ЕЛ НАМЫСЫ – ЕР НАМЫСЫ

Спорт
1 983 Views

«Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келді деген осы болар. Жарақатына байланысты бокспен қош айтысып, біраз уақытқа жанкүйердің көзінен тыс қалған Бейбіт Шүменовті спорт сахнасынан қайта көреміз деп ойлағандар кемде-кем шығар. Ал біз сездік. Сезгеніміз сол, спорттан кетсе де санамыздан өшпейтін бауырымыз жайлы материал дайындадық. Екі салмақта Әлем чемпионы атанған Бейбіт Шүменовке өз деңгейінде құрмет көрсетілмей келе жатқанын жаздық. «Бейбіт – бүгінгінің батыры» деген тақырыптағы мақала баспаға кетіп те қалған, жарыққа шығып үлгерген де жоқ еді. Сол күні батырымыз Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің ғимаратында баспасөз жиынын өткізіп, үлкен спортқа қайта оралатынын жария етті.

– Әуелі спорттық мансабымды аяқтау жөнінде шешім қабылдауыма не себеп болғанын айтқым келеді. Біріншіден, менеджеріммен келіспейтін тұстарым көбейді. Ол маған қажетті жекпе-жек ұйымдастырып бере алмады. Бірнеше ай бойы кездесу өтпеген кездер болды. Екіншіден, көзімді ауыр жарақаттап алдым. Осының барлығы жиналып мені эмоциялық күйзеліске душар етті. Шынын айтқанда, маған үзіліс қажет еді. Ал қазір өзімді жақсы сезінемін. Қалпыма келдім және спорттық жолымды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырмын. Бүгін кәсіби боксқа қайта оралғанымды ресми түрде мәлімдеймін, – деді Б.Шүменов.

– Бұған дейін тараған ақпаратта көзден алған жарақаттың ауырлығына байланысты спортшы ретінде кәсіпқой бокстан біржола кететініңіз хабарланған еді…

– Меніңше, медицина адам ағзасының мүмкіндігін толық зерттеп болған жоқ. 2008 жылы сол көзімді жарақаттап алғанмын. Дәрігерлердің тыйым салғанына қарамастан жұдырықтасуды жалғастырдым. Нәтижесінде Әлем чемпионы атандым. Қазір де бәрі жақсы, сол көзім мазаламайды.

– Қазақстан боксының бүгінгі деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстан боксы үнемі даму үстінде. Бүгінде біз әлем үздіктерінің біріміз. Барлық салмақта Олимпиада ойындарында лайықты өнер көрсете алатын боксшыларымыз бар. Өкінішке қарай, ол мүмкіндік барлығына бірдей бұйыра бермейді. Сол себепті жігіттеріміз уақыт жоғалтпау үшін бақтарын кәсіпқой бокста сынап көргендері дұрыс. Қазақстандықтар әлі де кәсіпқой бокстың қаншалықты беделді екенін түсіне қоймаған сияқты. Кішкентай ғана Филиппиннен шыққан Мэнни Пакьяоны мысалға алуға болады. Он жыл бұрын Филиппиннің қайда орналасқанын әлем халқы біле қойған жоқ. Ал бүгінде осы боксшының арқасында оның елі әлемге әйгілі.

– Жақында ғана сіз Шымкентте өткен атышулы тойда болдыңыз. Сол тойда қонақтарға бағасы 21 миллион теңге тұратын торт ұсынылған болатын. Бұл жағдай көпшіліктің сынына ұшырады, ал сіздің пікіріңіз қандай?

– Қатаң диета ұстанамын, сондықтан тәтті жемеймін. Маған ұннан жасалған тағамдарды тұтынуға да тыйым салынған. Түсінбейтінім, қайдағы торт үшін осындай шу көтерудің қажеті қанша? Сейітжановты (Серікжан Сейітжанов – кәсіпкер. Тойдағы торт үйленген немересіне жасаған сыйы болатын) жақсы танимын. Ол халық үшін қаншама мектеп салдырды. Халыққа жақын адам және жасаған жақсылықтарын жариялауды жақсы көрмейді. Жұртқа жақсылық жасауды жақсы көретін жандарды бағалау керек деп ойлаймын.

– Бүкіләлемдік бокс суперсериясының (WBSS) жартылай финалында жұдырықтасатын ресейлік Мұрат Гассиев пен кубалық Юниер Дортикостың қайсысы ақтық сынға өтеді деп ойлайсыз (Сұрақ жекпе-жек өткенге дейін қойылған. Бұл кездесуде Гассиев жеңімпаз атанды – автор)?

– Бір-біріне лайықты қарсылас. Мұрат – қарымды жігіт. Бірақ техникалық жағынан Дортикос басымырақ. Егер кубалық ұстанған жоспары бойынша жұмыс жасайтын болса, жеңуге мүмкіндігі мол. Кейде кубалық өзін ұстай алмай, айқасқа кірісіп кетеді. Мұндай жағдайда басымдықтың Гассиевке өтетіні сөзсіз.

– Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы қарымта кездесу жайлы пікіріңізді білдіре кетсеңіз…

– Екеуі де мықты боксшы болғандықтан кімнің жеңімпаз атанатынын алдын ала болжау қиын. Екеуінің әлемдегі ең үздік боксшылар аталып отырғаны да бекер емес, олар осы атқа лайық. Сондықтан да бұл жекпе-жекті тамашалауды мен де асыға күтіп жүрмін.

– Сіздің Бернард Хопкинске қарсы өткізген жекпе-жегіңізді еске түсіріп көрейікші. Жеңіліске не себеп болды, Хопкинстің тәжірибесі ме? Әлде басқа да себеп бар ма?

– Бернард Хопкинспен кездесу өткізу мүмкіндігін алу үшін салмақ тастауға тура келді. Өзіңіз ойлап көріңізші, 26 келі тастаған адамның қандай күйде болатынын. Байқап отырған боларсыз, менде май жоқ. Бұлшықеттерді шынықтыруға барынша күш салдым, соның салдарынан тек құр сүйегім ғана қалды деуге болады. Денсаулығым сыр берді. Мұндай жағдайда менің дұрыстап ойлануға да мұршам болған жоқ. Жекпе-жектен бас тарту қажеттігін айтып, кеңес бергендер көбейді. Осындай қиындықтарға қарамастан шегінуге намысым жібермей, жұдырықтасуға бел будым. Хопкинстің мықты боксшы екеніне таласым жоқ. Бірақ ол кездесуде мен бар қабілетімді көрсете алмадым. Қарымта кездесу өткізудің сәті түссе, мен ол мүмкіндікті жібермес едім. Өкінішке қарай, Бернард әлдеқашан спорттық мансабын аяқтап қойған.

– Қанша жекпе-жектен соң атақ-дәреже сарапқа салынатын кездесу өткізуге мүмкіндігіңіз болады?

– Бұйырса, осы жылы-ақ атақ-дәрежеге таласамын деген ойым бар. Бір-екі жекпе-жектен соң-ақ әлемнің үздік боксшыларымен жұдырықтасуға дайын боламын. Ал қай салмақта өнер көрсететінімді айтар болсам, екеуін де қатар алып жүрмекпін. Бірінші ауыр салмақта және ауыр салмақта.

Баспасөз жиынында әріптестеріміздің сауалдарына осылай жауап берген Бейбітті бүгінде боксқа ғана емес, «спортқа оралды» дегеніміз жөн болар. Өйткені, тек жаттығудың соңында кетпей, Қазақстан спортындағы жаңалықтарға назарда ұстауда. Ол Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарына аттанған спортшыларымызға сәттілік тіледі:

«Қазақстан құрамасы Пхенчханда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарына аттанды. Әрине ол жақта оңай болмасы анық. Оны әрбір спортшы жақсы біледі. Өзім де 2004 жылы Афины қаласында өткен Олимпиадаға қатысқанмын. Сондықтан мен сіздердің көңіл-күйлеріңізді жақсы түсінемін. Және сіздерге өр рух, жеңіске деген жігер, сенімділік тілеймін. Қыздар, жігіттер, сіздерге барша Қазақстан халқы – жанкүйер. Біз сіздерге сенеміз. Сәттілік, жеңіс, көптеген жүлде тілеймін. Алға Қазақстан!».

Тағы бір қуанарлығы, Бейбіт Шүменовтің қайта оралғаны Қазақстанда ғана емес, Мұхиттың арғы жағында да талқыға салынуда. Тіпті, америкалық Ringnews-24.com сайты қазақ боксшысына қарсылас атануға лайықты үміткерлердің тізімін түзіп үлгеріпті.

Жарақатына байланысты Бейбіттің жұдырықтаса алмай қалған қарсыласы Юниер Дортикостың есімін бірінші атаған. Гассиевтен жеңіліп қалғаннан кейін жанкүйерлерінің алдында беделін қайта қалпына келтіру кубалықтың лайықты қарсылас іздейтіні белгілі. Шүменовпен жекпе-жек өткізуге келіссе, бұл шешімі екеуі үшін де тиімді болары сөзсіз.

Одан кейінгі кезекте британдық Тони Беллью тұр. Кәсіпқой бокста өткізген 31 кездесуінің 29-ында жеңіске жеткен. Екі рет жеңіліп, 1 рет тең түскен. Бүгінгі күні ол да қарсылас іздеуде.

Бейбітке қарсылас атануға лайықты үштікті америкалық Эндрю Табити түйіндеп тұр. Ол 2016 жылы Шүменовпен жекпе-жек өткізгісі келетінін жария еткен. Сөзінен тайқымаса, біздің жігітпен жұдырықтасудың сәті енді түсейін деп тұрғандай. Жеңілістің ащы дәмін татпаған Эндрю өткізген 15 кездесуінің 12-сін уақытынан бұрын аяқтаған.

Айта кетейік, Шүменов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында промоутерлік лицензиясы бар жалғыз шетелдік боксшы. Оның KZ Event Productions, Inc. промоутерлік компаниясының Showtime, ESPN, Fox Sports Network, NBC Sports арналарымен алдын ала келісімдері бар. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ол отандық боксшылардың Қазақстанда ғана емес, әлемде танылуы үшін қолдау білдіруге ниетті. Ендеше, сәттілік! «Ел намысы – ер намысы!» дейді қазақ. Бауырларымен бірге биіктерді бағындыра беруіне біз де тілектеспіз!

Болат МАНКЕНОВ, промоутер:

БЕЙБІТ ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

– Егер Бейбіт солай шешсе, неге оралмасқа? Бұл – бокс, ол өз ісінің шебері. Мүмкіндігі мен психологиялық тұрғыда қаншалықты дайын екен біледі. Шүменовтің тәжірибесі мол. Бастысы, бұл өзге біреудің үгіттеуімен емес, өзі қабылдаған шешім. Жасы қырықтан асқан шағында оралып, жетістікке жеткендер де бар. Оған сәттілік және денсаулық тілеймін!

Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *