Ой да, сөз де бейнебір сиқыр тәрізді. Келіп, кетіп жүреді. Кейде ұстайсың, кейде ұзақ уақыт жалынан сипатпай кетеді. Дейтұрғанмен де, оңашадағы ойлардың қағазға түскен мына нұсқасы бірде арық, бірде семіз шыққан түрі. Бұл да бір «жалқау» не «жедел» жанр түріне жата ма, кім білсін?! Оқып көріңіз.
Ой мен өнер адамын басқармау керек, бағалау керек.
* * *
Бір жазушы өз шығармасын оқуға қорқады. Жазатыны өлім туралы болып бара жатыр.
* * *
Классик болу үшін түсініксіз, күрделі жазу керек пе?..
* * *
«1975 жылы менің самогон жасайтын аппаратымды тәркілеп еді. Кеше мен оны «Жаңғыру және нанотехнология» деген көрмеден көрдім».
Осы деректі қайдан оқығаным есімде жоқ. Бірақ қызық. Біздің елдің тірлігіне ұқсайды.
* * *
Шетелдік асырап алғанмен ол бәрібір оған бала болмайды. Қанындағы қасиет қалады. Американдық заңдастырып алған Салтанат деген қыз балаға шығарма жаздырады. Әлгі бала екі көзі боталап отырып дала, жылқы туралы жазыпты.
* * *
Майя Плисецкая биді зоопарктегі аққулар-дан үйреніпті. Өмірден асқан ұстаз болмайды.
* * *
Парламент — жылы-жылы сөйлеп жыланды інінен шығаратындар, жылпостар, жылтырлар, бір кітапты тауысып оқымағандар баратын жер емес.
* * *
Танымал адамдардың бәріне тұлға деп қарауға болмайды. Көбісінің тұлғалық қасиеті, ойлау деңгейі жарамсақтықтан аспайды.
* * *
Біз не көрмедік? Моншада отырып бас мүжігенді де көрдік-ау.
* * *
Орыс тіліндегі газеттер қазақша қате жаза береді. Тексеруді қажет деп те ойламайды. Басқа, басқа Тоқаевтың мақаласын «Теуелсіздік берінен кымбат» (Независимость — самое дорогое) деп жазып, үш қате жіберген («АиФ»- 1, 2021). Бұл әрине олар үшін қалыпты жағдай. Ешкім жауап бермейді. Қазақстанның Еңбек Ерін — «Герой труда» деп жазады. Мұндай атақтар аударылмайтынын, мемлекеттік тілде жазылатынын қаперге алғысы жоқ.
* * *
Бұл өмірде ерлік те, ештеңе де жасап әуре болмай-ақ қойшы. Тек иттік жасамашы. Осы қолдан келеді ғой.
* * *
Адам мына жақсы күнді аман көргеніне де жақсы оймен жылап, ішкі дүниесін жуып тұруы керек. Жылау – тек қасіреттің емес, тәубаның, қанағаттың көрінісі.
* * *
Әр салада мәдениет қолға алынса, кез кел-ген дағдарыстан шығуға болады. Әдет-ғұрып, иба, салт, сыйластық, имани мәселелер үрдіс алуы керек. Бәрі заңмен реттелуі, шешілуі мүмкін емес. Заңнан да биік тұрған ұғымдар, құндылықтар бар. Ел ізгілікпен, рухани жол-мен басқарылса, көп мәселенің түйіні тарқаты-лады. Елдің обалына қалып, оңдырмайтындар өз орнында отырмағандар ғой.
* * *
Не болса соған таңқалу, тамсану, мақтан сүю — өспей қалған елдің тірлігі.
АҚИҚАТ АЙТЫЛҒАН ЖЕРДЕ ӨЗІҢДІ АДАМ СЕЗІНЕСІҢ
Театр ата-анаң тәрізді маңдайыңнан сипайтын жер. Бұл қалада мейірім іздейтін жер болса, ол – әкемтеатр. «Қарағым, шырағым» деген мейірбан сөзді осы жерден естисің.
* * *
Ұлттық рухқа, тарихи таным – текке негізделген мемлекеттік деңгейдегі тұжырымдама жасалып, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізу керек. Сонда жатырға сәуле түседі.
* * *
Еуропада дала деген ұғым, айналайын деген сөз жоқ.
* * *
Сәлемдессең «бірдеңе дедің бе?» деп, сәлемнің өзін әжептәуір сөз қылғысы келетіндер бар.
* * *
Массажист: « Табаныңыздың қытығы жоқ қой» деді. «Баса бер, қоғамнан қытық қашқалы қашан?» дедім.
* * *
Пикассо Модильяниға: «Сіз неге мені жек көресіз?» дейді. Модильяни: «оны кім айтты? Мен алдымен өзімді өзім жек көремін» депті.
Біреуді жек көрудің керегі жоқ. Жауды басқа жақтан іздеме. Өзіңнен ізде. Кісінің жауы — өзі.
* * *
Елбасының кейбір өнімдері иістеніп барады.
* * *
Кісінің көңіл-күйі — құлақ күйі келмеген домбыра тәрізді.
* * *
Қазақ сөз жоқ, ақылды халық. Бірақ соны өз өмірін жақсартуға жұмсамайды. Ақылын шашып жүреді.
* * *
Төрегелді Шарманов « Тіл комитеті ұлттық қауіпсіздік комитетінен еш кем болмауы керек» деді. Оны айтасыз, тілі әбден өркен жайып, еш қауіп күтпейтін елдерде тіл полициясы бар.Мәселен, Францияда.
* * *
Жаңа технологиялардың өмірге енгені жақсы. Бірақ жасанды интеллект — ұлтты рухтан, табиғилықтан алыстатады ма деймін. «Технология қарыштап дамыған сайын, жарымес ұрпақ өсіп шығады» дейді Эйнштейн. Демек, мемлекетте бақылау, реттеу болмаса қиын.
* * *
Әркім өз деңгейімен өмір сүреді. Оған ренжуге болмайды.
* * *
Психологтардың пікірінше, маскүнемдік те құлдық сананың бір көрінісі.
* * *
Кедейлік кісіге келіп, кетіп жүреді. Тәубеге түсіп отыру үшін бұл да дұрыс.
* * *
Әлемде 35 жылқы музейі бар екен. Ал ат құлағында ойнап өскен, көкпар тартып, бәйге өткізуден көз ашпайтын қазақ елінде бір музей жоқ.
* * *
Баспасөз бөспесөзге айналып барады.
* * *
Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президент сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.