Оңтүстігінде Өгем, Қазығұрт тау сілемдерінің бөктеріне жайғасқан, шығысында қарт Алатауменшектесетін Төлеби ауданын білмейтін жан кем болар. Түркістан облысының табиғатыәсем Төле би ауданы «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі мен «Ақсу-Жабағылы» қорығыныңбір бүйірін ала қоныстанған, Сайрам шыңын бағындырған еліміздегі ең көріктімекендердің бірі!
Шымкент шаһарынан бар-жоғы отыз шақырым жерде, іргелесе тиіп тұр…
ТӨЛЕБИ – БАЛ ҚЫМЫЗДЫҢ ОТАНЫ
Қазақты жылқысыз, қымызсыз елестету мүмкін бе?! Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Диханкөл ауылының киікотымен ысталған қымызы дүркірей бастаған шақ еді. Атақты «Диханкөлдің қымызы» бұл күнде брендке айналып кеткен. Қырық түрлі дертке ем тіл үйірер қымызды қазір тіпті өзіміз түгілі, өзге елдерден әдейі іздеп келіп дәмін татады екен. Аудан көлемінен жылына 3 тоннаға дейін қымыз жөнелтіледі. Сондай-ақ, табиғаты тамсандырар Төлеби ауданы кейінгі жылдары туризмімен де танылып келеді. Жолаушы жұрт қыстыгүні «Тау самалы» тау шаңғысы базасына келсе, ал енді нағыз ми қайнайтын аптапта тау баурайында жағалай орын тепкен демалыс аймақтарын тамашалап, таза ауада тыныстауға барады. Бір сөзбен айтқанда, әуелден-ақ Төлебидің саф ауасы мен суы, табиғаты жанға жайлы, тәнге шипа.
Аудан орталығы Ленгірге жетпей бірнеше елді мекендерден жүріп өттік, көше айнадай жалтырап жатыр, жылан жалағандай тап-таза. Қоқыс атаулыға тәртіппен қарайтыны көрініп тұр. Айнала мұнтаздай тазалықтан кейінгі тағы бір жіті аңғарғанымыз – оқтай түзу көшелер. Асфальт жолдар теп-тегіс, кей аудан, қалаларға барсаңыз, құрақ көрпедей жамалған көшелерді көресіз, мұнда қылаудай да жамау жоқ. Бәлкім, сапа бірінші орында болар. Қалай десек те, «ауылына қарап, азаматын таны» деген ғой. Аудан әлеуетіне қарап, сол аудан басшысының деңгейін байқайсыз. Бағасын бересіз…
Төлебиліктер әу бастан ауыл шаруашылығына бейімделген, халқы еңбексүйгіш, жерден нәпақа терген ел. Кеңестік кезеңде мұнда немістер көп шоғырланған-тын. Олар өзі тәртіп пен тазалықты жаны қалайтын ұлт емес пе?! Кейін тоқсаныншы жылдардың басында немістер тарихи отанына оралады да, Ленгір әдеттегідей әдемі, тазалық сүйгіш қала қалпын жоғалтпай, күнделікті тіршілігін жалғап өмір сүре береді.
Бұл күндері Төлеби ауданында жүз жиырма мыңға жуық халық бар. Аудан басшысы Төлеген Телғараев биыл ақпан айында әкім болып тағайындалды. Төлеген Тұртайұлының әкім ретінде басқарып отырған бұл екінші ауданы. Бастапқыда Қазығұрт ауданын бес жылға жуық басқарған әкім осы уақыт аралығында сол өңірдің әлеуетін әлдендіріп, тұрмысын түзетті. Артынан сөз ерген жоқ. «Жүйрікте де жүйрік көп – қазанаты бір бөлек, адамда да адам көп – азаматы бір бөлек» дейді, Төлеген Тұртайұлы сөздің емес істің адамы. Пайымы биік парасатты азамат. Қазығұртта жүргенде, үш ауысымды мектептер қатарын жойды, инфрақұрылым мәселелері мен су тапшылығын ретке келтірді, бұрын кесте бойынша шектеулі сағатпен беріліп келген ауыз су мұнан былай күндіз-түні берілетін болды. Агросала өндірісінен бөтен аудандармен салыстырғанда оқ бойы озық шығып, озат атанды. Жалпы өңірлік өнім 132 миллиардқа шықты.
Қазығұрттан қыруар тәжірибе жинаған әкім Төлебиде тосылып қалуы мүмкін емес.
Көршілес жатқандықтан Қазығұрт пен Төлеби ауданының тұмса табиғаты да, ауа-райы да ұқсас. Бір ерекшелігі Төлебиде кейінгі жылдары туризм саласы жанданып келеді. Сондықтан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданын басқаруды сеніп тапсырар шақта Т.Телғараевқа былай деген еді: – Төлеби ауданы – табиғатының кереметтілігімен туризм саласын дамытуға өте қолайлы аймақ. Жаңа басшыға көптеген маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды әрі қарай жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығын озық технологиялармен жабдықтап, инвестиция тарту керек. Қоғамдық және құқықтық тәртіпті сақтай отырып, аудан тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырамын.
Расында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлының бұл тапсырмасын Төкең кідірместен жалғастырып алып кетті. Өйткені, әрбір сала қолмен қойғандай өзіне етене жақсы таныс. Жыл басынан келе сала ауыз су тапшылығын нақты шешу мақсатында жұмыла іске кірісті. Бұрын Мәдени ауылына жоғарғы Ақсудан су келетін, құбыр ескіріп бұзыла берген соң, Төңкеріс ауылының басындағы Көшербұлақ дейтін бастаудан жаңа арна жүргізіп, су жүйесінің құрылысы қолға алынды. Міне, соның арқасында он екі ауылдың халқы ауыз сумен қамтылды. Ленгір қаласына жапсарлас жатқан Төңкеріс, Балдыберек, Қаратөбе, Қостөбе, Майбұлақ, Жамбыл, Тасарық, Ханарық, Қазақстан, Көксәйек, Мәдени ауылы мен Ленгір қаласының ауыз суы шешілді. Бұған дейін уақытпен үздік-создық беріліп келген ас суы енді 24 сағат ағып тұр. Үйіңде сарқырап ағатын суың болмаса ісің өнбейді, көңілің де көншімейді. Қазір үздіксіз су ішіп отырған ленгірліктер әкімге дән риза. Жалпы Төлебидегі 55 ауылдың 54-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Тек Жаңакүш ауылына құбыр тартса келер жылы аудан толық ауыз сумен 100 пайыз қамтылатын болады. Соның ішінде ауыз су 52 елді мекенде тәулігіне 24 сағат, ал қалған екі ауыл – Зертас пен Ұзынарықта әзірге графикпен берілуде. Дәл қазір ауданды жүз пайыз сумен қамту межесіне жетпек ниетпен жұмыстар атқарылып жатыр. Жөндеуді қажет ететін, іріп-шіріген құбырларды қайта құруды ұмытпау керек, бұл үшін 22 елді мекеннің 5 ауылына 2021 жылы 700 миллион теңгеге қаржы қарастырылып құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қалған құбырлар алдағы уақытты жөндеуден өтері сөзсіз.
Сонымен судың жайын түйіндейік, Төлебиде су мәселесіне қатысты түйткілдер бірте-бірте осылай шешімін тауып келеді.
ХАЛЫҚПЕН ЖИІ ЖҮЗДЕСЕТІН ӘКІМ
Төлеген Тұртайұлы Төлебигекелгелі бір тыным таппады. Үнемі ауылдық округтерге ат басын тіреп, жиналғанқауыммен бетпе-бет кездеседі. Кабинетте отырып, тапсырма бергісі жоқ, сырттанбақылау жүргізуге жаны қас, көкейде туындаған жайттарды істің басы-қасындаәбден көз жеткізіп, саралап отырып шешкенді ұнатады. Сондықтан көпшілікпен жиі жүздеседі.
Ауылдың ең өзекті мәселесі не? Алдымен инфрақұрылымы – халық ауыз сумен, табиғи газбен, электр жарығымен, асфальтталған көшесі және сапалы интернетпен, жұмыс орнымен қамтылса, ел мамыражай тіршілік кешіп, атқамінер басшыларға алғысын жаудырып, жайлы тұрмыс кешіп дөңгелене бермек.
Міне, Төлеген Телғараев елдің осы қажетін өтеймін, қызметінде боламын деген ақылы мен айбары астасқан азамат. «Тіпті сонау бала кезімнен бизнесмен боламын, кәсіпке кетемін деген ой мүлде болмапты, бар арман-мақсатым елге қызмет ету, бұқараның мүддесіне жарау еді» дейді өзі. Бұл күнде сол талап-тілегінің желкенін есіп, діттеген мақсаттың кемесінде келе жатыр. Халықшыл әкім ғана халықтың арасында жиі бой көрсетеді, тасада тығылып жүрмейді.
Қалың көпшілікпен жиі кездесу, қарсы алдындағы шаршы топтың үніне назар салып, айтар ауызға тыңдар құлағын тосу, ел ішіндегі мәселелерге ден қою, содан шешім шығару – мүмкін Телғараевтың ел басқарудағы тактикалық әдіс-тәсілі болар. Телғараев қаумалаған халықтың мәселесін мұқият тыңдап алады, жұрт қандай сауал қойса да, қызбалыққа салынбайды, байсалдылығын сақтайды. Егер ол орындалатын шаруа болса, әкім уәдесін береді және ол орындалады. Ал, орындалмайтын іске құрғақ уәде бермейді. Сонымен бірге, тағы бір ерекше қыры – қордаланған мәселелерді ең алдымен өзектілігіне қарап таңдайды, яғни қай іс күн тәртібінде күйіп тұр, бүгінгі күннен қалдырмай шешімін табуы тиіс болса, шаруаны шұғыл содан бастайды. Яғни, жұмысты кейінге шегермейді, сараптап, талдап, ең маңыздысына көңіл бөлген соң, келесі сұрақтарға кезек береді. Бұл Төкеңнің туа бітті өзіне тән болмысы, ер азаматқа лайық жауапкершілік, мойнына артылған істі бітірмей қоймайтын табандылығы, іскерлігі. Ол табиғатынан өтірікті, жасандылықты жаны сүймейді. Төкең сол қасиетімен көпке сыйлы.
Төлеген Тұртайұлы осылай ауыл елді аралап жүріп, он айдың ішінде әлеуметтік саланың күрмеуін шешу жолдарын тапты. Ауданның ауыз суынан басқа, табиғи газына келсек, елу бес елді мекеннің 48 елді мекені табиғи газ жүйесімен қамтылған. Қалған 7 елді мекенді мәселен, Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық газдандыруға республикалық бюджет есебінен 600 млн теңге бөлініп құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысан 2022 жылға өтпелі.
Демек, Төлеби тездетіп осы ауылдарды газбен қамтыса, Түркістан облысы бойынша 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген Түлкібастан кейінгі екінші аудан болмақ. Сонымен қыр асса болды, төлебиліктер газ мен судан қағажу көрмейтін болады. Айтпақшы, биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – тоғыз канал механикалық тазалаудан өтті. Есесіне егіс алқабы артты. Былтырғыға қарағанда өнім де мол болды.
«Әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Осы сынды атқарылған нәтижелерге қарап, Төлебидің бүгінгі қыз-қыз қайнаған тіршілігін оң бағалауға әбден болады. Мұның барлығы аудан басшысы Т.Телғараевтың еселі еңбегі.
Халықтың тыныс-тіршілігімен біте қайнаса, ел ішінде не болып жатқанынан хабардар болып, көзі жетіп тұрған соң, елді басқару да оңайырақ тимек. Биыл жергілікті ауыл әкімдерін халық өзі сайлағанын білесіздер. Төлеби ауданы бойынша 8 ауыл округ әкімі сайланды. Салыстырмалы түрде алсақ, Төлеби – ең көп әкім сайлаған аудандардың алдыңғы қатарында екен. Ауыл әкімін сайлау ел ішінде алғаш өткізілгендіктен, ағайын арасында талас-тартыс та жүрді. Сайлаудың аты сайлау, ауылдастың тайы озсын дейтін қазақ емеспіз бе, үміткерлікке таласқаны бар, соңында лайықты деген азаматтар таңдалды. Мұның өзі ауданның абыройы, таптаурындықты сылып тастап, жаңа қоғамға белсене бет бұрғандықты білдіреді.
ТӨЛЕ БИДІҢ ТАНЫМАЛ ТАУАРЛАРЫМЕН ТАНЫСЫҢЫЗ!
Қалай десек те, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде ілгерілеушілік бар. Ауданда өндірілетін жалпы өнімнің 60% астамын ауылшаруашылық саласы құрайды. Бұл бағытта биыл аудан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Аграрлы салада өзіндік салмағы бар Төлеби бал қымызымен де ерекшеленетін айтып өттік. Жылына 3 мың тоннадан астам қымыз өндіретін шаруаларға осы саланы дамыту мақсатында 12 млн. теңге мемлекеттен субсидия берілді. Алдағы уақытта субсидия көлемі артып, өнім көлемі 5 мың тоннаға жетеді деп жоспарлануда. «Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деген, емдік қасиеті бар өнім қысы-жазы сауда қатарынан қалмайды, жылқы сүтінің арқасында қаншама шаңырақ жан бағып отыр.
«Төлебидің қымызынан бөлек,балмұздағы да танымал. «Ленгір балмұздағы». Қазір Түркістан, көршілесҚызылорда, Жамбыл облыстарына тарайды. Соңғы әлетте халал сертификатталған «Түркістан» атты шоколадтарымыз қатарға қосылды. Ірі алма, жүзім алқаптарымызбар. Ақбастау жақта битум шығаратын зауыт іске қосылды. Сондай-ақ Ленгірқаласында былтыр пандемия кезінде тігін цех ашылып, ісін дөңгелентіп әкетті.Қазір шағын цехта 120 адам жұмыс істейді, медициналық маска, арнайы киімдертігіледі, түймелер шығарады. Кәсіпкерлерге мемлекеттен барынша қолдаукөрсетудеміз», – дейді аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы.
Сонымен қатар республикамыздың сүт секторындағы жетекші кәсіпорын осынау Төлеби ауданында орналасқан «Фуд Мастер-Шымкент» компаниясының зауыты. Бүгінде «Фуд Мастер» өнімі барлық халықаралық сапа нормаларына жауап береді. Зауытта тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өнімдері шығарылады. Мұнда осы жылдың соңғы 3 айының өзінде жергілікті тұрғындардан жиналған 3,8 мың тонна сүт өңделіп, 994,8 млн. теңгенің өнімі өндірілген. 120-дан астам азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын 16 шаруа қожалығынан бөлек облыс халқынан күнделікті сүт жинаумен айналысатын 30 жеткізушімен жұмыс істейді. «ФудМастер-Шымкент» зауыты өңірдің экономикасына тұрақты қаржы құйып отырады және жауапты салық төлеушісі болып табылады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл санап артып келеді. Биыл жылдық жалпы өнім 95 миллиарды құрады.
ҚАСҚАСУ ТУРИЗМІ – ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ЖОБА БОЛМАҚ
Бүгінде асқақ тауларымызды, киелі тарихи өңірімізді шетелдіктерге көрсету үшін отандық туризм саласын дамыту қажет. Жасыл желегі жібек кілемдей жайқалған, көз тартар көркіне қарап Төлеби ауданын «Қазақтың Швейцариясы» десеңіз болады. Сонау Сайрам шыңына шығып, тым биіктен бетегелі белге қарасаңыз, сұлулардың қос бұрымындай бұрала аққан Сайрамсуға, құралайдың көзіндей тұп-тұнық мөлдіреген Қасқасуға көзіңіз түседі. Төлебиде тәу етер киелі орындар өте көп. Халық аңыз ғып айтатын тарихи маңызы бар “Жылаған ата”, “Ғайып Ерен Қырық Шiлтен”, “Нұр ата”, “Мыңшейiт” дейтін әулиелi жерге елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен, тiптi шетелден келiп мiнәжат ететіндер баршылық. Мұның өзі туризмге сұранып тұр, кешегі тарихты ұрпағымыз осылай білуі тиіс.
Түсінгеніңіздей Төлеби жыл он екі ай туристер қабылдауға дайын. Елбасы бір сөзінде «Төлеби ауданында шаңғы базасы болуы тиіс!» деген еді. Қазіргі таңда осыған сай қауырт жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінгі күндері «Тау самалы» шаңғы базасы демалушыларды құшақ жая қарсы алады, дегенмен ең ірі алып жоба әлі алда. Яғни, тау туризмін дамыту мақсатында республика бойынша ең ірі «Қасқасу туристік орталығы» кешені ашылмақ. Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында 2021 жылға инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 2,9 млрд. теңге қаржы қарастырылып құрылыс жұмыстары басталып та кетті.
Алдымен мемлекет «Қасқасу туристік орталығының» инфрақұрылымымен қамтамасыз еткеннен кейін жеке инвесторлар дереу іске кіріспек. Яки, күніне 3500-4000 келушілерді қамтитын, 2000-ға жуық шаңғышылар бір мезетте шаңғы тебетін демалыс, әрі саяхат кешені алыс-жақын шетелдіктерді де қызықтыратын сапар болады деп ойлаймыз. Айтпақшы, Қасқасу туристік орталығына ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын 15 шаңғы жолдары салынатын болады. Төлебидің өзінен 600-800 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Тау шатқалдарындағы “Тау самалы”, “Бiркөлiк” демалыс аймағы, “Айна бұлақ”, “EkoVillaige Kaskasy”, “Красные скалы”, “Нұрлы аймақ”, “Жерұйық”, “Байқоңыр” және “Ақ мешiт” аталатын демалыс аймақтары өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайының жақсаруына жол ашып отыр.
– Тау баурайында орналасқан аудан таза ауасымен, тұмса табиғатымен танылған жер жанаты болып саналатын өлкеде туризм саласын дамытуды қолға алу үшін ең бірінші тазалыққа көңіл бөлу қажет, – дейді Төлеген Тұртайұлы. Аудан аумағын жасыл желекке орау мақсатында көгалдандыру ісін қолға алып, көркейту жұмыстарын ұдайы атқару керек екендігін сөз етті. Көбінде демалыс аймағының айналасы, өзендердің сағасы қоқысқа толып қалатыны ащы шындық. Мұны жергілікті тұрғындар емес, сырттан келетін жолаушылар, саяхатшылар мен демалушылар шашып кететіні өкінішті. Сондықтан біздің халық тынығу мәдениеті мен тазалық сақтау әдебін де меңгеру керегін айта кеткеніміз жөн.
Сонымен қатар, Төлебидің таулы аймақтарында орналасқан демалыс орындарын тексере келгенде, олардың кейбірі салық төлеуші ретінде Шымкентте, не басқа өңірлерде тіркелген, тіпті кейбірі салық төлеуші ретінде мүлде тіркелмеген болып шығады. Сол себепті, әрбір салық төлеуші кәсіпкер өзінің кәсібін осында дөңгелетемін десе, нан тауып отырған жеріне жан ашырлық танытса, аудандық салық бөліміне тіркелсе құба-құп болар еді. Олай болса, Төлебидің туризмі күннен-күнге жандана бермек. Демалыс кешендерінің қожайындарына мұндай үгіт-насихат жұмыстары аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан жүргізіліп, Төлеген Тұртайұлының тапсырмасына сәйкес салық өндіруді ретке келтіру қолға алынды.
Бұл бағытта аудандық кәсіпкерлік бөлімі біршама игілікті істер атқарды. Жалпы, аудан аумағында 139 туристік нысан болса, оның ішінде 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны: «Біркөлік санаториясы» және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймақтары, 64 саяжай жұмыс істейді. Бұған қоса, Қасқасу ауылдық округінде құны 187 млн теңгені құрайтын тәулігіне 50 адам қабылдай алатын «Top resort» демалыс орны биылғы жылдың мамыр айында іске қосылды.
«Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» дейді. Саумалмен емдейтін орталықтардың қатары да көбеюде. Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 млн теңгені құрайтын саумалмен емдеу орталығы шілде айында іске қосылды.
Міне, облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы міндеттеген тапсырмалардың бірі – Төлебидің туризмін ілгерілету мақсатында осындай игі істер атқарылып келеді. Қалай десек те, бүгінгі келбетінен де қырмызыдай құлпырып түлеген Төлебиді келер жылдары көретін боласыз. Бұған жасалып жатқан қадамның қарқынын қазіргі әкім Төлеген Тұртайұлының командасынан, олардың күн-түн демей атқарып жатқан жұмыстарынан байқадық.
«ҮЙ САЛМАС БҰРЫН АЛДЫМЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮРГІЗЕМІЗ»
Бүгінде аудан бойынша 4 520 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 1 млрд. 580 млн теңгеге Ленгір қаласында 180 пәтерлі 9 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүргізілуде. Жыл соңына дейін осынша шаңырақ қоныстанбақ. Ленгір қаласында бұрыннан көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерген. Алайда, кәріз жүйесі мүлдем жоқ.
Төлеген Тұртайұлы өз сөзінде: – Алдымен бұрынғы көпқабатты үйлердің кәріз жүйелерін орнату үшін жоба жасап, республикалық бюджетке өткіздік. Аудан үшін ұтымды жобалардың бірі – ауыл тұрғындары жеке үйін салмас бұрын алдымен инфрақұрылымын жасап беретін істі жүргізуді қолға алмақшымыз. Мәселен, Зертас, Алатау, 1 мамыр, Көксәйек ауылдық округтерінде учаске бермес бұрын жарықпен, кәріз жүйесімен, сумен қамтитын боламыз», – дейді.
Сол себепті, халықты тұрғын үй салуға арналған 216,7 гектар жер телімін құрайтын бес елді мекенге инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылыстарына соның ішінде ауыз су, электр жүйесін орнатуға 1 млрд 264 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Қаратөбе елді мекеніндегі жаңа массивке құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ал, қалған нысандардың құрылыс жұмыстары жылдың соңында аяқталады.
Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе, Қайнар ауылдарының жаңадан салынатын үйлерге табиғи газ, телефон желісі, автомобиль жолдары және Ленгір қаласының Алатау мөлтек ауданына электр жүйесін тартып, автомобиль жолдарын салу үшін инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы 2022 жылы қаржыландыру үшін құны 7 млрд. 739 млн теңгеге республикалық бюджетке өтінімдер жолданды.
Әлеуметтік мәселелерге келсек, бұл күнде Төлеби ауданында балабақша кезегі жоқ, өйткені, барлық бала балабақшамен қамтылған. Үш ауысымды мектептің жайына келсек, оның да түйіні шешілген.
Бүгінде аудан бойынша экономикалық белсенді халық саны 50,9 мың адам, солардың ішінде жұмыспен қамтылғандар 48,1 мың адамды құрайды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында несие алуға 55 азаматқа жолдама беріліп, 14 азаматқа несие берілді. Жаңа бизнес идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік грант 70 адам алып, кәсібін бастап кетті. Бастау бизнес жобасы аясында 202 кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданыпты. Тұрақты жұмысқа жалпы 2691 адам орналасқан. Қоғамдық жұмыстар қала және ауылдық елді мекендерде абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында 25 мекеме мен кәсіпорындарға жұмысшылар тартылып, 998 азамат жіберілді.
Биыл 14 стрит-воркаут қондырғылары Ленгір, Алатау, Көксәйек, Қаратөбе, Қасқасу және Қоғалы ауыл округтерінен орнатылуда. Қырықбаев, Сәулембаев көшелеріне және Шахта Тоғыс елді мекеніне ашық футбол және баскетбол алаңшаларын орнатылды.
Аудан экономикасын алға өрлететінсала – ауыл шаруашылығы, Төлебиде жыл сайын мал басы саны да, бордақылауалаңдары көбейіп келеді. Алма мен шие өсіре бастаған фермерлерді көріп қуаныпқалдық Жалпы аудан Түркістан облысы бойынша алдыңғы қатардағы үлгілі аудан. Бұлелдің жоғын түгендеп, көшін түзеп жүретін Төлеген Тұртайұлы секілді арқа сүйербілікті, іскер азаматтардың арқасы.
Қуанышбек БОТАБЕК