«Жастардың терең білімі – жарқын болашақтың кепілі», – деп Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, халқымыздың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін білім ең басты қажеттілік. Жастарымыздың білім алуына кедергісіз жол ашылуы керек. Осыған орай, шетелдерде оқып, білім алу үшін жасалған арнайы бағдарламалар төңірегінде мәлімет алу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның өкілі Алтай Нұрланұлы Нұрмановтан сұхбат алған болатынбыз.
– Алтай Нұрланұлы, «Болашақ» бағдарламасы туралы толығырақ мәлімет берсеңіз және ол кімдерге арналған?
– «Халықаралық бағдарламалар қоғамы» АҚ «Болашақ» стипендиясы 1993 жылғы 5 қарашадағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен құрылған. Басты мақсат – экономика саласындағы басым секторлар үшін кадрлар мен мамандарды даярлау. Осы күнге дейін Қазақстанда 12000-нан астам мамандар даярланды және олар елімізде қызмет атқарып жатыр. «Болашақ» стипендиясына алдағы уақытта конкурстар әлі де жалғасуда. Яғни құжаттар қабылдануда. Жалпы айтар болсақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша биылғы ағымдағы жылға 555 грант бөлінген. Оның ішінде магистратура, докторантура, резидентура. Магистратураны айтпастан бұрын құжаттарды қабылдау мерзімін айтар болсам, 31 тамызға дейін созылады. Құжаттарды халыққа қызмет көрсету Орталығы арқылы өткізсеңіздер болады. Шымкент қаласынан «Болашақ» стипендиясына тапсыратын студент жастар жыл сайын көптеп атсалысады. Осыған орай, алдағы уақытта да одан көбірек тапсырса деген ойдамыз. Бізде көбіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары құжат тапсырады. Магистратураға түсу үшін не істеу қажет? Ол үшін бізде магистратураға 7 санат бар. 5 квоталық және 2 категория жалпы конкурс және өз бетімен түскен категория. Бұған жұмыс өтілі талап етілмейді. Студент бакалавр дәрежесіндегі диплом алғаннан кейін, «Болашақ» стипендиясына үміткер болуына мүмкіндік бар. Квоталық категориялар бойынша айтар болсам, мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметшілер деген санат бар, бакалавр дәрежесіндегі дипломның ортақ балы сай келген жағдайда «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады. Одан кейін ғылыми немесе педагогикалық қызметкерлер. Ғылыми немесе педагог қызметінде жұмыс өтілі 2 жыл болса, осы категория бойынша конкурсқа қатыса алады. Инженерлік-техникалық қызметкерлер деген санат бар. Мұнда да 2 жыл жұмыс өтілі болса, «Болашақ» стипендиясына тапсыруға мүмкіндігі бар. Бұқаралық ақпарат қызметкерлері де тапсыруына болады. Ағылшын тілін меңгергендігі бойынша IELTS сертификаты керек болады. Ондағы бал 5/5 болса, «Болашақ» стипендиясына қатысып, ары қарай стипендиат атануына болады. Мысалы, студент оқуды бітірді, бакалавр дәрежесіндегі дипломын алды, ортақ балы жақсы, IELTS балы 6 жарым болса, онда Болашақ стипендиясына жұмыс өтілінсіз тапсыруға мүмкіндігі бар. Осы басты екі талап орындалса, ары қарай құжат жинайды да конкурсқа қатысуына жол ашық. Екінші категория өз бетімен түскендер деп аталады. Үміткер студент шетелдің жоғары оқу орнынан шақырту алып келеді. Сол шартпен конкурсқа қатысады. Стипендия тағайындалған жағдайда біздің орталық республикалық бюджет есебінен барлық шығындарын төлеп береді. Магистратурадан бөлек бізде докторантура бар. Докторантура бір ғана категориядан тұрады. Яғни, өз бетімен түскендер. Оған кез-келген адам түсе алады. Бұл жерде де басты талап – бакалавр немесе магистр дәрежесіндегі дипломның ортақ балы қойылады. Екінші талап – шетелден шақырту алып келу. Біз шамамен 30-дан аса елге оқуға жол ашамыз. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Испания, Австралия, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея тағы да басқа көптеген елге, шамамен 100-ден астам әлемдік жоғары деңгейлі, білікті жоғары оқу орындарына жібереміз. Үміткерлер стипендиат атанғаннан кейін, оқуға түседі. Ары қарай орталық оқу ақысын, студенттің жатын орнын, стипендиясын, жылына бір рет барып, қайту, медициналық сақтандыру сынды барлық шығындарын көтереді. Оқуын бітіріп, Қазақстанға келгеннен кейін міндетті түрде Қазақстанда жұмыс істеуі керек. Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында сол мамандығы бойынша 5 жыл жұмыс атқаруы қажет. Одан кейінгі жылдары өз жұмыстарын жасай берулеріне толық мүмкіндігі бар. Нақтырақ айтар болсам, ай сайын жұмыс орнынан жұмыс істейтінін растайтын «анықтама» тапсырып отырады. Одан өзге талап жоқ. Егерде білім саласында қызмет атқаратын немесе университетте мұғалім болса, онда 2 жылда өтеп беруге болады. Студенттер шетелге оқуға кетердің алдында міндетті түрде жылжымайтын мүлкін кепілге қояды. Студент шетелге оқып келгеннен кейін, жұмыс жасап, анықтамасын өткізіп біткен соң, мүлкін қайтарып алады. Конкурсты қарау күні бір немесе екі күн. Құжатты халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тапсырса екі күн, «e.gov» арқылы тапсырса бір күн қаралады.
– Нақты қандай құжаттар өткізіледі және қабылдану тәртібі қандай?
– Ең бірінші категорияға байланысты. Мысалы, квоталық санаттағы мемлекеттік қызметшілер туралы айтар болсақ, сайттағы арнайы бекітілген формаға сәйкес анкета, жұмыс өтілімі туралы ақпарат толтырады. Одан кейін мотивациялық хат және ұсынымдық хат деген бар. Мотивациялық хатты үміткер өзі толтырады, ал ұсынымдық хатты жұмыс орны немесе оқыған оқу орны жазып береді. Үміткердің жеке төлқұжаты, жұмыс өтілі туралы еңбек кітапшасы, зейнетақы аударымдары туралы анықтама құжаттары тапсырылады. Құжаттар екі күн қаралады. Егер толық емес немесе дұрыс болмаған жағдайда жауапты менеджер хабарласып қандай құжат жеткіліксіз екендігін, оны қашан, қайда жіберу керектігінен хабардар етіп, ескертеді. Сонымен қатар, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қазақстандық жоғары оқу орындарын интернациоландырумен және үкіметаралық келісімдерді іске асырумен айналысады. Келісім нәтижесінде үкіметаралық гранттар беріледі. Еліміздің және өзге елдің Білім министрлері үлкен меморандумға қол қою арқылы екі ел арасында гранттар бөлінеді. Үкіметаралық келісімдер нәтижесінде шет мемлекеттер Қазақстан азаматтарына 40 000 грант ұсынуда. Қазіргі уақытта олардың көбісіне құжаттар қабылдау жүргізілуде. Студент үкіметаралық грантты иеленіп, оқуға түскен жағдайда оқу ақысы, жатақханасы тегін болады, стипендия беріледі және мұндай грант иеленушілеріне оқу бітірген соң арнайы жұмыс орнынан анықтама тапсыру міндетті емес болып табылады.
– Білім гранттарына кімдер тапсыра алады және конкурсқа қатысу талабын қалай білуге болады?
– Кез-келген адам тапсыра алады. Әр ел әртүрлі бағдарламалар бойынша орындар ұсынады. Мысалы, Тәжікстан 50 орын берді. Яғни, 40 бакалавриат, 10 магистратура. Беларуссия – 3, Қытай – 120, Венгрия 200-ден аса грант берді. Бізде шетелге оқу туралы №613 ереже бар. Әділет сайтында көрсетілген. Танысып көрулеріңізге болады. Сол талапты орындау барысында құжаттар тапсырылып, конкурсқа қатыса алады. Қазан айының 5-16 күндері аралығында Халықаралық білім көрмесі өтеді. Қазақстанның Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Білім министрлігі бірлесіп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Орал қалалары және тағы бір қала алдағы уақытта белгілі болады, яғни Қазақстанның алты қаласында өтеді. Осы және әлі де ұсынылатын гранттар төңірегінде «Болашақ» ресми сайтынан ақпарат алуға болады.
– Шымкентте белгілі «Болашақ» бағдарламасының түлектері бар ма?
– Алыстан айтпай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты және «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев сынды белді, білгір тағы да басқа көптеген азаматтарды, қала әкімдігі аппаратының қызметкерлерінің басым көпшілігі осы аталмыш бағдарлама түлектері деп мақтанып айтуымызға әбден болады.
– Ресей жоғарғы оқу орындары жыл сайын Шымкент қаласында қабылдау емтихандарын өткізеді. Оның негізгі себебі неде?
– Оның себебі біріншіден, Шымкент қаласында түлектер саны көп, екіншіден, талантты балалар жетерлік. Осындай себептерге және оқу орындарының сұраныстарына байланысты Шымкентке назар көбірек түседі. Қазіргі таңда Қазақстанға 40-тан астам шетелдің ЖОО ұсыныстар келді. Оның ішінде қазірдің өзінде Шымкент қаласынан 6 оқу орны бойынша Ресей жоғары оқу орындарына 349 бала грантқа түсіп отыр. Тамыз айының соңында ресми сайтқа толық ақпаратты жариялайтын боламыз.
– «Болашақ» бағдарламасымен өзге елде қалып қойып жатқан азаматтар бар ма?
– Қазіргі таңда шетелде қалып қою деген мүлдем жоқ деп нақты айта аламын. Себебі, бізде барлық стипендиаттармен көптеген жұмыстар атқарылуда. Жұмыссыз қалмайтынына кепілдік беріледі. Ол үшін жұмысқа орналастыру бағытында қызмет ұсынып, жұмыс тауып беретін арнайы департамент қарастырылған.
– «Болашақ» бағдарламасымен оқу неліктен қажет?
– Оның басты себебі – шетелде білім алу, еліміздің басым секторларында қызмет жасау, біліктілігін шыңдау. Біздің басты мақсат – еліміздегі жастарға шетелдің жоғары оқу орындарының грантын ұсыну, жақсы, сапалы білім алуларына жағдай жасау. Еліміздегі білікті кадрлар санын арттыру.
– Тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Әлеуметтік көмек алатын, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүгедек студенттерімізге арнайы жеңілдіктер қарастырылып, демеушілеріміз көмек көрсететін болады.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сүбелі сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан А.СӘКЕНҚЫЗЫ