ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ – ТАРИХИ ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ НӘТИЖЕСІ

Саясат Қоғам
569 Views

Үстіміздегі 2021-ші жыл пандемия және басқа да әлеуметтік саладағы проблемалар аяқтан алғанның өзінде Тәуелсіздік туы астындағы тарихымыздан ерекше орын алады деп ойлаймын. Биыл – тәуелсіз, егеменді еліміздің мерейлі 30 жылдық той жылы. Әрине, бұл мерзім қытай, үнді, ағылшындар сияқты мыңжылдықтарды артқа тастаған елдер үшін елеусіз ғана өтетін ағымдағы жылдар сияқты сезілуі де мүмкін. Ал, бірнеше ғасыр бойы теңсіздіктің тепкісін бастан кешкен қазақ елі үшін еркіндіктің үшінші онжылдығын еңсеру – үлкен мереке. Алдымызда үлкен үміт. Дамыған, халқы бақуат, абыройы жоғары елдердің қатарынан сенімді түрде орын алу үміті.

Қоғамның даму соқпағы экономикалық, әлеуметтік, рухани, басқа қандай негізгі салада болсын, оңай, даңғыл жол емес. Сондықтанда, 30 жыл өткен мерзімдегі жеңістеріңді жырлап, кемістігіңді талдап, алдағы мақсатыңды арнайы айқындайтын мереке. Жетістіктеріміз – өзіміздікі. Оның тәжірибесін жинақтаймыз, оны мақтан етеміз, алдағы дамуымыздың іргетасы етеміз. Кемістігімізді де талдап, таразылап, алдағы тіршілікте қайталамас үшін естен шығармауымыз керек.

Қоғамымыздағы аталмыш пікірлердің көп жағдайда бұрмалана таралуына, әрине, таң қалуға да болмайды. Ұлы ойшыл Абай атамыздың «өсек, өтірік, мақтаншақ…» деп күйіне сынаған психологиялық және моральдық «ұстанымынан» әлі де болса толық ажырай қойғанымыз жоқ. Сол себепті де, рухани-саналық тұрғыдан көптеген жастарымыздың ақиқатқа бейсәйкес түрде бойына қабылдап жатқанын күнсайын көрудеміз. Оның үстіне болашақтағы жаңғырған, жаңарған рух-санамыз мифологиялықтан аулақ, ғылыми үрдістегі құндылықтармен көмкерілсін десек, онда осы бастан объективизмге бет бұруымыз керек. Бұл ой – талассыз мәселе. Жоғарыда айтылған бұрмаланған «аргументтермен» көпшілікті шатастырып жүргендердің ішінде өз басым бірде-бір тарихшы-ғалымды, немесе, басқа да қоғамдық ғылымдардың өкілін кездестірмедім. Бірақ…, «өтірікші, мақтаншақ, білгішбектер» улап-шулап біразды «мақұлдатып» қояды. Проблеманың ақиқатын біліп тұрған ғалымдар мен кәсіби идеологтарда, «ішкі саясатшы» шенеуіктерде үн жоқ!…

БІРІНШІДЕН, қазақ халқының кезінде жоғалтқан саяси және мемлекеттік тәуелсіздігіне ХХ және ХХІ  ғасырлардың өларасында, Ресей империясының ұзынсонар дағдарыстар легінен әбден титықтап, іріп-шіріп, тозған уақытында қол жеткіздік. Кәрі тарихтың ең үлкен заңдылықтарының бірі осында.

ХҮІІІ ғасырдың басы Еуразия елдерінің де өмір сүру үрдісі мен мазмұнына жаңа тарих лебін – капитализмнің алғашқы лебін – ала келді. Аталмыш өндіріс тәсілі Англияда, Нидерландыда, Италияның солтүстігінде туындап, кәрі құрлықтың елдерін өз әдісіне тарта бастады. Бұл лептің асықпай сырғып Ресейге құрлық арқылы, Қытайға теңіз арқылы жетуі, қазақтың бірі батысындағы, бірі шығысындағы екі алып елдерді өз орбитасына тартуы, – бұл да басқаша болуы мүмкін емес заңдылық еді. Бүгінде «жабайы капитализм» деп аталатын әдістің ең алғашқы талаптарының бірі – ештеңеден жиренбей, тайсалмай, басқаларды тонау арқылы «алғашқы қор» қалыптастыру болатын.

Өздерінен дамудың алғы шебінде бара жатқан Батысқа жем болған Ресей мен Қытай үшін бірден-бір жем Алғашқы қазақ хандығы және оның айналасындағы жабағысын жамылған «жабайы» халықтар еді. Бұларда жейтін тамағынан басқа тартып алатын дүние мардымсыз болғанымен, жер асты мен үстіндегі табиғи байлығы көзін тіккен аш қасқырлар үшін арман болатын. Онсыз да шаруашылық әдісі ондаған ғасыр бойы жаңа заман талабына бейімделмеген, ХҮІІІ ғасырдың басына таман Ата діни сенімі әлсіреп, осының әсерінен бірлігі, жауынгерлік рух-санасы да шашырап, әбіржіген, аңғал, момын, билігі де тоқыраудан шығаруға қабілетсіз қазақты қырып жойып, қолында барын тартып алу үшін ерекше көп әскери потенциал қажет те емес еді.

Әрі қарай ешқандай кездейсоқтығы жоқ, кәрі тарихтың қатаң заңына сәйкес, ата-бабаларымыз Шығыс Түркістаннан айырылды. Біраз уақыттан соң, еліміз қазіргі уақытта жайғасқан аймақтардың да бодандығын мойындауға мәжбүр боп, небір қилы заманды бастан кешуді бастады. Ұлт басыннан қанша күрес, есепсіз көтерілістер өтті. Ішіндегі ең ұзаққа созылғаны да, ең көп азаматтарды қамтығаны да, соңғы сайланған қазақ ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің өзі жеңіліске ұшырады. Қанша өмірлер қиылып, қанша көп қан шашылғанның өзінде, сол кездегі қалыптасқан әлемдік жағдай мен ұлттың саяси, экономикалық, әлеуметтік-психологиялық даму деңгейі мүмкіндік бермесе, онда алға қойған мақсатың қалай болғанда да арман-қиял күйінде қала беретінін түсіне бастағандар да пайда бола бастады.

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың орыстың қатын патшасына адамдарын жіберуі, кейіннен Сырым батырдың талабының біразы қабылдануына байланысты күресті тоқтата салуы, Ыбырайдың ақыл-ойы мен күш-қуатын саяси күреске емес, халқының надандығына қарсы күреске арнауы, тағы басқа да елдегі бай-манаптардың, төре-төбешіктердің орыс билігіне «бетін бұруы» – саяси күрестің қантөгістен басқа ешқандай нәтиже бермейтіне көздері жеткеннен. Енді ақылға қонымды не қалды!? Әлде де болса, қарсылық көрсеткендерге тілеулес болу және қалыптасқан жағдайға бейімделу ғана қалды. Сүйтіп, әлемдік саясаттың жаңара түсуін және басқыншы империяның ыдырауын күту.

Алдымен біршама солай болды да. Монархиялық абсолютті билік тәртібінен айрылғысы келмеген Ресей «ең жаңа тарих» эрасына әлемнің жарты жерін, жарты табиғи байлығын иемденсе де азып-тозып зорға жетті. Өз патшасын өздері аударып тастағанның өзінде орыс елінің элитасы даму үдерісін күшейтуге қабілетсіз еді. Компрадорлық экономика, ірі жер иеленуге негізделген агрокәсіп, халқының жартысынан көбі басқа ұлттардан тұратын империяда элитасының санасын ұлы орыстық шовинизм, халқын жаппай сауатсыздық жайлаған еді. Ең жаңа тарих заманында «жабайы» капиталистік қатынастан арыла алмаған ел болды. Айта берсе, соза беру де қиын емес. Дағдарыс аузы-мұрнынан шығып тұрған жағдайда «бәлшебек» дейтіндер шыға келіп, «зауыттар – жұмысшыға», «жер – шаруаларға», «халықтарға – азаттық» деген ұрандармен сол жылы-ақ Ресей капитализмінің аяғын аспаннан келтірді. «Ақ» империяны «қызыл» империя алмастырғанның өзінде бірден-ақ Финляндия, Польша, Прибалтика елдері саяси азаттығын алып кетті. Қалған бодан халықтар сияқты қазақтардың да әрі қарай «халықтар достығы», «артта қалып кеткен халықтарды бірден социализмге өткізу» идеологиясын місе тұту маңдайына жазылған еді.

Тарих доңғалағы алға сүйреумен тағы жетпіс жыл өтті. Белсенді қауымның аузынан әлі де түспейтін – «жетпіс жыл». Кәрі тарихтың ешкімге де бағынбайтын даму заңының талабымен «қызыл» империяның да ыдырайтын уақтысы келді. Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, бостандығымызды, азаттығымызды, қалай ұнаса, солай айтыңыз – иелендік!

Содан бері отыз жыл өтті. Отыз жылдық еліміздің азаттық мерейтойы. Әлі де «жетіс жылдың» әні басылмай келеді. «Жетпіс жылда енді болмағанда құрып кетер едік» деп көпіретіндердің. Тәуелсіздік таңы атқаннан жетпіс жыл бұрынғы қазақтың өмірі қай жағынан қимайтындай еді!? ХІХ бен ХХ ғасырлардың өларасында «Ресей тәжінің жерлері» деп жарияланған Қазақстан территориясында метрополия билігі бір жағынан қазба байлығын, екінші жағынан «қара шекпенділерін» қаптатып, сулы, егінді жерлерін, белсенді игере бастады. Қарсыласқанын қырып, қарсыласпағанын құнарсыз жерлерге қуып, зорлығын бұрынғыдан да күшейте бастады. Патшалық болсын, буржуазиялық болсын, Ресейдің бәлшебекке дейінгі элитасы өміршең болғанда, міне, сонда аталмыш кейінгі «жетпіс жылда» шын мәнінде құрып кетуіміз мүмкін еді.

Атамыз қазақ «жақсының жақсылығын айт» дегеніндей кеңестің алдымен «Автономия», кейіннен «Одақтық» республика статустарын беріп, күніміз туғанда Тәуелсіздікке қол жеткізетін жағдай туғызғанын да естен шығармауымыз керек. «Алаш» ардақтылары көне Ресейдің осы мәселеде бірде бір партияларынан, не Дума депутаттарынан қолдау таппаған. Айтылмыш «құрып кетуге сәл ғана қалыппызды» қатардағы «мырқымбайлар» айтып жүрсе бір сәрі. Соңынан аз да болса, топ ерте алатын, кеңесті тоздырған, социализмді аздырған, «жалпақ бет, дәу қарындар» топастықпен ұрандатып, жастарды шатастырғанына жайбарақат қарау дұрыс емес…

Әлемдік тарихи даму заңдылықтарына сай қазақтың көптен күткен тәуелсіздікке қолын жеткізген Кеңестік империяның күйреуін негізінен үш басты себептен деп түсінемін. ЕҢ АЛДЫМЕН, ХХ ғасырдың аяқ шетіне таманғы тоқтату мүмкін емес жанжақты экономикалық дағдарыс. Үнемсіз шығын. Сапасыз өнім. Ондаған жылдап жаңармайтын техника мен технология. Төмен еңбек өнімділігі. Талапқа сай емес өндірісті ұйымдастыру тәртібі. Жұмысшылар мен мамандарды ынталандырудың, оларды түпкі нәтижеге қызықтырудың әлсіздігі…Бір сөзбен айтқанда меншіктік қатынастың жоқтығы.

ОНАН КЕЙІН, ауыл шаруашылығының үмітсіз артта қалуы. Сол кездегі жер жаһандағы ең күшті, ең ірі деп мойындалатын екі мемлекеттің бірі болған елде халқын тамақ өнімдерімен қамтамасыз етудің өзі проблемаға айнала бастады. Жоғарыда айтылған өндірістегі кемістіктерге ауылшаруашылығында «үстеме» сияқты ұрлық, өтірік ақпар, компетентсіздік, технологиялық мәдениетсіздік қосылды. Нәтижесінде өнімділіктен де, сападан да, саннан да, елдің қалып кеткені соншалық , енді дамуға бет бұрған елдер сияқты, үкімет орындалуың өзі екіталай Одақтық азық-түлік бағдарламасын қабылдауға мәжбүр болды. Қоғамдық-өндірістік жүйе дағдарыстан асып, іріп-шіруге бет алды.

Осы іріп-шірудің детонаторы ролінде жеке басқа табынған, идеологиялық мақсатына халық сенбейтін, онсыз да басқару қабілеттері күмәнді, бірақ, билікті өлмесе бермейтін, ақылынан біржола алжасқанын күту болмаса, ешқандай тиімді шешім күтуге болмайтын КРЕМЛЬ ҚАРТТАРЫ тұрды. Кезінде, сегізінші бесжылдықта, шаруаны едәуір көтеріп тастаған реформалардың авторлары(А.Косыгин, Д.Полянский бастаған топ) басшылықтан аластатылды. Осындай бейберекесіз билікке қоғам қалай шыдаған деген сұрақ туындайды. Әрине, түбі шыдамайды. Тек, жеке адамның диктатурасына қарағанда, белгілі топтан тұратын тоталитарлық тәртіпке сүйенген партократиялық диктатураның өмірі ұзақтау болады екен. Ауданға дейінгі басқару вертикалі жалғызпартиялық «бірінші секретарьларға» толығымен өтіп, оларға «азық-түлік пакеттері» және басқа да «қамтамасыздандыру» шаралары беріліп, елде «Кремль қарттары» билігінің ұзара түсуіне мүдделі ықпалды бюрократиялық топ қалыптасты.

Әлеуметтік салада да бірте-бірте төзу мүмкін емес жағдай қалыптасты. Жылдан жылға қымбатшылық, дүкен сөрелерінің жылдан жылға босай бастады. Саудагерліктің белең алды, ақша ашық түрде екпіндей құнсызданды. Шикізатты шетелдерге шығаруды ұлғайтқанмен орнына адекватсыз бағамен алынған тұтыну тауарлары елдегі сұранысты қанағаттандыра алмады. Керісінше, саудадағы және айырбастағы қылмысты күшейтіп жіберді. Әлеуметтік әділетсіздік пен заңсыздық, ресми мораль мен реалды ұстаным, ниеттілік арасы уақыт өткен сайын есіре түсті. Экономикалық-әлеуметтік те, моральды-психологиялық та, дағдарыстар кешенді сипатқа ие болды.

Міне, Кеңес Одағының соңғы үш бесжылдығындағы қарама-қайшылықтар мен жанжақты дағдарыстар легі адамзат тарихындағы «әділетті қоғам» құру әрекетін әбиірсіз етіп, қанша азаматтарды, ұлттар мен халықтарды адастырып, басқа да империялар сияқты тарих тұнғиығына кетті. Ең басты, ең шешуші заңды себебі: ел басқарудағы антидемократиялық, диктаторлық, авторитарлық, тоталитарлық, жеке адамға табыну «кеселі».

Табиғатта да, адамзат қоғамында да, орыс халқы көбірек айтатын «нет добра, без худа» дейтін заңдылық нақылы бар. Қыстан кейін табиғатты жаңартатын көктем бар. Дағдарыстан кейін жаңғыру, жаңару, өзгеру, даму бар. Біздің қазағымыз да сол заңдылыққа сәйкес Тәуелсіз, азат, бостандық тіршілік арқылы жаңа даму жолына түсуге мүмкіндік алды!

Ресей империясының «ізбасары» кеңестік империяның ыдырауына әкелген заңдылықтар легіндегі тағы бір негізділік орны бар себеп. Ол – мойындалған, басшылыққа алдық деп жарияланған, маркстік-лениндік коммунистік(социалистік) идеология және оның жүзеге асу тәжірибесін бұрмалап, бұл ілімді әлеуметтік әділеттіліктің қарама-қарсылығына айналдыру. Аталмыш империядағы және әлемдегі миллиондаған еңбек адамдарының жарқын болашаққа деген сенімін пайдаланып, жер бетіндегі ең үлкен мемлекетте билікті узурпациялап, оны деспотияға айналдырып, қарсыласқандарды геноцидке ұшыратып, билікті жеке басқа табындырған азғана топтың меншігіне айналдыру.

К.Маркс пен Ф.Энгелстің ең алғашқы жариялаған «Коммунистік партияның манифестінің» өзінде «коммунизм – еркін тауар өндірушілердің ассоциациясы» деп көрсетілген. ХХ ғасырда осыған ұқсаған ассоциацияны Швеция, Дания және басқа да «капиталистік» елдердің тәжірибесінде байқадық. И.Сталин, Н.Хрущев, Л.Брежневтер мен олардың идеологтарының осы талап не ойына келіп, не аузынан шықты ма екен!? Тіпті, В.Лениннің әралуан меншікті НЭП-ін жойып жіберді. Шексіз билік меншік қолда болса ғана жұдырығында болатынын олар жақсы білді. Түбі дағдарысқа, төңкеріске әкелетінін діни семинарияны бітіре алмай кеткен Сталин, жеті кластық білімі бар Хрущев, жоғары техникалық білімді Брежнев білді ме екен?

Тағы бір ғана мысал келтірсек. Марксизм-ленинизм классиктерінің ой-сенімі бойынша тиісті әлеуметтік революцияның жеңісінен соң, қоғамдық тыныс-тіршілікті реттегенше билік пролетариат диктатурасы түрінде болуы керек. Ал, онан соң коммунизмнің бірінші фазасы социализм салтанат құру кезінде қоғам билігі «социалистік демократия» түрінде жұмысшы және шаруа таптарының, халық интеллигенциясының қолында болуы керек. Демек, бүткіл социумның билігі деген сөз. Осының қазіргі біздің түсінігіміздегі Ертедегі Грециядан келе жатқан «демократия» ұғымынан ерекше айырмасы бар ма!? Кеңестік заманның ең жайбарақат, жайлы уақтысы Брежнев-Сусловтың «кемелденген социализмінің» өзінде сөз жүзінде, өтірік ұрандарда болмаса, халық пен билік бір болды ма? Түрі бір бөлек, мазмұны бір бөлек іс жүзіндегі билік «социалдық» да емес, пролетарларлық да емес. Тіптен, Коммунистік партия мүшелерінде де емес. Ол диктаторлық өкілетті, көсеміне табынған, «Политбюро» деп ат қойып, айдар тағылған, халықтың атын жамылған, өз қамын ойлаған, кішігірім топта ғана болды. Міне, осы аталмыш «кішігірім топтың» да іріп-шіруінің нәтижесінде түбі әлеуметтік әділетсіздікті кешірмейтін тарих көші заңдылығымен біраз күндерде 30-ға толатын Тәуелсіздігімізге ие болдық!

Мақаламның соңында қоғамымыздың, бүткіл ұлтымыздың барлық ақ ниетті, жаны жайсаң, халқымыздың болашағы мен бақытын тіршілігінің басты мақсаты деп түсінетін азаматтарын, «ӘДІЛЕТ.Рухани жаңғыру» газетінің белсенді оқырмандарын, аталмыш мерейтоймен шын жүректен құттықтап, Мәңгілік еліміздің аясын әрі қарай да көркейте беруіне тілек қосамын!!!

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясының

Қазақстан тарихы және қоғамдық-әлеуметтік пәндер

кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *