ЖАМБЫЛ ЖЫЛЫНДАҒЫ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Мерей
553 Views

Жамбыл – екі ғасырды бастан кешкен, жүз жасаған қазақтың ұлы ақыны. Көзі тірісінде ХХ ғасырдың Гомері, жыр алыбы атанған ол зор құрмет, орасан атақ-даңққа ие болса да, ұлылыққа кішілікпен қарап, өз ауылында қарапайым замандастарымен бірге тұрмыс-тіршілік құрып, жүріп жатты.

Оның өлең-жырлары тек өмірінің соңғы он жылында, тоқсан жасқа келгеннен кейін ғана жазылып алына бастады. 1936-1941 жылдары арасында ақын он мың жолдай өлең шығарыпты. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдары үш мың жол өлеңін хатшылары жазып алған. Осы орайда хатшылары болған белгілі ақын-жазушылар Қасым Тоғызақов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қапан Сатыбалдиндер жыр алыбының ғұлама суырып салмалығына таңқалып жазғандары бар. Ал, оның осы тоқсан жасқа дейінгі мұхиттай сапырған өлең-жырлары, әттең шіркін, толық жазылып алынбай қалғаны қандай өкінішті. Тіпті 1945 жылғы 9 мамыр күні «Біз фашистерді жеңдік» деп сүйінші сұрай келген жұрттың алдында қырандай сілкініп, қанаттанып, қайраттанып айтқан өршіл рухтағы ұзақ жыры да қағаз бетіне түсіп үлгірмеген екен. Ал, хатқа түскен шығармаларына хатшылары кеңестік идеологияны күштеп қосқаны да байқалады. Өйткені әр ақын – өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті.

Жамбыл 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келді. Ол 15 жасында Сүйінбайдан бата алды, жақын туысы Сарыбай би Айдосұлы ағалық қамқорлық жасап, біржола ақындық жолға түсуіне айырықша көмек көрсетті. Жас кезінде Әулиеата, Түркістан өңірінде, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Сыр бойындағы атақты жыршы, шайырлардың қасында болып, түркі әлемі мен бүкіл шығыстың қисса-дастандарын үйренді, талай алқалы жиындарда өлең айтты.

Ол – жай ақын ғана емес, дастаншы эпик ақын, «Манастан» бастап «Қыз Жібекке» дейінгі эпос-дастандарды таңды таңға соғып мәнеріне келтіріп жырлаған ірі жыршы-жырау. Тіпті «Көрұғылы» дастанын өз жанынан қосып, толықтырып он бес күн талмай жырлағанын көргендер аңыз ғып айтып, жазып кетті.

Жамбылдың ерекше атын шығарған талантының бір қыры – айтыскерлік өнері. Ол көптеген айтысқа қатысып, үнемі жеңіске жетіп отырған. Атақты Құланаян Құлмамбеттей бұлбұл ақын, дүлділ ақынды отыз бес жасында жеңгеннен кейін атағы аспандап кетті, бүкіл қазақ-қырғыздың бас ақыны атанды, пар келетін айтыскер қалмады.

Шәбден манаптың 1912 жылы ұланасыр асында қазақ-қырғыздың бар жыршы-ақындары бас қосқан жерде Жамбылды бас ақынымыз деп, сый-сияпатын беріп, төріне отырғызып, зор құрмет көрсеткен.

Ал, 1913 жылы ақпанда Верныйда Романовтардың патшалық құрғанына 300 жыл толуына арналған той өткізіледі. Жамбылға осыған орай патшаға арнап өлең айт деп діңкілдегенде «Өстепкеде» деген әжуа-сықақ еткен өлеңін айтқаны үшін, жасауылдар абақтыға бір түн апарып қамайды. Ел толқынынан үркіп, ертесіне босатады.

Аласапыран 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы кезінде қалың бұқара халықпен бірге Жетісудағы көтеріліс басшысы Бекболат Әшекеевтің қасында болып, елге жігер берген жалынды өлеңдерін шығарады, бостандық алу керектігін насихаттайды. Көтеріліс жеңіліп, Жамбыл да қуғыншылардың қолына түсіп, абақтыға қамалады.

Міне, Кеңес заманына дейін-ақ Жамбыл – қазақ сөз өнерінде өзінің дара даналығын танытқан, тарихи ірі қайраткер ақындығы мен азаматтығын мойындатқан бірегей тұлға.

Енді Жамбыл шығармалары алғаш қашаннан баспасөзде жариялана бастады дегенге келейік.

Бұл жерде мына бір тарихи деректі ортаға тартамыз. 1922 жылы 9 маусымда Ұзынағашта қазақтың көрнекті ақын-жыршылары бас қосып, өнер көрсетіп, айтыс өткізіледі. 1925 жылы Ташкент қаласында шығып тұрған «Терме» журналында қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Шамғали Сарыбаевтың «Халық әдебиеті және оны жинау жолдары» деген мақаласы осы іс-шараға байланысты жарияланған. Осы шараға қатысқан ақындардың өмірбаяны, білетін өлеңдері, дастандарын жазып алып, суретке түсіріп алған – Шамғали Сарыбаев осы жиынға қатысқан ақын-жазушылар жайлы былай деп жазады:

«Жапаұлы Жамбыл. Жасы – 68-де, жылы – қоян, аздап сауатты, тұратын жері – Ұзын Қарғалы болысы, 4-ауыл.

Жатқа білетін өлеңдері: «Көрұғылы» дастаны, «Ерназар-Бекет», «Сүйінбай мен Қатаған айтыстары», «Садыр патша мен Жамбыл патша заманы», «Тезек төре мен Сүйінбай», «Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысқаны», «Шалтабай» дастаны және шежірелер мен терме өлеңдер».

Бұл – Жамбылдың баспасөз бетінде алғаш жариялануы еді. Сәкен Сейфуллин 1931 жылы Алматыда «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» атты жинақ құрастырып шығарды. Мұнда да Жамбыл жөнінде қысқа мағлұмат бар. Ал келесі жылы «Қазақ әдебиетінде» Жамбылдың Құлмамбетпен айтысын жариялады.

Сонымен Жамбылдың өлең-жыр, толғаулары әуелі ауызша туды, одан хатқа түсіп, газет-журналдарда жарияланды. Шығармалары жеке кітап болып тұңғыш рет 1937 жылы Мұхаметжан Қаратаевтың алғысөзімен «Өлең жырлары» деген атпен басылды. Келесі жылы «Стихи и песни», «Путешествие на Кавказ» деген атпен Москвадан орыс тілінде шықты.

1938 жылы Жақан Сыздықовтың құрастыруымен «Жамбыл» деген атпен Алматыдан қазақ тілінде шыққан өлеңдер жинағы көлем жағынан недәуір қомақты еді. Оған қарт ақынның арғы-бергі дәуірде айтқандары біршама енді.

1939 жылы «Сұраншы батыр» дастанын Жамбылдың өз айтуынан жазып алған әдеби хатшысы Қалмақан Әбдіқадыров болатын.

Ал Сәбит Мұқанов алғысөзін жазып шығарған 1946 жылғы жинақтағы өлеңдер Жамбылдың өз аузынан жазып алған шығармалары еді. Мұнда қарт ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлең-жырлары мен толғаулары толық қамтылды.

Бұл жылдары ақыннан қалған сөз үлгілерін жинау мәселесі әлі тоқтаған жоқ болатын. Бұрынғы басылымдарда кеткен кем-кетіктерді жөндеп, жаңа өлеңдерін қосып, ең таңдаулыларын ғылыми негізде бастырып шығару міндеті күн тәртібінде тұрды. Сонымен оның үш томдық шығармалар жинағы 1955-1957 жылдары жарық көрді. Бірінші томға революцияға дейінгі өлеңдері мен жырлары, екінші томға совет дәуіріндегісі (1924-1938 жылдар), үшінші томға 1939-1945 жылдардағы өлеңдері мен жырлары енді.

Жыр алыбы атанған өнер иесінің осындай жаңа басылымы Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен «Жазушы» баспасынан 1982 жылы жарық көрді. Араға ширек ғасырдай уақыт салып шыққан ақын шығармаларының академиялық осы екі томдығының ғылыми прициптеріне келсек, біріншіден; бұрынғы басылымдардағыдай бұл жолы да жанрлық, жанр ішінде хронологиялық тәртіп сақталды. Бірінші томға революцияға дейінгі өлеңдері, айтыстары, екінші томға совет дәуіріндегі өлең-жырлары, толғаулары мен дастандары, қиссалары енді. Бұрынғы басылымдардағы түсіп қалған, қысқартылған шумақтар, өлең жолдары, қате басылған сөздер, есімдер ретке келтіріліп, бір ізге түсірілді.

Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына орай 1996 жылы екі томдық таңдамалы жинағы шықты. Оны құрастырғандар: Несіпбек Айтов, Мылтықбай Қараев, Жұмат Тілепов, ал жалпы редакциясын басқарған – филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаев. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған бұл қостомдықта архивтен табылған қолжазбалар негізінде Жамбылдың Құлмамбетпен, Досмағамбетпен, Сарыбаспен айтыстарының бір ізге түсірілген текстологиясы жасалып, әр түрлі себептермен түсіп қалған өлең шумақтары қалпына келтірілді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты 2014 жылы Жамбыл Жабаевтың 4 томдық толық шығармалар жинағын шығарды. Бұл игі істе жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы Бекен Ыбырайым мен жауапты шығарушы Рафат Әбдіғұловтардың көп еңбектенгенін атап өткеніміз жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жамбыл атындағы қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу орталығы 2016 жылы Жамбылдың екі томдық жинағын шығарды. Мұның сыртында 1971 жылы М.Етекбаевтың құрастыруымен таңдамалы бір томдығы, 1986 жылы Мәскеуде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің алғысөзімен таңдамалы жинағы орысша басылып, жарық көрді.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда жүз жасқа жеті ай қалғанда дүниеден озды. Ол «Соғыс бітті» деген қуанышты хабарды естіп кетті. Өзінің аманат өсиеті бойынша ұлы ақын ауылындағы баққа жерленді. Келер жылға дейін бейітіне үлкен күмбез тұрғызылды, жүз жылдығы деп асы берілді. Жерлеуіне де, жүз жылдығына да Қазақстанның басшылары түгел қатысты, атақты ақын жазушылардың бәрі келді. Жүз жылдық жиында Мұхтар Әуезов баяндама жасады.

Жамбылдың 125 жылдығы Жамбыл ауылында, музей алдындағы дала сахнасында өтті. Оған Д.А.Қонаев бастаған өкімет басшылары, СССР Жазушылар Одағының бірінші хатшысы С.Марков және он бес одақтас республикадан келген жазушылардың үлкен делегациясы қатысты. Ақын Әбділдә Тәжібаев баяндама жасап, өлеңін оқыды.

Ал, енді 150 жылдық мерейтойында көптеген игі шаралар өткізілді. Сүйінбай ақынның музейі ашылды, Жамбыл ауылындағы музей мен мектеп күрделі жөндеуден өтті. Алматыдағы республика сарайындағы өткен салтанатта Елбасы Н.Ә.Назарбаев мазмұнды баяндама жасады. Жамбыл елінде мыңнан аса киіз үй тігіліп, бәйге өткізіліп, той жалғасты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, «Құрмет» орденінің,

халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,

Алматы облысының Құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *