«ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ДАМЫТУДА ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ПІКІРІ МАҢЫЗДЫ»

Билік Қоғам
390 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданындағы ауылдардың өзекті мәселелерін тұрғындармен, ақсақалдармен ақылдасып, бірлесе шешу үшін ауылдарды аралап жүр. Облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесуінен соң аудан орталығын жаяу аралап, халықпен кездесті. Халықты толғандырған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды ел таразысына салды. Темірлан, Бадам, Шұбарсу ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.

«Ана мен бала» аллеясын аралап, бір топ ананың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ақ жаулықты аналар қазіргі таңда қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға қатысты жастар тәрбиесі мәселесін қозғады. Ұрпақ тәрбиесін қолға алу, ұлттық құндылықтарды насихаттауды күшейту туралы айтты. Оқушылардың жазғы демалысын таудағы лагерьлерде өткізуіне мүмкіндіктің молайғанына алғыстарын айтып, аудандағы ескі лагерьді қайта жандандыруды ұсынды. Дархан Сатыбалды кәсіпкерлерге ұсыныс айтып, мәселені қарастыруды құптады. Өңірдегі орын алып жатқан жақсы бастамаларға алғыс айтқан аналарды облыс әкімі өтініш айтып, тоқтатты.

– Мені мақтамаңыздар, өтініш. Біз қызметтеміз. Бұл менің жұмысым, міндетім. Бәріміз ел игілігі, халық мүддесі үшін адал еңбек етуіміз керек. Сіздер менің анамсыздар. Сіздердің балаларыңыз – менің балаларым. Осыны біле жүріңіздер. Халықтың әл-ауқатын дамытуда әрбір азаматтың пікірі маңызды. Елімізді дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру – қашанда маңызды міндет, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы бірнеше ауылда болып, елді мекендердегі қордаланған түйткілді мәселелерге қанық болды. Тұрғындардың ағын су, жер, мал шаруашылығы, ауыз су, білім саласы және басқа да әлеуметтік тақырыптар бойынша көтерген мәселелерге толыққанды жауап беріп, шешуге тиісті әр істі жеке қадағалауына алатындығын жеткізді. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріп, әр тұрғынның мәселесін оңтайлы шешу керектігін айтты. Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

«ШҰБАРСУДЫҢ ӨЗ БРЕНДІ БОЛУ КЕРЕК»

Ордабасы ауданындағы есептік кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы проблемаларды тұрғындармен ақылдасып, бірлесе шешу үшін ауылдарды аралады. Халықты толғандырған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.

Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінің халқымен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, өңірде қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайлы айтып берді. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Инфрақұрылым, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылды. Облыс әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті назарда болатындығын жеткізді. Ауылға халыққа қызмет көрсету орталығының қажеттігін айтты. Дархан Сатыбалды тұрғындар тілегін құптады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары өндіріс орындарын, тігін фабрикасын ашып, жұмыс орындарын көбейту туралы айтты.

– Облыста өндіріс саласын дамыту мәселесі біздің ұдайы назарымызда. Шұбарсудың өз бренді болу керек. Дәл осы саланы дамытуды ұсынамын. Кәсіпкерлерді тартып, зауыт, фабрика, цехтар ашуға күш салу керек. Еңбекқор халқымыз кез-келген салада нәтижелі жұмыс көрсететініне сенімдімін, – деді облыс әкімі Д.Сатыбалды.

Ордабасы ауданында облыс басшысының тікелей тапсырмасымен бірқатар игі істер атқарылып келеді. Шұбарсуда кәсіпкер өз қаражатына 2000 орындық мектеп салуда. Заманауи талаптарға сай білім ұясында балалар үшін барлық жағдай жасалмақ. Мектепте екі ауысымда 4 мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік бар. Құрылысты сапалы жүргізу үшін ауылдан 6 цех ашылған. Онда мектептің жиһаздары, терезе және құрылыс материалдары жасап шығарылады.

Темірлан елді мекенінде жеке кәсіпкер есебінен 70 га жерде 22 тұрғын үй салына бастады. 22 үй «Отбасы банк» арқылы беріледі. 50% банктен, 50% бюджеттен 0,1% қайтарымды негізде қаржыландырылады. Бұл баспана мәселесін шешудің тиімді жолы болмақ. Облыс әкімі Д.Сатыбалды бұл жобаны өзге аудандарда жүргізуге болатынын атап өтті.

Облыс әкімі аудандағы бірқатар өндіріс орындарын аралады. Ордабасы ауданында жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба, алюминий профилін өндіру цехы мен «Александровский сад» – көкөністерді өңдеу цехы іске қосылған.

Қазіргі уақытта қосымша газоблок және металл конструкцияларын жасайтын екі цехтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылғанда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.

Облыс басшысы «Бірыңғай Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылған «KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауытына барды. Жоба құны 1,7 млрд. теңге құрайтын Бадам ауылдық округіндегі кәсіпорында гидравликалық және пневматикалық жабдықтары, шойын, болат және құрылыс металл шығарылады. Болат құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндіруге арналған машина жасау зауыты жылына 5000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізеді.

«ҚЫСЫ ДА, ЖАЗЫ ДА ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА СҰРАНЫП ТҰРҒАН АЙМАҚ»

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды халықпен кездесуден соң, Төлеби ауданындағы ауыл-аймақты аралап, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Көксәйек елді мекенінің тұрғындарымен жүздескен аймақ басшысы, көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Облыс әкімі ауылдарды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөліп отыр.

Түркістан көпсалалы – техникалық колледжінің аумағында өткен кездесуде тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Инфрақұрылым, баспана, жер, жұмыс орындары және кәсіпкерлерге көмек туралы айтылды. Облыс әкімі таулы аймақта туризмді дамытуға күш салып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін айтты.

– Жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, ауылдарымыздың әлеуетін көтеруге бағытталған. Бұл сапарымыздың мақсаты да осы. Ел-елді аралап, сіздердің жағдайларыңызды өз көзімізбен көру. Көріп қана қоймай, кемшілік пен жетіспеушіліктің салдарын қарау, барынша айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргіземіз. Төлеби жері табиғатымен таңғалдыратын, қысы да, жазы да туризм саласын дамытуға сұранып тұрған аймақ екені белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы аудандардың бірі. Сондықтан ең бастысы – тазалық. Ол өзімізге байланысты. Саяхатшылар келгенде тамсанып, таң қалып кететіндей жағдай жасау қажет. Демалыс аймақтарына барар жолда дүкендер ашып қоюға болады. Ол кәсіпті мына өздеріңіз-ақ қолға алсаңыздар жақсы, – деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде.

Төлеби ауданына сапарында облыс әкімі бірқатар кәсіпорындарды аралап көрді. «САҚ» демалыс аймағында балық шаруашылығымен танысып, осы саланы дамытудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан елді мекеніндегі демалыс аймағында сыйымдылығы 500м3 үш тоған орналасқан. Тоғандарда 20 мыңнан астам карп, шабақ, форель өсірілуде. Жеке кәсіпкер жылына 30-40 тонна өнімді өткізіп отыр. Аймаққа келіп дем алушылар өздері балық аулап, одан ас дайындауына мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай-ақ KAZPLAST” ЖШС-ның тігін цехында болды. Ленгір қаласындағы цехта жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдерін шығарады. Қазіргі таңда 200 жұмысшысы бар. 2024 жылы кәсіпорынды толық іске қосу жоспарлануда. Бұл мақсатта мемлекеттен көмек алу жолдары қарастырылуы мүмкін.

Өңір басшысы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мемлекеттік грант алған азаматтардың жасаған заттарының көрмесімен танысты. Кәсіпкерлермен ерекше жобаларды ұлғайту туралы сөйлесті.

ІСКЕ ҚОСЫЛҒАН СТАНЦИЯ САҒАТЫНА 1,4 МВТ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ӨНДІРЕДІ

Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес саны 3 жылда 60 пайызға артқан. Биыл 6 айда кәсіпкерлік саны 14 мыңнан асып, 27 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2023-2027 жылдары 18,5 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жыл сайын артуда. Оған ауданда ашылған индустриалдық аймақтың үлесі мол. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданының кәсіпкерлерімен кездесті. Жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру екенін айтқан облыс басшысы өңір кәсіпкерлеріне қолдау күшейтілетінін айтты.

Алдымен Қақпақ ауылдық округіне қарасты Қақпақ елді мекенінде «Ынтымақ» ӘКК» өндірістік кооперативі су электр станциясының құрылысымен танысты. Жоба құны 700 млн. теңгені құрайтын өндіріс орнын кәсіпкер өз қаржысына салған. Биыл шілде айында іске қосылған станцияда сағатына 1,4 МВт электр энергиясын өндіреді.

– Биыл ауданда құны 6 млрд. теңге болатын 28 жобаны іске асырып, 349 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған. Осындай жобалардың бірі – «Қарқын-2030» компаниясы мал сою цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Тәулігіне 300 бас ірі қара мал сою мүмкіндігі бар. Бұл жобаның басымдылығы толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Жалпы құны 750 млн. теңге болатын цехты 1 қазанда ашу жоспарлануда. 25 адамды жұмыспен қамтиды. Бұдан бөлек аудандағы индустриалды аймақта жеке кәсіпкер «Билол» тарапынан 375 млн. теңгеге «Болат шарларын балқытып шығаратын» зауыт салу жоспарлануда. Жалпы 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Аталған жобаны жыл соңына дейін іске қосу күтілуде. Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетін боламыз. Жалпы, жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Шарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Бірлік және Береке-Агро» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. 2016 жылы құрылған шаруашылық бүгінде «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» атты алма түрлерін өсіретін қарқынды бауға айналған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС-нан қаржыландырылған жоба құны 2 млрд. 500 млн. теңгені құрайды. Көлемі 150 гектар суармалы жер, соның ішінде бау 120 гектарды құрайды. Мұнда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Өндіріс орнын 24 дана техникамен жабдықталған.

ДАМЫҒАН ЕЛДЕР ТӘЖІРИБЕСІ САЛАНЫҢ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮЛЕСІН АРТТЫРАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, Жетісайда өзбекстандық «TST GROUP» компаниясымен ынтымақтаса отырып мақта-тоқыма кластерін құру туралы талқылады. Қазақстан тарапынан жауапты кәсіпорын – «TST Jetysay Textile». Жоба құны 41,5 млн.долларды құрайды. Зауытта мақта өсіруден бастап, оның жанама өнiмдерiн терең өңдеп, дайын бұйым жасап шығарады. Экспортқа шығару жолдары да қаралады.

Бұл мақсатта жұмыс тобы құрылып, құжаттары әзірленген. Бизнес-жоспар дайындалуда. Асықата кентінде инвестициялық жобаға арналған 5 га жер учаскесі белгіленген.

Инвестициялық жоба “Индустрияландыру картасына” енгізіледі. Мемлекеттік қаржы институттары тарапынан қаржылық қолдау, инфрақұрылым жүргізу қажет.

– Мақта кластерін дамыту біздің өңір үшін ең маңызды бағыттардың бірі. Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыстарға күш саламыз. Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді Дархан Сатыбалды.

Өндіріс орнында жылына 7500 тонна тоқыма жібі, 5000 тонна мата, сондай-ақ 800 мың дана тоқыма бұйымдары шығарылады. Қазақстанда шитті мақта өсіруді және оны дайын тоқыма бұйымдарына дейін одан әрі өңдеуді қамтитын тік интеграцияланған кластердің моделі әзірленді. Жобаны іске асыру кезең-кезеңімен 2023-2028 жылдар аралығына жоспарланып отыр. Дайын бұйымдар (тоқыма жібі) өндірісі жобамен 2025 жылдың шілдесіне іске қосылмақ. Зауытта 1450 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алда орындайтын мақсаттарға жердiң құнарлылығын арттыру жолында ауыспалы егiстi ендiру, ол үшiн мақта саласын әртараптандыру, ағын сумен толық қамтамасыз ету, жердiң мелиорациялық ахуалын жақсарту, тұқым шаруашылығын жүйеге келтiру, тыңайтқыштарымен толық қамтамасыз ету жатады.

Осылайша еліміздің ішкі нарығын мақтадан дайындалған тауарлар мен бұйымдармен толықтырып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру көзделген. Ол үшін өнімдер мен бұйымдардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру маңызды. Мақта өсіретін және өңдейтін дамыған елдер тәжірибесі терең өңдеу тізбегін ұзартуда инновацияны қолданып саланың экономикадағы үлесін арттырмақ.

Мақта-тоқыма кластері – бір шикізат яғни шитті мақтаға негізделген өнім трансформациясы (технологиялық тізбек, дайын өнім және сату) үдерісінің тізбегіндегі өзара экономикалық – өндірістік байланыстардың бір өңірде шоғырланған компаниялар тобы.

Мақта-тоқыма кластерінің негізгі мақсаты – терең өңдеу технологиялық тізбегінде (өндіріс-өңдеу-өткізу) қосылған құн мөлшерін арттыру. Мақта маталарынан дайын киім-кешек, үй-жиһаздары, тағы басқа қосылған құны жоғары бұйымдар мен тауарларды өндіру және сатудан алынатын табыс бастапқы шикізат сатумен салыстырғанда бірнеше еселеп артады.

«ЕСЕП БЕРУДЕГІ МАҚСАТЫМЫЗ – АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАП АЛУ»

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округіне барып, ел алдында есеп берді. Жиын барысында ауданда қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайында баяндап, алдағы міндеттерді ашық айтты.

— Аудан көлемінде қолға алған бірқатар ауқымды жобаларымыз басталды. Алда атқарар жұмыстар да жетерлік. Алдарыңызға келіп, есеп берудегі мақсатымыз алдағы міндеттерді айқындап алу. Созақ ауылдық округінде сұраныстарыңызға орай көптеген жұмыстар жасалуда. Әлі де жасалар жұмыстар бар. Бір жылдың ішінде атқара салу мүмкін емес. Барлық ауылдардағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Биылғы жылы Көктөбе, Ыбырай елді мекендерінің ішкі көшелеріне 100 пайыз асфальт жол төселіп, көше жарықшамдарымен қамтылады. Бұдан бөлек, Созақ ауылынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 1000 орындық спорт алаңы мен Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты ел игілігіне беріледі. Аталған құрылыс нысандары тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі болатын.

Сондай-ақ Созақ ауылынан 5 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр. Оспанов, Өткелбаев, Мәтенбаев көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толықтай аяқталды. Жамбыл және Құрманғазы көшелері жақын күнде аяқталады.

Тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Созақ ауылының ішкі көшесінің 100 кВА-тық 4 ескі трансформаторлары жаңа 250 кВА– қа ауыстырылды. Түркістан көшесіне қосымша жаңа 160 кВА-тық трансформатор орнатылды.

Сонымен қатар, жиында аудан басшысы Республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының маңыздылығына тоқталып өтті.

– Ауыл халқының табысын арттырып, әл-ауқатын жақсарту мақсатында іске асып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын тиімді пайдалану керек. Бұл еңбекқор халқымызға және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар мен шаруаларға берілген үлкен мүмкіндік, — деп осы салаға жауапты мамандарға түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуді тапсырды.

Жиын соңында тұрғындар аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді. Келелі жылға да бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Жиынға бірқатар бөлім, мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *