ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, БІЛІКТІ БАСШЫ БОЛАТЫН

Өмір-өзен
1 175 Views

2019 жылғы 2 қарашада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бірінші проректоры – оқу ісі жөніндегі проректор, халқымыздың аяулы қыздарының бірі Әсемгүл Александрқызы Молдажанова мезгілсіз дүниеден өтті.

1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Әсемгүл Александрқызы – білім мен ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы болды. Еңбек жолын қарапайым оқытушылықтан бастап, біртіндеп тәжірибе жинақтай келе Қазақстанның білім саласының танымал жетекшілері қатарына қосылды. Семей педагогикалық институтында факультет деканы, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, ректордың міндетін атқарушы, Шәкәрім атындағы университетте бірінші проректор қызметтерінде қабілетті басқарушы ретінде көрінді.

2011-2015 жылдары Білім және ғылым министрлігінің департаменттерінде директордың орынбасары, директор лауазымдық қызметтерін мүлтіксіз атқарып, абыройға бөленді. 2016 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бірінші проректоры – оқу ісі жөніндегі проректор. Ұжымда атқарылып жатқан күрделі оқу-әдістемелік, ғылыми-инновациялық, көпшілік-тәрбие істерінің басы-қасында жүрді және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жасауға қатысты.

Қоғамдық-гуманитарлық ғылым саласындағы еңбектері еленіп, әр жылдары түрлі марапатқа ие болды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатын алды. «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Кеудесіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің төсбелгісін тақты. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы медалі, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалі сияқты мәртебелі марапаттары бар. Құзырлы министрліктің Құрмет грамотасын, «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медальдарын иеленді. 2017 жылы «Құрмет» орденін алды.

Әсемгүл Александрқызы үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен жаны жайсаң, ақкөңіл де елгезек, рухы биік, дара жаратылған тұлға болды. Оның ерекше қасиеттерінің бірі — жершілдік пен жікшілдік дертіне шалдықпай, азаматтық келбеті мен арына дақ түсірмей өтті. Оның ғылым мен білімді жанына серік етіп, кейінгіге мұра етіп қалдырған өмір жолы өнегеге толы.

Педагог-қайраткердің жүрек соғысы тоқтағанмен, оның ел игілігіне айналған орасан зор еңбектерінің өміршеңдігі тоқтамасы анық. Дара тұлғаның туған халқына берері әлі де мол болатын. Дегенмен, келешек ұрпақ Әсемгүл Александрқызының еңбек жолынан үлкен ғибрат алатынына күмән жоқ. Осындай жандардың ұлтжандылығы арқасында қазақ халқы өзінің халықтығы мен мемлекеттігін сақтап отыр. Тіршілігінде айналасына адамгершілік нұрын шашқан, адамдық пен адалдықтың үлгісі болған Әсемгүлдің жарқын бейнесі оны танитындар мен білетін жандардың жүрегінде мәңгілік сақталары анық.

Қазақта «Өмір бар жерде өлім бар» дейді. Тағдырдың жазуы осы болар. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақын-жораларына қайғырып, көңіл айтады. Әсемгүл Александрқызының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *