтізбесін ақтарып күнін белгілеп те қойды. Үні біртүрлі мәнерлі, мағыналы естіледі.

– Нариман, бізге қызметке екі мәрте шақырып едім, аттоныңды ала қашып келмедің. Бүгін сенің қайта-қайта сұрап қоймаған өтінішіңді орындайын деп отырмын. Бірақ сен мұны жазып жүрме, тіс жарып жан баласына айтушы болма. Түсіндің бе! Кәне, уәдеңді бер. Дұрыс. Бізде тәртіп қатал өзің білесің. Жендет, жаналғыш дегендердің қандай болатынын көзіңмен көресің. Шыңғысхан кінәліні бүктеп, беломыртқасын күтірлетіп сындырып жіберетін болған. Иван Грозный деген патша мұзға ойық жасаттырып, соған қол-аяғын байлап тірідей тастатып отырған. Гитлер қанішер тұтқындарды топ-тобымен крематорийге айдап апарып, өртеткен. Ресейде ауыр қылмыскерлерді бүкіл елдің алдында дарға асқан. Ал, бізде басқаша. Қорықпай-ақ қой, көзің бағжиып кетті ғой. Жүр, қане, қазір көрсетейін, – деп орнынан жеңіл көтеріліп, мені бастап алға түсті.

Сарт-сұрт ертіп жүрген кезінде жаяу адам ілесе алмайды, бөкеңдеп желіп отырасың. Өзі де көркем, сымбатты. Әсіресе толқын-толқын мойыл қара шаштары көзге қандай әсем шалынады. Орысша, қазақша мүдірмей сөйлегендегі шешендігіне таң қаласыз. Көп оқыған-тоқыған тұңғиық терең білімдарлығы қандай десеңізші! Мекеме үйінің іші ұзын, бұлың-бұлың.

Лифтімен төмен сырғып келеміз. Бес қабат жер астына түстік-ау. Бұл сұр үйдің үсті алты қабат.

Ауыр қара шойын қақпа ашылып, темір торланған сол дарбаза алдында тұрған екі қарауыл сақшы қолдарын сарт-сұрт шекелеріне апарып, сіресіп, естері шықты.

Шені үлкені бізді бастап шамдары күңгірт жанған ұзын дәлізбен алып жүрді.

Шылдыр-шылдыр еткізіп тағы бір есікті кілтпен ашып, кең залға кіргізді.

Бүйірдегі есіктен ұзын бойлы сержант сарт-сұрт шығып:

– Жолдас генерал! Тапсырманы орындауға рұқсат етіңіз, – деп рапорт берді.

– Орындаңыз!

Ағамның даусы гүрілдеп, күркіреп шығады. Жалпы генерал біткеннің дауыстары қаһарлы әрі жуан, салмақты.

– Құп болады! – деп сержант қалт бұрылып, жаңағы өзі шыққан кабинетке кіріп кетті.

Біз келген есіктен тағы үшеу кірді де, министрді көре сала сымдай тартылып тұра қалды. Шені үлкені:

– Жолдас генерал, бүгінгі операцияны атқаруға прокурор, дәрігер толық дайын. Операцияны өткізу бастығы капитан Мелдешов – деді орысшалап.

– Дәрігер халатыңыз қайда?

– Міне, жолдас генерал, сөмкемде – деп көзілдірікті дәрігер дереу қолындағы үлкен портфелінен ақ халатын алып киді.

Анадай жердегі қабырғаға ілінген үлкен сағат тілі 11-00-ді көрсеткенде зіңгіттей ірі екі сақшы қолдары артына қайырылып, кісенделген қылмыскерді дедектетіп әкелді.

Ату жазасына кесілген ауыр қылмыскер дегенде көз алдымда бет-аузы тыртық-тыртық, көзі заһар отын шашқан, аузынан ақ көбік атқан құбыжық бейнелі албасты, қорқынышты біреу тұратын.

Мына тұтқын отыздан жаңа асқан, аяқ-қолы келсаптай, палуан тұлғалы балпиған ірі. Тыпыршып, тықыршымайды бәріне жайбарақат. Анандай жердегі темір креслоға отырғызып, қол-аяқтарын құрсаулап бекітті, кеудесін шандып шырмап байлап тастады. Қыңқ деген дыбыс шықпады.

Ұзынтұра прокурор жіңішке дауысымен қандаладай қадалып,үкімін оқи бастады. Қылмыскер оны әрбір әріп, нүкте, үтіріне дейін сан қайтара оқып, бір жыл ішінде жаттап алса керек, былқ етпеді. Тек алақандай бақшиған көзінің асты ғана жыбыр-жыбыр еткенін ғана байқадым. Прокурор мұндайға еті үйреніп кеткен бе, түк болмағандай:

– … Ату жазасына үкім етілді! – деп будыраған қағазын жинап, қасымызға келіп тұрды.

Тым-тырыс өлі тыныштық орнады.

– Қылмыскер не дейсің? – деді генерал әлгіге оқты көздерін қадап.

– Камерамда балаларыма жазылған хатым қалды. Соны қолдарына тапсырыңызшы, начальник генерал! Осы аманатым, соңғы тілегімді орындаңыздаршы, өтінемін! Жалынып сұраймын!..

Үні майда жұғымды, жалынышты. Алақандай қасіретті зәрлікөздеріменмаған шаншыла, қадала қарағанда денем түршікті. Заң адамдарына ілесіп жазғыра қарайтындай нем бар, дәтім шыдамай жанарымды бұра бердім.

Сол жақтағы есіктен басына қара маска-бетперде киген қолында мылтығы бар бағанағы сержант шыға келіп:

– Рұқсат етіңіз! – деп екі аяғын бір-біріне сарт-сарт ұрып, қолын шекесіне апара қаздиып тұра қалды.

– Рұқсат! – деп генерал күркірей гүрілдеген дауысымен бұйрық берді.

Қылмыскердің екі көзі мені ішіп-жеп барады.

Осы бір баданадай бақшиған жанарларында не ой, не сезім жоқ десеңші!.. Өкініш пен өтініш, жалыну мен жауығу. Жалбарынған қос жанары кейде жәудіреп мұңая ма, тұнық көлдей бола қалады да, артынша-ақ тез бүлініп шатынап, жарылатын бомбадай өзгереді. Дәл сол кездегі үрке, шошына қарағаны: өкпеңді суырып алғандай оқ боп тиеді. Жаралы құсқа тас атып нем бар, жәй көңілмен қараған болдым. Олда соңғы тірлік үстінде соны сезіп тұр.

Зіңгіттей екі жағындағы милиционерлер қара шүберекпен көздерін бастыра байлап тастады да, біздің артымызға келіп тұрды.

Екі сұқ көздің түпсіз қасіретіне жүрегім суылдап тұрған мен сонда барып «уһ» деп есімді жидым… Көрген жаман түс құйынынан ояна кетіп өзіме әзер келдім. Генерал бізді шетке бұрып оңаша тұрғызды.

Маска киген сержант бірден алға он қадамдай барып, мылтығын кезеніп тұра қалды. Мылтық үні зал ішін жаңғыртып, жай түскендей миды жара тарсылдар десем, жоқ жай ғана тырс етті.

Темір креслода тіп-тік отырған қылмыскер басы сылқ етіп, қылжиды да қалды.

Ақ халат киген дәрігер барып, тамырын ұстап көріп:

– Тапсырма орындалды! – деді.

Прокурорға ілесіп бізде жанына бардық.

Қылмыскердің дәл маңдайынан бармақтай жер қызылдақтанып тұрды да, содан екі-үш түйір қан төмен аға жөнелді…

Дәрігер көзін байлаған қара шүберекті шешті. Екі көзі ұясынан шығатындай бажырайып, ағы молайып, жанары сөніп, бақшиып тұр. Қолына резеңке қолғап киген дәрігер екі көзін жұмдырды.

– Нөмірі қандай?

– 1975.№31 – деді генерал сұрағына капитан тақылдай жауап беріп.

– Солай деп моласының үстіне темір қалақшаға жаздыртып қойыңдар.

Мынаның камерасындағы хатын дизенфекциялап, тексеруден өткізген соң, маған әкеп беріңдер, – деді де министр маған «кеттік» дегендей ишараттап, сыртқа беттеді.

Кабинетіне келген соң, демалыс бөлмесіне кіріп ұзақ жуынып:

– Сен де беті-қолыңды жуып ал! – деді. – Осындай операциялардан кейін кірлеп кеткендей боласың. Кешке үйде тағы шомыламын – деді ағам көлдей орамалымен сүртініп жатып.

– Сен бұл көрген-білгеніңді жан адамға айтушы болма! – деп министр көкем тағы ескертті.

Үш күннен кейін бұл кісі мені тағы шақырды.

– Ана көмекшім отыратын кабинетті іштен жауып ал да, мынаны оқып көр, – деп көк дәптер ұсынды.

Шақпақ жол дәптердің жартысын толтыра жазған әнеукүнгі қылмыскердің жазып қалдырған хатын екі қайтара оқып шықтым.

Хатты Арман, Асқар атты екі ұлына арнап жазыпты. Ешбір қылмысы жоқ, жаланың құрбаны болғанын, кездейсоқ оқиғадан жазым болғандар үшін мұны кінәлағанын тәптіштеп айтыпты. Арақ, наша деген қызылкөз пәле шықты, содан аулақ болыңдар. Сендер ұзақ, бақуатты жасайсыңдар. Әкеміз осындай адам шошырлық қылмыс жасады деген қарғыс жала беттеріңе таңба болып, сеніп қалмаңдар. Кейін, көп кейін көресіңдер, сенесіңдер сонда ақ адал екеніме. О дүниеде де тек сендердің тілеулеріңді тілеймін, – деген сарында төгіліп, егіліпті. Хатты бірнеше мәрте көшіргенін айтып, егер бұл жазбаға жүректері сезсе әйтеуір әкелерін кешіргенін қалайды.

– Хатты оқып қатты толқып, таңқалдым. Жан сырын ақтарып, ақ қағазға өмірін өрнектеп қалдырып кетіпті – дедім министр ағама.

– Сен сол антұрғанның жазғандарына шынымен сеніп отырсың ба? Бәрі шылғи өтірік. Бұл малғұндарға ату жазасы үкім шыққаннан кейін бірден орындалмайды. Ол облыс, республика, Мәскеуге барып бекіп келгенше бір-екі жыл өтеді. Жан беру оңай емес сүйкетіп, өтірікті судай сапырып, тап-тазамын, жалақорлар түбіме жетті деп сықпыратып арызды үсті-үстіне айдайды. Заң бойынша ол тексеріліп, бәрі бітіп келгенше, уақыт созылып, бір-екі жылдан да асып кетеді. Міне, осы кезде олар қиялиланып, әйеліне, баларына хат жазуға кіріседі. Неше түрлі қитұрқы ақталу жолдарын айтып, онысын мың көшіріп, аманаттап жеткізуге тырысады. Ақын боп кететіндері де, алдап жынданатындары да, тіпті өз-өзіне қол жұмсайтындары, өзінің аяқ-қолын сындырып, мүгедек болып қалатын неше түрлі сұмырайлар толып жатыр. Мына хат жазғыш салмақты көрінді, ешбір бақырып-шақырмады. Үкім орындауға әкелерде кейбірі тырысып, жүрмей, сүйреп әуреге түсіреді. Көбісі жылап бақырып, аузына не келсе соны оттап, лағнеттеп кетеді. Кейбірі адам таңылатын темір креслоны көргенде жүрегі тарс жарылып, жүріп кетеді. Әнеукүнгі албасты бәле басқалардан титтей рақым болмасын сезіп, көзбен ішіп-жеп, соңғы сөзін саған арнады, байқадың ба? Бұлар – әбденсары аяқ қу мүйіз психолог болып алған сұмдар ғой. Сенің түріңе қарап бірден бұл органның милиция адамы емес екендігіңді таныды. Хатын саған аманаттап кеткендей болды. Іштей табыстады. Қылмысына қарай олар жазасын алу керек! – деп министр орнынан түрегеп графиннен су құйып ішті.

– Аға, мына хатты балаларына тапсырыңызшы. Кейін өскенде ең болмаса көңілдеріне демеу болсын. Соңғы аманаты ғой.

– Бұл қанішерлерге ешуақта сенуге болмайды, екі адамды өлтірген жауыз ол. Жарайды, көрерміз. Тек әнеукүнгі көргеніңді, мына хат жайында бір адамға айтушы болма, – деп министр толқын-толқын шашын қолымен қайырып қойып, алтын жалатқан көзілдірігін киіп, әңгіменің біткендігін аңғартты.

…Кейде сол бір пақыр пенде түсіме кіріп жүрді. Жалғанда атылар алдында көз алдыңда болған адамнан жаман нәрсе жоқ екен. Алақандай қос жанарынан жас төгіліп: жалынышты, жалбарынады-ау, кейде сөніп шақшиған екі көзі жыпылықтап бір өліп, бір тірілеме-ау! Түсіме көпке дейін кіріп, шошынып жүрдім…

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *