ТАҒЫЛҒАН АЙЫП ЖАЛА МА?

Қоғам Құқық
651 Views

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылының тұрғыны Мадина Абылаева ұлының жазықсыз жаламен жиырма жылға сотталғанына наразылығын айтып, редакциямызға шағымдана келді. Көкірегі өкініштен қарс айрылған ананың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанына 7 айдың жүзі болған.

«Егер ұлым өз қолымен қиянат жасап, қаршадай баланың өмірін тас-талқан етсе, бет шыдатпас жиіркенішті әдетке барса, ондай ұлдың барынан жоғы, өз обалы өзіне деп қолымды сілтер едім! Бірақ, балам жазықсыз, соған өзегім өртеніп, күйіп барамын!» дейді шыбын жаны шырқырап әділдік іздеген ана. Мадинаның ұлы отыз бестегі апталдай азамат, ол өткен жылдың 18 желтоқсан күні кешкі сағат 18.30 шамасында көшедегі 7 жасар ұл балаға жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасады деген сот үкімімен қамауға алынған.

Нақты айтсақ, қыстың қараңғы кешінде көшеде ойнап жүрген баланы айыпталушы азамат жетектеп үйіне алып барып, зорлаған деген айып таққан. Осы негізде тергеп-тексеру жүргізіліп, 35 жастағы азамат Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 20.05.2022 жылғы үкімімен 20 жылға сотталды.

Ұлына қатысты шыққан соттың үкімін естігенде төбеме жай түскендей болды дейді Мадина Абылаева. Бірнеше рет баласының кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысқанмен, одан оңды нәтиже шықпапты. «Сот ұлыма қисынсыз дәлелдемелерді негізге алып үкім шығарды, сондықтан сот үкімімен келіспеймін! Баламды жазықсыздан жазықсыз 20 жылға соттап жатыр. Мұның бәрі барып тұрған жала!» дейді.

Неге десеңіз, анасының айтуынша, ауылдың учаскелік инспекторлары түнгі сағат 2-де сотталушының шаңырағына қандай да бір айғақ табу мақсатымен келген. Олар «зорланды» деген жеті жасар баланы үйге ертіп әкеліп, оқиғаның қалай болғанын жеткіншектен сұрай бастайды. Баланы сөйлету барысында үйдегі жылу құбырында жеткіншектің саусақ іздері қалатындай жағдай жасады деп отыр. Келесі күні аудандық ішкі істер бөлімінің криминалдық қызметкерлері келіп, дәл сол жерді қарап, баланың саусақ іздерін анықтаған. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты дәл осы саусақ іздерін айғақты дәлел ретінде негізге алып бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Ал, осы оқиға болған күні тергеушілер азаматтың үйінде екі-ақ адам – өзі және жұбайы ғана болған деп көрсеткен. Алайда жеті жастағы балаға жыныстық сипаттағы әрекет жасалды деген тұста айыпталушының жары ас үйде құлаққап киіп, әуен тыңдай ас дайындап, алаңсыз жүрген дейді. Қисынға келмейтіні де осы: арасы екі-ақ аттам жерде екі ортадағы есіктердің құлыптанбайтынын ескерсек, үй иесі бала зорлап жатқанда жары алаңсыз қазан қайнатып жатыр дегенге кім сенеді?

Жазықсыз сотталды деген азаматтың ісінде мұнан бөлек тағы да түсініксіз жайлар өте көп. Мәселен, балаға зорлық әрекеттер жасалды деген уақытта ол мүлдем үйінде болмаған. Айыптау қорытындысында қылмыс кешкі сағат 18.30-да орын алды деп көрсетілсе, бұл уақытта сотталған азамат Шымкент қаласындағы жұмысынан ауылына қайтып бара жатқан дейді. Мұны растап, толық дәлелдейтін куәгерлер де бар. Бірақ, неге екені белгісіз, тергеушілер де, тіпті әділдіктің таразысына айналған сотта бұл жайды ескермеді деп ашынып отыр.

Мәселен, айыпталушының жұбайы Сандуғаш Сұлтанова:

— Мен 24 сағат үш баламмен үйде отырған әйелмін. Оқыс оқиға орын алды деген күні мен үйде болдым. Баланың берген мәліметінде сол күні мен үйге көмір алып кірген ұқсаймын және құлаққап киіп, музыка тыңдап, ас әзірлеп жатқан көрінемін. Бұл құлаққа кірмейтін қисынсыз әңгіме. Біріншіден, көмірді мен ас үйге тасымаймын, ошақ үйдің ішінде емес, артқы жағында. Сонда көмірді үйге не үшін кіргіземін? Екіншіден, балаға күш қолданған сәтте жеткіншек жылу құбырын алақанымен ұстап тұрды делінген, ол кезде құбырдың ыстық болғаны соншалық оны қолмен ұстап тұру мүмкін емес. Үшіншіден, баланың аузында оқиға үйде емес, қара түсті көлікте болды деген сөз айтылды, оны қаперге ілген тергеуші де, сот та болған жоқ. Баланың осы сөздері аяқасты қалды. Төртіншіден, менің күйеуім мен зорланушы бала бір-бірін алғаш рет сотта ғана көрді. Жәбірленуші бала менің күйеуімді «әкемнің досы» деп көрсеткен, алайда естуімізше баланың шешесі баланың әкесінен бір жасында ажырасып кеткен, әкесінің досы екенін қайдан біледі? Бесіншіден, әйелі – мына мен үйде музыка тыңдап тұрды, ас пісіріп дегені тіпті сорақылық! Егер менің күйеуім осыншалықты азғын болса, мен одан теріс айналып, ақтап алуға тырыспас едім… Бұл тағылған айыпқа келіспейміз, өйткені ол да үш ұл баланың әкесі. Зорланды деген баламен жасты өзінің де ұлы бар! Сөйте тұра осындай әрекетке баруы мүмкін емес?

Міне, осылай деген айыпталушының отбасы тергеу жұмыстары дұрыс жүргізілген жоқ, сот та істі біржақты қарады деп үкіммен келіспейтіндерін айтады. Қай ана бауыр еті баласын жаманатқа қияды, бәлкім қағанағын қақ жарып шыққан перзентін ақтағысы келген болар дейін десек, біз барғанда есік алдына жиналған көршілер де сотталушы туралы теріс пікір білдірген жоқ. Мінездеме сұрағанымызда оның мінезі жайдарлы, салмақты, ешбір оғаш қылық байқатпағанын алға тартты.

Ал, жәбірленуші тарапты көршілері жақсы танымайтын болып шықты. Олардың сөзінше, 7 жасар баланың анасы Шұбарсу ауылына оқиға орын алардан 1,5 ай бұрын ғана көшіп келген. Баланың анасы туралы алып-қашпа әңгіме көп. «Бала зорланды» деген оқиғадан кейін арада бір-екі апта өтер-өтпес баланың шешесі біреулерге жалап жапқаны үшін соққыға жығылғандығын айтты. Қазіргі таңда жәбірленуші бала да, оның анасы да Шұбарсу ауылынан көшіп кеткен.

— Егер біздің елге қарайтын бетіміз болмаса, бізде көшіп кетер едік. Көршілерімізбен, ауыл-аймақ адамдарымен әлі күнге қоян-қолтық араласамыз, — дейді Сандуғаш Сұлтанова.

Сондай-ақ. Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Есболат Қыдырұлы да соттың бұл үкімімен мүлде келіспейтінін айтады. Себебі тергеп-тексеру бір жақты жүргізілген деп отыр. Айыпталушының балаға жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасады деген уақытта сотталушының ол уақытта үйінде болмағанын дәлелдейтін куәлер ескерілмеді дейді қорғаушы.

Баласының өміріне араша сұрап келген кейуананың шағымы бойынша журналистік зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Құзырлы орган өкілдері толтырған түрлі құжаттарда қарама-қайшылықтар көп. Мысалы, Ордабасы аудандық прокуратурасының прокуроры Оразбаевтың 2021 жылдың 21 желтоқсанындағы қаулысында айыпталушы жас баланы қолынан ұстап, ертіп алып барып, үйінің қонақ бөлмесіне кіргізіп, шалбарын шешіп еңкей деп жәй сыбырлап айтқан деп көрсеткен. Сосын сол бөлмедегі жылу құбырын екі қолымен ұстатып, баланың дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалды әрекет жасап, жылағанына қарамастан тік ішегіне зақым келтірген деп көрсетілген.

Қылмыстық іс 18 желтоқсан күні сағат 18:30-дар шамасында деп көрсетілген. Ал, оқиға кезінде айыпталушы мүлдем басқа жақта жүрген. Дәл сол сәтте оқиға орын алды деген үйде сотталушының жұбайы, анасы және бала-шағасы болған. Дегенмен, сотқа дейінгі тексеру кезінде сотталушының үйінен жәбірленуші баланың саусақ ізі табылған.

Алайда жоғарыда ғана айыпталушының адвокаты оқиға орын алды деген үйде ішкі бөлмелердің есігі құлыптанбайтынын айтқан болатын. Сонда тергеушілер тергеп-тексеру кезінде қайда қараған? Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының Ордабасы аудандық бөлімшесінің сараптама қорытындысында 2014 жылы туған жасөспірімнің артқы өріс аймағын қарап тексеру кезінде шартты сағат ретінде 6 санына сәйкес, жартылай жыртылу анықталған. Бұл жарақат қатты доғал заттың әсерінен пайда болған. Ондай зат ер адам мүшесінің қозып-қатайған қалпы болуы мүмкін делінген. Мүмкін делінген болжам ғана. Бұл нақты солай екенін білдірмейді.

Ал сот-медициналық сараптамасының қорытындысында зорлық құрбаны болды деген баладан ер адамның шәуеті табылмаған. Яғни экспертиза таза! Олай болса, Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 20 жыл үкімді неге сүйеніп кесті екен? Қазақстанда адам тағдыры бір ғана арызбен шешіліп кете беретін соншалықты құнсыз ба!

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Ал, Түркістан облыстық мамандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қасым Қалмағанбетов айыпталушының анасының тергеу бір жақты жүргізілді дегеніне мүлде келіспейтінін айтты. Судья тергеп-тексеру нәтижелеріндегі айыпталушының қылмысын дәлелдейтін айғақтарды негізге алдық деп отыр.

Қ.Тоқаев азаматтардың құқықтарымен бостандығын қамтамасыз ету мәселесінде сот төрелігі әділ болуын тапсырды. Ал, мына жағдайдан кейін сот төрелігі әділ өтті деп айта аламыз ба?

Біздің қоғамда жазықсыз жапа шегіп жатқан жандар аз емес. Тіпті, кейде әділ деген соттың да қара қылды қақ жара бермейтіні өкінішті. Соның салдарынан кейбір жазықсыз жандардың темір торға тоғытылып жатады. Қала берді айдың-күннің аманында біреуге себепсізден себепсіз жала жабу жиілеп кеткен секілді.

Қазір соттан сотқа сандалған жұрт аз емес. Айлар, тіпті жылдар бойы сағыздай созылған сот процестерінде әділдік іздеп сабылып жүрген жандардың қарасы көбейіп барады. Ол аздай көпшілік соттың әділ шешім шығаратындығына да сенімсіздікпен қарайтын көрінеді. Себебі сот процестерінің көпшілігіне талапкерлердің көңілі толмай, аппеляциялық шағым түсіріп, тіпті Жоғарғы сотқа дейін шағым түсіріп жатады.

Балам жаланың құрбаны болып, жазықсыз 20 жылға сотталды деген ана тергеп-тексеру жұмыстарының қайта жүргізілуін талап етіп отыр. Иә шынымен ақ осындай түсініксіз тұстары көп делінген тергеуді неге қайта тергеуге жібермеске? Сонда бауыр еті баласы үшін шырылдаған ананың да көңілі жай табар еді.

Әділдік іздеген тарап сот үкіміне қарсы, сол себепті аппеляциялық шағым түсірген. Ол шағым бойынша осы жылдың 13 шілдесінде сот отырысын өткізу белгіленген. Шындықтан, әділдіктен үмітті отбасы әлі де болса істің ақ қарасы анықталатынына сенеді. Олар аппеляциялық сот барлық негіздерді назарға алып, істі қайта қараса дейді.

Егер айыпталушының кінәсі бар болатын болса, қайта тергеуде де анықталмай ма ? Біздің ойымызша анасының баласынының бұндай әрекетке барғанын не бармағанына тағы бір рет көз жеткізгісі келген сияқты. Айыпталушы тарап ендігі бар үміт аппеляциялық соттың шешімінен күтеді. Тергеу әділ өтіп, қайта тексерілсе, істің ақ қарасы анықталса бір шаңырақтың тағдыры қайта қалыпқа келер ме еді бәлкім. Кім білсін? Дегенмен үміт сөнген жоқ. Жақсылықтан әлі де жаңалық күтеміз.

Бауыржан ИБРАГИМОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *