ШЫМКЕНТТІҢ БІЛІМІ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ

Білім Мәселе
1 136 Views

Елімізде 2017 жылы «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жекеменшік мектептердің қатарын көбейту туралы бастама көтерілгені естеріңізде болар. Мұндағы мақсат — жекеменшік мектептерді субсидия арқылы қаржыландыра отырып, білім сапасын арттыру, бір жағы үш ауысымды мектептер санын жою болатын. Осы бағдарлама аясында соңғы екі жылда мемлекеттік тапсырысты орындайтын жекеменшік мектептердің саны күрт артты. Бұрын ауқатты отбасылардың ұл-қыздары ғана бас сұға алатын жоғары санатты мектептерге енді тұрмысы төмен отбасылардың талантты балалары да оқуға мүмкіндік алғандай еді.

Алайда, кейін ашылған жекеменшік мектептердің білім сапасы шын мәнінде жоғары деңгейде ме? Мемлекет қаржысын игеруді көздеген инвесторлар білімді бизнеске айналдырып алған жоқ па деген сауал көкейді кескілейді. Себебі, Шымкент қаласындағы жеке-меншік мектептердің бірі «Риананың» үстінен алты айдан бері қылмыстық іс қозғалып жатыр.

«Риана» жекеменшік мектебіне 2019-2020 жылдары Шымкент қалалық білім басқармасы арқылы 774 миллионнан аса қаржы қаралған. Соның ішінде Шымкент қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тексерістері негізінде бастапқыда 40 миллионнан аса қаржы, кейін 75 миллионнан аса қаржының заңсыз жұмсалғаны анықталған. Бұл іс Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментіне жолданып, бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін қылмыстық іс ретінде дереу тергеу жұмыстары басталып кетті. Қазір бұл іс республикалық көлемде қозғалып жатыр. Өйткені, Риана мектебінің құрылтайшысынан, сондай-ақ мектеп директорынан жауап алу сәтінде қаржыны заңсыз пайдаланудың бір ұшы 2019-2020 жылдары Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваға келіп тіреліп отыр. Риана мектебінің құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызы өзінің жауап берген хатында «менің бұл іске қатысым жоқ, барлығын мектеп директоры Тұрар шешіп отырған» деп жалтарып, өзгеге ысырып салған.

Ал, Риана мектебінің директоры Тұрар Қосмағанбетов ай сайын түскен қаржыдан білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваға беріп отырғанын жазады.

Нақтысы — зерттеу барысында 2020 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының басқа мектептерінен келіп «Риана» жалпы орта білім беру мектебі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалған тіркелген оқушылар саны анықталды. Оқушылар тек тізімде ғана бар, шын мәнінде басқа мектептерде оқиды, яғни 1107 оқушының 400-дейі ауада қалқып жүр. Бұлар тек тізімге ғана бар деген сөз.

Риана мектебінің оқушылар тізімінде бесіктен белі шықпаған бір жасар сәбилер мен бала-бақша жасындағы 4-5-тердегі бүлдіршіндердің тіркелуі нені білдіреді. Бұл жерде де шикіліктің исі шығып тұрған жоқ па? Мектептің 2020 жылдың жаз айларында тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының айтуынша бұл құжаттар көшіп қону кезінде жоғалып кеткені тіпті күдік тудырады.

Алайда Риана мектебінбегі құжаттардың ұшты-күйлі жоғалуы туралы Шымкент қалалық Абай ауданы полиция департаментіне хат жолдап, мәлімет сұратқанымызда Абай ауданының полициясына мұндай арыз тіркелген жоқ деген жауап алдық.

Сонда кімнің сөзі жалған? Кім қылмысты бүркемелеп отыр? Құжаттардың жоғалғанын мектеп құрылтайшысы кейінірек Эльмира Дүйсенқызы да растады.

Қысқасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айгүл Текебаева мен «Риана» мектебінің құрылтайшы арасында сыбайлас жемқорлық әрекеті күдік тудырғанмен, алайда, бұл процесс алты айдан бері әлі біржақты шешімін тапқан жоқ. Бұл нені аңғартады? Айгүл Қалыбайқызы Текебаева күні бүгінге дейін Шымкент қалалық білім басқармасының орынбасары қызметінде отыр.

Біз осы қызметте отырған Айгүл Текебаеваға қызметтік хат жолдап, 2019-2020 жылдары қаржыны мақсатсыз жұмсаған осы істің мән-жайын ашып беруді сұрадық. Себебі, мұндай сорақылыққа жол бермеуге жауапты бірден бір мекеме – білім басқармасы. Алайда, Айгүл ханым өз хатында жауаптан жалтарып, мектепке оқушыларды жинақтау, қабылдау жекеменшік мектеп басшылығының құзырында, біз логин мен паролді білмейміз деп мардымсыз жауап берді. Айгүл Қалыбайқызы «Егер Риана мектебі заңсыздыққа жол берсе, біз оны тексеретін боламыз» деп шүйліккен жоқ, керісінше «судан құрғақ шыққысы» келген адамдай басын алып қашты.

Десе де, бұл өндірістік қылмыс деп танылып, республика деңгейінде тексерілу үстінде. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Мақсат Аманқұлұлы Қожабаевпен таяуда онлайн конференция өтіп, іс тереңдей түсті. Мақсат Аманқұлұлы бұл істі аяқсыз қалдырмайтынын, жазықтылар жазасын алатынын шегелеп айтты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында былай деген: «Мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек». Мемлекет басшысының осы мақсатты сөзін ескерсек, елдің болашағы – жас ұрпақпен тікелей байланысты екенін, мемлекеттің осы болашақ жастар үшін жасап жатқан игілікті мақсатын, оған мемлекет тарапынан қаржының молынан қарастырылып жатқан кезеңде мынадай жергілікті жерлерде уақытша басшылықты атқарғандар қарпып қалу әрекетіне барып, қолайлы сәтте қаржыға қолдарын молынан салуы, сәбилердің несібесін жымқыруы – қылмыстың ішіндегі ауыры, күнәнің ішіндегі үлкені екенін ескермегені өкінішті. Білімге жасалған сатқындық – мемлекетке жасалған қастандық деп білеміз.

Елдің ертеңгі келешегі – қадірлі ұстаздарымыздың қолында, бірақ білім саласындағы осындай былық болашағымызды жарға жығады емес пе? Сондықтан бұл істі ҚР бас прокурорының назарына ұсынамыз. Мұндай келеңсіздіктер жалғасып кете бермеуі керек, бұл қоғамдағы барлық сала басшыларына сабақ болуы тиіс екенін естен шығармайық.

Әділ ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *