КОНГО-ҚЫРЫМ ҚЫЗБАСЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

Денсаулық
309 Views

Республика бойынша 4 облыс (Оңтүстік Қазақстан,Қызылорда, Жамбыл, Алматы) Конго-Қырым геморрагиялық қызба сырқаттанушылығы бойынша қолайсыз болып табылады, біздің облыстан басқа аталған үшеуіндесырқаттану жағдайлары жыл сайын тіркеліп тұрады.

Конго – Қырым геморрагиялық қыз­ба­сы қандай ауру? Оның алдын алу ша­ралары туралы тоқталып өтсек. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Аурудың алғашқы белгілері дене қы­зуының кенеттен 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, қатты бас ауруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғары бөлігінің қан кернеуімен мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпенің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету, ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгісінің байқалуымен сипатталады.

Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басы қалай жұғады? Негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы кене, сонымен қатар жабайы және үй жануарларының ағзасында да ауру қоздырғышы болады. Адамның ауруды жұқтыруы жұқпаланған кенемен қатынаста немесе кене шаққан жағдайда және қанында вирусы бар жануарларды сою, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, сұйықтығымен және ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдар арқылы жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін. Кенелерден қалай сақтануға болады? Адамдар арасында ауруды болдырмау үшін табиғат аясында демалуға барғаннан кейін міндетті түрде өзі немесе қасындағы адамдар өзара денесінде кененің бар-жоғын тексеру керек. Реппелент (иісінен кенелер қашатын крем, майлар) қолдану қажет. Елді мекендерде қоқыстар мен мал қораларындағы ескі көңдерді азайтып, кенелердің көбеюіне, мекендеуіне жол бермеу.

Ауру тарататын кенелердің басым көпшілігі мал қанымен қоректенетіні белгілі. Сондықтан малға жабысқан кенені дер кезінде жою аурудың алдын алудың алғашқы шарасы. Кенелер көбейетін жерлерді (мал қораларын, малшылар тұратын үйлерді) арнайы улы препараттармен дәрілеп отыру керек. Кене орман мен дала аймағында жұмыс істегенде ерекше сақтық жасап, арнайы комбинезон секілді денені түгел жауып тұратын киім, аяққа керзі етігін киген жөн. Сыртқа табиғатқа серуендеуге шыққанда дем алатын орынды күн сәулесі мол түскен жерден таңдау ыңғайлы. Күн сәулесі мол түсетін күншуақ жерлерде кене аз болады. Кешке үйге оралғаннан кейін (мүмкіндік болса саяхат кезінде 2-3 рет) сырт киімді сыртқа шешіп, сілкілеп, өз денеңіздің кене жабысады-ау деген жерін қараңыз. Жабысқан кенені абайлап, ептілік сақтап алып тастаған дұрыс. Ол үшін кененің үстіне бірнеше тамшы сұйық май тамызу керек. Сонда кененің тыныс жолы бітеліп, өзі-ақ сыртқа шығады. Оны пинцетпен алып, орнын спиртпен немесе йодпен сүртеді. Аурудың белгілері анықтала қалған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. Кене шаққан адам екі апта шамасындай дәрігердің бақылауында болғаны дұрыс.

Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басы ауруының қалай алдын алуға болады? Аурудың алдын алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы залалсыздандыру. Табиғи ошақтарда орналасқан тұр­ғындар малдарды күтіп қарағанда және қырқым кезінде кененің шабуылынан және кене қанымен жанасты болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию қажет (қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резеңке қолғап).

Кене шаққанда немесе кенемен жанас­та болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз.

Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайда міндетті түрде ме­дициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.

Ауырып ем іздегенше – ауырмайтын жол іздеңіз. Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі екенін ұмытпаңыздар!

Гауһар ҚҰРАЛБАЕВА,

№1 қалалық клиникалық ауруханасының медбикесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *