ЕҢБЕКҚОР ДИҚАН – ҚҰЛПЫНАЙ ҚҰЛПЫРТТЫ!

Қоғам
448 Views

Түркістан облысы Келес ауданында енді құлпынай кәсібі бар. Исмадияр Адилов атты Қазақстан елді мекенінің тұрғыны жұртшылықты өз ісімен тәнті етіп отыр. Ол құлпынай егумен айналысып, өз ісінен нан жеп отырғандардың бірі. Оның айтуынша 1 гектар жерге еккен өнімнен, жылына 15-20 тонна құлпынай алады екен. Жақсы өнім алу үшін алқаптың құнарлығына көңіл бөлу керек, — дейді кәсіпкер.

Исмадияр Адилов, жеке кәсіпкер:

— Өзімнің бастап, қолға алған кәсібім қатты ұнайды. Қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Ерінбесең ғана, еңбегіңнің жемісі тәтті болады. Жалқаулық жаман әдет екенін білеміз ғой. Дегенменде жеңіл жұмыс еш жерде жоқ. Құлпынай өсіру ең алдымен жерге байланысты. Оның дәмді, әдемі болуы үшін топырақтың құнарлығына аса мән берген жөн. Мен өзім құнарлы топырақпен жұмыс жасаймын. Ол үшін алдымен ылғалдылықты сақтау маңызды. Піс, аузыма түс – деп отырған мен жоқ. Барлығы осындай еңбектің арқасында келеді. Топыраққа тыңайтқыштар төгіп, күн-түн демей күтім жасап келемін. Соның арқасында алып отырған өнімнің мөлшері көңілімнен шығады, дейді келестік диқан.

Диқанның былтыр күзде күтіп-баптап еккен құлпынайы биыл жетіліп, үшінші терімін ел нарығына шығарып үлгерген. Исмадияр құлпынайдың бірінші терімінен 200 келі өнім алса, екінші терімі бұл көрсеткіштен төрт есеге көбейген. Ал үшінші теріммен рекордқа жеткен кәсіпкердің қуанышында шек жоқ. Ол 1 гектардан 4 тонна өнім алған. Тілімдей жерден азық жинап отырған диқанның өніміне көпшілік қызығып қана қоймай, еліміздің түпкір-түпкірінен сұраныстар келіп түсуде. Кәсіпкер енді өнімін одан сайын көбейтуге бел байлап, ауданда құлпынайды құлпырту ісін жандандыра бермек.

«Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» осындай диқандарымыз аман болсын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *