ЕҰУ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ӨСІМДІКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ТОСЫН ЖАҢАЛЫҒЫ

Білім Қоғам
101 Views


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразияұлттық университетінің ғалымдары өзгеше жаңалықпен жұртты елең еткізді. Олар өсімдіктердің вирусқа қарсы қабілетін күшейтті. Елімізге кеңінен танымал оқу ордасының биотехнологтары өсімдіктерді вирустардан қорғау үшін Қазақстанда бірінші рет CRISPR/Cas13 геномдық өңдеу технологиясын қолданды. ЖОО ғалымдарының инновациялық шешімі ауылшаруашылық дақылдардың иммунитетін күшейтуге, аурулар мен күйзеліске төзімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

ЕҰУ биотехнологтары геномдыөңдеу технологиясы арқылы өсімдіктердің вирустарға қарсы тұру қабілетін дамытады. Олар CRISPR/Cas13 жүйесін қолданып, оның белсенділігін ақуыз көмегімен арттырады. Университет ғалымдарының инновациялық шешімі тірі ағзағаэкзогендік нуклеин қышқылдарын жеткізу мәселесін шешеді.

Осы тұрғыда ЕҰУ постдокторанты Нұргүл Иксат былай деді:

– CRISPR/Cas – бұл әлемде өсімдіктерге де қолданылатын генді өңдеу технологиясы. Біз Қазақстанда CRISPR/Cas13 жүйесін алғаш рет қолданып отырмыз. Ол ДНҚ-ға емес, томбусвирустар тобы үшін РНҚ тізбегіне бағытталған. Тірі ағзаларды зақымдайтын барлық вирустар негізінен 95% РНҚ геномынан тұрады. Біз ДНҚ бағытталған CRISPR/Cas 9 немесе 12 қолданбаймыз. Себебі вирустар тез дамып, бұл жүйелерге қарсы тұруды үйренді.

Ендігі кезекте ғалымдар вирустардың басқа тобы бойынша зерттеулер жүргізіп, оларға ұзақ мерзімді төзімділігі бар өсімдіктерді алуды жоспарлап отыр. Бұл әдісті өсімдік вирусологиясы, биология және өсімдік биотехнологиясы саласында қолдануға болады. Сонымен бірге қызанақ, баклажан тәрізді алқатұқымдас өсімдіктер үшін де пайдалануға мүмкіндік бар.

Жоғарыда аты аталған ғалым-зерттеушінің пайымдауынша, әр ағзаның қорғаныс механизмі бар және бөгде нуклеин қышқылдары түссе, жасушалық иммунитет олардың таралуын тежеуге тырысады. Бұл мәселе P19 ақуызы арқылы шешіледі. Оның арқасында CRISPR жүйесінің тиімділігі артып, вирусқа төзімді тұқым да алуға жол ашылады.

– Біз вирустық ауруларға төзімді тұқым алуға мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ, осы әдістеме негізінде дала жағдайында жарты сағатта өсімдік ауруларын анықтауға сынама жасауға болады. Елімізге әртүрлі тұқымдар әкелінген кезде олар NGS сияқты қымбат әдістермен тексеріледі. Экспресс-тесттер мұны тезірек тексеруге және елге тұқым әкелуді немесе әкелмеуді шешуге көмектеседі. Елімізде вирустық ауруларға төзімді жаңа тұқымдар алынса, бұл материалдың сырттан жеткізілуін азайтуға болады, – дейді Нұргүл Иксат.

Ғалымдар осы бағыттағы ғылыми жобалармен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Рүстем Омаров атындағы Биотехнология зертханасының базасында жүргізілуде.

Жамила РАЙХАНОВА.

Астана қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *