«ЕЛІМ-АЙ» ДАСТАНЫ

Руханият
503 Views

І

ЖЫР БАСЫ

Алла өзі алсын бізді панасына,

Дұшпанның қол жеткізсін жағасына.

Майданда ерлеріме қуат беріп,

Көрші елдің қалдырмасын табасына.

Алаштың алты ұлының бірі — қазақ,

Жұрт еді қайырымды салты ғажап.

Тілеймін жалбарынып жаратқаннан,

Халқымды еткізбе деп жауға мазақ.

*    *    *

Ассалаумағалайкем, халқымызға,

Кейістік көріп тұрған жалпыңызға.

Қатал жау әрбір тұстан шабуылдан,

Келтірді үлкен нұқсан қалпымызға.

Ассалаумағалайкем, сардарларым,

Жұрт үшін ерлік еткен дегдарларым.

Кеңесіп дұшпандардан ел қорғаңдар,

Кетпесін жау қолында мал-жандарың.

Ассалаумағалайкем, сарбаздарым,

Болашақ көпке тұтқа маңғаздарым.

Қожаберген атаңнан уағаз тыңдап,

Осыдан жағдайды ұқ сырбаздарым1.

Ассалаумағалайкем, қариялар,

Ақылға қиын істе дариялар.

Жау жайын мәлімдейтін келді ретің,

Қауымға үгіт айтып жариялар.

Ассалаумағалайкем, шораларым,

Билеген әр аймақты даналарым.

Баршаның ризығы малды сақта,

Қаңырап бос қалмасын қораларың.

Өзегің қайғы өртеген, дертің қалың,

Есен бе, мырзаларым, ішің жалын.

Жастардың басын қосып, ел қорға,

Өзімде қалсын десең дүние-малым.

Ассалаумағалайкем, би мен бегім,

Күн көрген жұрт үстінен ылғи тегін.

Төрені қолдап, қараны2 қағажу3 қып,

Көбейткен жақсылардың4 ішкі шерін.

*    *    *

Уа, халқым, ойланарда іс қылайын,

Үңіліп өткен кезге көз салайын.

Ақылмен қиын істі шешер кезде,

Бұрынғы көсемдерге тоқталайын.

Алла, аруақ, әулиелер желеп-жебеп,

Қазақты ел боларда қолдап-демеп.

Қайтадан үш жүз жұрты өсіп-өнген,

Ақ орда қоластында бақыты өрлеп.

Азырақ хандар жайлы айтсам дерек,

Бұл сөзім халайыққа әбден керек.

Жұртыма ұлғайсам да қызмет етем,

Демеңдер қауым мені кәрі терек.

Ақ орда дәуірінде билік құрып,

Қазақтың оріс төре болған ханы.

Ту ұстап, ғаскер бастап, жауды жеңіп,

Үш жүздің болған екен ел қорғаны.

Сөз сөйлесем көнеден,

Өткен талай елермен.

Шора болмай кей мырза,

Жұртын ерткен өнермен.

Тоқтақия, Құйыршық,

Оріс ханның ұлдары.

Болмаса да олар хан,

Көп бопты малы, пұлдары.

Жауынгер бопты олар да,

Жұртына тиіп пайдасы.

Үш жүзді қорғап өтіпті,

Жаудан асып айласы.

Ақ орданың хандары,

Үәйіс пен Ер Барақ.

Қалмаққа соққы беріпті,

Ғаскерін тез жинап ап.

Барақ та Ақ орданы билеп өткен,

Хан болып талай елге даңқы жеткен.

Барақтан Жәнібек пен Керей туып,

Қазақты өз алдына хандық еткен.

Әке мен ағасының жолын қуып,

Хан болып Ер Мұрындық туын тіккен

Жау қалмақ сол кезде де көп соғысып,

Жеңіліп Үш жүзімнен тізе бүккен.

Жәнібектің ұлдары: Қасым, Жәдік,

Нығайтып қазағымды мықты ел еткен.

Қалмақпен соғысқанда ылғи жеңіп,

Жайнатып жасыл туын желбіреткен.

Солардың хандық құрған кезеңінде,

Үш жүздің көп шаруаға қолы жеткен.

Ер Қасым дүниеден өткеннен соң,

Мамаш хан боп, ел ісі кері кеткен.

Онан соң Таһир, Бұйдаш билік құрып,

Үш жүзді басқара алмай, көп жүдеткен.

Соғыс, аштық жоқ кезде,

Көрші елдермен ұстасқан.

Татулықты сақтау орнына,

Мұсылманмен қастасқан.

Ардақты жұртым-қазағым,

Аузына харам салмаған.

Мамаш, Таһир, Бұйдашты,

Хандар деп еске алмаған.

Сол себепті олар да,

Жұрт есінде қалмаған.

Соғыс жоқ тыныш жылдарда,

Үшеуі елді жұтатқан.

Жүрегінде халқымның,

Кекшілдік отын тұтатқан.

Олардан кейін Хақназар,

Хан тағына отырған.

Медересе мен ашып мешітті,

Көп шәкірттер оқыған.

Хақназардың тұсында,

Қазақтың халі жақсарған.

Тұтас күйде Үш жүзді

Көп жыл бойы басқарған.

Жұрт тұрмысы жөнделген

Хандығымыз гүлденген.

Дәулетті боп көп адам,

Азаматқа өң кірген.

Жыл сайын егіп егінді,

Нандық астық мол алған.

Арпа, сұлы көп шығып,

Аттардың жемі молайған.

Мал өсіріп, шебер боп,

Шаруасы елдің оңдалған.

Естерін жиып аз жылда,

Халайық жақсы қоңданған.

Жауларды қуған жолатпай,

Тіккен туын құлатпай.

Көсем болған Хақназар,

Жамандық істі ұнатпай.

Хақназар өтіп дүниеден,

Қайғысы Үш жүз молайды.

Қартайса да хан қойды ел,

Жәдіктің ұлы Шығайды.

Туысының ісін Шығай алға апарып,

Майданда Қалмақтарды талқандаған.

Жер-суды қорғау үшін ғаскер жиып,

Қарумен, саяқ атпен жабдықтаған.

Ата аруағын шақырып, ұран салып,

Шығай хан қартайса да ел қорғаған.

Бұзба деп бірлігіңді ешқашанда,

Үш жүздің бектеріне хат жолдаған.

Шығай хан алдағы істі көре білген,

Жармақтың жорлығына көңіл бөлген.

Сібірді кәпірлерден қорғау үшін,

Татар ханы Көшімге көмек берген.

Ортақ жау мұсылманның елдеріне,

Қызыққан орман, көлді жерлеріне.

Ит Жармақ мақсұтына жете алмаған,

Жолығып татар жұрты ерлеріне.

Шығайдың үш ұлы да жақсы болып,

Онданы жас кезінен қол бастаған.

Қатер төнген шақтарда амал тауып,

Ерлікте ол сұлтаннан жан аспаған.

Сақтаған бабалардың тәуір салтын,

Бұзбаған Үш жүзімнің елдік қалпын.

Дұшпанға төтеп беріп беделді боп,

Асырған Қазағымның ерлік даңқын.

Отырған бірінен соң бірі хан тағына,

Тәуекел, Есім, Жәңгір, Шығай5, Тәуке.

Солардай көсем болса, өкінбес ек,

Үш жүзді басқаратын жұрт қып жеке.

Әз Тәукемен замандас, аты шыққан,

Бірі – сұлтан, бірі – ер, қос Тәуке өтті.

Тірісінде қалмақтан жұртын қорғап,

Елімнің тұтастығын сақтап кетті.

Бұл күнде тап солардай бір төре жоқ,

Осыны ескеріңдер, шонжарларым.

Шыдаңдар қиындыққа жүнжімеңдер,

Сынбасын тіршілікте ажарларың.

Уағызға құлағың сал бек пен биім,

Демеңдер мынау төре, мынау қара.

Қамал бұзар ортадан біреу шықса,

Сол ердің сөзін тыңдап, мыңға бала.

*    *    *

Мұратқа пенде жетпес ізденгенмен,

Мақсұты орындалмас көздегенмен.

Дүниеден сап-сабымен өтті ерлер,

Найзасын оңды-солды кезенгенмен.

Мың рет орансаң да беренменен,

Кірерсің жер қойнына денеңменен.

Қолыма қобыз алып, әнмен шырқап,

Айтайын бүгінгі істі өлеңменен.

Тараған алуан түрлі бізден өлең,

Зарлы ән мен зарлы күйді тыңда менен.

Апатты мына келген жыр етейін,

Сергісін құйма болат кәрі денем.

Өткенді бүгінгімен ұштастырып,

Жайларды бастан кешкен тұтастырып.

Оқиғасын соңғы он жылдың қоса айтып,

Жырлайын осы кезбен ұластырып.

Азырақ бұрынғыны еске алып,

Сөйлейін әр жылдарға назар салып.

Мән-жайды өлеңімнен ұғын жастар,

Жүрмеңдер сезбедік деп қапы қалып.

Көрші елге батырлықпен даңқым жеткен,

Сібірдің батыс жағын мекен еткем.

Керейде Толыбай сыншы кіші ұлы едім,

Жырларым қазақ жұртын елжіреткен.

Орта жүз Арғындағы асыл тектен,

Анамның шыққан заты Сүйіндіктен.

Жиырма ұлдың Көкжал туған ең кішісі ем,

Тұңғыш қыз Айдаболдың Ақбілектен.

Бұла боп басты ордада өскен едім,

Жасымнан халық қамын жескен едім.

Самарқанд медресесін тамам еттім,

Болар деп қиын жағдай ескермедім.

Алдағы болар істі кім біледі,

Бас құрау мәселесін шешкен едім.

Сұлу ап Кіші жүзден Айша сынды,

Тіршілік жағдайына көшкен едім.

Майданда алдаспанға6 ерік беріп,

Дұшпанның көбін-азын тексермедім.

Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп,

Жорыққа сан аттандым, сескенбедім.

Жүйрікпен желдей жүйткіп ескен едім,

Сынаққа қамал бұзып түскен едім.

Көп шығып қан майданда жекпе-жекке,

Найзалап жау өкпесін тескен едім.

Жасында қалмақтарға тұтқын болып,

Құтылған сыншылықпен Қарабас ер.

Уәзірі Әз Тәукенің болған шақта,

Жұтқызған көп жыл бойы жоңғарға шер.

Сол ағам баулып мені жастайымнан,

Садақты иіп жасап жас қайыңнан.

Алтын жеңгем екеуі ерке өсіріп,

Еш пенде шертпеп еді маңдайымнан.

Ел қорғап, қол бастауда көшелі7 едім,

Қазақтың қатардағы шешені едім.

Теріскей Сарыарқаны қыстайтұғын,

Егіз ел Керей-Уақ көсемі едім.

Тұтас ел жігі ажырамай, орнаған бақ,

Ішінде Орта жүздің Керей-Уақ.

Құт қонып, қыдыр дарып ерте кезден,

Мекендеп Сібірде олар тұрған ұзақ.

Астасқан Арқа-Сібір жерін жайлап,

Жаз болса, бие менен іңген байлап.

Теңге атып, бозбалалар көкпар тартып,

Ән шырқар ақындары топта сайрап.

Ат үсті аударыспақ ойын ойнап,

Әр жерде келін түскен тойды тойлап.

Сүннет той, қыз ұзату қуанышында,

Күй тартар қыз бен жігіт гүл-гүл жайнап.

Жігіттер көңілденіп, жалаң қаққан,

Құрады той-думанда алтыбақан.

Тербеліп әткеншекте қыз-бозбала,

Сырласып бір-біріне мұңын шаққан.

Есіл, Ертіс, Тобылдың тоғайларын,

Ежелден елі-жұртым қыстап келген.

Аң аулап, қан сонарда бүркіт салып,

Жыл сайын кәсіп қылған нелер мерген.

Ертіске екі беттеп халқым қонған,

Төскейге қой мен жылқы, түйе толған.

Біразы балташы мен ұста болса,

Бірталай азаматтар дихан болған.

Тоғайын Омбы өзені жұртым қыстап,

Баптаған алғыр тазы, қыран ұстап.

Ертеден Керей қоныс еткен Сібір,

Қорғаған жаудан ерлер қару ұстап.

Сібірдің батыс жағын мекендеген,

Ен жайлап Керей-Уақ еркіндеген.

Ту ұстап, “Ошыбайлап!” ұран салсам,

Жігіттер бірі қалмай соңыма ерген.

Баяндау шындық істі болар дұрыс,

Қызылжар уәлаяты – біздің ұлыс.

Көргенім жас шағымнан қанды майдан,

Өтті ғой басымыздан талай ұрыс.

Жасымнан ғаскер ерттім, сардар болып,

Сырт жаудан ел қорғадым, жасап жорық.

Салдық пен қолбасылық арқасында,

Қазақтың жер жағдайын білдім толық.

Өткерді қиындықты туған халқым,

Сақтады дінін, тілін, ата салтын.

Қорқамын қалмақтың дәу мылтығынан,

Үш жүздің бұзама деп елдік қалпын.

Жақындап дұшпан қазақ даласына,

Қайғы кеп Үш жүзімнің8 данасына.

Қалмақтан екі жақтап қатер төнді,

Ноғай9 мен Қарақалпақ баласына.

Дұшпанмен дайын бол деп шайқасуға,

Насихат мұсылманға айтасың да.

Сібірдің шығысынан ызғар келді,

Татардың тоғыз бірдей тайпасына10.

Білдіріп елі-жұртын сағынғанын,

Көрген соң замананың тарылғанын.

Әкесін барып көріп қайту үшін,

Ұғындым бәйбішемнің қам қылғанын.

Боларын ауыр күннің сезіп жүрек,

Туысты көрмейміз бе, көрем бе деп.

Тірілікте елін көріп қайту үшін,

Өтініп жарқосағым қойды тілек.

Тілегін Айшажанның қабыл алдым,

Жүрмек боп алыс жаққа дайындалдым.

Аттар мен азық, киім, қару қамдап,

Бұл жайды ұлдарыма хабарладым.

Қалған соң ата-анасыз қос жетімек,

Асырап екі ұлға да еттім көмек.

Белгісі мұсылманшылық сол болады,

Тірлікте бір-біріне жәрдем бермек.

Есімі қос жетімнің Айбек, Ермек,

Үйреттім екеуіне нұсқа, өрнек.

Сайысқа үлкен ұлдар баулыған соң,

Ыңғайлы болды олар да қылыш сермеп.

Баламдай қолымда өскен сол екеуі,

Бізге еріп, Кіші жүзді болды көрмек.

Өсіргем оларды да жауынгер қып,

Жаттыққан дұшпандарға найза кезеп.

Болғанмен өздері жас, ісі кесек,

Екі ұлым бармақ болды Науан, Әсет.

Ер жастап жорықтарда бастарына,

Түнеген түзде астына тоқым төсеп.

Барыстың қысы әйтеуір шусыз өтті,

Ұзамай көктемдағы жылжып жетті.

Басталып Наурыз айты жұрт қуанды,

Төрт балам жол жабдығын дайын етті.

Туыс ел Арқадағы Арғын-Қыпшақ,

Керейге хабар салды көмек сұрап.

Еділден Кіші жүздер жәрдем күтті,

Соларға қол жөнелттім сарбаз құрап.

Бір інім Дәстем салдай қолды бастап,

Майданға Арқадағы араласпақ.

Аттанды ту көтеріп, қобыз тартып,

Жер шолып, жан-жағына көзін тастап.

Еділге бармақ болып қойып бетті,

Жасақты ұлым Әди бастап кетті.

Жайнатып жасыл туды ол да ұстап,

Сыбызғы ап жорық күйін тартып кетті.

Өткен күз жау жорығы саябырлап,

Осы қыс тыныс алды жұрт байырлап.

Інімді Асқап дейтін шора11 сайлап,

Мен болдым Сыр бойына сапар қылмақ.

Дәл биыл елу бірге келген жасы,

Інімнің домалаған өрге тасы.

Өткізген сан майданды өз басынан,

Керейде Асқап еді ғаскербасы.

Бойларын ерлік, өнер кеткен кернеп,

Ойы бар, жау жолықса, соққы бермек.

Ту ұстап, тұлпар мініп, сауыт киген,

Төрт ұлым: Науан, Әсет, Айбек, Ермек.

Айтқан сөз асылыққа жазбасын деп,

Ел-жұртым жауға жем боп азбасын деп.

Шабуыл басталарын халқыма айттым,

Қапыда дұшпан орын қазбасын деп.

Басталмай елге жорық шықтым сыртқа,

Қоштасып аға-інім мен қалың жұртқа.

Көсем боп Керей-Уаққа Асқап қалды,

Болам ба алпыс бірде көпке тұтқа.

Батыс Сібірдің елі боп тұрған ұзақ,

Қош бол деп туған жұртым Керей-Уақ.

Көргенше енді айналып есен болғай,

Дедім мен қыдыр түнеп, орнасын бақ.

Боларын шабуылдың болжап кеттім,

Жағдайын ел-жұртымның ойлап кеттім.

Жан-жаққа қарауылдар сарбаз қойып,

Асқапты қолға сардар сайлап кеттім.

Ағамның Қарабастай баласы – Асқап,

Өзіме серік болған ғаскер бастап.

Майданда қуат болған жан бауырым,

Жұртыма жолатпаған жауды жасқап.

Барам деп Кіші жүзге болып іңкәр,

Біз міндік астымызға қос-қос тұлпар.

Төртеуі төрт жүз жауға төтен берер,

Ұлдарым қасыма ерген алып сұңқар.

Еш пенде болжай алмас сапар алдын,

Екі ұл мен екі атқосшы ертіп алдым.

Шаттанып сыбызғыны алып қолға,

“Құдая, бағымды аш!?” – деп, кете бардым.

Мақтану еш пендеге жарамайды,

Тәңірім мақтанғанды қаламайды.

Алда болар зор қауіп ойды бөліп,

Бойыма ішкен асым тарамайды.

Өлмей пенде қалмаған айтсам ашық,

Ажалдан құтылмаған ешкім қашып.

Пенденің өлшеулі уақыты бітері анық,

Жүргенмен сұм жалғанда маң-маң басып.

Басында сәуір айы шықтық жолға,

Дедік біз Алла, аруақ өзің қолда.

Ай жүріп, қайын жұртқа келіп жеттік,

Көрместен ешбір бейнет ұзақ жолда.

Қайын жұрт Байұлыда Есентемір,

Көсемі-Қабыланбек би адал көңіл.

Бәйбішем сол Қабыланның жалғыз қызы,

Қайнағам Айбасқали, Ерсен, Өмір.

Қарсы алды қуанысып жас пен кәрі,

Жиналып қайын жұрттың келді бәрі.

Сұрасып амандықты шат көңілмен,

Басталып кетті мәжіліс одан әрі.

Айшажан елі-жұртын келіп көрді,

Көрісіп Қабылекеңе сәлем берді.

“Алыстан әдейі арнап келдіңдер”, — деп,

Үлкендер разы боп көңілденді.

Той-думан жүрген жерім жиын болды,

Ат-түйе ел тартуы сыйым болды.

Жұртыма зор шаттықпен қайтар кезде,

Басталып қырғын соғыс қиын болды.

Көбейіп әр аймақта жойқын ұрыс,

Жарқылдап басты кесіп алмас қылыш.

Ауыр күн ел басына орнаған соң,

Тоқталды қатынас пен ұзақ жүріс.

Құлдырар болғаннан жағдайымыз,

Шөліркеп қататын боп таңдайымыз.

Қолданар күшті қару болмаған соң,

Қайтатын боп тұр жаудан маңдайымыз.

Мәңгілік баянды емес тақтың өзі,

Әркімге қона бермес бақтың өзі.

Есіркеп мұндай ауыр кезеңдерде,

Біздерге пана болсын Ақтың12 өзі.

Келем деп мейман болып Қуаң Сырға,

Қайта алмай көп қиналдық біз де қырға.

Жұртымның күйзелісін көзбен көріп,

Қобыз ап қосып тұрмын мұңлы жырға.

Татар, Естек13, Ноғай атым жеткен,

Қайтпайтын жауынгер ем алған беттен.

Келем деп қайын жұртқа жыр шығардым,

Елімнің күйін көріп жапа шеккен.

Жұртымнан неге аяйын өнерімді,

Жоғалтпан тірі жүріп беделімді.

Халқымның ауыр халін баян етіп,

Бастайын “Елім-ай!” – деп өлеңімді.

Айтылар көптің мұңы болса жиын,

Ондайда ер сөзінде болар түйін.

Шығарған осы жырмен қоса қабат,

Аталсын “Елім-ай!” – деп ән мен күйім.

1 Сырбаздарым деп ақын бір сырлы, сегіз қырлы, өнерлі әрі ер жігіттерді айтып отыр.

2 Қараны деп жырау бұл арада халықтан шыққан ерлерді айтып отыр.

3 Қағажу – шеттету деген мағынаны білдіретін сөз.

4 Жақсылар деп ақын ақылды, батыл азаматтарды айтып отыр.

5 Шығай – Салқам Жәңгірдің туған інісі, ағасынан кейін 1652-1680 жылдар аралығында Үш жүздің ханы болыпты. Ол жастай жетім қалған інісі Тәукені тәрбиелеп өсірген.

6 Алдаспан – алмас қылыштың ескі атауы.

7 Көшелі – сыналған, қайралған, тәжірибелі деген мағынаны білдіретін ескі сөз.

8 Үш жүз – қазақ халқының екінші елдік атауы.

9 Ноғай деп жырау бұл арада Ноғай халқы ертеде Кавказға ауғанда, оларға ермей қалып, Қазақ хандығының қоластына кірген Ноғайдың Қараағаш, Маңғыт руларын айтып отыр.

10 Татардың тоғыз тайпасы деп ақын Сағай, Боржіген, Меркіт, Оқғұт, Барабы, Ескер, Барын, Қарабаш, Қоралаш деген Сібір татарына жататын тоғыз руды айтады.

11 Шора – аймақ билеушісі.

12 Ақ (Хақ) – Алла, құдай, Тәңірі деген мағынаны білдіретін атау сөз.

13 Естек – Башқұрт халқын құрайтын екі тайпалық одақтың бірі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *