Қызығы мен шыжығы қатар жүретін, таусылмайтын сынақтан тұратын жұмбағы көп жалған дүние.
Осы жалған тірлікте бір ғұмырға татитын саналы өмір сүрген, ел, туған-туыс арасында орны ерек, жақсылардың қимасына айналған, үлгі етерлік өнегесі мол тау тұлғалар бар. Сондай асыл азаматтардың Көкке самғап кете барғаны қабырғаға бататыны сөзсіз. Иә, әрине өмір – қырдағы сайран емес.
Аждаһадай төніп ажалымыз жетсе, бір күн де тұрақтауға құдіретіміз жетпей мәңгілікке аттанып кетеріміз хақ. Осындай өтпелі, соқпаққа толы өмір жолынан қас-қағым сәтте өте шыққан бәйтеректей әулетке сая болған алып тұлғалы асыл әкеміз Нұриман ЖЕКЕЖАНОВ 1924 жылы Талдықорған облысының Гвардия ауданында (қазіргі Алматы облысының, Кербұлақ ауданы) Алтын-Эмель кеңшары, Байғазы ауылында дүниеге келген. Отбасының төртінші перзенті. 1936 жылдан, яғни 12 жасынан бастап кеңшардың сиырларын бағып, жастайынан бейнет еткен. 1941 жылы соғыс басталған кезде жасы небәрі 17-де болған. Алайда, үлкен ағасы Күншай соғыс майданына кетуіне орай, соғыстан босатылған. 1950-1952 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, 1988 жылы зейнеткерлік жасына дейін кеңшарда әртүрлі жұмыстар, атап айтқанда, электрик, моторист, жүргізуші, шаруашылық меңгерушісі, сүт зауытының меңгерушісі сынды қызметтер атқарған. Бес ұл, үш қыз өсіріп, олардан 27 немере, 20 шөбере сүйген қазыналы қария. Асқар тауымыз Алла берген 95 жасқа келіп бақилыққа аттанып кете барды.
Ол отбасының игілігі мен өркендеуіне барлық жағдайды жасап, ұрпағына өнегелі тәрбие бере білген тектіліктің үлгісі іспетті еді. Оның белсенділігі, өміршеңдігі, сондай – ақ еңбекқорлық, мақсаттылық сияқты қасиеттері біз үшін үлгі болды. Өзі туған түрлі ұлт өкілдері мекендейтін ауылдағы жерлестерінің баршасымен тату-тәтті ғұмыр кешкен жатырқауды, жатсынуды білмейтін паң тұлға. Ол біздің жүрегімізде дана кеңесші болып қалады. Кез-келген жағдайда көмекке келуге әрқашан дайын, жан-жағына мейірімін төгіп, салиқалы ақылын беріп отыратын көнекөз кісі еді, шіркін. Асыл бейнесі жүректен өшпесі анық. Қанша сағынғанымызбен, қимағанымызбен әттең оны кері қайтаруға шамамыз жетпейді. Өткен естеліктерін көңілге медеу етіп отырамыз. Жанымызға демеу сол ғана. Шектеулі өмірдің қас-қағым сәтте өте шығарын білсек те келмеске кеткен әкемізді еске алғанда, көңілімізді мұң кернейді. Асқар тауымыздан қапыда көз жазып, есеңгіреп қала бердік.
Алланың ісіне амал бар ма?! Жарқ еткен шырағы сөніп, тарлан ғұмыр кете барды. Қимастықпен қоштасып, сағынып еске аламыз!
Бізге өнегелі тәлім-тәрбие берген әкеміздің есімін жүрегімізде мәңгі сақтаймыз. Қатал тағдырдың үкіміне көндігіп, оған Құран бағыштап қала береміз.
Аяулы әке, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Бақұл болыңыз!
Қарғап-сілеп бұлт торлаған жалқы күнді,
Көзімізден толассыз жас төгілді.
Әкетайым өзіңді еске алып, сағынғаннан,
Мына жалған тірлік те жат көрінді.
Қош бол, әке, қапыда кеткен алыбым,
Жәннат жайды нәсіп етсін Тәңірім.
Көзіңдей болып, дұғаңды тілер ұл-қызың
Ұсынсын Алла жұмақтың мәңгі жарығын.
Ұлы Самат НҰРИМАНҰЛЫ,
келіні Назира БЕРДІБЕКҚЫЗЫ.