(Соңы. Басы өткен санда).
Шыңғыс Айтматов: «Мен әлемнің көптеген тойларына қатысқан жанмын. Бірақ Жамбыл тойындай нағыз халық тойы, ақын тойын көрген жоқпын. Өте әсерлі, мазмұнды керемет ұйымдастырылған мерейтой болды» – деп жазды.
Жамбылдың 170 жылдығына орай бірнеше игі шаралар өтті. Ұлы ақынның әлі толық зерттелмей келе жатқан бір қыры – оның әндері мен күйлері. Қазірге дейін қырықтан астам ән-әуендері, оннан астам күйлері белгілі. Осыған орай қазіргі Мәдениет және спорт министрінің орынбасары, ал ол кезде Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов екеуміз Алматыдағы Жамбыл филармониясында «Жамбылдың ән-күйлері» атты үлкен концерт ұйымдастырдық. Оған «Құрманғазы», «Отырар сазы» оркестрі, хор копелласы, атақты әнші-күйшілер қатысты.
Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Жамбыл жайлы кітап жазып, Мәскеуден шығарды. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университет «Жамбыл феномені», Қостанай мемлекеттік университеті «Өсиет», ал Талдықорғандағы Жансүгіров атындағы университет «Ұлы даланың ұлық жырауы» атты жинақтарды менің ұсынысыммен дайындап, оқырмандарға ұсынды.
Кезінде ректорларға кіріп өтініш жасап жүріп, әл-Фараби атындағы ұлттық университет пен Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде Жамбыл ғылыми-зерттеу институты мен орталығын аштырған едім.
Жалпы Жамбылтануға қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, оқымысты ғалымдардың барлығы дерлік атсалысты. Әсіресе, докторлық диссертация қорғаған Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев сүбелі үлес қосты. Академик Сейіт Қасқабасов теориялық жағынан терең зерттеген ғылыми кітап жазды, ал 1910 жылы «Аударма» баспасынан Жәкеңнің шығармаларын орыс тілінде шығарды, алғысөзі мен түсініктемені жазды.
Көркем әдебиетте, прозада Жамбылдың толыққанды еңбегі жазылған жоқ деуге болады. Кезінде Павел Кузнецовтің «Мұратына жеткен адам» атты публицистикалық саяси ұстанымы басым романы жарық көрген еді. Академик Уәлихан Қалижанұлы ақын ғұмырнамасы жайлы роман-эссе жазып, тарту етті. Менің «Бала Жамбыл» повесім және Досан Жанботаевтың бітпей қалған шығармасынан басқа прозалық шығармалар жоқ. Болашақта іргелі де сүбелі прозалық дүние жазылады деп сенеміз.
Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік дәрежеде ауқымды шаралар атқарылуда. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен «Қазығұрт» баспасы (директоры Т.Көпбаев) Жамбыл Жабаевтың он томдық шығармалар жинағын (құрастырушы Н.Қапалбекұлы) шығарды.
Нұр-Сұлтан қаласында осы онтомдықтың тұсаукесері өткізілді. Онда мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жамбылтанушы үлкен ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дархан Қыдырәлі секілді мемлекетіміздің ірі қайраткерлері сөз сөйлеп, жамбылтанудағы оң өзгерістерді атап айтты.
ЮНЕСКО мәдениеттерді жақындастыру орталығы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті екі үлкен ғылыми конференция ұйымдастырды. Жыл басында «Жамбылдың ұстазы болған ер Сарыбай би» атты, кейін «Жамбыл Жабаев мұрасының қазіргі әдебиеттанудағы орны мен маңызы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциялар өткізді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де шетел ғалымдарын шақырып, конференция өткізіп, арнайы жинақ дайындады.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұжымы Жамбылдың академиялық үш томдығын дайындады. Бұл жамбылтанудағы іргелі құнды ғылыми еңбек.
Бір қуанарлық жайт Алматыдағы ұлттық кітапхана ұжымы Жамбылдың бүкіл баспасөзде жарық көрген шығармаларының барлығын тізімдеп, ғылыми бір ізге түсіріп, қазақша, орысша, ағылшынша библиографиялық анықтамалығын шығарды.
Міне, осы орайда Алматы облысының әкімшілігі біздің ұсынысымызды бірден құп алып, биылғы мерейтойға орай «Жамбыл әлемі» атты отыз том жинақ шығарып беріп отыр. Бұл қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылыс, мол олжа!
Бұл отызтомдықтың жартысы түгелге жуық Жамбыл шығармаларына арналған. Атап айтқанда, алғашқы үш томдығына ұлы ақынның өлең-жырлары топтастырылды. Одан кейін Сәбит Мұқанов алғысөзін жазып, 1946 жылы жарық көрген жинағының толық нұсқасы берілді. Негізінде мұндағы шығармалар Жәкең көзі тірісінде өзі айтып, жаздыртып, қайта тыңдап, сүзгісінен өткен сом дүниелер. Оның бірде-бір әрпін өзгертпей, түпнұсқасын тұтас сақтай отырып, екі томға беруді жөн деп таптық.
Жамбылдың таңдамалы бір томдығы орыс тілінде берілді. Бүгінге дейін ұлы ақын шығармалары әлемнің 160 тіліне аударылса, алғаш рет халыққа бұрынғы Совет Одағында орысша шыққан шығармалары арқылы танылды. Сондай-ақ, дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылған Жамбыл өлеңдерінің негізгілерін іріктеп «Жамбыл әлем тілдерінде» деген атпен бір том әзірледік.
Жамбылдың туғанына 165 жыл толуына орай Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ғылыми конференция өткізді. Жиын қарарында «Жамбыл – түркі әлемінің бас ақыны» деген баға берілді. Міне, сондықтан да «Жамбыл – түркі әлемінде» атты томда қырғыз, өзбек, башқұрт, якут, түрік тағы басқа да түркі тілді ғалымдар мен жазушы, қайраткерлердің ой-пікір, ғылыми мақалалары топтастырылды. Ал музыкалық мұралары – ән-күйлері нотасымен, зерттеуші ғалымдардың ой-толғамдарына жеке бір том бөлінді.
Жамбылтанудағы бүгінгі көзқарас қандай, өткен дәуірде нендей естелік-пікірлер айтылды? Осы мәселелерді кеңінен қамтып, Жамбылтануды кезең-кезеңге бөлдік. Совет дәуірінде жазылған естелік-пікірлер бір том, тәуелсіздік жылдарындағы зерттеулерге бір том және дәл бүгінгі күндегі пайымдаулар мен зерттеулерді «Жамбылға жаңа көзқарас» деген атпен бір том етіп шығардық.
Көптомдықтың «Жамбыл әлемі» деп аты айтып тұрғандай ұлы ақын кімдерді ұстаз тұтып, бата алды, қисса-дастандарды үйренді? Дауылпаз Сүйінбай, Қабан, Бақтыбай, Түбек, Майкөт, басқа да аузымен құс тістеген есімдері алысқа кеткен ақын-жыраулардан тәлім-тәрбие алып, ақындық әлемге самғады.
Замандастары Құлмамбет, Сарбас, Тезек төре, Сара, Мәуленбай секілді айтыскерлердің жанында жүріп, олар айтқан ауыз әдебиетінің мол мұрасынан қанып ішті, үлгі-өнеге тұтты.
Міне, осындай суырыпсалма, жез таңдай ақындар жайлы зерттеулер мен олардың шығармалары молынан берілді.
М.Әуезов атап айтқандай, Жамбыл төңірегінде сөз құнарын ұғатын, айтыс додаларына қатысқан шәкірттері көп-ақ.
Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариев, Есдәулет Қандеков, Саяділ Керімбеков, Өмірзақ Қарғабаев, Мақыш Райымбекұлы және басқа да көптеген шәкірттер тәрбиелеп, қанатын қатайтып, қасына алып жүрді. Жамбыл ақын боламын деген домбыра ұстағандарға «Мынандай оқиғаны келер жолы келгенде дастан ғып шығарып әкел» – деп тапсырма береді екен. Міне, олар халық ақыны атанып, көбісінің жеке кітаптары шықты. Тек өзі тұрған жерде ғана емес жер жанаты Жетісудағы бар ақынға бас ақын ақсақал боп, тәлімгерлік танытты. Олар Жамбыл атаның жырларын жаттап, айтысын айтып, өздері де айтыскер атанды. Бүкіл осы өңірде туып өскен сонау Қалқа, Қуат, Әбікен, Көдек, Албан Асан, Бөлтірік, Таңжарықтардан бастап күні бүгінде айтыстың ақтаңгері атанған Айтақын, Есенқұл, Хасен, Оразәліге дейін ел таныған ақындар шығармалары берілді.
«Жамбылдың бүгінгі талантты ұрпақтары» атты бір томдықта Жәкеңнің дарынды ұл-қыздарының шығармалары мен өмірбаянын бергенді жөн көрдік. Осы жерде атап айтар бір нәрсе бұл көптомдыққа Жетісу өңірінде туып-өскен ақындар еңгізілді.
Жамбыл прозада қалай суреттелді, қандай роман, повестер жазылды? Ұлы ақын жайлы жазылған туындыларды түгендеп, осы көптомдыққа енгіздік.
Бұрын аты аталғанымен өлең-жырлары белгісіз болып келген Қарабек, Өмірзақ Қарғабаев, Мәуленбай, Төребай, Кәден, Шарғын, Молдабай тағы басқа да ақындардың өлең-жырларын тауып, кейбірін араб қарпінен кириллицаға түсіріп, тұңғыш рет жариялап отырмыз. Бұл келешекте Жамбыл және оның ақындық дәстүрі, шәкірттері, жалпы Жамбылтану жөнінде ізденушілерге, зерттеушілерге көмек болатыны анық.
Осы «Жамбыл әлемі» атты отыз томдық жинақты шығаруда Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетовтың көп еңбек сіңіргенін атап айтуымыз керек. Ол бұл көптомдықты шығару жайлы арнайы жоба дайындап, оның құндылығы мен қажеттілігі туралы дүркін-дүркін хат жазып, ұсынысын білдірді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, облыстың мәслихаты, депутаттары, қоғамдық кеңесі барлығы Жамбылдай дара да дана ақын және оның айналасындағы ақындар туралы көптомдықты шығару өте дұрыс деп шешім қабылдады.
Ал, аз мерзімнің ішінде қатпар-қатпар сонау тарих қойнауынан, архив-құжаттарынан, көне кітап-қолжазбалардан, музей-кітапханалардан қыруар деректерді іздеп тауып, екшеп, іріктеп, ғылыми-танымдық сараптамадан өткізіп барып жинаққа ұсындық. Бұл өте жауапкершілігі ауыр, аса қиын жұмыстарды атқаруда білгір, оқымысты ғалымдарымыз тиянақты жұмыстар атқарды. Атап айтқанда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы-жазушы Нұрдәулет Ақыш пен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, жамбылтанушы Анарбай Бұлдыбаевтардың қажырлы еңбектерін атап айтқан жөн. Сондай-ақ, Жамбыл мұрасы мен шәкірттері жайлы ақын Нұрлан Әбдібеков зерттеу еңбектерін арнайы ұсынды.
Ал, жиналған бай мұраларды іріктеп, сұрыптап, әрлеп, әсем безендіріп, баспаға әзірлеп, кітап етіп шығаруда «Әдебиет» баспасының директоры Ғалым Қалибекұлы тындырымдылық танытты.
Жамбылдың туғанына 175 жыл толуына орай арнайы шығарып отырған бұл көптомдықты әзірлеп, дайындауда, алдын ала творчестволық жоспар жасап, соған сәйкес жұмыс жүргізуде Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көпбаев басқарған мекеме ұжымы күнбе-күн қолғабысын көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды.
Көптеген құнды жәдігер, кітаптарды тауып беріп отырған ұлттық кітапхана (директоры Бақытжамал Оспанова), Жамбыл музейіне (директоры Салтанат Жамбылова), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына (директоры Кенжехан Матыжанов) ұжымдарына шынайы көмектері үшін алғысымызды айтамыз. Бұл жинақтарды дайындау барысында бізге Жамбыл ұрпақтары, жамбылтанушылар, ақын-жазушылар, ғалымдар дер кезінде өз пікір-ойларын білдіріп, қажет еткен материалдарды тауып беріп отырғанына ризашылығымызды білдіреміз.
Уақыт керуені ешуақта, ешқашан тоқтамай алға жылжи береді. Әр ұлт, әр мемлекеттің атын шығаратын биік өрелі, тау тұлғалары болады. Міне, Жамбыл бабамыз дәуір толқынынан көктей өтіп, ғасырлардан ғасырларға ғажап жырлары арқылы әлемге қазақ атын таныта береді.
Бүгіндері сексеннің төріне шыққан, классик жазушы, ғұлама оқымысты Мұхтар Мағауин былай дейді:
«Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды.
Жамбыл қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүниежүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл! Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс».
Мұндай ұлағатты пікірлер көп, Жамбыл жайлы ой-толғаныстар ұшан-теңіз. Жамбыл – қазақ атты ғажап халықпен бірге мәңгі жасай беретін әлемдік тұлға. Ал, мына көптомдық – әдебиетсүйер ұлттың жүрегінде сақталар асыл қазына.
Жамбыл мұрасын насихаттауда биыл мерекелі жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үлкен жұмыстар атқарды.
Жақында тағылымы мол Жамбыл апталығын ұйымдастырды. Жамбыл жайлы филология ғылымының докторы Жанғара Дәдебаевтың құрастыруымен төрт том кітап жарық көрді, интернет сайтта ұлы ақын жайлы көрме дайындады.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жақында «Жамбыл апталығы» өте әсерлі, әдемі, сапалы әрі өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
Белгілі аудармашы, жазушы Мәлік Отарбаев Жамбылдың «Көрұғлы» дастанын түрік тіліне аударып, Түркияда тұсаукесерін өткізіп қайтты.
Түркі академиясы Қырғызстанда дөңгелек үстел және қазақ-қырғыз айтысын ұйымдастырды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегеновтың құрастыруымен «Жамбылдың мәңгілік жарқын жолы» атты жинағы жарық көрді.
Алматы, Жамбыл облыстары мерейтой жылын мазмұнды өткізіп, бірнеше экспедициялар ұйымдастырды.
Жамбыл мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия (төрағасы мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев) арнайы іс-жоспарларға сәйкес танымдық-тағылымы мол көптеген игі шаралардың тиянақты өткізілуіне айырықша мән беріп отырды. Жамбыл жайлы көркемсуретті фильм түсірілуде. Келер жылы туған күніне орай Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Талдықорғандағы Б.Римова атындағы қазақ драма театрлары Жамбыл туралы спектакльдерді сахнаға шығармақшы.
Әлі де атқарылар істер көп-ақ. Жамбыл, Сүйінбай сынды ұлы ақындар мен олардың шәкірттері жайлы ғылыми-зерттеу жұмыстары тым аз. Ғалымдарға, докторант, магистранттарға осы тақырыпты беріп, терең теориялық зерттеулер жүргізу керек-ақ. Мемлекетімізде, басқа республикаларда, әсіресе Қырғызстандағы архив, музей, кітапхана, қолжазба қорлары арнайы зерттеп қарап шықса, құнды дүниелер табылар еді.
Жамбыл жыры мәңгілік, ұрпақтан ұрпаққа үлгі өнеге, ғибрат болар асыл қазынамыз.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, «Құрмет» орденінің,
халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
Алматы облысының Құрметті азаматы