ДӘУІР САХНАСЫНДАҒЫ ДАРА УНИВЕРСИТЕТ

Білім
811 Views

Ғылым мен білім кеңістігінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жұлдызы жыл өткен сайын жарқырай жануда. ЕҰУ-нің Басқарма төрағасы-Ректоры Ерлан Сыдықовтың қоғам, ата-аналар, білім алушылар, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қауымдастық пен бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдері алдында білім, ғылым және тәрбие қызметі бойынша 2024-2025 оқу жылғы ЕСЕБІНЕН де жетістік көрсеткіштері менмұндалап тұрды.

2024-2025 оқу жылында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстанның жетекші ғылыми-зерттеу орталығы ретінде өз орнын одан әрі нығайта түсті. Ұжым алға сенімді қадам жасаған, жаңа бастамаларды іске асырып, елеулі жетістіктерге жеткен жыл болды.
Оқу ордасы QS рейтингі бойынша ЕҰУ-ті 321-орыннан 317-орынға көтеріліп, ЕҰУ-ның төрт жаңа пәндік сала алғаш рет әлемдік рейтингтерге енген. Атап айтқанда, «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» мен «Компьютерлік ғылымдар» – Times Higher Education by Subject рейтингіне, ал «Жаратылыстану ғылымдары» мен «Математика» – QS Education by Subject рейтингіне кірді. Қазақстанда, Орталық Азияда және ТМД елдерінде алғаш рет «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» ғылыми журналы «Elsevier» платформасында шығарыла бастады; Нанькай университетінің базасында «7М04102 – Экономика» және «7М04134 – Халықаралық бизнес және стратегиялық сауда бақылауы» бірлескен бағдарламалары бойынша 180 қытай азаматын оқытуды бастады. ЕҰУ-ті – өз бағдарламалары бойынша қытайда мамандар дайындайтын алғашқы отандық оқу орны.
Еліміздің Топ-50 Бас рейтингін екі жыл қатарынан ЕҰУ-нің ғалымдары бастап келеді: 1-орында – Р.Мырзақұлов, 2-орында М.Здоровец, 3-орында А.Козловский. Осы үздіктер қатарында 14 ғалым бар. Бұл айрықша жетістік!
Университет білім алушыларын 100% жататын орынмен қамтамасыз етті. Кенен Әзірбаев көшесіндегі 2656 орындық студенттер үйі кешені мен Мағжан Жұмабаев көшесінде орналасқан 282 орындық студенттер үйі қолданысқа берілді. Еуразия ұлттық университеті білім алушыларға қолайлы жағдай жасауды бірінші орынға қойып, осы мақсатқа жету үшін күш-жігерін жұмсады. Бұл ұжымның бірнеше жыл бойғы еңбегінің жемісі;
Университет өз қызметін 5 стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырған. Бірінші бағыт «Ғылым және инновация, коммерциализация және технологиялар трансферті». Бүгінде университеттің басты мақсаты – әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті зерттеу университеті болу. Осы мақсатқа жету үшін барлық адами және материалды ресурстар жұмылдырылған.
Өткен жылы ғылыми зерттеулер саны және ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың жалпы көлемі артқан. Университетте 9 млрд. теңгеге 316 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 млрд. теңгеге және 67 жобаға артық. Олардың ішінде коммерцияландыруға бағытталған жобалардың үлесі 1,9 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар 9 халықаралық ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Бұл нәтижелер ғылымды мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланудың және оны қаржыландыру көлемінің едәуір ұлғаюының арқасында мүмкін болды.
Жылдан жылға кадрлық және ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігі арттырылуда. Университетте штаттағы оқытушылардың 70%-ға жуығы ғылыми жобаларға қатысады (805 адам). Олардың 40% – жас ғалымдар (319 адам). Бүгінде Президенттік «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 131 адам постдокторантура аясында ғылыми ізденісте. Бүгінде олардың 34-і PhD дипломдарын қорғап үлгерді. Зерттеу университеті ретінде болашақта постдокторантураны одан әрі дамыту маңызды міндеттер қатарында саналады. Университетте «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 182 түлегі жұмыс істейді. Соңғы үш жылда «500 ғалым» бағдарламасы бойынша 60 қызметкер грантқа ие болды. Олар әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында тағлымдамадан өткен.
Университетте мемлекет қаржыландырудан бөлек ғылыми әлеуетті нығайтудың өзіндік бағдарламасы жұмыс істейді. Ғалымдардың ғылыми-ізденістерге деген мотивациясын арттыру мақсатында енгізілген «оқытушы-зерттеуші» және «зерттеуші» санаттары 27 ғалымға берілген. Жыл сайынғы студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының Республикалық конкурсында 157 студентіміз жүлделі орындарға ие болды. Олардың 29-ы бірінші, 46-ы екінші, 82-і үшінші алған. Университет ғалымдарының еңбегі мемлекеттік деңгейде атап өтілді. «Үздік оқытушы» атағы 18 адамға (2023 жылы – 13 адам), «Үздік ғылыми қызметкер» атағы 1 адамға берілді. Одан да өзге бірқатар мемлекеттік гранттар мен ғылыми стипендияларға ие болған.
ЕҰУ-де 17 бағыт бойынша 34 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Өткен оқу жылы 153 (2023-2024 оқу жылы-127 болған) докторлық диссертация қорғалды. Жаңадан «Наноматериалдар және нанотехнологиялар», «Психология» и «Жылуэнергетика» диссертациялық кеңестері ашылды. Университет шетелден үздік ғалымдарды жұмысқа шақыруда. 2024 жылы ғылыми жұмыстарға және сабақ беруге 500-ден аса шетелдік профессорлар тартылған. Оқу ордасында ауқымды халықаралық және республикалық ғылыми іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Тек 2024 жылы 80-нен аса халықаралық конференциялар, ғылыми форумдар мен семинарлар өткізілген. Сонымен бірге студенттер мен жас ғалымдарға арналған 20 маусымдық ғылыми мектептер жұмыс атқарып, жыл сайын конференциялар мен конкурстарға 200-ден аса ғалымдар өңірлер мен шетелдерге іссапарға барған.
Университеттің ғылыми инфрақұрылымын жаңғырту тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл ЕҰУ-ін зерттеу университетіне айналдырудың және оның инновациялық экономикаға қосатын үлесін арттырудың негізгі шарттарының бірі. Бүгінде университет құрамында 31 ғылыми құрылым бар. Олардың ішінде 19 ғылыми институт, 9 ғылыми орталық және 3 ғылыми зертхана бар.
2024 жылы ғылым мен коммерцияландыру инфрақұрылымын нығайтуға университет 2,3 млрд. теңге жұмсады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1 млрд. теңгеге көп. Бұл жалпы бюджеттің 6%-ын құрайды.
Оқу орнының инфрақұрылымын заманауи деңгейге көтеру мақсатында «ЕНУ-қалашығы» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде ЕНУ-қалашығын салу Жол картасы аясында жер телімі бөлініп, тұжырымдамалық жобасы жасалды. Болашақ құрылысқа байланысты тиісті құжаттар әзірленіп, тиісті органдармен келісілуде.
ЕҰУ ғалымдарының жарияланымдық және патенттік белсенділігі жылдан жылға артып келеді. ЕҰУ ғылыми жарияланымдар саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшыларының бірі.
Мұндағы ғалымдардың мақалаларының жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. ЕҰУ ғалымдарының Scopus базасы бойынша бір мақаласының орташа дәйексөзділігі 4,8 жетті (былтыр 4,7 болатын). Scopus базасының деректеріндегі Хирш индексі бойынша Қазақстанның ТОП-100 ғалымының көшін академик Ратбай Мырзақұлов бастап тұр (индексі-65). Елімізде Хирш индексі 60-тан асқан алғашқы ғалым. Бес күн бұрын (25.09.2025 ж.) профессор Ратбай Мырзақұлов төртінші рет Стэнфорд университетінің рейтингі бойынша әлемнің үздік ғалымдарының 2% қатарына енді.
Бүгінде университетте 21 ғылыми журнал шығады. Олардың 19-ы Министрліктің тізіміне, ал 2-і Web of Science базасына кіреді. 2025 жылы Министрліктің тізіміне жаңа 3 ғылыми журнал енді. Олар ЕҰУ-інің хабаршысындағы: Химия, География және Экология журналдары.
ЕҰУ-нің «Eurasian Journal of Physics and Functional Materials» ғылыми журналы «Elsevier» платформасында алғаш рет шығырылуы еліміздің ғылыми қоғамдастығына жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады. Бұл оқиғаны ЕҰУ-де жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің сапасын халықаралық деңгейде бағалау деп білемін. Журналдың бас редакторы профессор Қайрат Күтербеков бастаған редколлегия мүшелері жемісті еңбек етуде.
Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және оларды өндіріске енгізу ЕҰУ-інің басым бағыттарының бірі. Жылдан жылға коммерцияландыру үдерісі қарқынды дамып келеді. Оған дәлел, соңғы үш жылда коммерцияландырудан келген кіріс 3 есе артты. Егер 2022 жылы кіріс көлемі 319 млн теңге болса, 2024 жылы ол 1,9 млрд. теңгеге жетті. Университет шаруашылық келісім бойынша орындалған жобалардың санын арттыруға, зерттеулердің өндіріске жақын болуына және инфрақұрылымды дамытуға аса көңіл бөліпті.
Жыл сайын шағын өндірістер желісі кеңейіп келеді. Инновациялық өнім шығаратын шағын өндірістер саны 10-ға жеткен. 2025 жылы төрт жаңа нысан іске қосылыпты, олар: Тайынша қаласындағы сабаннан плиталар шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіп алаңы (ДСП аналогы); RFID-технологияларды қолдану арқылы есепке алу жүйесі (ИФТН стартап негізінде); көбіктенген полиэтиленнен қаптама өндірісі («ПЯТ» АҚ базасында), шағын сәулет нысандарына арналған қайталама полимерлерден жасалған бұйымдар. Шаруашылық келісімі бойынша орындалған жобалар (хоздоговор) саны 31, олардан келген кіріс 584,4 млн теңгені құраған.
2025 жылы Бизнес-инкубатор базасында акселерациядан өткен 6 студенттік стартап іске қосылған, олар: «Инклюзивті Гид» – көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған навигация (З. Алтанбек); «Ақылды оқулық және сандық аватар» (М. Алтайбек); «AICyberGuardService (Ай кибер Гуард Сервис)» (А. Лашкарев); «ReadED.AI» (Ридед Ай) – жасанды интеллекті пайдалану арқылы жеделдетілген оқу (М. Серғазы); Нашар көретіндерге арналған навигациялық көмекші (А. Тәжібай); Сенсорлық деректерді өңдеу негізіндегі газоаналитикалық жүйелер (Т. Айдынов).
Республиканың жол-құрылыс саласын дамытуға бағытталған «Құрылыс-техникалық инжинирингтік орталық құру» мегажобасы орындалуда. Жобаның сомасы 4 млрд. теңге. Болашақта Орталық жол-құрылыс саласына бойынша аккредиттеу қызметін көрсететін болады. 2024 жылы коммерцияландыру әлеуеті бар ғылыми жобаларды қолдау мақсатында «JANA ASU» ішкі гранты тағайындалып, 84,2 млн теңге бөлінді (2023 жылы-71,6 млн теңге бөлінген болатын). Нәтижесінде 10 ғалым өздерінің зерттеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алды. 2024 жылы алғаш рет ғылымды коммерцияландыру мақсатында «ENU INVEST MEETUP» инвестициялық форумы өткізілді. Онда ЕҰУ ғалымдарының ғылыми инновациялық әзірлемелері таныстырылды. Форум аясында жалпы сомасы 20 млрд. теңге болатын келісімшарттарға қол қойылды. Одан бөлек, университет 2024 жылы «ENI» корпорациясы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «Стандарт Цемент» ЖШС, «ERG Recycling» ЖШС және басқа ірі компаниялармен сегіз келісімшартқа қол қойған.
Ал, 2025 жылы университет ірі бизнес өкілдерімен үш келісімшарт жасасты. Олар: «General Contractors Group» Ltd.» ЖШС, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ, «ҚазБитумСервис» ЖШС. Ядролық технологиялар паркі университеттің инновациялық экожүйесінің бір бөлігі ретінде ғылым, білім және өнеркәсіптің интеграциясына қатысады. Жылдан жылға университетпен өзара байланыс артып келеді. Онда «Ядролық физика, жаңа материалдар мен технологиялар» халықаралық кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Бірлескен ғылыми жобалар іске асырылуда. Парк аймағында докторанттар мен магистранттар ғылыми жұмыстарын жазып, студенттер өндірістік практикадан өтуде. Ядролық технологиялар паркі базасында 6 шағын өндіріс жұмыс істеуде.
Университеттегі екінші бағыт «Академиялық үстемдік». 2024-2025 оқу жылы университет білім беру қызметін 246 білім бағдарламасы бойынша көрсетті. Олардың 95-і бакалавриат, 98-і магистратура, 53-і докторантура деңгейінде. Сонымен қатар жоғары топ-менеджерлерді даярлауға арналған 3 МВА (эмбиэй) және 4 ЕМВА (иэмбиэй) білім беру бағдарламалары іске асырылды. Бағдарламалардың басым көпшілігі кәсіби стандарттар негізінде дайындалған. Сонымен қатар студенттер 37 инновациялық және 49 қосдипломдық бағдарламалар бойынша білім алды. Жаңа мамандықтар атласы бойынша 11 бағдарлама дайындалып, жүзеге асырылуда. Олардың арасында Криптология, Жасанды интеллект технологиясы, Құрылысты цифрлық жобалау, Жоғары технологиялық өндірісті киберфизикалық автоматтау және басқалары бар. Ағылшын тіліндегі білім бағдарламалары мен білім алушылар саны артуда. Өткен оқу жылы 48 бағдарлама бойынша 3 555 адам білім алса, 2023 жылы 45 бағдарлама бойынша – 3018 адам білім алған.
ЕҰУ 3 жыл қатарынан талантты жастарды іріктеу мақсатында шекті баллдарды көтеріп келеді. Тек, 2025 жылы 52 бағдарлама топтары бойынша шекті баллдар артты. Олар 95 пен 125 баллдар аралығында бекітілді. Нәтижесінде бакалавриатқа түскен студенттердің орташа баллы 106-дан 108-ге өсті. 100-ден жоғары баллмен түскен студенттер саны 2 949 болды. Олар жалпы грантпен оқуға түскендердің 77%-ын құрайды. 2025 жылы университетке мемлекеттік тапсырыс бойынша 3 837 студент оқуға түсті. Олардың ішінде 765 (былтыр-590) – «Алтын белгі» иегерлері, 736 – үздік аттестат иегерлері және 15 – халықаралық және республикалық жобалардың жүлдегерлері, «Елбасы» медалінің иегерлері, спорт шеберлері мен кандидаттары бар. Талантты да дарынды жастарды оқуға тарту – бұл ЕҰУ-нің стратегиялық басымдықтарының бірі. Бұған әрқашан аса мән берілетін болады.
2024-2025 оқу жылында 368 студент (өткен жылы – 188 адам) республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, нәтижесінде олардың 289-ы (былтыр-105 адам) жүлделі орындарға ие болды. І орынды – 83, ІІ орынды – 80, ІІІ орын – 126 адам иеленген. Жалпы 1241 магистрант 17 елде және 301 докторант әлемнің 35 елінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Олар Англия, Испания, Италия, Түркия, Польша, Индия, Словакия, Өзбекстан, Ресей елдерінің жетекші университеттерінде білімдерін шыңдады.
Сонымен қатар университет базасында еліміздің өзге жоғары оқу орындарынан келген магистранттар мен докторанттар ғылыми тағылымдамадан өтті. 2024-2025 оқу жылы олардың саны екі есеге жуық өсіп 185 (өткен жылы – 99 адам болған) адам болды. Бұл ақылы негізде жасалатын қызмет. Олардан түскен қаражат көлемі 11,4 млн. теңгеден асты (өткен жылы – 6 млн теңге болған).
Түлектерді жұмысқа орналастыруға көмектесу мақсатында университетте «Мансап» ақпараттық платформасы, «Түлектер кеңсесі» жұмыс істейді. 2024 жылы университетті бітірген түлектердің 88%-ы жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта кәсіпорындар базасында университет кафедраларының 76 филиалы жұмыс істейді. Олар білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен бекітуде маңызды роль атқарады. Сонымен қатар жұмысқа орналастыру үдерісіне де оң ықпал етеді. Университетте кадрлар даярлау сапасын арттыру мақсатында Жұмыс берушілер кеңесі жұмыс істейді. Кеңес университетті дамыту және жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша бағалы ұсыныстар береді.
Университетте түлектердің кәсіби дағдыларын дамыту, біліктіліктерін арттыру мақсатында Апгрейд-сектор жұмыс істей бастады. Ол Үздiксiз бiлiм беру институтымен бiрлесіп түлектерге бiлiктiлiктi арттыру курстарын өткiзедi. Бұл жаңа құрылым, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануымыз керек.
Біз кәсіби қауымдастықтар арқылы түлектерді сертификаттау жұмысын ілгерілетіп келеміз. 2024 жылы бағалаудан 854 түлек өтіп, сертификатқа ие болды. Бұл түлектердің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына жақсы мүмкіндік береді. 2024 жылы ЕҰУ-нің Үздіксіз білім беру институтында 3097 тыңдаушы (былтыр 2390) оқудан өтті. Тартылған қаражат көлемі 357 млн теңгені (былтыр 352) құрады. Мұнда егде жастағы адамдарға арналған «Күміс университетте» 19 бағдарлама бойынша 418 адам (былтыр 295) біліктілігін арттырды. 2024 жылы мамырда «Корпоративтік басқару» бағыты бойынша EMBA білім беру бағдарламасы іске қосылды. Алғашқы 65 жоғары буынды басқарушылар (топ-менеджерлер) өз білімдерін шыңдады. 2025 жылы Үздіксіз білім беру институты ARQA тәуелсіз агенттігінде институционалдық аккредиттеуден өтті. Бес жыл мерзімге алынған сертификат білім беру қызметтері сапасының жоғары деңгейін куәландырды.
Университетіміз Қазақстан рейтинг агенттіктерінде көшбасшылар қатарында. 2023 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингіне қатысқан 56 бағдарламаның 43-і (былтыр 30) яғни 76%-ы (былтыр 59%) жүлделі орындарға ие болды. «Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі» рейтингіне қатысқан 198 бағдарламаның 176-ы яғни 89%-ы үздік деп танылды (1-3 орындар). Бұл университет бағдарламаларының сапасына берілген жоғары баға деп білеміз. Есептік кезеңде 41 білім бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден және қайта аккредиттеуден өтті. Бүгінгі таңда университеттің 97% бағдарламасы аккредиттелген. Көмекке мұқтаж студенттерге арналған Психологиялық қолдау орталығы мен Инклюзивтік қолдау орталығы жұмыс істейді. Түлектеріміздің бастамасы бойынша құрылған Эндаумент қоры да студенттерді әлеуметтік қолдауға бағытталған. Алдағы уақытта студенттерге сапалы медициналық көмек көрсету үшін жеке Медициналық орталық салу жоспарланып отыр.
Университет азаматтық ұстанымы биік зияткер тұлғаны қалыптастыруға көп көңіл бөледі. Осы мақсаттағы жұмыстар ұлы Абай даналығын арқау еткен «Нұрлы ақыл», «Ыстық қайрат», «Жылы жүрек» бағыты бойынша жүргізілді. Университетте білім алушылардың азаматтық және көшбасшылық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған студенттік өзін-өзі басқару жүйесі дамуда. Қазіргі уақытта ЕҰУ-де 4869 белсенді студенттер мен 1127-еріктілерді біріктіретін 70 студенттік клуб жұмыс істейді. Жыл сайын университеттің студенттері қалалық, республикалық және халықаралық конкурстарға белсенді қатысуда. Тек, дебатерлар клубы 2024-2025 оқу жылы «Tanym Cup», «Көшпенділер көкжиегі», «Senim Cup», «Күлтегін Grand» республикалық турнирлерінде Гран-при жеңіп алды. Университеттің 2000-ға жуық студенті V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында волонтерлік қызметке және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысты. Студенттерді жан-жақты дамыту мақсатында бірнеше ұжымды біріктірген «STUD ART CENTER» шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Оның құрамына: «E-STUDIO» вокалистері, «SAMURYQ» би мектебі, «SHANYRAQ» театры, «DALA SAZY» оркестрі, «EURASIA BAND» тобы кіреді. Олардың жетістіктері слайдта көрсетілген.
Университет студенттердің тамақтануына және олардың қолжетімді болуына аса мән береді. Оларды қадағалайтын арнайы комиссия құрылған. 2024 жылы асханалар мен буфеттер жаңғыртылды, вендингтік аппараттар саны көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап студенттердің кешендік 700 теңгелік түскі асынан өзге, 850 теңгелік «Студенттік» және 1300 теңгелік «Дәм Time» студенттік сеттер енгізілді. Университет салауатты өмір салтын қалыптастыру мен спортқа баулу мақсатында 34 спорт секциясы белсенді жұмыс істейді, оған 700-ден астам студент қатысады. Сонымен бірге қызметкерлерге арналған құрамында бассейн, йога, тренажер залдары бар Фитнес-клубы жұмыс істейді. ЕҰУ жүйелі түрде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін қолайлы және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруда. Барлық жұмыстар «ЕҰУ-інің 2023-2025 жылдарға арналған инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасы» аясында жүзеге асырылуда.
Үшінші бағыт – «Интернационалдандыру және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру». ЕҰУ-нің халықаралық ынтымақтастығы жақын және алыс шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарымен 433 шарт негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта университет 11 халықаралық қауымдастықтың және 8 консорциумның толыққанды мүшесі.
ЕҰУ-нің филиалы Ош мемлекеттік университетіндегі 5 бағдарлама бойынша 83 студент білім алуда. Келешекте филиал ауқымын одан әрі кеңейту көзделіп отыр. ЕҰУ базасында МГИМО филиалы ашылды, онда бакалавриат және магистратура бағыттары бойынша 100-ден астам қазақстандық білім алушы оқуға кірісті. М.Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен Ақпараттық технологиялар факультеті жұмыс істеуде. 2026 жылдан бастап Наньин педагогикалық университетінде қытай студенттерін біздің «Биология», «Химия», «Қолданбалы химия» бағдарламаларымыз бойынша оқыту жоспарланып отыр. 2025 жылы Бейжіңде ІТ бағыты бойынша Лу Бань шеберханасының ресми ашылуы өтті. ЕҰУ базасында оның ашылуы 2025 жылдың қарашасына жоспарланып отыр. Студенттерімізге шетелдік білім ордаларында оқуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Олардың саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы академиялық ұтқырлық аясында 699 студент шетелде оқыса, 2024 жылы ол 867 адамға жетті. 2024 жылы ЕҰУ-не 2355 шетелдік студент білім алды. Оларға арнап «Күлтегін» және «Гумилев» стипендиялары тағайындалған. Стипендияттарға оқу мен жатақханада тұру тегін және ай сайын стипендия төленеді.
2025 жылы ЕҰУ-ның QS рейтингінде «Жұмыс берушілер арасындағы беделі» индикаторы бойынша ТОП-100 әлемнің үздік университеттері қатарына енді. Бұл ерекше жетістік! Аталған нәтиже мамандар даярлаудың жоғары сапасын және олардың еңбек нарығындағы сұранысын растайды.
QS Asia 2025 өңірлік рейтингісінде ЕҰУ 65-ші орын алып, Азияның үздік университеттерінің ТОП-100-не кірді. ЕҰУ әлемдік QS рейтингіне енген пәндер саны бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бұрынғыша көш бастап келеді. 2024 және 2025 жылдары QS-тің пәндік рейтингіне университеттің 21 пәні енді. Университетте білім беру мен ғылыми зерттеулер сапасын арттыру мақсатында Техас университеті (АҚШ), Сюррей университеті (Ұлыбритания), Гранада университеті (Испания), Мадрид политехникалық университеті (Испания), Краков политехникалық университеті (Польша), Павиа университеті (Италия), Үндістан технологиялық институты (Үндістан) сияқты әлемнің жетекші университеттерінен 700-ден астам шетелдік профессор шақырылды. Шақырылған мамандар дәрістер оқиды, ғылыми жобалар жүргізеді және докторанттарға кеңес береді.
Цифрлық трансформация және интеллектуалды экожүйені дамыту.
Университет білім беру мен ғылыми зерттеу үдерістерінің, әкімшілік басқарудың сапасын жақсарту үшін цифрлық трансформация жасауда. Сандық шешімдер бірінші кезекте білім алушылар мен білім берушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осы бағыттағы жұмыстар 2024 жылы қабылданған «ЕҰУ-нің 2025-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация бағдарламасы» негізінде жүзеге асырылуда.
Соңғы 3 жылда университет көптеген цифрлық сервистерді әзірлеп, енгізді. Олар оқу, ғылыми және әкімшілік процестерді едәуір жеңілдетті және жеделдетті. Атап айтқанда: Білім алушылар үшін: Абитуриенттерге құжаттарды электрондық түрде тапсыру, онлайн кезек және өтініштердің мәртебесін қадағалау; Жатақханаларға онлайн режимде орналастыру: өтініш беру, ЭЦҚ арқылы келісімшарт жасау; Практикадан өту үшін үш жақты келісімшарттар, электрондық жоспар-кестелер, күнделіктер мен есептер, ЭЦҚ арқылы қол қою; Анықтамаларды онлайн алу және тапсыру; QR-кодтарымен электрондық сертификаттар алу. Оқытушылар мен қызметкерлер үшін: Силлабустарды электрондық түрде құру және қол қою; Жасалған жұмыс актілерін дайындау және қол қою; Электрондық жоспарлар мен есептер (стандартты, операциялық, ғылыми, постаккредитациялық мониторинг есептері); Формалды емес білім беру курстарына өтініш беру және сертификаттарды автоматты түрде жасау; Жұмыс орны туралы электрондық анықтамалар; ServiceDesk модулі: аудиторияларды брондау, марапат құжаттарын тіркеу.
Цифрлық трансформация аясында университет оқу, ғылыми және сервистік процестерді автоматтандыру міндеттерін шешетін интеллектуалды агенттерді енгізуде. Олар білім беруді қолжетімді әрі жеке бейімделген етіп жасауға мүмкіндік береді. Университет негізгі ішкі және сыртқы ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы біртұтас цифрлық экожүйе құрды. Бұл бизнес-процестер желісін құруға, басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 2024 жылы ЕҰУ оқытушыларының екі курсы Coursera платформасына орналастырылды. Олар: «Логика – дұрыс пайымдау ғылымы», авторы Айгүл Тұрсынбаева; «Фольклор: жанр және образ», авторы Гүлназ Сағынадинқызы. Біздің студенттер Coursera лицензиялары пайдаланып 5000-ға тарта сертификат алды. Бұл осы оқыту форматына жоғары қызығушылық пен сұранысты көрсетеді.
ЕҰУ Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI-Sana» акселерациялық инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруда жетекші университет ретінде қатысады. Осы жоба аясында университет жасанды интеллект бойынша өз курсын жасап, кеңінен енгізді. Ол курсты 24 мыңға жуық адам оқыды.
Университеттің онлайн платформасында өзіміздің профессор-оқытушылар дайындаған 200 онлайн-курс (былтыр 160) орналастырылған. Олар барлық студенттерге қол жетімді. Өткен оқу жылы жаңадан 5 компьютерлік сынып ашылып, 86 компьютер орнатылды. Ал, 4 компьютерлік сынып жаңартылып, 46 жаңа компьютер қойылды. 50 аудиторияға заманауи интерактивтік мультимедия жабдықтары қойылды. Бүгінгі таңда ақпараттық қауіпсіздік өзекті мәселелердің бірі. Цифрлық қауіпсіздікті университеттің арнайы бөлімі қамтамасыз етуде. Жаһандық даму тенденцияларын ескере отырып, университет тұрақты даму және ESG (есиджи) бағытына аса мән беріп отыр. Бүгінде университеттің Тұрақты даму саясаты аясында Іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін Тұрақты даму орталығы қызмет етуде. 2024 жылы стратегиялық мақсаттарға жету және инновациялық әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында Жобалық кеңсе ашылды. Биылғы жылы 30 жобаны жүзеге асыру қолға алынды.
Бесінші бағыт – «Басқару және қаржыландыру жүйелері». Университет инновациялық менеджмент қағидаттарына негізделген корпоративтік басқарудың жаңа моделіне көшті. Кадрлардың сапалық құрамы біртіндеп артып келеді. Оны жасақтау талант-менеджмент негізінде жүргізілуде. 2024-2025 оқу жылы конкурстық комиссияның 57 отырысы өткізіліп 800-ден аса өтініш қаралды. Нәтижесінде 190 оқытушы жұмысқа қабылданды. Олардың арасында Жапония, Израиль, Австралия, Оңтүстік Корея, Италия және Ұлыбритания университеттерін бітірген дәрежелі жас мамандар бар. 2024-2025 оқу жылында оқытушы-профессорлар құрамының жалпы саны 1370 адам болды. Оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының – 12 академигі, 5 корреспондент-мүшесі, 149 ғылым докторы, 489 ғылым кандидаты, 380 PhD докторы бар. Ғылыми дәрежесі бар оқытушылар үлесі 74,3 %-ға жетті. Өткен жылы – 68,5% болған. Оқытушылар мен қызметкерлерді ынталандыру үшін университетте КРІ жобасы іске асырылады. 2024 жылы олар жалпы сомасы 504 млн теңге сыйақы алды.
Профессор-оқытушыларымыздың ерен еңбегі университет және мемлекет тарапынан тиісті бағасын алып келеді. 2024-2025 оқу жылы ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар университет қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Университет басшылығы қызметкерлердің әл-ауқатын және еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Соңғы 4 жылда профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 40%-ға көтерілді. Өткен оқу жылы орта есеппен оқытушы– 392 мың теңге, аға оқытушы – 470 мың теңге, доцент – 520 мың теңге және профессор – 615 мың теңге жалақы алды. Ал, ең жоғары жалақы зерттеуші-оқытушы – 750 мың теңге алды. 1 қыркүйектен жалақы тағы да 10%-ға көтерілді. Сонымен қатар 2024-2025 оқу жылынан бастап профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесі 32-ден 30 кредитке, кафедра меңгерушілерінің жүктемесі 32-ден 24 кредитке төмендетілді. Бұл оқытушылардың ғылыммен шұғылдануына жақсы мүмкіндік береді деп ойлаймын. 2022 жылдан бері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында университетте «Қоғамдық қабылдау» бөлмесі жұмыс істейді. «Қоғамдық қабылдау» бөлмесі ашылғаннан бері 13084 сұрақ келіп түсті. Сұрақ иелеріне тиісті жауаптар берілді. Университеттің қаржы-шаруашылық қызметі 2025-2029 жылдарға арналған даму жоспары негізінде жүзеге асырылуда.
2024–2025 жылдары университет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы 18 млрд. теңге инвестиция тартты. Оның ішінде: «Астана-20» мемлекеттік қоры – 15 млрд. теңге, «Bastau Invest KZ» ЖШС – 1,5 млрд. теңге, «Bastau Land Group» ЖШС – 1,5 млрд. теңге қаржы құйды. Барлық қаржы студенттерге жатақхана салуға жұмсалды.
Университеттің 2025-2026 оқу жылына қойылған негізгі міндеттері:

  1. «ЕҰУ-град» құрылыс жобасын ілгерілету: ҚР Үкіметімен, Оқу-ағарту министрлігімен және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеу.
  2. Технопарк салу.
  3. Ғылым инфрақұрылымын дамытуға және коммерцияландыруға салынатын инвестиция көлемін алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға арттыру.
  4. Университет зертханаларының жаңартылған жабдықтарының үлесін 25%-ға жеткізу.
  5. Инновациялық өнім шығаратын шағын өндірістер санын 20-ға дейін көбейту.
  6. Жұмыс берушілер мен бизнес-құрылымдардың сұраныстарын және заманауи үрдістерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру.
  7. Халықаралық аккредитациядан және сертификаттаудан өткен білім беру бағдарламаларының үлесін 98%-ға жеткізу.
  8. QS рейтингінің ТОП-700 қатарына кіретін серіктес ЖОО-лармен қос дипломды білім беру бағдарламаларының санын 30-ға дейін көбейту.
  9. Профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер арасында талант-менеджмент жұмысын жалғастыру.
  10. Шетелдік студенттердің үлесін 10%-ға жеткізу.
  11. ЕҰУ-нің цифрлық трансформация бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету.
  12. Жасанды интеллект негізінде SmartENU зияткерлік цифрлық экожүйесін дамытуды жалғастыру.
  13. Нанькай университетімен жаһандық бағдарламаларды жүзеге асыру;
  14. Шетелдік серіктес ЖОО-лармен «ENU Partners’ Week» нетворкингін өткізу.
  15. Заманауи қоғамдық кеңістіктердің санын арттыру – open-spaces, coworking алаңдар, creative spaces, relax zones.
  16. Университеттің жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін 91%-ға жеткізу.
  17. ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды өткізу үшін ұйымдастыру комитетін құру.
    ДӘУІР САХНАСЫНДАҒЫ ДАРА УНИВЕРСИТЕТТІҢ басты мақсаты – сапалы білім берумен қатар, елдің өркендеуі жолында адал еңбек етіп, табысқа жетуді көздейтін адал азаматтарды тәрбиелеу. Бұл тұрғыда біраз асулар бағындырылыпты. Алда одан да биік белестер тұр. «Еуразиялықтар» оларды да бағындыратынына сенім мол. Өйткені университет басшылығы оқытудың жаңа технологияларына баса назар аударып, профессор-оқытушылардың жаңашылдықпен жұмыс істеуіне мән беріп отыр. Сондай-ақ білім алушыларға да жағдай жасалып, сабақты алаңсыз оқуларына мүмкіндік бар.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *