ӘУЕЗ АТАМҚҰЛ БАТЫР

Таным Тарих
312 Views

Әуез Атамқұл батыр жайлы не білеміз? Атамқұл 1823 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауының бөктерінде қоңыр күзде туыпты. Әкесі Кебек ірі денелі жаудан да даудан қайтпайтын алғыр батыр, барымташы болыпты. Өзі Ақылбекпен түйдей құрдас, талай-талай сапарларда бірге болып, білегіне шоқпар іліп, жау келсе найзасына жүгіретін оны жанынан тастамайтын қандыкөйлек досым деп қатты құрметтейді екен.

Кебектің әйелі маңдайы торсықтай ұл тауып, ол бес жасқа келгенде сүндетке отырғызып, ел-жұртты жинап сарыжазықта Қастек өзенінің бойында той жасайды. Сонда Ақылбек ортаға шығып былай депті:

— Мына Кебек екеуіміз де Қарасай батырдың ұрпағымыз. Ол Әуез атты тұңғышынан, ал мен Түрікпен атты баласынан боламыз. Екеуіміз бір жылы, бір жазда дүниеге келіппіз, сонда аталарымыз ырым ғып, екі бесікте қатар жатқан Кебек екеуімізді ақыреттік дос болсын деп құран оқытып, асықты жілік ұстап, бата беріпті. Міне біз де осы жасында ел алдында Сұраншым мен Атамқұл екеуіне де сол ата-баба жолы бойынша ақыреттік дос болыңдар деп көпшіліктен бата сұраймын,-депті.

Екі баланы ортаға шығарып, екеуіне шыбық кестіріп, құран сүйдіртіп, мәңгі бірге болатын дос болыңдар деп ақ баталарын берген екен.

Осыдан кейін Сұраншы мен Атамқұлдың жұбы жазылмай ғұмыр бойы бірге жүрді. Атамқұл атты батыр, билер бірнешеу болғандықтан оны Әуез Атамқұл батыр деп атап кетіпті. Ерен ерлігі мен ел-жұртына істеген игі істерін әсіресе 1864 жылдан кейін Сайрам қаласының басшысы болып, қалған өмірін сол өңірде өткізеді. Бейіті қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданы Шапырашты ауылының іргесінде:

Атамқұл батыр жайлы әңгімені сол дәуір жайлы әріден бастайық.

Сұраншының арғы атасы – Қарасай батыр. Өз атасы Кәшке батыр, немере ағасы Саурық батыр.

Сұраншы жас шағында-ақ Жетісу жерін Іледен батысқа қарайғы өңірдегі елді билеп, халыққа тізелерін қатты батырған қоқан хандығы бектерінің зорлық-зомбылығына батыл қарсы шығады. Бұны бірден түсініп, барған сайын өшіге түскен қоқан бектері Сұраншыны серік жігіттерімен бірге тұтқынға алып, дарға асуға бекінеді.

Сондай шиеленіскен ауыр күндердің бірінде Қарақыстақ және Қастек өзендерінің аралығындағы Сарышыбыр қырқасында қақтығыстар болады. Сонымен ел ішінде бектердің қысымы күшейе түседі.

Қ. Тұрғанбаевтың жазуына қарағанда, Сарыкемерде Тілеуқабылдың шабуылы 1852-1853 жылдардың кезінде болған. 1853 жылы 20 майда жазылған ресми хабарда «би Керім бізге берілген кісі, Гутковскийге қарсы көтеріліске қатынасқан жоқ. Тойшыбектің жеткізуі бойынша Қоқан зынданында үш ай жатып, бар мүлкінен айырылып қалған» делінген. 1860 жылы Сұраншының Қопа бойында, тауда қоқандықтармен бірнеше рет шайқасуы болғаны айтылады. 1861 жылы шілдеде қоқандықтар Қаскелеңнің Ілеге таяу бойында бес ауылды шауып алған. Солар талаған мал мен тұтқын әйелдерді орыс-қазақ отряды Қордай бойында артынан қуып жетіп айырып алған.

Академик Обручевтің кітабында – 1853 жылдары Тойшыбек бастаған жеке жасақтар Шу жағынан келіп, орысқа қараған қазақ ауылдарына дамылсыз шабуыл жасағандығы айтылады.

«Жамбыл» атты ғұмырнамалық романында Сапарғали Бегалин сол кезеңді былай деп жазады: «Өмірзақтың айтуында, Қоқанның қолымен қосылған қырғыздың қолы Аңырақай, Үштөбедегі Қасқарау Қыбырай елін шапты. Сонан хабар келіп, Сұраншы соны айыруға барып соғысып, қоқандықтарды қашырды» дейді.

«Жамбыл» колхозының мүшесі Ыбырайым Бейсембекұлы шежіре қарт. Осы Сұраншы әңгімесін өте анықтап айтады. Өйткені Ыбырайым үлкен әкесі Райымбек деген кісі көп жасап, 83 жасында 1914-жылы өлген. Ол кісі Сұраншының соғысына өзі қатынасқан. Сұраншының бұл соғысын Райымбек бастан аяқ өте қызық етіп айтады екен. «Сұраншыға хабар келгенде, мен де қасында едім. Қарғалының беткейінде, ауылдың сыртында тоғызқұмалақ ойнап отыр еді Сұраншы. Екі торы аты терден бұрлығып кеткен Тілеуқабыл елінің шапқыншысы келді. Қос атпен кісі келе жатқанда-ақ, Сұраншы құмалақты жайып күтіп отырды.

Тойшыбек бастаған Қоқанның қолы Сарыкемердегі Тілеуқабылды шапты, елдің ақсақалы сізге жіберді, — деді шапқыншыл. Сұраншы көп сөйлемейтін кісі еді. Аз ойланып отырды да:

– Тігіңдер туды! – деді. Атақты батыр атасы Кәшке туын көтерген соң-ақ сол жердегі Есқожа, Екейдің барлық ер азаматы атқа мінді. Небәрі 800 дей ғана кісі болды. Қол жөңкіле төмен түсті. Сұраншы аулының барлық жарамды ат-айғырын мінгізіп, қара көбейтіңдер деп, малшыларына дейін қалдырмады.

Шапқыншы Сарыкемерге ел жаңа ғана қонып жатқанда шауып жетеді. Өзінің қолы сол жерден кейін серпілді. «Тауға кеуделеп келіп қалған шығар», — деген соң, қол біресе жөңкіліп Қопаға шауып, біресе Құтырғанға қарай шауып, ат та барлықты. Бір мезгілде Сұраншы: «Қоқанның қолы Қопаға қоныпты. Енді ол бүгін көшпейді, түнде тиеміз, атты біраз тынықтыртып алалық», — деп қолға аралап жүріп айтты да, өзі Жанжігіт, Төбет деген жерге әкеліп қолды түсірді. Елдің бәріне отын шаптырды. Бір кісіге үш жерден отын үйдіріп, күн бата барлық үйген отынға от қойғызды. Ел жата 300 кісіні үшке бөліп, үш жақтан тұтатқан бұтаны аттың құйрығына байлатып, ел жата жатқан қолға келіп тиіп кеп жіберді.

Сұраншы қолдың алдымен Қоқан қолының ортасына өзі кіріп, алдымен туды шаншып түсірген. Қаптаған от, көтерілген шаң өзінен-өзі дүрліккен, жай жатқан алаңсыз қол есі шығып, соғыса алмай қашқан. Қашқан жауды жетіп түсіре бердік. Мен өзім сол түнде 17 аттың құлағын кескен екенмін, 6 ат қазақтікі екен, өзі танып алды, қалған 11 атты Жауқашар екеуміз алдық, (соғыста жаудан кісі түсіріп атын алғанда, түсірген кісі аттың құлағын ойып алады екен. Артынан кімде кімнің кісесінде құлақтың ойығы қай атқа дәл келсе, сол атты алады екен).

Қоқанның қолы сол қашқаннан жаман қашты. Көбі қазақ пен қырғыз екен. Қоқан қолының алып кеткен мал-мүлкін қайырып әкеліп, шабылып қалған Тілеуқабыл елінің өзіне бергенде, Тілеуқабыл елінің Тілен деген кісінің бәйбішесі семіз кісі екен, аяңдап келіп: «Сұраншы батыр қайсысың? Көрейін», — деп келіп, алдына бір шығып, артына бір шығып: «Балам-ай, Қарасай, Кәшке аталарыңның әруақтары саған баса қонған екен. Еліңнің бағына туған ер екенсің», — дейді.

Сұраншы Ақынбек баласы – хан Кәшкенің немересі, өте бай болған, батыр атанған ақсүйек тұқым» – деп жазады жазушы Сапарғали Бегалин «Жамбыл» атты романында. Сұраншының қасында бұл шайқаста екі ел қалмай Атамқұл досы жүреді.

1853 жылы қоқандықтар Аңырақай тауының бөктерінде жатқан Дулат, Ысты ауылдарына шабуылдап, ойран салады. Бұл жолы оларға Сұраншы бес жүздей сарбаздарымен көмекке келеді. Сарыбастау, Ұзынбұлақ, Апанқұдық, Ақшоқы маңайында жауға тағы тойтарыс береді. Бұл қазақтың кең өлкесін еркін билеп, еркінсіген қоқанның бектерінің, оған қоса, өзінің қырғыз халқына былай тізе батырған, көрші жатқан қазақтармен тағы да ерегесіп отырған Орман ханның қоқандықтарды жергілікті халыққа қарсы айдап салып тұрған кезі еді.

Сұраншы бастаған батырлардың алысар жауы сыртқы жау – қазақ елін жаулап алып, қорлықта ұстаған — қоқан хандығы. Жамбыл Сұраншыны:

Үш күн, үш түн соғысып,

Жауды шөптей жапырды,

Қырып, жойып қалғанын,

Ел шетіне қашырды — деп жырлайды.

Қоқан хандығына бағынып тұрған кезде, ханы Құдияр аса қиянатшыл, жауыз болды, Құдиярдың халыққа көрсеткен қорлығы Жамбылдың «Сұраншы батыр» поэмасында толық сипатталады.

Қоқан қорлығына шыдамаған Ұлы жүз елі көтеріліс жасағанда, Жамбылдың әкесі Жапа, Әуез Атамқұл ерлігімен көзге түскен батыр жігіттердің бірі болды.

Жамбыл Құлмамбетпен айтысында:

Сұраншы, Саурық батырым,

Шетіне дұшпан келмеген,

Ақ кіреуке жамылып,

Ат кетпеген кермеден,

Садағын белге байланып,

Жауға қылыш сермеген.

Қамын ойлап халқының,

Тар кезеңді бермеген,

Тоятын тілеп алыстан,

Тұғырда тұрып жем жеген…

Арғы атасы – Қарасай

Кашке-қарадан хан болған,

Қылған ісі Әбілпейіске таң болған.

Төменгі шеттен айтайын

Әлі менен Нұрабай –

Әуезден шыққан Атамқұл

Ер Кашкенің тұқымы

Атасы жауға аттанып,

Жауды көрсе шаттанып,

Ат құйрығын бұлады,

Елінің басын құрады.

Сұраншыдай батырдың,

Жан жүрмеген шенінен,

Алмастан соққан ақ қылыш,

Еш кетпеген белінен

Ашуланған кісіге,

Қабағы жаман түксиген,

Досы қатты сүйінген,

Дұшпаны жаман күйінген,

Сұраншыны көргенде,

Аузын ешкім ашпаған,

Аяғын қадам баспаған.

Қарсы келген кісіні

Сүйретіп жерге тастаған, — деп суреттейді.

*   *   *

Қоқандар неге қазақ жеріне соншама қатты ынтықты, қалай басып алды? Аз-кем тарихқа көз жүгіртейік.

ХІХ ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстан ортаазиялық феодалдық мемлекеттер – Хиуа, Бұхара және үлкен дәрежеде – Қоқан экспансиясының объектісіне айналды. Қазақстанның оңтүстігінде олардың үстемдік ету кезеңі біршама аз уақыт аралығын (шамамен 1810-1816 жылдар аралығын) алса да, бұл кезең – аймақтың Ресей империясына қосылуының тікелей алдында болған маңызды кезең.

Ферғана тарихи жағынан да географиялық жағынан да Қазақстанның оңтүстігімен тығызырақ байланысты болды. Осында XVIII ғасырдың басында, бастапқыда өзбек құрылымының үлесі ретінде пайда болған шағын Қоқан иелігі бірте-бірте, XVIII ғасырдың аяғына қарай, солтүстік ферғаналық қожалардың жергілікті діни жетекшілерімен және басқа да рулық-тайпалық топтармен ойдағыдай күрес жүргізе отырып, бүкіл Ферғана алқабын өз билігіне біріктірді.

1798 жылы Қоқан тағына Әлім бек (1773-1810) көтерілді.

Ташкентті бағындыру Қоқанның Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы басталғанын көрсетті. Мұндағы жағдай Әлім бектің ой-ниетіне қолайлы болды. Қазақ билеушілері арасында бірлік болмады. Түркістан қаласының билеушілері Бұхараның көмегіне бағдар алды, сол кезде сайрамдықтар Қоқанның жуырдағы одақтастары болатын. Түркістанның билеушілері Ибраһим сұлтан мен Қасым сұлтан және соңғысының балалары Қуатхан мен Тоқайхан (Тоғайхан) әмір жағында, ал 3-4 әскербасы бар 10 мың адамдық сайрам әскері Әлім бек жағында шайқасты. Онда қоқандықтар сайрамдықтардың тас-талқанын шығарды.

Басқа бір қазақ билеушісі Әділ төре (Абылай ханның үшінші баласы) өзара қырқыстар себепті 10 мың отбасымен бірге туған жерінен мүлде кетіп, қытайлықтардың иеліктерінен пана іздеуге мәжбүр болды. Ташкентте ірге тепкен қазақтың Шыңғыс ұрпақтарына келер болсақ, олар кейіннен болған оқиғалардың көрсеткеніндей, бастапқы кезеңде Дешті Қыпшақта қоқан саясатын жүргізушілер болған.

Қоқан хандығының билеушілерін қазақ даласын жаулап алу үшін баруға итермелеген не? Жоғарыда атап өтілгеніндей, Әлім бек пен оның төңірегіндегілерді қазынаны жаңа олжа көздерімен толықтыруға ұмтылыс жаулап алушылық жорықтарға итермеледі. Осы арқылы ол «бұрынғы» өзбек шонжарлары мен негізінен таулық тәжіктер ( XIX ғасырда олар «тәжік» этнонимімен көрсетілді) қатарынан құрылған «жаңа» әскер (бұл жауынгерлер гала-баһадүрлер деп атала бастады) арасындағы бақталастықты жұмсартып, олардың мүдделерін жаңа облыстарды басып алу мен отарлау үшін біріктіруге де ұмтылды.

Ташкентті бағындырғаннан кейін бір жыл өткен соң, 1810 жылдың ақпанында Әлім бек Ресеймен сауда жасау үшін тауарлар артылған 300 – 400 түйеден керуен жабдықтап, оны Ташкентке жіберді. Нақ сол уақытта ол Ташкенттегі хакім Сайид Әлібектен қазақтардың салықтар: зекет (малдан) пен харадж (егістен) төлеуден бас тартқаны туралы хабар және бағынбаушыларды тыныштандыру үшін әскер жіберуді сұраған өтініш алды. Сол кезде хан қысқы аязға қарамастан керуеннің ізінен Сайрамды, Шымкентті және Түркістанды бағындыру үшін 12 мың адамдық «жаңа» әскер жіберді.

Осы жорықтың барысында қоқандықтарды басқарған тәжік Зухур дуанбегі Сайрамды қоршады, Шымкент қыстағына бекініс салып, онда мылтықтары мен екі зеңбірегі бар 200 жаяу және 400 салт атты атқыштарды қалдырды. Содан соң ол Әулиеатаға келіп, бекініс салды және онда тәжіктер Абдаллах датқа пен Шахбек датқа бастаған 1000 жауынгер қалдырды. Одан әрі Зухур дуанбегі Түркістанға жақындады.

Қоқандықтарға қарсы басқа бір ірі бой көрсетуді Шыңғыс ұрпағы Тентек төре ұйымдастырды. Көтеріліске шыққандар бетпе-бет шайқаста талқандалып, шегінді де, екі жасаққа бөлінді. Бірі Сайрамдағыдан неғұрлым мықты Шымкент бекінісіне тығылды. Екіншілері Сайрам бекінісін қорғай бастады. Қоқандықтар Шымкентті қоршауға алды, онда қазақтарды Рүстем басқарды. Кескілескен қоршаудан және қазақтардың түн жамылып жасаған шабуылы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Шымкент алынды. Сонан соң Қоқан әскерлерінің қызыл және ақ тулары Сайрамда да көтерілді. Оны қоршау кезінде қоқандықтар зеңбірек пен мылтықты кеңінен қолданды. Қоршаудағылардың күш пен қаражаты сарқылғаннан кейін Тентек төре берілуге, Қоқанға жыл сайын баж (жол үшін төленетін алым) және зекет төлеп тұруға келісіп, Омар ханның сарайына өзінің ұлынан сый-сыяпат жіберуге мәжбүр болды.

Бірінші кезең Қоқанның Қазақстан мен көршілес Қырғызстанда аумақтарды басып алуының барынша етек алуымен, жаулап алынған жерлерде әкімшілік бақылау орнатуымен сипатталады.

Қазақтардың күш алып кетуінен қорыққан Қоқан хандығы қырғыз манаптарын Жетісу өңірін мекендеген қазақтарға қарсы айдап салған. Қазақ ауылдарын шабу кезінде қоқандықтар қырғыздарға үнемі көмек беріп отырған. Қырғыздардың манабы Орман үнемі шапыраштылармен жауласып өш болған. Қырғыздардың манабы Орман бір соғыста Саурықтың қолына түсіп қалады. Орман Саурықтың аяғына жығылып, кешірім сұрап жалынғанына сеніп қалған Саурық оны босатады. Еліне барған Орман қоқандықтардың қолдауымен баяғы әдетіне қайта басады. Сонда Саурық батыр: «Жер бетінде Орман ханнан асқан опасыз жоқ, ол адамның сұмпайы, сөзінде пәтуа жоқ», – деген екен. Сұраншы батыр қол бастап, қырғыздарды қоқандықтармен қоса талқандайды. Қырғыздардың манабы Орман өлтіріледі. Сөйтіп, қоқан-қырғыз одағы ыдырайды. Тіпті, қоқандықтармен қытайлықтардың бірігіп, қазақтарға қарсы соғысу деректері де тарихта тіркелген. Қытайлықтар Ілеге 1840 жылға дейін қазақтардан алым-салық жинау үшін әскерлерін жіберіп отырған. Қытайдың әскерлерін шапыраштылар Тереңөзек сайында талқандайды. Осы кезде үш мың қолдан тұрған қытай әскері көмек алу үшін Қоқанның Ташкент бетіне өтуге әрекет жасайды. Бірақ, шапыраштылар қытайларды күйрете жеңеді. Осы оқиға жөнінде Шоқан Уәлиханов былай деп жазды: «Әлі күнге дейін қытайлар бұл жеңілістерін ұмытпайды, Шапырашты руынан шыққан қазақтар туралы бас шайқай әңгіме етеді».

Шымкенттік ғалымдар Р.Бекназаров, С.Қонақбаев, С.Мәдуанов, Б.Алтаевтардың зерттеуі бойынша қоқан жаулаушылары, негізінен, қазақ даласындағы қалаларды, сауда жолдарын және малдардың көшу жолдарын өз бақылауына ұстаған. Базарға малдарын саудалауға алып келген қазақтардан алым-салық алып отырған. Сонымен қатар, бейбіт жатқан қазақ ауылына оқтын- оқтын барымташылар шығарып, тонап, адамдарын өлтіріп, малдарын әкетіп отырған. Әсіресе, қоқан ханы Әлімханның тұсында қазақ даласы қатты тонаушылыққа ұшырығаны ақиқат. Қоқанның бұл езгісіне қарсы 1809, 1821, 1848, 1858 жылдары қазақтар қарулы тойтарыстар жасаған. Қарулы көтерілістен қаймығып қалған қоқан ханы Мәделі оңтүстік қазақтарын басқаруды Ташкент бегі арқылы жүзеге асыруға мәжбүр болған. Жылына Ұлы жүз қазақтары 20-22 мыңға дейін қойдан зекет салығын төлеп отырған. Салықтың ең ауыр түрі «қожайынға қызмет істеу», «қыз салығы» дегендер болды.

*   *   *

Енді Кенесары Қасымұлының Жетісуға қалай келгені және оған Сұраншы бастаған батырлардың көп көмек көрсеткенін әңгімелейік.

Ұлы жүздің жиырма мың қолын бастаған қазақ батырлары Кенесары сарбаздарымен бірігіп, 1846 жылы Әулие-Ата жақта қоқан әскерін талқандап тастайды. Ақын Жамбыл бір өлеңінде:

«Жетіп келді қасына Саурық пенен Сыпатай,

Жас та болса Байсейіт, жүрген еді қалыспай,

Сұраншы батыр ол-дағы,

Кенесары қасына бәрі келді арыстан»,

– деп айтқаны бар.

Алғашында Кенесары мен Наурызбай Балқашта, Іле өзенінің бойын мекендеген Үйсін тайпасының арасында қоныстанды, бірақ бұл жаққа да олардың ізін кескен патша әскерлері келіп жетті. Бұдан кейін олар Қордайдағы Тойшыбек батырдың аулына келіп орнықты. Кене ханға сәлем беру үшін оның Ордасына дулаттан – Сыпатай мен Байзақ, шапыраштыдан – Саурық пен Сұраншы, төре тұқымынан – Рүстем сияқты атақты батырлар жиналады. Кенесары екі күн бойы ешкіммен сөйлеспей қояды, оны мазалауға жақындарының да батылы бармады. Үшінші күні хан дәстүрімен санаспай, хан ордасына дейін атпен келген жас жолбарыс Сұраншы батыр бір қолымен туырлықты көтеріп тұрып, іштегі Кенесарыға: «Хан, неге басыңызды төмен салып, қолыңызбен көлеңкелей бересіз? Біз мұнда ұялшақ әйелді көруге келмедік, ондай ұрғашы әр ауылда толып жатыр. Біз бұл жерге атақты батырды, жеңімпаз қолбасшыны көруге келдік», – деп айқайлапты.

Сонда Кенесары басын бірден көтеріп: «Жігітім, жүректі-ақ екенсің! Аттан түсіп, үйге кір», – деп, жанынан орын беріпті. Содан кейін ғана хан ордасына Сыпатай, Рүстем, Әуез Атамқұл, Байсейіт сияқты батырлар салтанатпен бас сұғыпты» (Алматы тарихы. Екі томдық. 1-том. – Алматы: Толағай, 2006. 262-263 бб.).

Сұраншы батыр елдің, жердің бостандығы үшін Ақмола жерінде де соғысқан. Белгілі журналист, зерттеуші, ғылым докторы Сауытбек Абдрахмановтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі 7 шілде 2008 жылы «Азаттықтың астанасы» мақаласында Сарыарқаның сайын даласында, ұлы жолдың үстінде тұрған бұл мекенде ежелден еркіндік аңсаған елдің бостандық іздеп бұлқынған боздақтарының қызыл қаны талай төгілгені зерделенген. Осыдан 170 жыл бұрын, 1838 жылдын маусым айында көкжал туған Кенесарының батырлары: шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, қыпшақ Иман, Басығара, арғын Жеке батыр, табын Жоламан, дулат пен шапыраштыдан Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Бұғыбай, Атығай, Аңғал және басқалары Ақмола бекінісін атпен шауып алып, отаршылар қамалын отқа орандырғаны жайлы деректерді нақпа-нақ жазған.

Кенесары ханның жанынан табылған Сұраншы батыр ол өлгенше антынан айнымай қасында болып, жауларымен бірге шайқасты.

Ұлы жүз бен Қырғыз шегінде көше жүріп Кенесары Жантай, Орман манаптарға мынадай мазмұндағы хат жолдауға мәжбүр болды: «Менің мұнда келу мақсатым жауласу және қан төгу емес, қайта қырғыздар мен қазақтарды біріктіру… және жалпы алғанда, қоқандықтардың қысым көрсетуінен құтқару…». Алайда ол өзінің бейбіт ниеттерін жүзеге асыра алмады: мұның үстіне қырғыз ауылдарына дұшпандары таратқан оның «қырғыз руларын жоюды», ойлайтыны, сондай-ақ қырғыз елшілеріне менсінбей қарауы туралы сыбыстар қырғыздардың қарсы қимылын қатайта түсті. Бас манаптар Жантай Қарабеков, Орман Ниязбеков өз қимылдарын жасауы Нюхаловпен келісе отырып, «жанталаса қимылдауға – өлім, яки оның көзін жоюға шешім жасады».

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *