ЖАНЫҢЫЗ ЖӘННАТТА БОЛСЫН, ЖАН АПА!

Өмір-өзен
6 541 Views

Ана – Алланың асыл қазынасы. Адам баласы анасы барда көңілі көктемдей,жаны жаздай өмір сүреді. Баласы үшін өзінің қуанышын, денсаулығын, тыныштығын сарп ететін ананың махаббатынан асқан бұл өмірде ғанибет бар ма екен? Дүниеге он перзент әкеліп, әрқайсысын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайөсіп-тәрбиелеген ардақты ана Мүзбура Жұманқызының өмірі өнеге толы еді, жарықтық!

Отырар ауданы, Темір совхозы, Қарақоңыр елдімекені, қазіргі Шәмші ауылында ғұмыр кешкен осындай қасиетті Анадан тәлім-тәрбие алған ұрпақтары бұл күнде білімді, беделді, абыройлы болып ержетіп, ел ішінде елеулі еңбек етіп жүр. Сүйегі асыл, тамыры текті, жан адамның жүзіне жел болып тимеген, туған-туыс, ағайынның алдында мерейі үстем Мүзбура апа тыл ардагері. Отағасы Асанхан Исахов ағамызға адал жар, ұл-қыздарына ғибратты, бүкіл ауыл-аймаққа үлгі бола білді. Барша ағайын жұрттың, ауылдың келбетіне айналған жанашыр апа өз шаңырағының амандығын ойлап ғана қоймай, барша ауыл-аймаққа жан-тәнімен болысып, жұрттың қамын жейтін. Саналы ғұмырын титтей де бос өткізбеген, ғұмыр бойы бейнетпен еңбек еткен Мүзбура ананың бойынан даналықты байқадық. Мінезі бірбеткей, шындықты бетке айтатын ақиқатшыл жан еді. Желкілдеп өскен жас бойжеткен шағынан, ауылға ибалы келін боп түскен сәтінен бергі әрбір күні босқа кетті деуге мүлде келмейді. Көненің көзін көрген қария ескіден келе жатқан дәстүрді, салтты есікте қалдырмай, төрге оздырғаны оның даралығы мен көрегенділігі. Кешегі күнге дейін қазақтың нағыз әжесіне тән сипатпен немерелеріне есті сөзін жеткізіп,шөберелеріне ақ батасын арнады, шөберенің қолынан май жалағаны шын бақыт. Бақытты Ана ұл-қыздарын, келіндерін зейнет жасына шығарып, ол дәуренді де көзімен көріп кетті, оның өзі асқан ұлылық!

Әйткенмен, өмір – жалған. Өмір осындай өнегелі істеріңмен, артыңда қалдырған ұрпағыңмен ұзарады, мәңгі есте қалады. Мүзбура ананың бақилық мәңгілік сапарға аттанғанына да қырық күн болып қалыпты. Бір ғасырға жуық өмір кешкен, тоқсанның төртеуіне келгенше асыл болмысын жоғалтпаған апамыздың алды жарық, қабірі нұрлы, жаны жәннатта болсын, апа!

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *