ХАНША ДАРИЯ ХИКАЯСЫ

Әдебиет
1 131 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Сол тартқаннан мол тартып, туған жердің топырағына аяқ басқанына да біраз болыпты. Алыс жорықтарда әбден ат соқты боп шаршағанын осында келген соң байқады. Енді бұрынғыдай емес, ат үстінен гөрі мамық төсекке бойы үйреніп барады. Сөйте тұра кей-кейде бұндай бейбіт дәуренінен де тіксініп қалады. Кеше жорықта жүргенде тілдессе тек қолбасшылармен тілдесіп, қайдағы бір қарлы қара тау шаруалар жайын кеңесуші еді, ондайда мәжілістестеріне басының озықтығын күнбе-күн көрсетіп, қалың әскерді соғыс сайын бір таңырқатып отыратын-ды. Енді, міне, ара-тұра алыс елдерден келетін елші-жаушы болмаса, салиқалы мәжіліс те жоқ, ақыл жарыстырар, айбар таластырар мәжілістесі де жоқ. Кіріп-шығатындар – тек қызметшілер, айтылатын әңгіме – берілетін тағам мен салынатын төсектің жайы. Кешегі қатыгез әмірші бүгінде мамық төсекте масайраған шолжаң бала сияқты. Төңірегіндегілердің бәрі асты-үстіне түсіп, айтқанын жасап жүр. Қол астындағы халық сені басына бір шығарып алған соң қорқытпасаң таңданбайды. Әр істе тамсантып, таңырқатып отырмасаң, айбыныңнан айрыласың. Қорқытқанның жөні осы екен деп кіріп-шығып жүрген қызметшілерге оңды-солды бақырып-шақыра берсең, қазір қасың мен қабағыңды бағып, сілтідей тұнып отырған тыныш халқыңды күндердің күнінде сыртыңа шығарып алуың мүмкін. Туған жерге қайта оралып келуін келсе де, міне, қайдағы-жайдағы қырық қия қиялға түсіп, пұшайман боп жүр. Одан мынау аң қарай шыққан ермегі де сейілте алмады.

Түнде түсіне әйел кіргені несі екен? Не бар мақсатын тауысып, әйелден басқа ойлайтыны қалмаған кісінің, не бүкіл өмірін жын-ойнақтың соңында өткізген жел бас еркектің түсіне әйел кірсе керек еді. Сонда бұның бар арман, бар мақсаты таусылғаны ма?..

Соңынан қиқу шықты. Таң атқалы мүлгіп тұрған тыныш шатқал дүр етті. Манадан бері абайламапты, екі ат құзды өрнектеген қия жолдан шығып, шатқал түбіндегі шоқ-шоқ қарағай арасындағы шағын алаңқайға енген екен. Мұның ту сырты дүсір етті де, қар көмген шыршаның түбінен ақ түбіт ту қоян атып шығып безе жөнелді. Артындағы нөкері бұл қапы қала ма деп қиқулап жатыр. Қорамсақтан бір оқ алды. Зәресі зәр түбіне кетіп, мәнсіз-мағынасыз шыбын жанын қайтсем аман алып қалам деп, безіп бара жатқан қол басындай қораш мақұлқат ақырғы рет бір қарғыды да, таңы қып-қызыл боп, анадай жерге ұшып түсті.

Касар мерген екеуі желе-жортып қасына жетіп барды. Түнде жауған мамық қар бетіне қан тамғанда қандай әдемі. Есіне түндегі түсі оралды.

– Осы дүниеде, сірә, денесі тап осы қан сонардың қарындай аппақ әйел баласы бар ма екен? – деді.

Касар мерген:

– Таңғұттардың Шидүрге деген бір бекзадасының Гүлбелжін деген әйелі қараңғы үйге кіріп барғанда, самаладай жарқырап кетеді дейді. Болса тек соның жүзі ғана осындай шығар, – деді шала-жансар қоянды тамағынан орып жатып.

– Таңғұттардың дейсің бе…

Шыңғыс хан ойланып қалды.

Маңғұлдар Орта Азиядағы мұсылман халықтарын осылай атапты.

III

Одан бері де он жеті жылдың жүзі ауыпты. Сеңсең бөрік секілді сеңгір-сеңгір таулардың қап-қара тәнінен шымырлап шыққан қара өзеннің тіп-тіке терістікке бет түзеп, жолында тағы да тауға жолығып, шығысқа қарай күрт аунаған қойнауында мұның қалың қолы жатты. Тапал атты көп әскер күні-түні оңды-солды ойқастап, тапыр-тұпыр шаба берген соң, қатқыл жер келінің түбіне түскендей күл-паршасы шықты. Екі жақтан орағыта қоршап, мұнартып тұратын қара таулар да, шалқи аққан тұнық сулы қара өзен де ақ шаңнан көрінбей қалды. Қоңыр күз келді. Шөп басына қырау түнеп, ызғар күшейді. Елден жаз ортасында шыққан сарбаздар дірдектеп тоңа бастады. Екі таудың аршасы аяусыз өртелді. Бірақ таңғұт астанасы маңына дарытпай қойды. Қала ішінен анда-санда бір көрініп кететін жансыздар басы Ан-Цюан әміршінің өзі болып, қала жұрты тегістей қамал басында жүр дейді. Қыш қорғанның маңына жоласаң болды, төбеңнен тас жауып, ыстық су мен қара май шашырап қоя береді. Үстінде қой терісінен басқа лыпасы жоқ маңғұл әскері қанша құмырсқадай қаптағанмен, шайтан шаһардың әлгіндей айла-шарғысына амалы таусылып, тайқып шыға келеді.

Қыс ызғары ширыққан соң Шыңғыс хан барлық түмен басы, мың басыларды түгел шатырына шақырып, кеңес құрды. Әзәзіл қала әлі де берілмейтін болса, өзенді бөгеп, топан су қаптату керек деп пәтуаласты. Қалың әскермен төңіректен еріксіз айдалып келген босқын жұрт қара өзеннің ағынына қарсы тосқауыл салып, жолын бөгеді. Сеңгір таудан сел боп аққан қара өзен арнасынан аунақшып, қалаға қаптады. Үйлердің асты үңгіліп, гүрс-гүрс құлаумен болды. Адамдар илеуін сел алған құмырсқадай суға қалқып кетті. Әбден ісініп-кебінген өліктер лай судың бетінде бірімен-бірі соқтығысып жүр. Кеудесінде санаулы күндік жаны қалған пенделер құламаған үйлердің төбелеріне өрмелеп шығып, көрші шүршіт тайпалары көмекке келмес пе екен деп, түксиген-түксиген сеңгір таулардың түнеріңкі шатқалдарынан көз алмайды. Екі көздері төрт болғанмен, көмекке келе жатқан ешкім көрінбеді… Сеңгір таулар селт етпестен жатып алды.

Енді үміт үзілді. Сондай бір аңылжыған ақырап түнінде аспанның түбі тесілгендей ағыл-тегіл ақ жауын құйып берді. Бұрынғы сел сел ме, шын топан енді қаптады. Бұған дейін сыр алдырмаған сәнді сарайлардың да бөксесі жалаңаштана бастады. Кеше ғана Тибет пен Терістік Қытайды қалтыратып-дірілдеткен бай елдің байтақ астанасы ішіне лай су құйған кетік тостағандай; араны ашылып алған жойқын селдің сар тегештей шаһардан сау-тамтық қалдырар түрі жоқ. Сосын мұндағы тірлік кең қойнауға төгінді судай быт-шыт шашырап, біржолата жоғалады.

Сол екі ортада, үй төбесінде тұрған таңғұттар маңғұл қостарының әлденеге абыр-сабыр болып жатқанын көздері шалып қалды.

Маңғұлдардың пәлен күннен бергі лепіріп тұрған көңілдері су сепкендей басылды. Жойқын сел олардың тұрғызған бөгетін бұзып-жарып, енді өздеріне беттеді. Сасқан маңғұлдар қостарын көшіріп те үлгерместен аттарына мініп, ел қайда, су қайда деп, бет-бетіне безе жөнелді.

Жауын сол күні түс ауа тыйылды. Кешке қарай маңғұлдар маңғұт ханына елші жіберді. Әбден ит-сілікпесі шығып, титықтаған ел тәуелді болуға көніп, Ан-Цюань қызын Шыңғыс ханға беретін болды. Үшінші әйелі Чахэ солай түскен-ді. Шыңғыс хан қала салып, қамал салып, қайдағы жайдағы айла-шарғының бәріне әбден жетіліп алған таңғұттарды, ең болмаса, кіндігінен шырмап, маңынан шығармас үшін Чахэні әйелдікке алды.

Бірақ бұл жекжаттықтың да дәурені ұзақ болмады. Арада сегіз жыл өткен соң, Шыңғыс хан таңғұттардың жаңа әміршісі Дэ Ванға: «Баяғыда оң қолыңыз боламыз деп уәде беріп едіңіздер. Одан бері сендерге ешқандай салмақ салып көрген жоқпын. Салмақ салатын жер енді келді. Іргемді түрткілеп тыншытпай отырған Сартаулы еліне жорыққа аттанбақпын, соған қол қосыңыз», – деп жаушы жіберді.

Сонда бұның елшісі сөзін бітірер-бітірместен, таңғұт бекзадасы Аша-Гамбу әміршісінің алдын кес-кестеп: «Шыңғыс ханға айта бар, әлі жетпейтін таяқты беліне қыстырып қайтеді, қауқарсызы бар, хан болған не теңі!» – депті.

Бұл оның таңғұттардан естимін деген жауабы ма еді! Жексұрын хабарды жеткізген елшінің сол күні түнде кезін құртты. Араға ай салды да, Сартаулы еліне жорыққа аттанды. Талай шаһарды қан сасытып, талай тақты белінен басып жүргенде бұл сөз есінен шығып та кетіп еді, сонау үнді елінде жүргенде, таңғұттар тағы бас көтере бастапты, көршілес тайпаларға бәріміз бірігіп, маңғұлдарды шабайық деп жаушы салып жатыр деген хабар жетті.

Туған еліне суыт оралуының тағы бір сыры осы. Бірақ ол сыры ешкімге тісінен шықпаған, баяғыдан бері бір жақ бүйрегінде бүк түсіп жатқан да қойған.

Елге оралған соң таудың ар жағындағы таңғұттарды таңғалтам деп, ешқайда табан серіппей тып-тыныш жатып алды. Жарты әлемді жамбасына бүктеп қайтқан әміршінің басынан сөз асырып, аш құлақтан-тыныш құлақ жатып алғанына таңғұттар әрине таң қалады. Шыңғыс хан таңғұттарды осы түсініксіз бейбітшілікке әбден ет үйретіп алған соң, ойда жоқ жерде тағы бір таңғалтпақшы болды.

Алдын ала байбаламды суханы сүймейді; не істесе де, құдды бір құдайдың өзі жіберген зұлматтай тосыннан, тұтқиылдан тап болып, ес жиғызбай есеңгіретіп тастағанды қалайды. Түсіне Гүрбелжін арудың кіргені тағы бір тосын шаруаға меңзегені деп түсінді.

Шыңғыс хан таңғұттарға елші шаптырды.

«Бір кезде маған оң қол болам деп айтқан уағдаларың бойынша, іргеме ши жүгіртіп, мазамды ала берген Сартаулы еліне жорыққа аттанарымда сарбаз қос деп сөз салып ем, анттарыңды аттап, жасақ ертпегендерің былай тұрсын, айдай өлемге түгел мәшһүр болған атыма тіл тигізіп, балағаттауға дейін бардыңыздар. Ол кезде өзге шаруадан қолым босамаған соң, сенімен есептесуді кейінге қалдырып едім. Сартаулы жорығы бітті. Тәңірімнің бір өзі жар болғанының арқасында, Сартаулы халқын сара жолға салып еліме оралдым. Ал енді, бурхан , мен, міне, өзіңнен баяғы сөзіңнің нәтижесін сұрауға бел будым».

Осындай ызғарлы сәлеммен аттанған жаушыдан он бес күн бойы хабар болмайды. Он бес күннен соң елшісі өң жоқ, түс жоқ, сары ала шатырдың есігінен аттар-аттамаста, шарт жүгініп отыра кетті. Жаушысының өңін көріп, таңғұттың жасыл шапандыларының жауабы оң болмағанын түсіне қойды.

Шатырдың ішінде отырғандар жаушының әлденеге қаймығып отырғанын байқап, қозғалақтай бастап еді, бұның оң қолын көтеруі мұң екен, бәрі жым болды. Елшімен тілдескенде ешкімді куә қылмайтын бұның мына ишарасына айран-асыр боп, аңтарылып отырып қалды.

Жаушы жағын енді ашты.

«Шыңғыс ханның: «Дэ-Ван я баласын менің ордама кепілдікке жіберсін, я ат-тұрмандарын әзірлей берсін» деген талабын естігенде, таңғұт ордасы төбесінен жай түскендей болыпты. Бекзадалар жағы: «Тақсыр, бұл маңғұлдар да бір, тау мен тастың тағы аңы да бір. Олардың жым-жырт жатқанынан аранын ашып алдыңнан шапқаннан бетер қорқу керек. Мұрагеріңізді маңғұл ордасына жібермесеңіз, еліңіздің басына қара күннің туғаны», – деп бебеулей жөнелген екен, Дэ-Ван қалш-қалш етіп орынынан атып тұрыпты.

Жаңғыз баламды арыстанның аузына, зымыстанның түбіне жіберер жайым жоқ. Біз де ел емеспіз бе. Көрші-қолаңның да ыңғайы біз жақта, – депті де, елшіге бұрылыпты. – Ұлы әміршіге сәлем айт, ұлым мен тіріде өз ордамда болады».

Шыңғыс хан жымиып қойды. Елші сөзін қалт жібермей отырған орда маңы бір-біріне қарады. Шыңғыс хан жаушыны жанына шақырып алды да, басқаларға шыға беруге ишара жасады.

Аң-таң жұрт шатырдан шығып бара жатты.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *