ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҮЛКЕН ОЛЖАСЫ

Руханият
897 Views

Үстіміздегі жылдың орта шенінде «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналып осы басылымның кітапханасы «Жүз жылдық жылнама» атты бестомдық еңбекпен толықты. Жоба авторы – республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы, тарих ғылымының докторы, ұлт ғылымының шынайы жанашыры Дархан Қыдырәлі. Сонымен қатар бұл ірі еңбектің шығуына зор үлес қосқан филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашевтің рөлін деерекше, арнайы атап көрсеткен жөн.

Салиқалы ғылыми жобаның басты мақсаты – 1919-1976 жылдар аралығында елімізде болған қоғамдық-саяси және мәдени-әлеуметтік оқиғаларды, маңызы бар жаңалықтарды қалай жазып, жариялағанын көрсету. Бес томдық жинақта еліміздің тарихы жайында,нақтырақ айтсақ, еліміздің мәдениеті, тарихы мен әдебиеті, экономикасы мен саясатына қатысты құнды пікірлер мен мақалалар жазылған. Әр жылдары газет атауы өзгеріп отырғандықтан, оқырман ыңғайына сай әр жылдарды әр томға бөліп, жеке-жеке қарастырған.

Көптомдықтың болашақ журналистер мен журналистика саласында жұмыс жасап немесе зерттеу жүргізіп жүрген зерттеушілерге, тарихшыларға, зиялы қауымға үлкен көмекші құрал болатынына сенімдімін.

Бес томдық жинақтың бірінші томының алғысөзін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жазған. Ол өз жазбасында «Егемен Қазақстан» газетінің қазақ елінің тарихында алар орны ерекше екенін жеткізеді. Әр жылдары басқарған басшыларына тоқталып, олардың еңбегінің өлшеусіз болғандығын, «Егемен Қазақстанның» бүгінгі жетістіктерінен байқалатынын айтты. Дәурен Абаев сөз соңында: «Басылым тарихы – ұлтымыздың тарихы, өткен күндерінің дәйекті шежіресі! Сол бұлтартпас деректерге құрылған газеттегі жылнама бізге қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің шығу төркініне, бірқатар дүниелердің сабақтастығына үңілуге, ой қорытуға мүмкіндік береді», – деп қорытады.

Ал аңдатпаны «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы, түркі әлеміне белгілі ғалым – Дархан Қыдырәлі жазған. Өз жазбасында зияткер азамат Дархан Қыдырәлі оқырмандарға деген өз сенімін былайша жеткізген: «Газет атауының әр жылдары өзгеріп отырғанын ескеріп, оқырманға ыңғайлы болуы үшін томдарды жылдарға бөліп ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта 1976 жылдан қазірге дейінгі кезеңді қамтитын томдар да қолдарыңызға тиетініне сенімдіміз. Еңбек жалпы көпшілікке пайдалы болады деп үміттенеміз».

Бірінші томының мазмұнына сәйкес, кітапта «Ұшқын» газетінің 1919-1920 жылдары, «Еңбек туы» газетінің 1920-1921 жылдары, «Еңбекшіл қазақтың» 1923-1924 жылдары аралығында жазылған ең маңызды, өзекті тақырыптарда жазылған мақалалары көрсетілген.

«Ұшқын» газетінің 1919-1920 жылдары жазылған мақалалар – түрлі жанрдағы әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Мысалы, фельетондар, ескертулер, қаулылар, бұйрықтар, өлеңдер, қарарлар, хабарландырулар, есептер, жобалар, түзетулер және қосымшалар қамтылған.

Өлеңдерге келетін болсақ, Бернияздың «Ұшқынға», «Күз», «Жыр», Ы.Досовтың «Азаматқа» атты өлеңдері жарыққа шыққан.

Ал қаулылар қатарына «Жер мәселесі туралы қаулы» (201 бет), «Қазақтың социализм негізіне құрылған кеңес жұмһұриятында шаруа түзеу хақында жасалған қаулы» (187 бет), «Қазақ даласында коммунистер партиясының бір кіндік ұйымын жасау туралы Ақтөбе қаласында болған І Жалпықазақ жиылысының коммунистер бөлімі шығарған қаулысы» шыққан болатын. Солардың бірі «Жер мәселесі туралы» қаулысында жерді пайдалану туралы өзгерістер жайында сөз етілген. Қаулы барысында: «Мемлекеттің байлығын көтеруге, егін салынатын жердің ауданын көбейтуге жәрдемші болу үшін артық, бос жерлерге мемлекет ішіндегі жұрттар тарап орнауына рұқсат беру. Сол артық, бос жерлерді алдымен ұйымдас шаруаларға я көшпеліліктен отырықшылыққа айналатын қазақтарға беру керек», – деп көрсетілген. Мұның өзіне Кеңес өкіметінің сол уақыттан-ақ еліміздегі жерлерді отырықшыландыру мақсатын қойып, бос жерлерді қалдырмауды мақсат еткенін көруге болады. Барлығы жоспар бойынша жүргізілген.

«Ұшқын» газетінің 1919-1920 жылдарында бұйрықтар да жазылған. Олар: «Қазақ аймағын билейтін кіндік мекеменің бұйрығы» (42 бет), «Қазақ аймағын билейтін военно-революционный комитетінің бұйрығы» (50 бет), «Бұйрық. Ішкі істер бөлімінің бастығынан» (82 бет), «Қазақ даласының Аймақтық жер бөлімі һәм Аймақтық азық-түлік бөлімінің қазақ даласында сойыстыққа мал беруден құтылу һәм сойыстыққа мал алу туралы міндетті бұйрығы» (134 бет). Міне, осындай бұйрықтар газет беттерінде жарияланып отырған. Бұйрық жазу барысында бұйрықтың нақты кімге, қай мекемеге жіберілгені айтылғандығын көруге болады. Мысалы, «Қазақ аймағын билейтін кіндік мекеменің бұйрығында» – «Уездной, областной мекемелер осы телеграмм сөзін ауылной һәм волостной мекемелерге хабарландырады», – деп атап өткен.

Сонымен қатар «Опат» деп аталатын естіртуді байқадым. Естірту барысында: «Шәңгерей Бөкеев Орал облысында қаңтардың 3-де тиф ауруымен ауырып, опат болды. Бұрынғы қазақ азаматтарының бірі еді. Жасы да ұлғайған. Орны жайлы болғай», – деп газет ұжымы атынан көңіл айтылған.

Хабарландырулардың қатарына «Көкжар жәрмеңкесі ашылады» (86 бет), «Ел хабарлары» (73 бет), «Қазақша жаңа газет – Ерік» (54 бет) жатқыздым. Әрине, бұл хабарландыруларда елде болып жатқан, алдағы уақытта болатын жаңалықтар жөнінде баяндалады. Мысалы, «Қазақша жаңа газет – Ерік» хабарландыруында «Уральск қаласында 28 хұттан бастап шыққан бүкіл Россия коммунистік большевиктер партиясының Уральск бөлімінің областной комитеті атынан шығатын «Ерік» газетінің №1,2 сандары басқармаға келді. Сөзі жақсы, түсінікті. Таза қазақ тілінде. Бұл жолдасымызға тілектеспіз», – деп «Ерік» газетінің шыққандығы жөнінде оқырмандарды хабардар етеді.

«Еңбек туы» газетінің 1920 – 1921 жылдар аралығындағы жазылған мақалаларына келетін болсақ, тақырыптардың басым көпшілігі жастар аудиториясына арналғанын байқауға болады. Мысалы, «Жас жазушыларға» (232 бет), «Көтеріл, жастар» (232 бет), «Жастар жиылысы» (235 бет), «Түркістан жастары» (236 бет), «Россия жастарының ІІІ жалпы мәжілісі» (236 бет), «Уақ ұлттар арасындағы жастар ұйымдары» (237 бет), «Қазақ жастарына» (241 бет) атты өлең, «Жастардан не күтеміз» (250 бет), «Жастар арасында орын жоқ» (260 бет), «Жастар курсы» (261 бет), «Барлық күш оқуға» (315 бет).

Міне, осындай мақалаларды көріп, аға буын жазушылардың жастарға деген мол сенім артқаны көрінеді. Солардың ішінде Ғабдырахман Айсариннің «Жастардан не күтеміз?» мақаласында мәдениет, әдебиет, саясат туралы сөз етеді. Болашақта осы құнды дүниелерді кім иеленіп, жалғастыру керектігін сөз етеді. Мақаласының соңында «Жастардың ісі ауыр, борышы көп. Бірақ ұйқыны қойып, серпіліп іске кіріссе, солардың бәрін орындауына біз жастарға сенеміз», – деп жастар тарапына деген сенімділігін білдіреді.

«Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 – 1924 жылдар аралығында жазылған мақалалары арасында Мадияр деп бүркеншік есіммен шыққан «Баспасөзіміз не күйде?» мақаласы жеті бөлімнен құралған. Әр бөлімде автор баспасөздің сол кездегі жағдайы мен кез болған мәселелеріне тоқталады. Өз мақаласының соңында: «Баспасөзіміздің күйі осы. Айта берсек, кемшілік толып жатыр. Бұл мақалада мен тым орасандарын ғана санап өттім. Бұл кемшіліктерді толықтыруды қолдарынан келетін азаматтар ескерусіз қалдырмас деп сенемін. Газет-журналдарымыздың басына лайықты адамдарды жеткілікті етіп отырғызып, халық тұрмысын айнаға түсіргендей көрсететін, адасқанға жөн сілтейтін, партия бағыты, үкімет заңымен таныстыратын, дүниеден хабардар ететін газет-журналдарды жиілетіп, мезгілінде шығару керек. Жазылған кітап, газет-журналдарды бастыратын мемлекет баспасына айрықша назар салып, баспахана жұмыстарын бақылап отыратын, берекелендіретін қызметкерлер қою керек», – деп өз ұсыныстарын атап өткен. Бұлар орындалмай баспасөздің де дамымайтынына кепілдік беретінін жеткізеді.

Одан өзге де – Смағұл Салуақасовтың «Еріксіз жауап» (484 бет), Серікқали Жақыпұлының «Ұлтшыл коммунист бола ма, жоқ па?» (478 бет), Шаруашылдың «Ауыл шаруасында сауданың орны» (451 бет), Қаралатынұлының «Балалар үйі жайы» (401 бет), Шамильдің «Ұлт мәселесі туралы баяндама» (379 бет) сынды мақалалар жарық көрген. Тақырыптар сан алуан. Бірақ жазушыларды біріктірген бір нәрсе – қазақ ұлтының келешек жағдайы. Ұлт, тіл мәселесі. Мақалалар қандай жанрда жазылса да, түпкі мақсаты – әр мәселені қазақ жастарына үміт қылып жазу болған. Жастарға деген сенім арту – жазушылардың мақалаларында анық байқалады. Сол кезеңдегі өмір сипаты, әлеуметтік-мәдени өмірдің кей тұстары, қоғамдық маңызы бар мәселелер әңгімелер жинақтарында да баяндалады. Мысалы, «Дін деген не нәрсе?» (394 бет), «Қазақ кедейлеріне жәрдем беру керек» (393 бет), «Тағысын тағы айтамыз» (354 бет), «Халық» (352 бет), Манап Шамильдің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» (331 бет), «Екібас зауытында» (350 бет) сынды мақалалары жарық көріп, сол сәттегі мәселелерді публицистикалық тұрғыда жеткізіп отырған.

Түйіндеп айтқанда, қазақ ғылымының айналымына салиқалы да қомақты еңбек қосылды. Бұл толымды еңбек ғалымдарға ғана емес, мұқым зиялы қауымға, жастарға таптырмас туынды болып табылады. Нақты қайнар көзге жүгіну үшін мыңдаған жандар осы кітаптарды іздері хақ.

М.БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *