Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы Түркістан облысында жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылуда. «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасын уақытылы төленуі міндетті. Ал, зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарға арналған жұмыс орындары ашылатын «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыстар күшейтілмек.
«Еңбек» бағыты бойынша жыл басынан бері 67 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 96,8 пайызға орындалды. 8 ай қорытындысымен жеке бастамалар бойынша 11 773 жұмыс орны ашылған. «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі» кешенді жоспарының Түркістан облысы бойынша орындалу барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында сарапталды.
Бұл бағыттағы жұмыстардың барысымен танысқан облыс басшысы жұмыссыздық мәселесін шешудің жолдарын көрсетті.
– Біз өз ресурстарымызбен жаңа жұмыс орындарын ашуға мән беруіміз керек. Бұл мәселені арнайы пысықтаймыз. Кәсіпкерлік, инвестиция, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту саласына жауапты басқарма басшыларына 2 апта уақыт беремін. Инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту, жұмыс орындарын ашу бойынша ұсыныстарыңызды дайындап келіңіздер. Аудан, қала әкімдері де бұл түйткілге мән берулері тиіс. Аудандардан шыққан ірі кәсіпкерлерді елге шақырып, елге пайдалы жобаларды жүзеге асыруға көмектесіңіздер. Біз де өз тарапымыздан толық қолдаймыз. Екіншіден, Түркістан облысының оңтүстік бөлігінде бір миллиондай тұрғын бар. Сол аймақты да дамытып, инфрақұрылымын реттеп, жастарды тартатындай жұмыс орындарын ашу қажет. Халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар күшейтіледі, әр әкімге, басқарма басшыларына осы бойынша индикаторлар әзірленеді, – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ облыс әкімі аппаратының апталық отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыстағы 7 аудан, қалада 21 орталықтандырылған жылу қазандығы және 1 жылу электр орталығы бар. Олардың бәрі жылыту маусымына дайын. Ал Кентау қаласында орналасқан «ЖЭО-5» жылу орталығының жылыту маусымына дайындық жұмыстары қолға алынған. Өңірге қажетті көмір мен сұйық отын тасымалдау жұмыстары жүріп жатыр.