ЕРЛАН СЫДЫҚОВТЫҢ ҰЛТ ҰСТАЗЫ ЖАЙЛЫ КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Руханият Әдебиет
499 Views

5 қыркүйекте XX ғасырдың басындағы қазақ жазуының реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлыныңтуған күнінде ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, «Л.Н.Гумилеватындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректор ЕрланСыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» ғылыми – танымдық кітабыныңтұсаукесері өтті. Жаңа басылым «Художественная литература» баспасынан жарықкөрді.

Кітаптың таныстырылымына «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және жаңа Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, сондай-ақ еліміздің және Ресей, Түркия, Венгрия, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекеттерінің ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Кітап барлық жастағы аудиторияға арналған әрі ұғынықты, қарапайым тілде жазылған. Автор еңбегін оқырманға барынша жақындату үшін сұрақ-жауап форматын таңдады. Философиялық сұхбат стилі кітаптың бірегейлігіне айналып, Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тереңірек аша түскен. Барлық сұрақтар тарихи логика мен қазіргі заманның ерекшеліктеріне негізделген.

«Ахмет Байтурсынов – учитель нации» кітабы 2022 жылдың 2 қыркүйегінде ресейлік көрмеде ұсынылды. Бұл туралы «Художественная литература»  баспасының директоры Георгий Пряхин баяндады. Ол жаңа еңбектегі бірнеше аспектіге назар аударғанын атап өтті.

—  Автор кітапты ұсынудың өте заманауи түрін тапқан. Кітап оқулық түрінде емес, сұрақ-жауап түрінде жазылған, оқырманға түсінікті. Мен үшін бұл жаңа еңбек – зиялы қауым өкіліне арналған әнұран тәрізді. Ол, ең алдымен, кез-келген қысымшылықтан, кез-келген төңкерістен зардап шегетін және халыққа қызмет етудің, халықтан үйренудің, өз халқына үйретудің үлкен жүгін көтеретін зиялы адам. Бұл таза «Абай» дәстүрі. Маған Ерлан Сыдықовтың бұл аталған қасиеттерді өз кейіпкерінде атап өткені ұнады», — деді өзінің бейнеқұттықтауында  Георгий Пряхин.

Автор туындыда өмірлік қиындықтар мен сынақтарды еңсерген Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасының қалыптасуы мен дамуына баса назар қойған. Қазақтың ұлы ағартушысы кітапта жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылады.

«Кітап жаңаша көзқарас қалыптастырады және автор Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы тұлғасын аша білген. Бұл басылымның біздің ұлы ағартушымыздың есімін, оның тарихи-саяси мұрасын, мемлекеттік және қоғамдық қызметін халықаралық деңгейде дәріптейтіні қуантады», — деп атап өтті Shakarim University оқытушысы Марат Әбдікәрімов.

Кітаптың таралымы 3000 дананы құрайды. Басылым барлық өңірлік кітапхана мен университет қорын толықтыруға бағытталған. Сондай-ақ кітапты қазақ, ағылшын және түрік тілдерінде аударып, шығару жоспарлануда.

«Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін, әсіресе қазақ жастары үшін ауқымды тұлға. Елдің болашағы, ұлттық мәдениеті, ұлттық құндылықтары үшін өзін құрбан еткен адам. Жаңа кітаптар оның еңбектерін тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен насихаттайтын болады», — деп атап өтті этнография институтының (Венгрия) ғылыми қызметкері Давид Шомфай Кара.

Сондай-ақ конференция аясында ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш қайраткерлері туралы жаңа мұрағат дереккөздерін ұсынды.

Айта кету керек, тарихшы Ерлан Сыдықов – қазақ халқының көрнекті қайраткерлері Жамбыл Жабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Құнанбай туралы кітаптардың авторы. Оның шығармалары Қазақстанда да, елден тыс жерлерде де танымал.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *