ЕЛШІ ЕРҒАЛИ – ЖЕМІСТІ ЖЕТПІС ЖАСТА

Мерей
80 Views

Бүгінде дипломатия ардагері, кезінде егемен еліміздің бірнеше елдерінде Төтенше және Өкілетті Елші қызметін абыроймен атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Ерғали Бөлегенұлы Бөлегенов туралы ой толғауымның өзіндік орны бар. Алдымен, оның бірнеше жылдар елден жырақта жүріп, сыртқы саясатымызды сындарлы да салиқалы жүргізудегі ерен еңбегі дипломатия дарабозы деп атап өтуге лайық болса, бір жағынан тегінен мінезге бай, дарыны, қабілеті ерекше, бойына жинақтаған тәжірибесі мен білгірлігі мол, мемлекетке жан-жақты қызмет еткен саясаткерлік бейнесі мен өмір жолы жастарға үлгі-өнеге боларлықтай тұлға.

Міне, осындай абыройлы да мәнді адал еңбегінің қазір зейнетін көріп отырған Ерғали Бөлегенұлы осы қол жеткен жетістіктері балалық шақтан басталып, туған жерінен нәр алғанын әңгімеге арқау етеді. Ол 1954 жылы 26 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында өмірге келген. Жастайынан қоғамның, өз уақытының, замандастарының алдыңғы қатарында жүрген Ерғали балалық шағында-ақ өзінің бойындағы ерекше бір қасиеттерін – іске адалдығын, еңбек сүйгіштігі мен табандылығын көрсетті. Ол мектепте оқып жүргенінде теңізші болуды өзіне мақсат етіп қойып, ұшы-қиыры көрінбейтін мұхиттың толқындарын көруге құштарлығы артады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге өзі сұранып теңіз флотына аттанып, арманына жетті. Тынық мұхиты флотының құрамында әскери кемелерде өз қызметін үш жыл бойы үздік өткеруі оған флоттың үздік дабыл қағушысы болуына мүмкіндік берді. Оның еңбегі КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары – маршал К.Москаленконың және ТМФ қолбасшылығының атынан арнайы көтермелеулермен марапатталды. Маршал сол кездегі Қазақстанның басшысы Д.А.Қонаевтың атына алғыс хатпен осындай жан-жақты қазақтың азаматын теңіз қызметіне дайындап жіберген үшін рахметін білдіріп, Ерғали Бөлегеновпен бірге түскен сүреттерді жіберді. Д.Қонаевтың тапсырмасымен сол кездегі «Ленинская смена» жастар газетінің бетіне «Так служат наши земляки, маршал остался доволен» деген атпен маршал К.Москаленкомен бірге түскен Ерғалидың фотосуреті және оның сұхбаты шыққан. Кеңес Армиясы қатарында қызметін абыроймен өтеп келген соң ол Шымкент қаласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірін – Май комбинатының комсомол ұйымын басқарды.
Ерғали Бөлегенұлы содан кейін Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достастығы университетінің тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы осы университетті ойдағыдай тәмамдап, тарихшы, испан тілін білетін тарих пәнінің оқытушысы мамандығын алып шықты. Ол өзінің біліктілігі, мақсаткерлігі мен еңбекқорлығының арқасында үнемі ізденісте болып білімін жетілдіре түсті. Сондықтан Ресейде алған білімін одан әрі нығайтып, 1994 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын, 1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін ойдағыдай бітірді. Ол Мәскеу және отандық Жоғарғы оқу орындарынан білім алғаннан кейін экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне диссертациясын 2003 жылы Украинада, Киев қаласында сәтті қорғап, өзін білікті ғалым ретінде де көрсете білді.
Е. Бөлегенов еліміз тәуелсіз мемлекет атанып, жаңадан тәй-тәй басып, дербес дамуға қолы жеткен шағында жас мемлекетіміздің құрылып, ел санасында орнығып, өмірде тұрақтануына барын салып еңбек етті. Ол партиялық қайраткер бола отырып, нұсқаушыдан бөлім меңгерушісіне дейінгі жолды жүріп өтті. Ерекең тәуелсіздігіміздің ең қиын алғашқы жылдарында ол кезде экономика күйреген, жаңа мемлекеттік институттар мен құрылымдар әлі аяғынан тұра қоймаған, заң жоқ, қаржы жоқ, жұмыс жоқ кезде Оңтүстік Қазақстан облысында әкімшілік-ұйымдастырушылық қызметтерді абыроймен атқарды. Шымкент қаласының Дзержинский (Әль-Фараби) аудандық және Шымкент қалалық Халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Осындай іскерлігінің арқасында үлкен сенімге ие болған ол Шымкент қаласы Абай ауданы Әкімінің орынбасары, содан соң бірінші орынбасары болып тағайындалды.

1995 жылы Қазақстанның алғашқы қос палаталы Парламентінің сайлауында Шымкент қаласы азаматтары – сайлаушылары, бірінші кезекте, осы әлеуметтік саласы санатының қолдаушыларының арқасында Ерғали Бөлегеновтың бірінші турда депутаттыққа он кандидаттың ішінен жеңімпаз болып шыққаны кездейсоқтық емес. Осылайша ол Қазақстан Республикасының 1-ші шақырылған Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатын иеленіп, 1996 жылы өмір жолындағы Парламенттік қызметі кезеңі басталды. Осы кезеңде оның мемлекеттік, қайраткерлік бейнесі анық көрініп, мүмкіндігі мейлінше ашыла түсті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің депутаты болып, өкілеттіктер бөлінгенде оған еліміздің сыртқы саясаты мәселелеріне жетекшілік етудің міндеті бұйырды. Бұл жерде депутат Е.Бөлегеновтың тікелей басқарған комиссияларының бірқатар заңдарды әзірлегенін, содан соң Парламенттің қабылданғанын, олардың арасында «Дипломатиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының алғашқы Заңының ерекше орын алатынын атап өту қажет. ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында халық қалаулысы бұл заңды әзірлеуде атқарған жұмысы үшін сол кездегі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғысын білдірген. Сол сәттерде Мәжілістің әртүрлі комитеттеріндегі бір мүдделес, үндес болып қызмет жасаған депутат әріптестері оның өзіне тән іскерлігі мен алғырлығын қадірлеп, олардың арасында да сый-құрметке, абыройға ие болды. Депутат ретінде Ерғали Бөлегенұлы Мәжілістің іскерлігін, мемлекетіміздің беделін, абыройын арттырып, оның халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең жағдайын қуаттандыруға білгірлікпен, білімділікпен тиімді еңбек ете алды. Сонымен қатар, ол еліміздің заңдық, құқықтық кеңістігін қалыптастыруға өз уақытында мол үлес қосты.
Ерғали Бөлегенов 1999 жылы депутаттық өкілеттіктерін аяқтағаннан кейін өз тағдырын сыртқы саяси ведомствомен байланыстыруды ұйғарды. Бұл жерде де оның өзіне тән қасиеттері – іске кәсіби тұрғыда қарауы, жауапкершілігі және ұйымдастырушылық қабілеті тағы да танылды. Ол ұзақ жылдар еліміздің Сыртқы істер министрлігінде кіші дипломатиялық қызметкерден бастап жоғары лауазымды дипломатиялық қызметтерге дейін абыроймен атқарып, көпвекторлы сыртқы саясатымыздың қалыптасуына және оны салиқалы да сындарлы жүргізуге айтарлықтай еңбек сіңірді.
Атап айтсақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) департаменті
кеңесшісі лауазымынан ТМД істері жөніндегі комитеттің бөлімше бастығына, одан басқарма бастығына дейінгі мансап баспалдағынан біртіндеп өтті. Осы уақыттарда ол Қазақстан Республикасы Президентінің, ҚР Премьер-министрі мен Сыртқы істер министрінің ТМД-ның бірқатар елдеріне сапарларын дайындауға және өткізуге, екі жақты, сондай-ақ көп жақты ынтымақтастықтың саяси құжаттарының жобаларын әзірлеуге белсенді түрде қатысты. Оның жақсы ұйымдастырушылық қабілеті, кең ой-өрісі, мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесі ескеріліп, 2001 жылы Ерғали Бөлегенов Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің кеңесшісі, содан кейін кеңесші-уәкілі болып тағайындалды. Дәл осы кезеңде, екі жақты қазақ-украин қатынастарын нығайып, барлық деңгейлерде өзара сапарлар жиіледі, ведомствоаралық және аймақаралық, байланыстар кеңейді, тауар айналымы артты.
Украинада төрт жыл жұмыс істеп, Ерғали Бөлегенов 2005 жылы ҚР СІМ Орталық аппаратына қайта оралып, жауапты жоғары қызмет Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) істері жөніндегі департаменті Директоры лауазымына тағайындалады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы еліміз сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі саналатын, аса маңызды мәселе еді. 2007 жылдың қазанында оның тікелей қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын одан әрі реформалау тұжырымдамасы және оны іске асырудың негізгі іс-шараларының жоспары жасалды және оларды Мемлекеттердің басшылары мақұлдады. Сол жылдары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен қазір жұмыс істеп тұрған Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шеңберінде Кеден одағының шарттық-құқықтық базасының іргетасы қаланды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының аясында өзара әрекеттесу кеңейіп, бекіді. Жұмыстың ең қыруар әрі қызықты шебі, ынтымақтастықтың ресейлік бағыты ерекше орын алды. Алғашқы жылдары президенттер бекітетін Қазақстан мен Ресей арасындағы іс-қимылдар жоспарлары Ерғали Бөлегенұлының тікелей қатысуымен, оның жұмыс істеген кезеңінде жасалды.
Ерғали Бөлегенұлының Сыртқы істер министрлігі Орталық аппаратында, сондай-ақ шет елдерде жинақтаған дипломатиялық қызметінің тәжірибесі, орасан зор ұйымдастырушылық қабілеті, сонымен бірге П.Лумумба атындағы Халықтар достастығы университетінде оқыған жылдарында испан тілін меңгеруі ескеріліп, 2008 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен ол Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туристік ұйымының Тұрақты Өкілі міндетін қоса атқарушы болып тағайындалды. Оның өмірінің осы мезеті дипломатиялық қызметі кезеңінің мазмұны жағынан жарқын да жемісті сәттеріне айналды.
Испания Королі сарайының басшыларымен, министрліктері мен ведомстволары, парламенті жетекшілерімен орнатылған жеке қарым-қатынасының арқасында екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің (2008 ж.), ҚР Қорғаныс министрінің (2010 ж.) Испанияға, Испания үкіметі Төрағасының (2011 ж.), Испания Сыртқы істер министрінің (2009 ж.), Сенаты вице-спикерінің (2010 ж.) Қазақстанға сапарлары болды. 2009 жылы Астанада Қазақстан – Испания үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы ойдағыдай өтті. Елші Ерғали осы жұмыстардың барлығының жоғары деңгейде өтуіне тікелей ат салысып, ұйымдастырды. Испания Қазақстаның 2009 жылы Cтратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойған екінші еуропалық ел болды. 2010 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына және Испанияның Еуропалық Одаққа төрағалықтары кезіндегі іс-әрекеттерін үйлестіру шеңберінде белсенді өзара ықпалдасу жолға қойылды.
2010 жылы Ерғали Бөлегенов ұйымдастырған, арасында Испания Сенатының вице-спикері Хуан Хосе Лукас және бұрынғы Сыртқы істер министрі Марселино Ореха және басқалары бар көрнекті испандық саяси және қоғам қайраткерлерін, депутаттарын біріктірген Қазақстанның Испаниядағы достарының клубы Қазақстан үшін оң имидж қалыптастыруда өзінің тиімділігін көрсетті. Елші екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлді, бұл екі ел арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өсуіне әсерін тигізді. Егер 2008 жылы тауар айналымы 700 миллион АҚШ долларын құраса, онда 2011 жылы бұл көрсеткіш 1,2 миллиард АҚШ долларынан асты.
Е.Бөлегеновтың Елші ретіндегі осындай жетістіктері ескеріліп, оның 2012 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының ТМД Жарғылық және басқа да органдары жанындағы Тұрақты Өкілі міндетін қоса атқарушы болып тағайындалуы дипломатиялық мансабының жалғасы болды.
Бұл тағайындауды оның жұмысының жинақталған дипломатиялық тәжірибесімен қатар ТМД, ҰҚШҰ, Кеден одағы және одан әрі Еуразиялық экономикалық одақ болып құрылатын БЭК сияқты аймақтық интеграциялық бірлестіктерге бірлесе қатысатындықтан Ресей сынды ең маңызды стратегиялық әріптеске айналып отырған Беларусьтың рөлінің артуымен байланыстыруға болады. Ерғали Бөлегенов Қазақстанның Елшісі ретінде Беларусьте болған уақытта Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берген, 2012 жылдың мамырында Минскіге жасаған ресми сапары ойдағыдай өтті. Екі елдің шарттық-құқықтық базасы кеңейді, министрліктері мен ведомстволарының, ұлттық компаниялары делегацияларының сапарлармен алмасуы барынша жиіледі.
Е.Бөлегенов Елші болған тұста екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1 млрд. АҚШ долларына жақындады. Сондай-ақ Елші Қазақстан, Беларусь және Ресеймен бірлесе отырып, Кедендік Одақ пен Біртұтас экономикалық кеңістік құруда оның барлық тетіктерін толығымен іске қосуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізіп, алғашқы нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар, екі елдің парламенттері, министрліктері мен ведомстволары, ұлттық компаниялары, өңірлері делегацияларының өзара сапарларымен алмасу жиіледі. Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысының екі палатасының да спикерлері Қазақстанға ресми сапарларын жүзеге асырды, өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері Беларуське ресми сапармен келді. 2014-2016 жылдары әкімдер бастаған Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары делегацияларының Беларусь өңірлеріне, ал Минск, Гродно, Могилев және Гомель облыстарының басшылары бастаған делегациялардың тиісінше Қазақстан өңірлеріне жемісті сапарларын өткізді.
Ерғали Бөлегеновты қай жерде жүрсе де, ақкөңілдігі, жоғары жауапкершілігі мен адалдығы, терең біліктілігі, өзіне, өзгелерге талап қоя білуі, әдептілігі, мәселелердің төркінін зерделеп, оларды шешудің ең тиімді жолдарын таңдай алуы ерекшелендіріп тұрады. Оның орынды ойы, ұтқыр сөзі, келісті келбеті, ақжарқын кеңпейіл мінезі, адамгершілік шабыты мен ілтипаты бәрімізді өзіне ұйытып отырады. Ол алты жылдай беделді Елші болып, 1917 жылы Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының ТМД Жарғылық және басқа да органдары жанындағы Тұрақты Өкілі лауазымдарын ойдағыдай аяқтап, абыроймен зейнеткерлікке шықты.
Ерғали Бөлегенұлының еліне сіңірген еңбегі еленіп, ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен, көптеген медальдерімен, соның ішінде «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен, Украина, Испания мен Беларусь сияқты шет мемлекеттердің медальдері және белгілерімен, сондай-ақ президенттердің шешімімен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Грамотасымен және ТМД Атқарушы Комитетінің Грамотасымен атап өтілген. Сондай-ақ Ерғали аға Шымкент қаласының Құрметті азаматы, туған жері Сайрам ауданының да Құрметті азаматы атанды. Қазақ дипломатиясына сіңірген ерен еңбегі ерекше аталып, 2017 жылы оған ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.
Дипломатиялық қызметпен көп жылдар бойы шетелде ұзақмерзімді іссапарда болғанымен Е.Бөлегенов Қазақстанның облыстарымен, әсіресе өзі туып өскен, өнген Оңтүстік Қазақстан облысымен, қала аудандарымен тығыз байланыста болып, жұртшылықпен кездесіп, кәсіпорындар, оқу орындары, газет редакцияларының ұжымдарымен жүздесіп, теледидарға шығып, облыстық және қалалық баспа басылымдарына бірнеше рет сұхбат берген. Қазақстан облыстарының кәсіпорындарына, кәсіпкерлеріне шетелдік әріптестерімен екіжақты байланыс орнатуға жәрдемдескен. Шымкент қаласының тұрғындары арасында үлкен абыройға ие. 2019 жылы президенттік сайлау барысында Шымкентте Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевтың бас сенімді өкілі болды, онда ірі кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдарымен көптеген үгіт-насихат жүргізіп, кездесулер өткізді, өз кандидатын қолдау форумдарында сөз сөйледі. Сайлау қорытындысы бойынша Ерғали Бөлегенов Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде Ерғали аға кейінгі ұрпаққа өз өмірінен түйген тәжірибесімен бөлісіп:
– Өмірлік ұстанымым – адал еңбек ету, бір сөзді болу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, адал еңбек қашанда нәтижелі жемісін беретініне өз тәжірибемде анық көзім жетті, – дейді.
Ардагер дипломат, қамқор отағасы, жақсы әке, өзінің өмірлік жары Шарипа Құрбаншақызымен бірге екі ұлы – Ержан мен Бақытжанды үлгілі тәрбиелеп, бүгінде олардан бірнеше ұл-қыз немерелер сүйіп отыр. Балаларының бойына әкесі өнегелі тәрбие мен терең білімнің артықшылығын, қажымай еңбекке баулитын игі қасиетін сіңіргені айтпаса да түсінікті. Себебі білім, тәртіп, еңбек, тектілік, кісілік, сана, пайым, ақыл-парасат салтанат құрған айтулы отбасында «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп ата-бабаларымыз айтқандай, әке-шешеден алған үлгі-өнеге басым тұрады. Өмірде мұнан маңызды ештеңе жоқ.
Осындай өмірлік тәжірибемен, үлкен абыроймен зор құрметке бөленіп ел ағасы атанып отырған Ерғали Бөлегенұлы бүгінде мерейлі де мәртебелі 70 жасқа толып отыр. Алдағы уақытта да мерейтой иесі бұдан да жоғары дәрежелі марапаттарды иеленіп, өзінің салиқалы мінезімен, салмақты да сабырлы кісілік келбетімен абырой биігінен көрініп, еліміздің игілігі мен дамуы жолында мемлекетіміздің нығаюына зор үлес қоса беруіне шын жүректен тілектеспін. Желіп жеткен жемісті 70 жасыңыз құтты болсын, жаны жайсаң, жүзі жарқын Ерғали аға!!!

Гүлсім Бақытқызы ЕҢСЕПОВА,
І сыныпты кеңесші дәрежелі дипломат,
Филология ғылымдарының кандидаты,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *