«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында кадрлық өзгерістер болды.
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бұйрығымен 21 қаңтардан бастап «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Бектаева Жанар Әлібекқызы тағайындалды. Ол бұған дейін Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Бұл лауазымға Ж. Бектаева жетінші шақырылған Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының кезекті сайлауының қорытындысымен «Nur Otan» саяси партиясының партиялық тізімі бойынша жергілікті өкілді органның депутаты және хатшысы болып сайланған Бахадыр Нарымбетовтің орнына келді.
Жанар Әлібекқызы 1982 жылы Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2003-2006 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті саясаттанушы мамандығы және саясаттану магистрі бойынша білім алып, 2017 жылы Алматы экономика және статистика академиясының «Экономика және бизнес» факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004-2006 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институты «Саясаттану» кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
2006-2013 жылдары аралығында ОҚО Ішкі саясат департаменті талдау және мониторингі бөлімінің бас маманы қызметінен бастап, 2013-2014 жылдары ОҚО Ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясат және БАҚ мониторинг бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
2015-2016 жылдар аралығында ОҚО Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2016-2018 жылдары ОҚО Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, 2019 жылдың қаңтар айынан Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болған.
Шымкент қаласы әкімінің 2019 жылғы 22 тамыздағы өкімімен Шымкент қаласы Ішкі саясат және дін істері (жастар істері жөніндегі) басқармасы басшысы лауазымына тағайындалды.