Дәлдік пен командалық рух: Шымкентте Қазақстан чемпионатының жүлделері сарапқа салынуда

Спорт Қоғам
20 Views

Шымкент қаласында нысана көздеуден Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты өтіп жатыр. Елдің тоғыз өңірінен келген 123 спортшы бақ сынауда. Турнирге ұлттық құраманың көшбасшылары қатысып, бәсекелестік деңгейі айтарлықтай артқан.

Ең көп құрамды Шымкент командасы ұсынды — 34 спортшы. Алматыдан 25 мерген, Астанадан 15 спортшы қатысуда. Павлодар және Қостанай облыстарынан 12 спортшыдан келсе, Алматы және Жамбыл облыстарынан тоғыз мергеннен сынға түсуде. Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан үш спортшыдан қатысуда.

Чемпионат бағдарламасына 12 командалық жаттығу және Mixed Team форматындағы үш сайыс енгізілген. Жүлделер ерлер мен әйелдер арасында винтовка және тапаншадан ату, сондай-ақ «қозғалмалы нысана» жаттығуы бойынша сарапқа салынады. Турнирдің ерекшелігі — тек командалық есеп жүргізіледі: әр өңір үш үздік спортшысын шығарып, қорытынды нәтиже олардың жалпы ұпай саны бойынша анықталады.

Шымкенттегі дода ақпан айының басында Нью-Делиде өткен Азия чемпионатынан кейін жалғасып отыр. Құрлықтық біріншілікке 19 елден 385 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бес жас санаты бойынша 47 мергенмен рекордтық құрамда өнер көрсетті. Нәтижесінде ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте екінші орын алып, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Азия чемпионатына қатысқан спортшылардың басым бөлігі қазір өңірлік командалар сапында ел чемпионатында бақ сынауда. Бұл ішкі бәсекелестікті күшейтіп, жарыстың тартымдылығын арттыра түсті.

Халықаралық жарыстағы ең жарқын жетістіктердің бірі София Шульженконың еншісінде. Қазақстандық спортшы 50 метр қашықтықтағы финалда алтын медаль жеңіп алып, екі әлемдік және екі Азия рекордын орнатты. Бұл нәтиже отандық нысана көздеу мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.

Алдағы жарыстар да маңызды болмақ. 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында «Алтын Берген» Гран-приі өтеді. Бұл турнир маусымдағы негізгі старттардың бірі саналады. 12–19 наурыз күндері жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылса, ересектер арасындағы жеке есептегі ел чемпионаты шілде айында Алматы қаласында өтеді.