ҰСТАЗ

Білім Руханият
417 Views

Ұстаз – жүрекке жылу беріп, нұр себетін, барша адамзат құрмет тұтатын аяулытұлға. Сондықтан «ұстаздың алдын көрген» деген сөз «ата-ана тәрбиесін алған»деген сөзбен қатар айтылады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, санқилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі кез келген адамның көңілінің төрінен орын алары анық. Бірсөзбен айтсақ, ұстаз – адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді.

Дегенмен, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық – барлық мұғалімнің бойына дари бермейтін тағылымы терең өнер. Шын ұстаз болу үшін туабітті дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек ұштасып жатуы шарт. Демек, қиындығы мен қызығы бірге жүретін осынау саланың нағыз маманы болғысы келетін адам көптеген қиындықтан өтеді. Қиын дейтініміз, әрбір сабаққа жіті дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, бойларына тәлім-тәрбие сіңіру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді дарыту оңай шаруа емес. Ал, олармен сырласып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығып, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу – бір сәтке өзін бала сезінетін қызықты шақтар.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» — деп Мұхтар Әуезов айтқандай, балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасаған жанның еңбегі еш кетпейді. Бұл ретте ұлтымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы да: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» — деп, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жас буынды тәрбиелеу, оларды терең біліммен қаруландырып, үлкен өмірге дайындау тек білікті ұстаздардың ғана қолынан келетінін айтып кеткен.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — демекші, мен «Низамхан» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, ұстаз – Гүлжан Естемірова туралы айтқым келіп отыр. Себебі, Гүлжан Келдібекқызы өзінің білім-білігімен, сабырлылығымен шәкірттерін жарқын жолға бағыттайтын ақылшы азамат. Ол – мейірімге толы жүрегі талай-талай ағаттыққа бой берген шәкірттерін кешіре білетін, пайым-парасатымен әр оқушының жүрегіне жол табатын қайталанбас ұстаз. Педагогика саласындағы барлық тәжірибе мен пайымдаулардың, теориялық қисындар мен қағидалардың, талдау мен жинақтаудың, бай­қау мен бағалаудың, саралау мен дара­лаудың, ойлау мен ой дамытудың нағыз білгірі. Дүниетанымдық көзқарас, сенімділік, қызметке бейімділік, қамқорлық, ісіне деген сүйіспеншілік, адалдық, ұйымдастырушылық, жаңашылдық сияқты қасиеттер де Гүлжан Келдібекқызының тұла бойынан табылады. Оның тағы бір кісі сүйсінерлік тұсы – шәкірттерімен де, ата–аналармен де жақсы қарым-қатынас орната алатын мінез-құлқы. Әсерлі үнінен, мәнерлі сөзінен әрбір шәкіртке деген қамқорлығы, аналық сезімнің ыстық лебі есіп тұрады.

Осы орайда, есіме мына бір оқиға түсіп отыр. Бірде Гүлжан апай 3-сынып оқушыларынан келешекте кім болғысы келетіндері туралы сұрапты. Марат есімді оқушы «әкем сияқты полицей боламын» десе, Айнұр есімді қыз «анам сияқты дәрігер боламын» деп жауап беріпті. Ал, Сезім есімді қыз мұғалімнің «сен кім болғың келеді?» — деген сұрағына «сіз болғым келеді» деп жауап береді. Сонда Гүлжан апай күлімсіреп, «неге олай?» — деп сұраса, Сезім «сіз сияқты бәрін білетін, ақылды жан болғым келеді» деген екен. Сол секілді, біздің мектептегі көптеген оқушы Гүлжан апай сияқты болғысы келетін. Гүлжан ұстаздың өз ісін жан-тәнімен сезініп, алдына келген әр оқушыны өз баласындай бауырына басатынын шәкірттері де, әріптестері де мақтанышпен айтып жүреді. Жалған сөйлеу, екіжүзділік сынды теріс қылықтар ол кісінің бойына да, ойына да жат.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға, — деп Ұлы Абай жырлағандай, үйретуден жалықпайтын ұлағатты ұстаз, қазіргі заманның батыр қызы Гүлжан Келдібекқызындай жандардың арамызда бар екенін сезініп, бағалауды естен шығармайық.

С. БАЙТІЛЕУОВ,

Академик А.Қуатбеков атындағы ХДУ, «Экономика» кафедрасы, аға оқытушы Менеджмент ғылымдарының магистрі, аспирант

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *