АДАМ АҒЗАСЫ ӨЗІ ӨНДІРЕ АЛМАЙДЫ БІРАҚ МҰҚТАЖ
Ұзақ уақыттан бері микроорганизмдер қоғам денсаулығы үшін үлкен мәнге ие. Соның нәтижесінде осы бағытта елеулі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, адамзат күн сайын ол туралы білімін толықтыруда. Білім артқанмен күнделікті өмірде өз денсаулығына жауапкершілік алып, дұрыс тамақтанып жүргендер кемде-кем. Ал витаминдер мен минералдардың адам ағзасында қалыпты болуының негізгі жолы – дұрыс тамақтану.
Бұл еңбектің мақсаты – ағзадағы микроэлементтердің тапшы болуынан адам денсаулығында туындайтын ауқымды салдарды түсіндіру. Оның алдын алу жайлы неғұрлым барабар ақпарат беру.
ВИТАМИНДЕР МЕН МИНЕРАЛДАР – ТАПТЫРМАЙТЫН ҚОРЕКТІК ЗАТ
Күн сайын адам ағзасы тері, бұлшықет және сүйек саулығы үшін өте көп қызмет атқарады. Қоректік заттар мен оттегіні барлық мүшеге толықтай жеткізуге қызыл қан өндіреді. Мыңдаған шақырым ми жолдарын жүріп өтетін жүйке сигналдарын жібереді. Ағза осындай ауыр қызметті атқару үшін кем дегенде 30 түрлі витамин мен әртүрлі минералдарға мұқтаж, бірақ өз бетінше жеткілікті өндіре алмайды. Демек, оның мөлшерін реттеп отыру біздің жауапкершілігімізге қалады.
ВИТАМИНДЕРДІҢ АШЫЛУ ТАРИХЫ
Ағылшын ғалымы Уильям Флэтчер бери-бери ауруын тазартылмаған күріштің көмегімен емдеуге болатынын алғашқы болып анықтаған. Бұл ауру В1 витаминінің жетіспеушілігінен туындайды. Кейінірек ғалым Фредерик Хопкинс тазартылмаған күріште ақуыз, майлар мен көмірсудан басқа осы ауруды емдей алатын элемент бар деген ой ұсынады. Ал 1911 жылы поляк зерттеушісі Казимир Функ бұл затты кристал түрінде бөліп алып, оны «дәрумен» деп атады. Осыдан кейін витаминдердің ашылуы медицина мен фармакология дамуындағы тұтас дәуірдің бастауы болды.
АҒЗАДАҒЫ ВИТАМИНДЕРДІҢ РӨЛІ
Адам ағзасына витаминдердің жетіспеушілігі – гиповитаминоз. Ал белгілі бір дәруменнің немесе дәрумендер тобының мүлде болмауы – авитоминоз.
Қазіргі таңда авитаминоз витаминдердің маңызы жайлы білетін адамға қауіп туғызбайды. Дамыған елдерде мұндай науқастар өте сирек кездеседі. Дегенмен, ғалымдардың зерттеуі бойынша әлемнің 70 пайыз ересектері әртүрлі дәрумендердің жетіспеушілігінен зардап шегеді екен.
Гиповитаминоз белгілері:
ТЫРНАҚТЫҢ СЫҢҒЫШТЫҒЫ
Витаминдердің жетіспеуі кезінде тырнақтар сынғыш болады, тіпті оларды әртүрлі күтім майлары құтқармайды. Витаминдердің жетіспеушілігі тырнақ пластинасының бозаруына, онда шұңқырлардың, жолақтардың немесе дақтардың пайда болуына әкеледі.
ШАШТЫҢ СЫҢҒЫШТЫҒЫ
Шашқа витаминдердің жетіспеушілігінің негізгі белгісі – олардың сынғыштығы мен әлсіздігі. Бас терісінде кенеттен қайызғақтың, ойық жараның пайда болуы да осының себебі.
КӨЗІҢІЗ ЖАСАУРАП ҚЫЗАРАДЫ
Көзіңіздің көруі нашарласа, әсіресе ақшам уақытында жағдайдың ушығуы витамин жетіспеушілігінің айқын белгісі. Сонымен қатар, гиповитаминоз кезінде қабақтың қызаруы мен ісінуі, көздің қышуы, қабыну аурулары байқалады.
АПАТИЯ, ОЙДЫҢ ШАШЫРАҢҚЫ БОЛУ
Витаминдердің жетіспеушілігі біздің жүйкемізге де әсер етеді. Ұйқысыздық, депрессия, апатия, ашушаңдық, энергияның жетіспеушілігі – мұның бәрі витамин тапшылығының белгісі болуы мүмкін.
АС ҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІНІҢ БҰЗЫЛУЫ
Іш қату, диарея, салмақ жинау, қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауы, тәбеттің нашарлауы, жүректің айнуы және ішекке қоректік заттардың нашар сіңуі – витамин тапшылығының симптомдары.
Ескерту: Егер жоғарыда айтылған белгілері байқалса дереу ақ халаттылар көмегіне жүгініңіз! Микроағзаларды қабылдаудың балама жолын таңдасаңыз да дәрігермен кеңескен жөн.
Адам ағзасы үшін маңыздылығы төмен емес келесі микроағза – минералдар.
Дене салмағының шамамен 4 пайызы минералдардан тұрады. Минералдың 3800 түрі бар. Соның ішінде 21-і ағзаға аса қажет. Олардың әрқайсысы өсу мен даму, жүрек ырғағын реттеу, сүйектерді нығайту және жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі сынды әртүрлі маңызды рөл атқарады.
Егер Сізде тез шаршау, немқұрайлылық, ашуланшақтық, күйгелектік, тәбеттің күрт төмендеуі, ұйқысыздық, депрессия, апатия пайда болса, дереу дабыл қағу керек!
Біз жасайтын әрбір қозғалыстың артында минералдар мен витаминдердің химиялық реакцияларынан туындайтын энергия тұр. Минералдар өздері энергия (калория) бермейді, бірақ Сіз жейтін қоректік микроэлементтерден (көмірсулар, белоктар мен майлардан) энергияны босатып шығарады. Көзді ашып-жұму, тыныс алу, жүректің соғуы, ойлау, оқу, саусақты қимылдату, жүру, тіпті ұйықтау және армандау үшін де энергия қажет. Осы орайда оқырман назарына пайдалы минералдардың бір бөлігі жайлы ақпарат ұсынамыз.
Кремний — бұл байланыстырушы, шеміршектік және сүйектік тіндердің өсуі үшін қажет негізгі микроэлементтердің бірі. Ағзадағы тамырдың эластикалы болуы да осыған байланысты. Сонымен қатар бұл микроэлемент тері қабатының тұтастығына жауап беретін коллаген және эластин сияқты ақуыздарды өндіру кезінде маңызды рөл атқарады.
Марганец – тыныс алу мен жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді. Егер денеде бұл минерал болмаса авитаминоз, шаршанқылық пен бас айналуы пайда болады. Оның тәуліктік нормасы 3-4 мг. Қарақұмықтың, сұлының және жаңғақтардың құрамында болады.
Фтор – кариес пайда болуының алдын алады. Әдетте тістерді нығайту үшін де қабылдайды. Балықта, ас шаянында, жұмыртқа және жаңғақтың құрамында бар.
Калий – жүрек ауруларының алдын алады, қысымды төмендетеді және инсульттан қорғайды. Сондай-ақ, калий жүйке жүйесіне өте пайдалы. Тәулігіне 14 мг жеуге болады. Өрік, картоп, қырыққабат және апельсинде бар.
Фосфор – тістің саулығына жауап береді, бүйректі тастан қорғайды. Егер ағзада фосфор жетіспесе, анемия, әлсіздік және буындарда ауырсыну пайда болады. Аталған минерал жұмыртқа сарысы, асқабақ және сүтте бар.
Кальций – сүйекті нығайтады. Ол жетіспесе сүйектер тым нәзік болады. Оның салдары омыртқаның сынуына алып келуі мүмкін. Кальцийге мұқтаж болғанда жүрек пен жүйке жүйесі толыққанды жұмыс істей алмайды. Қышқыл сүт өнімдерінде, жаңғақтарда және інжірде бар.
Магний – жетіспеуінен адам үнемі шаршау сезімімен жүреді. Ағзадағы су мөлшері қадағаланбағандықтан терінің сапасы нашарлайды. Ал егер бұл минерал жеткілікті деңгейде болса қан айналымын жақсартып, бұлшықеттің ауруын жояды. Жүктілік кезінде және босану алдында да оны қабылдау керек. Күндізгі доза 1 грамм. Бидай, жаңғақ және қарақұмық құрамында бар.
Мырыш – ағзаны инфекциядан қорғайды. Оның жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі. Бұл минерал тұмаудан, ангинадан тағы басқа да жұқпалы аурулардан қорғану үшін керек. Мырыш безеу, күйік және псориазбен күреседі. Күніне 15 мг көлемінде ағзаға түсіп тұруы қажет. Сиыр еті, ірімшік және асқабақта бар.
Йод – интеллект үшін жауап береді. Қалқанша безіне, ақыл-ойдың дамуына пайдалы. Күніне 0,4 грамм қолдану керек. Теңіз қырыққабаты, мандарин және жүзім де бар.
Темір – анемияның алдын алады. Бұл минердің күндізгі нормасы 10 мг. Алманың құрамында кездеседі.
Мыс – терінің жағдайын бақылайды. Пайдалы минералды пайдалану теріні тегіс және балғын етеді. Әсіресе майлы теріден қиналатын адамдарға жақсы. Өйткені ол әртүрлі қабынудың алдын алады. Теңіз өнімдерінде, саңырауқұлақтарда және жаңғақтарда бар.
Қорыта келе адам ағзасы көптеген кішкентай жасушалардан тұратынын еске алайық. Олар дөңгелек, ұзын және тағаға ұқсас, әрқайсысы әртүрлі болғанымен өзінше маңызы зор. Бір жасуша басқа жасушалармен тамақтануға, оны көбейтуге және өзара әрекеттесуге қабілетті.
Сондықтан да ағзамыз қалыпты жұмыс істеу үшін оны үнемі қоректендіру қажет. Ал ол үшін барлық пайдалы минералдары мен витаминдері бар пайдалы тағамды пайдалану керек.
Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.