БОЛАШАҚҚА – КІТАПХАНА ЖОЛЫМЕН

Руханият
1 086 Views

Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, рухани байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы туралы ұғым жоғары болуы тиіс. Кітапхана ісі мәдениет саласы ретінде ақпараттық білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады. Бүгінде біздің Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Ақпарат білім беру орталығына (АБО) Динара Баймұханбетова басшылық жасап келеді. Динара ханымның кітапханаға қосқан үлесі аз емес. Әрқашан өз тәжрибесімен, білімімен бөлісіп отырады. Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі №7 оқу ғимаратында электрондық оқу залын ашпақпыз. Гуманитарлық мамандықтар бойынша университеттің №7 және №8 ғимараттарында «Педагогика және мәдениет», «Филология» «Дене тәрбиесі және спорт», «Жаратылыстану» факультеттері орналасқан. Аталмыш оқу орнында оқырмандарға жылдам сапалы түрде қызмет көрсететін 2 оқу залы, 2 абонемент, электрондық оқу залы және ғылыми-библиографиялық бөлімдері бар екенін айта кету орынды. Соңғысында «Ирбис» катализатор» бағдарламасы 1995 жылдан бері заманға сай электрондық каталогпен жұмыс жасауға жүйеленген. Мұнда кітап қорының барлық сипаттамалары толығымен енгізілген. Кез келген оқырман картотекаларды ақтармай-ақ кітапханада өзіне керекті кітапты немесе тақырыпты еш кедергісіз уақытын үнемдеп қажеттісін тауып алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар мұнда көп салалық сөздіктер мен анықтамалықтар, энциклопедиялар, библиографиялық құралдар орын алған.

Интернет ресурстарын пайдалануда ақпараттарға еркін және шексіз енуді қамтамасыз етіп, отандық және шетелдік базалардың сайттарынан ақпарат алуға мүмкіндік мол. Біздің әрбір өткен күніміз болашаққа жасалған қадамымыз болып табылады. Бүгінгі күнді қалай өткізсек, болашағымыз да соған лайық құрылады. Осы бір жағдай кітапхана мәселесіне де қатысты болып келеді. Біз XXI ғасырда өмір сүріп келеміз. Білім, ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер мен жаңа технология қоғам өмірінде алдыңғы орынға шыққаны аян.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің құрамындағы АБО-да заман талабына сай кітапхана оқырмандарға сапалы және тиімді қызмет көрсетуде. Толыққанды ақпараттыққа қол жеткізуге орай кітапханалар университет құрылымында ерекше орынға ие. Кітапхана қызметкерлерінің ақпаратқа деген сұранысының күрт өзгеруіне жылдам бейімделу, оқу және ғылыми қорлардың жинақталуына деген көзқарасы ерекше. Жаңа технологиялардың қолданылуы, жаңа пәндердің, жаһандық ақпараттық интернет желісінің пайдаланылуы, сондай-ақ мәдени және әлеуметтік салалардағы өзгерістер кітапхана жұмысына ықпалын тигізбей қоймайды.

Оқырмандар жаңа технологиялар негізінде барынша мол ақпараттық қызметке ие болып отыр. Мұнда электрондық тасымалдағыштарда ақпараттар қоры жинақталған: компакт-дискілер, бейнетаспалар, аудиотаспалар мен дискеттер. Электрондық ресурстар орталығында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер интернетке қосылу арқылы алуан түрлі ақпараттармен қамтылады. АБО жаңа мамандықтардың ашылуы мен үнемі жас, жігерлі мамандармен толығып отырады. Сонымен қатар оқу жоспарларына сәйкес оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттерді иелену бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Кітапхана жұмысындағы жаңа технологияның басты мақсаты – студенттердің, профессор оқытушылардың сұраныстарын барынша толық қанағаттандыру, сондай-ақ тұтынушылардың ақпаратқа еркін енуіне көмектесу болып табылады. Оқу процесі мен ғылыми қызметті ақпараттық қамтамасыз етуді арттыру үшін АБО университеттің профессор-оқытушылар құрамымен тығыз байланыс орнатқан. Осы тұрғыда ақпараттық білім беру мақсатындағы іс-шаралар жиі өткізіледі.

Жуырда АБО-ның №8 оқу ғимаратының мәжіліс залында «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасы мен кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облыстық Ассамблея хатшылығы жанындағы ғылыми-сараптау тобының төрайымы, педагогика ғылымының докторы Асма Қалыбекованың жеке кабинеті ашылуына орай «Асма Қалыбекова және оның шәкірттерінің еңбектері» атты кітап көрмесі өткізілді. Сондай-ақ оқырмандардың сұраныстары мен тілектерін айқындау мақсатында кітапхана қызметкерлері университет кафедраларымен бірлесіп жұмыс жасауда. Сонымен қатар №7 ғимаратың оқу залына «Дене тәрбиесі және спорт» факультетімен бірлесе отырып педагогика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық академияның академигі Мардан Сапарбаевқа арналған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда ғалымның шығармашылығы мен ғылыми еңбектерін насихаттау барысында танысу бұрышы құрылды.

АБО оқу-тәрбиелік мақсатында түрлі іс-шаралардың ұйтқысы болып келеді. Университеттің құрылымдық бөлімшелері – факультет, кафедралармен бірлесе отырып түрлі әдеби-музыкалық кештер, қоғам қайраткерлері және ақын-жазушылармен кездесулер өткізіп, «дөңгелек үстел» мәжілістерін, пікірсайыстар арқылы студент жастардың рухани жағынан кемелдене түсуіне оң ықпал етуде. Сонымен қатар жаңа заман талабына ілесу – әрбір кітапханашының міндеті деп білеміз. Шәкірт санасына зор білім құятын құт мекен – кітапхана болса, ал кітапханашы – тілімізді, рухани байлығымызды насихаттаушы мамандық иесі. Кітапханада жаңа түскен кітаптар мен жинақтардың таныстырылымы үздіксіз өтіп тұрады.

Жанат ЕРЕЖЕПОВА,

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті № 8 оқу ғимаратындағы Гуманитарлық мамандықтар саласы бойынша кітапхана меңгерушісі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *