ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН, ЕР АТАНҒАН МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ

Тұлға
1 933 Views

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші, күншуақты Оңтүстік өңірі бүгінде мәре-сәре қуаныш үстінде. Ақ түйенің қарны жарылғандай ғажайып күй кешудеміз. Облыс атауы Түркістан деп өзгертілді. Шымкенттейін шырайлы шаһарымыз ірі мегаполиске айналды. Оған лайықты әкім де тағайындалды. Келес пен Жетісай аудандары қайта құрылды. Міне, осындай көл-көсір қуанышымызға қуаныш қосылған сәтте сайрамдық бір топ азаматтар игі бастама көтеріп отыр.

 

АУЫЛДАСТАРЫ ДА АЙРЫҚША ҚАДІР ТҰТАДЫ

Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы № 74 жалпы орта мектебінде аталмыш білім ордасына Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Зұлқарнайұлы ЕСКЕНДІРОВТЫҢ есімін беруге арналған жиын болып өтті. Сайрам ауданындағы жаңадан салынған білім ордасына жаңа атау беру мәселесінің көтерілуін орынды дер едік.

Басқосуды мектеп директоры Оразкүл ҚОЛДАСОВА қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол Қазақстан экономикасының қарыштап өскенін, төрткүл әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында өздерінің ерен еңбектерімен көзге түсіп жүрген жандардың көп екенін тілге тиек етті. «Міне, сондай іскер азаматтардың бірі – жерлесіміз, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров дер едік», – дей келе оның өмірбаянымен толық таныстырып өтті. Асыл азаматтарды, жақсылық, шарапаты мол, адал да еңбекқор, мемлекетшіл, талантты жандарды лайықты құрметтеуіміз керек. Олардың еңбегін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету, тәрбие құралына айналдыру – жай ғана күнделікті жұмыс емес, рухани-идеологиялық міндет екені белгілі. Дүниежүзіндегі фосфор өндіретін ең алып үш елдің бірі – Қазақстандағы ірі кәсіпорынды ұзақ жылдардан бері басқаратын ол ел-жұртқа сыйлы тұлға. Оның осы зауытта жұмыс істегеніне 36 жылға жуық уақыт болды. Бұл зауыттың өнімдері Азия мен Еуропаны былай қойғанда, мұхит асып, шалғайдағы елдерге де жөнелтіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі оның ұйымдастырушылық, іскерлік, жаңашылдық қасиеттерін жоғары бағалап, Қазақстанның Еңбек Ері деген жоғары атақ бергені баршаға мәлім. Бүгін бастарыңызды қосқан себебіміз: мектебімізге сол кісінің есімін беру жөнінде Сіздердің ой-пікірлеріңізді білсек деп отырмыз».

 

Ардагер мұғалім Аманкүл РАХМАНҚҰЛОВА:

– ХХІ ғасыр ғылым-білімнің заманы болып отыр. Өскелең дәуір талабына сай білімді де білікті мамандар ел экономикасын өркендетуге өзіндік үлес қосып келеді. Осындай істің көзін таба білген білімді де білікті басшыларды құрметтеп, оларды қалың көпшілікке үлгі-өнеге етіп көрсете білуіміз керек.

Осы білім ошағындағы ардагер ұстаздардың бірімін. 1970 жылы Алматыдағы шет тілдер педагогикалық институтын ағылшын тілі мамандығы бойынша бітіріп шыққанмын. Көп жыл осы Қарасу ауылындағы орта мектепте жұмыс істедім. Біз кезінде оқу мен еңбекті қатар алып жүретінбіз. Оқушылар сабақ оқумен қоса-қабат ұжымдық шаруашылықтың мақта теру, көкөніс пен жеміс-жидек жинау жұмыстарына да белсене араласатын.

Ескендір менің шәкіртім болатын. Ол кішкентайынан өте алғыр еді. Сабақты жақсы оқитын. Еңбексүйгіш еді. Қатарының алды бола білген оны бүкіл мектебіміз мақтаныш тұтатын. Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтында да өзінің талаптылығымен көзге түсті. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Спорт секциясына белсене араласты. Кейіннен Жамбылда (қазіргі Тараз) жұмыс істеп, сондағы «Қазфосфаттың» басшысына дейін көтеріліп отыр. Сыртта жүрсе де туған жерін естен шығармастан, ауылға жиі келіп тұрды. Ауыл тұрғындарымен, өзіне өнегелі тәлім-тәрбие берген ұстаздарымен жиі ұшырасады. Мектеп бітіргендеріне 40 жыл толғанда білім ордасына, осындағы ұстаздарына керемет сый жасағаны да жадымызда.Туған жеріне, ауылына, мектебіне қолынан келген көмегін аямайтын асыл жанды біз де ардақ тұтамыз. Білімді, өнерлі жастарға ылғи да жәрдемдесіп жүреді.

Бүгінде Тараздағы бүкіл елімізге, тіпті шетелдерге аты әйгілі зауыттың бас директоры. Қазақстанның Еңбек Ері. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған жағдайы бар. Бұл оңай шаруа емес. Міне, өзіміздің ауылдан шыққан осындай атпал азаматтың есімін жаңадан салынған мектебімізге берсек, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

 

Әлжан РАИМБЕРДИЕВ:

– Мен Мұқаш бауырымыздың анасы Ырыскүл апамен бұрынғы «Победа», қазіргі «Мәртөбе» ұжымында бірге жұмыс істедім. Ырыскүл апамыз өте еңбекқор, бейнеткеш жан еді. Жанындағыларға мейірімін төге жүріп бар күшін адал еңбекке жұмсайтын. Үйдің шаруасы мен түздің жұмысын қатар алып жүретін Ырыскүл анамыз Мұқаштың әкесі Зұлқарнай көкеммен бірге 4 ұл, 2 қыз өсіріп-өрбіткен үлгілі отбасылардың бірі еді. Зұлқарнай көкем тыл ардагері.

Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат демекші, мен айтқалы отырған Ырыскүл апам да өзінің адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген асыл жан еді. Ол кісі өзінің ғұмырында тағдыр маңдайына жазған қиындықты да, бейнетті де бір кісідей кешудей-ақ кешті. Табиғат бойына дарытқан төзімділік пен қайсарлықтың арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе көлденең тұрған бейнетті еңсерді. Ал, кімде кім қиындықты жеңсе, бейнетті еңсерсе, ол адам өмірдің тәтті жемісін татады. Тіпті, мұндай адамның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болар хақ. Ырыскүл анамыз сауыншы бола жүріп ауылымыздың ішіндегі түрлі кикілжіңдерге де араласып, өзінің ақылын айтып, тоқтатуға ықпал жасайтын. Қазіргі «Мәртөбе» ұжымшарындағы жерлердің талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқаны бәрімізге аян. Соны кейде ойлап қоямын. Ырыскүл сияқты сөзі өткір, көзі қырағы аналарымыз болғанда мұндай жағдай болмас па еді деп… Ырыскүл анамыз сөзге шешен, дауды бір ауыз сөзбен тоқтата алатын абыз ана еді ғой. Осындай асыл анамыздан туған балалары да сөз қадірін білетін жандар.

Балаларын жастайынан еңбекке баулып, адал нан табуға үйретті. Еңбекпен тапқан нанның дәмі өзгеше екенін ұғындырды. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіріп жүруді жадыларына құйды. Соның әсері болса керек, Зұлқарнай көкем мен Ырыскүл апамның балалары өте бауырмашыл, еңбексүйгіш болып өсті. Оқуларында озат болып, жоғары білімді маман иелері атанды.

Өзіміздің көз алдымызда өсіп, ер жеткен Мұқаш бауырымыз жас кезінен-ақ басқа балалардан ерекшеленіп тұратын. Отты жанары тым алысты армандайтын. Ауылымыздағы мектепті жақсы аяқтаған Мұқаш Қазақ химия-технология институтына оқуға түскен кезде бәріміз қуандық. Аталған жоғары оқу орнын өте жақсы аяқтаған ініміз Жамбыл облысына барып, фосфор зауытына жұмысқа тұрды. Өзін тек жақсы қырынан танытқан Мұқаш бауырымыз өзінің адал еңбегінің арқасында қызмет сатысымен көтеріле берді. Осының нәтижесінде қазір сол зауыттың бас директоры болып отыр. Бұл да болса жастайынан еңбекқор болып өскенінің жемісі деп білемін. Еткен еңбегінің жемісі болар, 2015 жылы Мұқашқа ҚР Президенті Н.Назарбаев өз қолымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырған еді. Мұқаш Жамбыл облысында қызмет етіп жүрсе де туған ауылын бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес. Ауылға жиі ат басын бұрып, халықпен көрісіп тұрады. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түреді. Қолынан келген көмегін аямай, қол ұшын беріп жүреді. Үлкендерге құрметпен қарайтын бауырымыз жастардың қалай білім алып жатқанына, спортпен етене шұғылдануларына жағдай жасайды. Ауылымыздағы жаңадан салынған мектебіміздің құрылысына да көп көмек көрсетті. Сол үшін білім ордасының атауын осындай жанашыр азаматымыздың есімімен атасақ құба-құп болар еді деп ойлаймын.

 

Ақжарқын БАРПИЕВА:

– Мұқаш Ескендіров осы Қарасу ауылының тумасы, абыройлы азамат, белгілі кәсіпкер. Ол химия пәнінің мұғалімі Қоңыржан апайымыздың сүйікті шәкірттерінің бірі болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда химия өндірісінің саласында жүрген білікті маман. Бүгінде елімізде жастарды техникалық мамандықтарға, соның ішінде химия, физика, математика, ІТ технология, нанотехнология салаларына көптеп тарту мақсат етілуде. Сол себепті де жастарды оқу-біліммен қатар ел экономикасын еселеуге жұмылдыру мақсатында олардың өздеріне ұстаз тұтар асыл азамат ретінде Мұқаш Ескендіровтың есімін білім ордамызға бергеніміз мақұл болар еді.

 

Ғани ЕСКЕНДІРОВ:

– Мұқашпен бірге жұмыс жасаймын. Сол себепті де оның іскер әрі мәрт азамат екенін өте жақсы білемін. Бұған қоса-қабат ағамыз мектепке қамқорлық жасап, қолынан келген көмегін аямай келеді. Егер білім ордасы оның есімін иеленетін болса, бұл көмектің бұдан да еселене түсері сөзсіз.

 

Байсейіт ЖАМАЛБЕКОВ:

– Әрине, ауылға, елдімекенге, мектепке, көшеге кісі есімін беру еліміздің қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек. Ауыл әкімдігінен бастап аудандық, облыстық ономастикалық комиссиялар құптайтын болса, мектебімізге Мұқаш Ескендіровтың есімі берілгені мақұл болар еді. Менің жеке өзім бұл ұсынысты қуана қолдаймын. Өзгелерді де осыған шақырамын.

Сонымен қатар Нағима ЕСКЕНДІРОВА, Сайлау және Асқар ЫСҚАҚОВТАР да бұл ұсынысты бірауыздан қолдап отыр.

 

Шәкен ЫСҚАҚОВ:

– Бұл отбасын бұрыннан жақсы білемін. Жалпы бұлар киелі шаңырақ иелері болып саналады. Атасы Ескендір Ысқақов Ұлы Отан соғысына қатысқан елге сыйлы азамат-тұғын. Әке-шешесі Сайрам ауданындағы «Победа» ұжымшарында еңбек еткен. Зұлқарнай Ескендіров 1922 жылы 5 наурызда Сайрам ауданындағы Қарабастау ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері. Бақташы, мал дәрігері болып істеген. Зайыбы Ырыскүл Ескендірова 1941 жылы 25 қыркүйекте туған. Сауыншы болып еңбек етті. Еселі еңбектері үшін алған грамота, сыйлықтары көп. Төрт ұл мен екі қыз тәрбиелеп-өсірген. Перзенттерінің бәріне жақсы тәлім-тәрбие берген. Жоғары білім алған олардың бүгінде халық шаруашылығының түрлі саласында өнімді еңбек етіп жүрген жағдайы бар. Бүгінде бұл қарашаңырақты түтінін Зұлқарнайдың немересі – полиция майоры түтетіп отыр.

Мұқаш Ескендіров 1960 жылы 7 қарашада өмірге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына оқуға түскен. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін осында оқытушы болып қалу жөніндегі ұсынысты құп көрместен, арнайы жолдамамен Жамбылдағы (қазіргі Тараз) фосфор зауытына жұмыс істеуге барған. Сонда 36 жылға жуық еселі еңбек етті. Қатардағы жұмысшыдан бірінші басшы дәрежесіне дейін көтерілді. Соңғы 12 жыл ішінде «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры лауазымын абыроймен атқарып келеді. Өзіміздің елдің баласы. Ағайын-туыс арасында өте сыйлы. Беделі биік бизнесмен. Міне, осындай білімді, білікті басшының есімін мектепке берсек, әділдік болар еді деп ойлаймын.

 

Асқар ЫСҚАҚОВ:

– Мұқаш ініміз – осы ауылдың тумасы. Бұрынғы Орджоникидзе, қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебін ойдағыдай бітірген. Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтында да жақсы оқыған. Тараздағы бұрынғы МВТ зауытында, қазіргі «Қазфосфат» ЖШС-де өзінің еңбек жолын бастаған. Қай жерде қандай жұмыс істемесін, өзінің еңбексүйгіштігі мен ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білген. Шетте жүрсе де ауыл-аймақпен тығыз араласып, ағайын-туыспен байланысын үзбеген. Қолынан келген көмегін аямаған. Мектепке де қолұшын берген. Осыдан үш жыл бұрын Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғаны жалғыз ол үшін ғана емес, бүкіл ауылымыз үшін үлкен мақтаныш. Бұдан басқа да алған марапаттары жетерлік. Елім, халқым деп ерінбей еңбек еткен осындай ілтипатшыл, іскер ініміздің есімін Қарасу ауылында салынып, бітуге жақын қалған білім ошағына берсек деген ауыл тұрғындарының игі бастамасын қызу қолдаймыз.Туған жерін түлетуге аянбай еңбек сіңіріп отырған атпал азаматтың есімін ардақтау – үлкен-кішінің парызы. Бұл мектептің педагогикалық ұжымы, шәкірттері мен ата-аналар үшін өте үлкен қуаныш болса керек.Сабақ барысында ұстаздар өз шәкірттерін Мұқаштай елін, жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге баулыған болар еді. Оған еліктеп өскен жастар егемен еліміздің шынайы патриоты болып өсетін еді деп ойлаймын.

 

Сайрам ауданындағы № 74 жалпы орта мектептің директоры Оразкүл ҚОЛДАСОВА:

– Адам қоғамның ең басты байлығы болып саналады. Тарихты жасайтын да адам. Бүгінді ойлау – материалдық жағдайды ойлау деген сөз. Ал ертеңді ойлау – руханиятты ойлау деген сөз. Материалдық жағдайды ойламасақ, біз дамудан кенже қалған болар едік. Ал руханиятты ойламасақ, ертеңімізді ойламаған болып шығамыз. Әр заманның өз идеологиясы болады. Ерен еңбегімен еленген, батырлығымен көзге түскен жандардың есімін құрметтеп, өзгелерге үлгі-өнеге ету қай кезеңде ден болған. Осы орайда білім ордамызға жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің есімін берсек, құба-құп болар еді.

Халқымызда: «Дұрыс қанаттанған – түзу ұшар» деген қанатты сөз бар. Білім нәрімен сусындататын мектеп қабырғасынан бастап өздері үлгі-өнеге тұтар атпал азаматқа еліктеп өскен ұрпақ келешекте жаман болмайды деп нық сеніммен айта аламын. 36 жыл ғұмырын «Қазфосфат» зауытына арнаған Мұқаш Ескендіров міне, сондай абыройлы азамат, беделді бизнесмен. Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған. Зауыт өнімдері Қазақстанды былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерге, тіпті мұхит асқанын да хабарларыңыз бар шығар. Мұқаштың меценаттық қызметі де бір төбе. Қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына да сүбелі үлес қосып, өнерлі жастарға қолынан келген көмегін аямай жүргенін де бәріңіз жақсы білесіздер. Міне, сол себепті де мектебімізге ауыл-аймақтың ғана емес, күллі еліміздің мерей-мақтанышына айналған Мұқаш Ескендіровтың есімін бергеніміз жөн деп ойлаймын. Осы мәселе жөніндегі ауыл тұрғындарының игі бастамасын қолдап-қуаттағандарыңыз үшін Сіздердің бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

 

ӨМІРБАЯН БЕТТЕРІНЕН

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Мұқаш Зұлқайнарұлы ЕСКЕНДІРОВ 1970 жылы 7 қарашада Шымкент (қазіргі Түркістан) облысының Сайрам ауданындағы Қарасу ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтын (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) бітірген. Жамбылдағы (қазіргі Тараз) сары фосфор цехының шеберінен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры лауазымына дейінгі өндірістің барлық сатыларынан абыроймен өткен. Ол «Қаратау», «Шолақтау» тау-кен өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Тараздағы минеральдық тыңайтқыштар зауыты, Степногорск мен Шымкенттегі теміржол-транспорт кешені мен химиялық кәсіпорындарының басын біріктіріп, «Қазфосфат» ЖШС-ін құрады.

1982 жылғы тамыздан 1996 жылғы қыркүйекке дейін Жамбылдағы (қазіргі Тараз) Жаңажамбыл фосфор зауытында алдымен шебер, кейіннен ауысымның аға шебері, аға шебер – технолог, №5 цехтың бастығы, партия комитеті хатшысының орынбасары, партком хатшысы, Бас директордың сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1996 жылғы қыркүйектен 1998 жылғы наурызға дейін «Арго» ЖШС-нің Бас директоры. 1998 жылғы наурыздан тамызға дейін «Жамбыл нан компаниясы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры.1998 жылғы тамыздан 1999 жылғы қарашаға дейін Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өндірістік кооперативінің директоры. 1999 жылғы желтоқсаннан 2000 жылғы мамырға дейін ЖЖФЗ «Қазфосфат» ЖШС филиалының директоры. 2000 жылғы мамырдан 2002 жылғы шілдеге дейін «Қазфосфат» ЖШС маркетинг жөніндегі департаментінің директоры. 2002 жылғы шілдеден 2005 жылғы ақпанға дейін «Қасфосфат» ЖШС басқармасының маркетинг жөніндегі орынбасары. 2005 жылғы 9 ақпаннан «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры. Бүгінде бұл төрткүл әлемге танымал компанияға айналған.

Қоғамдық қызметіне тоқталатын болсақ, ол Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі. Кәсіпкерлер Палатасы Төралқасының мүшесі. «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі. Аталмыш партияның Жамбыл облыстық Саяси кеңесінің бюро мүшесі. Бесінші шақырымдағы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. Облыстық мәслихаттың Салалық өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, транспорт, байланыс және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. Облыстық Кәсіпкерлер Палатасы аумақтық кеңесінің төрағасы. Облыстық Ішкі істер департаменті Қоғамдық Кеңесінің төрағасы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тәртіптік кеңесінің мүшесі. Тараз мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. Тараз қаласының Құрметті азаматы (2010). Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы (2014). Жамбыл облысының Құрметті азаматы. «Халық ағарту саласының меценаты» (2012). «Жылдың үздік рационализаторы» (2012). «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» (2013). Алтыншы шақырымдағы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. «Қазақстанның Еңбек Ері» (2015).

«Құрмет» (2008), «Парасат» (2013), Бірінші дәрежелі «Ресей химия индустриясына сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» (2005), «Астанаға – 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының мәслихаттарына – 20 жыл» (2014), «Қазақстан Халқы ассамблеясына – 20 жыл (2015), «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» (2015), «Қазақ хандығына – 550 жыл» «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» (2016) мерейтойлық медальдарымен, «Нұр Отан» партиясының «Ерен қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының Құрметті инженері», «Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының үшінші дәрежелі «Жұмысына деген сенімі үшін», Қан тапсырушылар күнінің құрметіне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Мұқаш Ескендіров Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлерге қамқорлық пен қолдау көрсетуде. Балалар үйлеріне қайырымдылық пен меценаттық көмектесіп келеді. Биыл көктемде Тараз қаласындағы 9-шағынаудан тұрғындарына барлық жабдықтармен жарақталған спорт кешенін сыйға тартты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Тәлім-тәрбие талбесіктен берілетіні белгілі. Шаруа отбасында жарық дүниеге келген Мұқаш Ескендіров жастайынан еңбекқор болып өсті. Мал да бақты. Жеміс-жидек те жинады. Қысқасы, қара жұмыстан қашпады. Білек сыбанып, кез келген шаруаны атқара білді. Ерен еңбек ешуақытта елеусіз қалмайтыны белгілі. Әсіресе тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде айрықша белсенділік танытты. Жұртшылық сандалып бос жүргенде жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың бойына қан жүгіртіп, көптің алғысына бөленді. Бес-алты кәсіпорынның басын біріктіріп, ірі компанияға айналдырды. «Қасфосфаттың» өнімдерін Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге, тіпті мұхиттың арғы жағына дейін экспортқа жөнелтті. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, егемен еліміздің экономикасын еселеп өсуіне септігін тигізе білді. Міне, осындай атпал азаматқа қандай сый-құрмет көрсетсек те жарасады емес пе?!

Әділ ҚЫРАН.

Сайрам ауданы,

Қарасу ауылы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *