«ЕРДӘУЛЕТ» ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІНДЕГІДЕЙ ЕКЕН

Білім
1 464 Views

Шымкенттегі №106 «Ердәулет» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының тарихы 1984 жылдан басталады. Сол жылы «Шымкентдорстрой» акционерлік қоғамының бірлестігіне қарасты балабақша болып ашылды. Оңтүстік Қазақстан мүлік жөніндегі аймақтық комитетінің 1995 жылғы 28 тамыздағы №731 қаулысымен №106 «Красная шапочка» балабақшасы «Шымкентдорстрой » АҚ-нан Шымкент қалалық білім бөліміне өткізілді. Балабақша меңгерушісі болып Г. Калжанова тағайындалды.

Бөбекжай-балабақша Шымкент қаласындағы 18-шағынауданда №79 а үйде екі қабатты ғимаратта орналасқан. Қазақстан Республикасының 2001 жыл 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» №148; 1999 жылғы 7 маусымдағы «Білім туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы №389; «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» №2335; 2006 жылғы 10 қаңтардағы «Мемлекеттік басқару деңгейлерінің арасында өкілеттіктерін шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір құқықтық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» №116-ІІІ ҚРЗ заңына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен 2006 жылдың 2 наурызынан «Шымкент қаласы әкімдігінің №106 «Красная шапочка» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны «Шымкент қаласы әкімдігінің №106 «Ердәулет» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қайта аталды. 2007 жылдың 5 желтоқсанынан бастап Ұлбосын Уалханқызы Шалхарбек Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 232 бабы негізінде №33 «Ақбота» бөбекжай-балабақшасынан ауысу түрінде №106 «Ердәулет» бөбекжай-балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

2012 жылдың 7 тамызынан бастап Гульмира Абдрамановна Карибозова Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 232 бабы негізінде №38 «Қуаныш» бөбекжай-балабақшасынан ауысу түрінде №106 «Ердәулет» бөбекжай-балабақшасы мемлекетт3к коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі қызметіне тағайындалды.«Заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу туралы» куәлігі алғаш рет 2000 жылы 27 қазанда тіркелді. Тіркеу нөмірі №3935-1958-01-МК,бизнес –сәйкестендірме нөмірі БСН 0011040000835, анықтама берілген күні – 2013 жылғы 17 шілде. Балабақша өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, «Білім туралы», Қазақстан Республикасының заңдарын, Еңбек кодексін және тағы басқа да нормативтік-құқықтық актілерді, білім беру ұйымының Жарғысын басшылыққа алады. Шымкент қаласы білім бөлімінің №106 «Ердәулет» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының жарғысы Шымкент қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 5 шілдедегі №194 қаулысымен бекітілген. 2013 жылы 1 тамызда күрделі жөндеуден өткен.

Жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жобалық әлділігі – 230 орын, 12 топ ұйымдастырылған, 9 топ – мемлекеттік тілде, 3 топ – орыс тілінде, тізім бойынша бала саны – 315. Арнайы ән айтатын залы, әр топқа екі толық жабдықталған бөлмелер мен тазалық гигиеналық орындар бар. Аула өсімдіктерімен көгалдандырылған, таза ауада ойнап өсу жағдайы қарастырылған спорт алаңы, және жаз мезгілінде шомылатын бассейндер бар.

Жылу, телекоммуникация, су тасымалдау жүйелері орталықтандырылған. Жұмыс уақыты 10,5 сағат (8.00-18.30 дейін) бес күндік. Арнайы музыка және дене шынықтыру, монтесори бөлмелері бар. Асхана және шаруашылық бөлмесі, есепші, әдіскер, қазақ тілі, психолог, медбике бөлмелері бар. Ас дайындау, кір жуу бөлмелері, азық-түлік сақтау қоймалары қажетті техникалық құралдармен жабдықталған.

Балабақшада оқу тәрбие жұмысын 35 педагог атқарады: 31 жоғары, 4 арнайы орта білімді. Тәрбиешілердің арасынан Мақтагүл Борибекова, Динара Балабаева, Гүлжанар Калыбекованың ерен еңбектерін атап өтуге болады. Ән айтып, би билеп, спорттық сайыстарда айрықша көзге түсіп жүрген Мансур Мухитдинов, Томирис Умирзак есімді балақайлар бар.

Енді осында тәрбиеленіп жүрген балақайлардың ата-аналарына сөз кезегін берейік. «Самал-2» шағынауданындағы №3 үйдің тұрғыны Флора Максудова:

– Бес жылдан бері Данис деп аталатын немеремді осында жетектеп әкеліп тұрамын. Ол – «Мұрагер» тобының тәрбиеленушісі. Мұндағы барлық жұмыс: педагогикалық, психологиялық, тәрбиелік, сауықтыру, бәрі-бәрі өте жақсы жолға қойылған. Балабақшаның аумағы, әдістеме және медицина кабинеттері, асханасы таза әрі жинақы. Кішкентайлардың тәртібіне, ойынына, зейініне деген қамқор көзқарас жоғары деңгейде. Мектепке үлкен дайындықпен апаруға барлық күш-жігерін аямастан жұмсап жүрген жандардың бәріне алғыс айтамыз. Әсіресе балабақша меңгерушісі, білімді де білікті басшы Гульмира Карибозоваға деген ризашылығымыз шексіз. Жұмыстарыңыздың табысты, өмірлеріңіздің бақытты болуына ізгі тілектестігімізді білдіреміз.

Зейнеткер Нұрдәулет Тұрсумбеков:

– Нұрайым қызым тәлім-тәрбие алып жүрген балабақша ұжымының қызметкеріне ризамын. Пейілдері де, көңілдері де таза. Сан түрлі мерекелік іс-шараларды да өз деңгейінде өткізіп тұрады. Мұндағы балақайлардың жақсы тәрбие алып, мектепке ойдағыдай дайындықпен баратынына бек сенімдімін.

Гүлнара Санаева:

– «Балапан» тобына баратын баланың ата-анасы ретінде бөбекжай-балабақшасына өзімнің ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі мұнда бәрі де өз орнымен, өз ретімен қойылған. Балалардың жатын орны, асхана, музыка залы, бәрі-бәрі тап тұйнақтай таза. Олардың ойнап, демалып, тынығулары үшін толық жағдай жасалған. Тамақ жағы да жақсы.

Мұндағы ұжым өте ұйымшыл екен. Тәрбиешілері тәжірибелі де тәлімді. Бөбекжай балабақшаның меңгерушісі Гульмира Абдрамановна – білімді де білікті басшы. Барлық ата-аналардың атынан олардың жұмысына табыс тілейміз!

Дана Аримбекова:

– Адина атты қызым «Балдырған», ал Заңғар есімді ұлым «Ертөстік» топтарына барады. Бұл балабақшаны таңдаған себебіміз: сырты да, іші де тап-таза, жинақы екен. Мұндағы тәрбиешілер де, аспаздар да өз жұмыстарына асқан ұқыптылықпен қарайды. Әсіресе ұжымды іскерлікпен басқарып отырған Гульмира Карибозованың көпшілікпен етене тіл табысатын кішіпейілдігіне дән риза болдық. Балаларымызды ізгілікке үйретіп, тәлімді болуға тәрбиелеп жүрген апайлардың жұмысына табыс тілегіміз келеді.

18 шағынаудандағы №6 үй, 29 пәтердің тұрғыны Татьяна Ильинична Вискампа:

– Перзенттерім «Балауса» және «Құлагер» топтарында тәрбиеленіп жүр. Мұндағы тәлім-тәрбие жұмыстары жақсы жолға қойылған. Балабақшаға келгенде бейнебір Ертегілер еліне енгендей көңіл күйде боласың. Кішкентайлардың шат-думанға толы ойындарын көргенде марқайып қаласың. Өздерінің күнделікті жұмыстарына асқан ұқыптылықпен, жоғары жауапкершілікпен қарап жүрген балабақшаның басшысынан бастап тәрбиеші, күтуші, медбике, аспаз, бәріне-бәріне жүректен шыққан алғыс сезімімізді жеткізсек дейміз.

Медбике Раиса Утебаева:

– Балабақшамыздағы кішкентай бүлдіршіндердің денсаулығын жіті қадағалаймыз. Олардың тамағының тоқ, көңілінің шат болуы жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген әдіскерлер, психологтар, тәрбиешілер, күтушілер, аспаздар, бәріміз-бәріміз қашанда өз жұмысымызға асқан жауапкершілікпен қараймыз. Ет, сүт, балық, жеміс-жидек өнімдерін күнделікті жаңа түрін алып отырамыз.

Шаруашылық жұмыстары жөніндегі меңгеруші Күнсұлу Жаңабаева:

– Осында жеті жылдан бері жұмыс істеп келемін. Балабақшаның ауласына шынар, шырша секілді көпжылдық саялы ағаштар отырғызғанбыз. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. «Атамекен» корпорациясының көмегімен балабақшаның жанынан тұрғын үй кешенін салып алдық. Білімді де білікті басшы Гульмира Карибозованың асқан ұйымдастырушылық, іскерлік қарым-қабілетінің, ата-аналармен, билік басындағылармен, кәсіпкерлермен етене тіл табысуының арқасында көптеген игілікті іс-шаралар атқарылуда.

Иә, шындығында да «Ердәулет» бөбекжай балабақшасының өмірі нағыз ертегідей екен. Біз соның куәсі болып қайттық.

Сабырбек ТҰРЛЫБЕК,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *