НАУҚАС КЕЛГЕН КҮНІ-АҚ ЕМ АЛА БАСТАЙДЫ

Денсаулық
1 150 Views

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында бәсекелестік қызу қарқын алуда. Мемлекеттік емханалар, ауруханалармен бірге мемлекеттік емес медицина орталықтары да бұл салаға өз еңбек үлестерін қосып келеді. Сапа жағына келгенде де, науқастарды емдеуде де аталмыш орталықтардың көш бастап келе жатқаны жасырын емес. Олар ақылы түрде қызмет жасағанымен халық көңілінен шығуда. Нақтырақ айтқанда, ауру дертін дәл анықтап, шипа табуына үлкен ықпал жасауда. Мемлекеттік емханаларда қала берді ауруханаларда көптеп кезек күтулер орын алса, медицина орталықтарында уақытты тиімді пайдаланып, дер кезінде медициналық қызмет көрсету сапалы жолға қойылғаны баршаға белгілі.

Оңтүстік өңірінде осындай медициналық орталықтардың бірі – «Сымбат» өз қызметімен ел аузында. Сөзімізге дәйек іздеуде біз осы медициналық орталығына арнайы ат басын бұрған болатынбыз. Орталықтың бас дәрігері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», Ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы үшін «Алтын жүрек» медалімен, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен «Қайырымдылығы үшін «Сауап» медалімен, Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің «Ауғанстан ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі кеңесінің шешімімен Отан қорғаудағы және жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы ерекше еңбегі үшін Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рақымов медалімен, Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалімен марапатталған жоғары санатты дәрігер – уролог Бәтеш Айтбайұлы ОМАРОВ.

– Бәтеш Айтбайұлы, бүгінгі денсаулық сақтау саласында медициналық орталықтарыңыздың орны ерекше болып, ел аузында айтылып жүр. Сіздердің медициналық қызмет көрсету сапасына елдің ықыласы жоғары. Бүгінгі медициналық орталық туралы ақпар берсеңіз екен.

– Медицина орталығы 2012 жылы ашылып, дәл осы уақытқа дейін жұмыс жасап отырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырмаға сай алғашқы күндізгі стационарды ашқанымызға 3 жыл болды. Биылдан бастап емханаға қаралу қолға алынуда. Қазіргі таңда 5 мыңдай халық тіркеліп, емделіп отыр. Мақсатымыз – біздің денсаулық сақтау министрі Ержан Бертанов айтқандай, әр емханада 30 мың адамнан асырмау керек. Ал Шымкент қаласында қазіргі мемлекеттік емханаларда кемінде 80-100 мыңға дейін халық тіркелген. Енді соларға бәсекелестік көрсетуіміз керек. Олар бізге тіркелген адамдарға қарсы жұмыс жасап отыр. «Жекеменшік емхана, ертең қарамай қояды» дегендей, олай болмайды. Бізде барлығы тегін қаралады. Тегін қаралғандықтан бәсекелестікпен жұмыс жасаймыз. Біз жұмыс жасасақ, олар да жұмыс жасайды. Ал егер олар да, біз де жұмыс жасамасақ, бәрі бұрын қалай болды, солай қалады. Мемлекеттік №1 қалалық емханада 5 жыл бас дәрігер болып қызмет еткенмін. Оларда УЗИ-ге түсу үшін 1 ай кезекте тұрады, кейде 2-3 ай. Бізде бүгін келді ме, бірден түсіреміз, қараймыз, емдейміз. Қазір 5 мың халық болса, келесі жылы 10 мың болуы мүмкін, әрі қарай.

Біз Елбасының тапсырмасын орындау, бәсекелестік қалыптастыра отырып халыққа мінсіз қызмет етудеміз.

– Жалпы емделуші науқастардың өз дертіне шипасын табуы – ең бірінші міндет. Солар жайлы, дәрі-дәрмектер жайлы айта кетсеңіз.

– Бізде күндізгі стационарда науқастарды өте сапалы дәрі-дәрмекпен емдеп, жағдайларын тиянақты бақылаудамыз. Өзімізге тіркелген 5 мың халықты, сонымен қатар сырттан келген науқастарды да қабылдап, тегін емдейміз. Жақсы қызмет көрсетілгендіктен бізге келушілер саны да көбеюде.

Біз Үкіметтен бөлінген қаржыны түгелдей дәріге жұмсап отырмыз. Дәрі-дәрмектердің қалай қолданылып жатқанын емделушілердің өзі де жақсы біледі.

Маған бүгін екі-үш адам келді «Сіздерде жақсы ем көрсетеді екен, былтыр емделдік, биыл да емделейік деп едік», – деп. Оларға «Бізде емделу үшін, тіркелу керек. Тіркелмесеңіз өзіңіздің жергілікті мекен-жайыңыз бойынша тіркелген жеріңізге барыңыз», – деймін. Содан жақсы қарайтынымызды біліп, бізге тіркелуші халықтың саны көбейіп келеді. Бұрын біз тек қана ақылы түрде қызмет ететінбіз. Қазір тегін жүйеге өтіп, келген емделушіні бірден УЗИ-ге түсіріп, қан алып, ауруының себебін анықтап, ем көрсетіп, жүйелі жұмыс жасап отырмыз.

– Денсаулық сақтау саласындағы, медициналық қызмет көрсету орталықтарында ем көрсететін мамандардың да орны айрықша. Сіздерде жоғары санатты дәрігерлер жағы қандай?

– Біздегі дәрігерлердің барлығы жоғары санатты. Жекеменшік емханаларда жоғары санатты дәрігерлер емдемесе, жас мамандарға ешкім бармайды. Бізде тек қана жоғарғы білімі бар, еңбек өтілі 20-30 жылдан жоғары аса тәжірибелі дәрігерлер. Олар ауруларды дұрыс қарай алады. Сол себептен біздегі дәрігерлердің санаты жоғары болғандықтан, бізге халық өз қалауларымен келіп тіркелуде.

– Осындай бәсекелестік жағдайында жұмыс жасап келесіздер. Сонда да жергілікті билік өкілдері елемесе де министрлік өкілдері саралап, бағалап отыр екен. Жақында бірнеше марапатқа ие болыпсыз…

– Бізге жергілікті денсаулық сақтау басқармасынан ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Тек қана қазіргі МӘМС-ке (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) құжат тапсырып, солардан 3 жылға медициналық аккредитациялаудан өткенбіз.

Мемлекеттік емханаларда көп нәрсе жоқ, біздегі құрылғылар, зертханалар қымбат тұрады. Оларда бұрыннан келе жатқан заттар. Соның өзінде денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аяқтан шалу кезігеді. Олай болмау керек. Елбасымыз айтқандай, бәсекелестік болса жұмыс та түзеледі, тәртіп те болады. Қайта арамызда тәжірибе алмасып, өзара қарым-қатынас жасап жұмыс жасауымыз керек. Қазір біз сол МӘМС арқылы сақтандыру қорынан мемлекеттік тендерді жеңіп алдық. Бұл жерде бәрі факт бойынша жұмыс істелінеді. Мемлекеттік емханаларда сонша тіркелген адамды қарау мүмкін емес. Сонда да еңбегімізді бағаламай отырғанына көңіліміз құлазиды.

Қазіргі заманауи тұрғыдан алғанда біздің медициналық қондырғылар, аппараттар қымбат. Жаңадан құрылған, мысалы, бізде МРТ-дан басқасының барлығы бар. Бәрі осы жерде жасалады. МРТ керек болса келісімшартқа отырып жібереміз. Жоғарыда отырғандар осыны түсіну керек. Мысалы, Ақжайық елді мекенінде емхана да жоқ. Әрқайсысы әр жерде жүр. Бізге алайық десек бермейді. Соны халыққа жеткізіп айту керек. Алла қаласа біз өз емханамызды сол жерден ашсақ деп отырмыз. 15–16 мың халқы бар. Өкінішке қарай, оны бізге бермей отыр.

– Енді осы мәселені қарапайым жұртшылық біле бермейді ғой. Ондағы халық қайда барып тіркелуі тиіс?

– Ақжайықтағылар бізге келіп тіркелгені дұрыс болар еді. Біз қызмет көрсетуге бір емес, екі көлік бөліп қойғанбыз. Патронаж, үйге бару дейміз. Бізде халық саны аз болғандықтан, мамандарға айлық қалай төлеймін. Сол себепті олар ақылы түрде жұмыс жасап отыр. Ал егер оларды түгелдей мемлекетке өткізетін болсақ, олар халыққа өте жақсы қызмет ететін болады. Невропотологы бар, хирургы бар. Жоғары санатты дәрігерлер, арасында ғылым докторы, кандидаттар кезігеді. Еңбек өтілі 20-30 жылдан асқан дәрігерлер бар. Егер бізге тіркелмесе онда ақылы түрде емделеді. Ал оған көп адамның қалтасы көтере бермейді. Осы орайда халыққа айтарым: келіңіздер, тіркеліңіздер, емделіңіздер.

– Сіз де мемлекеттік емханаларда жұмыс істеген азаматсыз. Ол жердегі қазіргі қызмет көрсету сапасы жеке-меншіктегілермен салыстырғанда бөлекше шығар…

– Енді мемлекеттік емханаларда халық саны өте көп. Кезек көп. Мысалы, невропатологқа кіру үшін 15-20 күн кезекте тұрады. Сол 70-80 мың адамның 10 мыңын беріп көрсінші, сол кезде бәсекелестік болады. Сонда ғана Елбасының алға қойған мақсатын орындаймыз. Елге сапалы медициналық қызмет қалай көрсетіледі? Оларда адам көп болғандықтан, үлгере алмайды, бір анализді 10 күн күтеді. Айырмашылық осында. Негізі тез қызмет ету, тез қаралу қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жасап, көрсете білу керек. Біліміңді көрсету керек, сонда ғана халық бағалайды. Мемлекеттік емханаларда тәжірибесі аз дәрігерлер де кезігеді. Солардың кесірінен бәрімізге де сөз тиеді. Біз іспен дәлелдейміз. Сол үшін халық бізге науқан бітсе де тіркеліп отыр. Науқан біткен кезде 4653 болса, енді қазір 5 мыңға барып қалды. Осыны түсінген азаматтар енді ғана келіп тіркеле бастады. Нәтижесінде тегін қаралып, емін тауып отыр. Сосын көп жерде дәрігерлердің түсінбейтін жері сендерге ақша аударып қойған деп ойлайды. Егер адам бізге бір жылға тіркелсе әрі қарай қалса да, қалмаса да өз еркі. Мемлекеттікінде де сондай болуы керек. Сонда ғана бәсеке болады, сапа болады.

– Енді мына емделушілердің түріне қарағанда ең ауыр диагнозбен келген азаматтардың өзі сауығып шығуда. Еш жерден ем таппай осы жерге келіп күрделі деген ауруларынан да айығып кеткен жағдайлар кездеседі дейді…

– Ондай жағдайлар өте көп. Оның бәрі білімге келіп тіреледі ғой. Білімді азаматтарды бағалай білуіміз қажет, көрсете білуіміз керек, марапаттауымыз керек. Сонда ғана біздің дәрігерлер халыққа жақсы қызмет етеді. Ешкім оны қадірлемей, бағаламай жатса ол өзі үшін ақылы түрде қабылдайды. Ал, егер қадірлеп, марапаттап жатса олар халыққа тегін қызмет жасайды. Осыны біз дұрыс жолға қоюымыз керек.

– Көп азаматтарымыз шетел асып жатады, сапалы ем табу үшін, шығынданады. Көрші елдерге барып қаралады. Одан да осындай орталықтарға тіркеліп, емделіп, шипасын табуға болады емес пе?

– Әрине болады. Шетелге көп қаражат кетеді. Адамын табу керек, білетін маман табу керек. Бізде көп адамдар шетелге кетіп жатады. Біздікілер білмейді деп. Ол дұрыс емес, қате түсінік. Сол дәрігерлер білгенді біз де білеміз. Соның көзін, орнын табу керек.

– Бүгінде орталықтағы дәрігерлер саны қанша?

– Бізде қазір 61 штат алдық. Олар тегін қызмет етеді. Ал бізде ақылы түрде қызмет ететін 20-дан аса дәрігер бар.

– Қашанда халықтың денсаулығын ойлап жүресіздер. Осы орайда, жалпы елге айтар тілегіңізді білдірсеңіз…

– Енді, халыққа айтарым “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дегендей, білікті дәрігерге уақытында қаралып, емделу керек. Уақытында скринингтен өту керек. Сонда ғана біз Қазақстан халқы ең кемінде сексен жылға дейін өмір сүруге болады деп ойлаймын.

– Қиын да жауапкершілігі мол жұмыс арасында уақыт тауып, бізбен сұхбат құрғаныңыз үшін рахмет айтамыз.

Сұхбаттасқан Қуанышбек БОТАБЕК.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *