Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына келді. Бұл туралы: «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи шешімі шежірелі шаһардыңдамуына тың серпін берді. Сапар барысында қаланың бірқатар жаңа нысандарын аралау жоспарланып отыр», – деп жазған болатын Елбасының баспасөз хатшысы АйдосҮкібай twitter парақшасында.
Түркістан облысына сапары барысында Елбасы Түркістан қаласының халықаралық әуежайының ашылу салтанатына қатысты.
Халықаралық әуежайдың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан. Қаладан 20 км қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған.
Әуе айлағын салу үшін 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Халықаралық әуежайдың жалпы ауданы 905 га құрайды. Әуежайдың қызмет көрсету әлеуеті жылына шамамен үш миллион жолаушыны құрайды.
Сондай-ақ, Елбасы «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залына да барды. Концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да іс-шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысанды аралады.
Жаңа ғимаратта бір мың орындық көрермен залы, төрт дайындық бөлмесі, әкімшілік кеңселер және балаларға арналған ойын бөлмесі орналасқан. Киелі өңірге жасаған сапары кезінде Елбасы «Түркістан-Арена» стадионын да аралап көрді. Стадионның трибуналары жеті мың көрерменге арналған.
Нұрсұлтан Назарбаев қала орталығында орналасқан 120 орындық жаңа қонақ үй кешенімен де танысты. Аталған кешен қонақ үй қызметін көрсетуде жоғары стандарттарды қатаң сақтайтын «Rixos» Халықаралық қонақ үй желісінің бөлігі. Әлемдік деңгейдегі қонақ үй отандық инвестордың қаражатына салынып, қала үшін жүзден астам жұмыс орнын берді.
Нұрсұлтан Назарбаев аралаған жерлердің қатарында «Ұлы дала елі» орталығы да бар. Елбасы орталықтың «Ұлы Дала Металлургиясы», «Ұлы даланың атты өнерінің мәдениеті» және «Қазақстан – түркі әлемінің бесігі» атты экспозициялық кешендерімен танысты. Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Қазақ хандығы», «Ұлы даланың қала мәдениеті», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» және «Болашақ Қазақстан» атты тақырыптық залдарды аралады.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА 408 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Түркістан облысының орталығында құрылған «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында» 20 компания жалпы құны 408 млрд теңге болатын 23 жоба іске асыратын болады. Бүгінге дейін оның 115 млрд. теңгесі игерілді. Нәтижесінде құрылыс кезеңінде жұмыспен қамтылғандар саны 5900-дан асады.Олардың қатарында әуежай, неке сарайы, көпбейінді аурухана, сауда-ойын-сауық орталығы, қонақ үй, тұрғын үй, спорт кешендері және көпфункционалды туристік кешені мен бизнес орталықтары бар.
Бұдан бөлек, өңірде тоқтап тұрған өнеркәсіптік алаңдардың әлеуетін іске қосу үшін арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік аймағының аумағына Кентау қаласындағы бұрынғы Экскаватор зауытының 35 гектары да қосылды. Мұнда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы «Brownfield» дайын ғимараттар базасында аумақты бірлесіп игеру бойынша зауыт құрылтайшыларымен бірлескен жобаны іске асырды. Қазіргі таңда, құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 2,2 млрд. теңге болатын 2 жоба қол қою сатысында, және 15 млрд. теңге болатын 6 жобамен келіссөздер жүргізілуде.
Айта кетейік, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы» Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұйрығымен 2018 жылы құрылған болатын. Ондағы мақсат – Түркістан қаласын жедел дамыту, Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру және жалпы Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптастыру. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы 4 субаймақтан тұрады. Жалпы ауданы 3014 гектарды құраса, оның 297-сі тарихи-мәдени орталық, 1350-і әкімшілік-іскерлік орталық, 400-і өндірістік, 967-сі әуежай аймағына жатады.
«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағына келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау мақсатында 2043 жылға дейін кеден салығынан, корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, қосымша құн салығынан босату және өтеусіз негізде жер телімі беру қарастырылған.
ӨНЕРКӘСІП КӘСІПОРЫНДАРЫ 344 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ӨНДІРГЕН
Түркістан облысында ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысымен өнеркәсіп кәсіпорындары 344 млрд. теңге сомасында өнім өндірген. 2018 жылмен (облыс құрылған сәттен бастап) салыстырғанда өндіріс көлемі екі жылда 6,5%-ға өскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасы басшысы Иса Құдабеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыстағы 300 бірлік өнеркәсіп орындарында 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
«Бүгінгі таңда 2020-2023 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы сомасы 324 млрд. теңгені құрайтын 29 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде шамамен 6 мың жұмыс орны құрылатын бола-ды. Ал биыл 12,5 млрд.теңге сомасына 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Толық іске асқан жағдайда 1500 адам жұмыспен қамтылады. Ағым-дағы жылғы жобалардың ішінде 3-і іске қосылған», – деді Иса Мұсаұлы.
Аталған жобалар: Мақтаарал ауданындағы «Tulpar Textille» ЖШС тоқыма фабрикасының құрылысы. Жылдық қуаттылығы – 6600 тонна (жүзеге асырылуда); Мақтаарал ауданындағы «Tulpar May» ЖШС тазартылған май өндіру цехының құрылысы. Жылдық қуаттылығы – 2912 тонна. Жоба сомасы-2 млрд. теңге (іске асыру сатысында); Ордабасы ауданындағы «Стандарт Ресурсис» ЖШС көмір-химия комбинатының құрылысы. Жоба сомасы-1,5 млрд. теңге (іске асырылды); Кентау қаласындағы пластикалық құрылыс бұйымдарын шығаратын «АБН Альянс» ЖШС зауытының құрылысы. Қуаты – 1500 тонна кәріз құбырлары, жоба сомасы – 600 млн. теңге (жүзеге асырылуда); Келес ауданындағы «Тмстрой21» ЖШС күйдірілген кірпіш шығаратын зауыт. Жылдық қуаттылығы – 15 млн. бірлік. Жоба сомасы-520 млн. теңге (іске асырылды); Түркістан қаласындағы «Turkistan Textile» ЖШС тігін цехының құрылысы. Қуаттылығы – айына 15 мың бірлік. Жоба сомасы-500 млн. теңге (іске асыру сатысында); Сайрам ауданындағы «AYKAN» Айкан» ЖШС сүт өңдеу зауытының құрылысы. Жылдық қуаттылығы – 15 тонна. Жобаның құны – 390,8 млн. теңге (іске асыру сатысында); Сайрам ауданында «DARIA ГРУПП» ЖШС тауарлық бетонның асфальтбетон қоспаларын, темір-бетон және бетон бұйымдарын шығаратын зауыт. Қуаттылығы – тауарлық бетон – жылына 21 000 текше метр. Жоба сомасы – 290 млн. теңге (іске асыру сатысында); Сайрам ауданындағы «Elit Story M&A» ЖШС бетон және асфальт-бетон қоспаларын өндіретін зауыт. Қуаттылығы – тауарлық бетон – 40 000 текше метр, жоба сомасы – 270 млн. теңге (іске асыру сатысында); Келес ауданындағы «АІ ВІ-І» ЖШС кірпіш зауытының құрылысы. Қуаттылығы – 30 млн.дана. Жобаның құны – 251 млн. теңге (іске асырылды); Сайрам ауданындағы «Көктал Групп» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты. Жылдық қуаттылығы – 20 мың тонна. Жоба сомасы – 249 млн. теңге (іске асыру сатысында); Сайрам ауданында «Конус и К» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты. Жобаның құны – 200 млн.теңге (іске асыру сатысында).
МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің департаменті мен кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, қызметінің ашықтығы мен тиімділігі бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді көздейді.
Меморандум Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілінің аппарат секторының меңгерушісі Ирина Ким және облыстық атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті департаментінің басшысы Бекжан Алімқұловтың қол қоюымен бекітілді.
Тараптар кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жүйелік проблемаларды және кедергілерді айқындау, сондай-ақ кәсіпкерлікте заң үстемдігінің бұзылуын анықтау және жою бойынша шаралар қабылдау бойынша ынтымақтастықты дамытады.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ирина Ким өзара белсенді іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
«Жергілікті бизнестің басты проблемаларының бірі – түрлі әкімшілік кедергілер. Сондықтан да біз бизнесті қорғау, заңнамалық базаны жетілдіру, жергілікті атқарушы органдарға, әкімдіктерге, басқармаларға ұсыныстар енгізу бойынша үнемі жұмыс жүргізудеміз. Өзара ынтымақтастық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және олардың жұмысын айтарлықтай қысқартуға көмектеседі деп сенемін», – деп атап өтті Ким Ирина.
Сонымен қатар Палатаға кәсіпкерлерден әртүрлі өтініштер түсетінін ескере отырып, тараптар бұл құжат өздерінің ынтымақтастығын нығайтып және кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге үлес қосатын диалог алаңын құруға және бірлескен күш-жігер арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді анықтайтынына сенімді.
Өз кезегінде облыстық атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті департаментінің басшысы Бекжан Алімқұлов Кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қою өңірдегі бизнес-қауымдастықпен тығыз ынтымақтастық орнатуға көмектесетінін атап өтті. Тұрақты негізде уәкілетті мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтар мен кәсіпкерлердің қатысуымен бірлескен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізілетін болады.
НЕГІЗГІ КАПИТАЛҒА 260 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ БАҒЫТТАЛҒАН
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысымен Түркістан облысының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 260 млрд. теңгеқұрады. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28%-ға өскен. Аталғансоманың 41,5%-н жеке инвестициялар құрап отыр. Бұл туралы Өңірліккоммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының инвестиция жәнеэкспорт басқармасының басшысы Иса Құдабеков мәлімдеді.
«Өңірде Түркістан облысының 2020-2024 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы құрылған. Мұның аясында 1,8 трлн. теңге сомаға 201 жоба қолға алынып отыр. Бүгінгі күні 2020 жылғы жобалардан 31,5 млрд.теңге сомасына 9 жоба іске қосылып, 407 жұмыс орны құрылды. Ал шетелдің қатысуымен 25,8 млрд. теңге сомасына 2 жоба жүзеге асырылып, 160 жұмыс орны ашылды», – деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, аймақта облыс әкімінің басшылығымен стратегиялық сипаттағы инвесторлардың мәселелерін қарайтын инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді.
Сондай-ақ, облыста инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі «Turkistan Invest» өңірлік агенттігі жұмыс істейді. Ол инвесторлар үшін фронт-офис қызметін атқарады және «бір терезе»қағидаты бойынша қолдау көрсетеді. 2020 жылы жүзеге асқан 9 жоба «Turkistan Invest» агенттігінің тікелей сүйемелдеуімен іске қосылған.
САЙРАМДА 100 ГЕКТАР ЖЕРГЕ АЛМА БАУ ҚҰРЫЛДЫ
Түркістан облысы Сайрам ауданында жалпы аумағы 100 гектар болатын 7 қарқынды отбасылық алма бауы құрылды. Қосымша 17 гектар жерге бауға қажетті инфрақұрылымдық жүйелер енгізілді. Яғни, бау-бақша айналасында сорғы, сүзгілеу станциялары, коммуналдық ғимарат, жол, қоймалар, өткізу пункті, құдық және т.б. қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 2 097,3 млн. теңгені құрайды.
Алма бағы жылына 4 500 тоннаға дейін өнім беруге қауқарлы. Бұл отбасылық бақтарда алманың Гала, Голден Делишес, Фуджи, Гренни, Смит сорттары M9 тамырына отырғызылған.
Интенсивті отбасылық бақтарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтуды «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-гі жүзеге асырған.
Айта кетейік, бұл жобалар Түркістан облысы инвестиция және экспорт басқармасына қарасты «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы жүзеге асырылып отыр.
ТҮРКІСТАН-КЕНТАУ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ 95 ПАЙЫЗҒА АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Түркістан және Кентау қалаларын жалғайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «Ақ-Жол» ЖШС. Түркістан қаласы мен Кентау аралығындағы жолдың жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайды, қазіргі таңда оның 19 шақырымы жөндеуден өтуде.
Бүгінде жалпы жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталып, жолға асфальтбетон жамылғысы толық төселген. Сондай-ақ, елді мекен аумақтарында аяқжол, жарықтандыру шамдары орнатылды. Бұл жұмыстармен қатар Түркістан қаласының аумағында веложолақ төселді.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілері орнатылып, жолға таңбалау жұмыстары жүргізілді. Жаңартылған жол 2021 жылы толықтай пайдалануға берілетін болады.
Айқарма бетті әзірлеген Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.