ЖАН ҚАЛАУЫМЕН ПОЛИЦЕЙ БОЛҒАН АРУ

Қоғам
1 423 Views

ЕРЛЕРМЕН ҚАТАР ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАҒАНДАР

Рухани астана атанған – Түркістан аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерлермен бірге полиция қатарындағы арулар да қызмет етіп келеді. Шенді қыз-келіншектердің өздеріне жүктелген міндетті құлшыныспен орындап, өздері таңдаған мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, биік белестерді бағындырып жүргенін жақсы білеміз.

Көктем мезгілінің алғашқы мейрамы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында жүзінен арай шашып, көктемнің гүліндей иісі аңқып тұратын полицей арулар жайлы сөз етуіміз жазылмаған заңдылық іспетті. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау органында еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың бұл салаға келуінің өзі көзсіз батырлық емес пе?! Сондықтан, бұл саланың қызғалдақтары қандай мақтауға болсын лайықты деп айта аламыз. Бүгінгі мақаламыз осындай көркі мен ақылы келіскен, қатарынан оза шауып, қызметте алдыңғы шептен көрінген полиция подполковнигі Жанар Балтабайқызы Қалабаева туралы өрбімек.

ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІ ЖАНЫНДА ТҰРАТЫН КІШКЕНТАЙ ҚЫЗДЫҢ АРМАНЫ

Мамандық таңдау – әрбір адам үшін ең маңызды кезеңдердің бірі. Себебі, кез-келгеніміздің өмір жолымыз таңдаған мамандығымызға тікелей байланысты. Шын жүрегіңмен қалаған мамандығы бойынша оқып, сол салада еңбек ету, жаныңның рахаты. Биік белестерді бағындыру оңайлықпен келмесі анық. Кезінде ақындар «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп әнге қосқаны баршаға белгілі. Бұдан бөлек қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттілік қасиеттері тән екені даусыз. Олар қашанда ақылдылығы, даналығымен өзгелерден дара болған. Осылай қолға алған ісін жүйелі жүргізіп, абыройлы қызмет етіп жүрген қазақ қыздарын көргенде бір марқайып қаласың. Біздің кейіпкеріміз Жанар Қалабаева да өз ісінің нағыз маманы, қыз мінезіне тән емес мамандықты игеріп, сол жолда табандылықпен қызмет етіп жүрген ару.

– «Жалпы, ішкі істер саласында қызмет ету – жауапкершілігі мол жүк дерсің. Жанымыз нәзік болса да рухымыз мықты екенін жылдар бойы атқарған қызметімізбен дәлелдеп келеміз. Күн-түн демей, халықтың сенімі үшін еңбектенеміз», – деп атап өтті Жанар Балтабайқызы сөз басында.

Жанар – қоғамдық тәртіпті сақтап, соның ішінде кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстарды болдырмауға барын салып, 15 жылға жуық осы салада аянбай еңбек еткен жан. Құқық қорғау саласында жұмыс істеуді бала кезден армандаған Жанар Қалабаева киелі Түркістан қаласында 1984 жылы 3 қаңтар күні дүниеге келген. Қарапайым отбасында туылған Жанардың әкесі Балтабай Қалабаев есепші, аяулы анасы Гүлшат Сыздыкова ақ халаты абзал жан тұғын. Әпке-сіңлі, інісі бар Жанар отбасының екінші қызы екен. Өзінің айтуынша, жанұядағы жылулық оның көздеген жоспарын алаңсыз іске асыруына септігін тигізген. Балалық шаққа саяхаттаған Жанар осы сәтте осындай қиын салаға қалай келгені жөнінде айтып қалды. Үйлері қалалық полиция бөлімшесі жанында орналасқандықтан, ол ойнап жүрсе де үйде отырып, терезе арқылы болса да үнемі формада жүрген ұл-қыздарды бақылайды. Солардай форма киіп жүруді армандап, алдына биік мақсат қояды. Осылайша бала күнгі көрген көріністер оны алға жетелеп, қазіргі таңда ішкі істер органының нағыз тәжірибелі тәртіп сақшысына айналды. Армандар орындалды.

БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫНА ДЕЙІН…

Жасы алтыға толған Жанар, 1990 жылы қаладағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясы табалдырығын аттап, алғаш оқушы атанады. Мектептегі жылдарының өзінде ол қайтпас қайсарлығымен сыныптас қыздарының жанында ерекшеленіп тұратын. Керек десеңіз құрбыларын, бұзақылардан қорғап жүретін. Мектептегі қоғамдық іс-шараларға белсенділікпен қатысып, озат оқушылар қатарынан көрінді. Аталған мектепті 2000 жылы аяқтаған соң Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заңгер мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдарын 2004 жылы тәмамдап, еңбек жолын 2005 жылы Түркістан қалалық полиция басқармасында бастады. Түркістан облысы құрылып, осында ЖПҚБ-ның Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы лауазымына тағайындалады. Басшылықтың сеніміне селкеу түсірмей, кәмелет жасына толмаған балалар, олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, тыңғылықты қызмет атқарған. Сол себепті жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу да жасалған облыстағы әрбір істе Жанардың қолтаңбасы бар десек, артық айтпаймыз. Қиын тапсырмаларды атқаруда алдына жан салмайтын Жанар жаңа 2020 жылдан бастап ТО ПД-нің әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының аға инспекторы қызметіне тағайындалды.

Қыз-келіншектердің қорқынышсыз өмір сүруі – басты назарда. Сондықтан да бұл топтағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мұнда полицей психолог та, социолог та, кейде адамдардың жақын туысындай болып кетеді. Бүгін де әйелдер мен балалардың тыныштығын қорғап, абыроймен еңбек етудемін, – дейді әңгіме барысында Жанар Қалабаева.

БАУЛЫҒАН ТӘЛІМГЕРІМ – МӘҢГІЛІК ЖОЛ БАСТАУШЫМ!

Полиция қызметінің ауыртпалығына қарамастан, азаматтық борышын өтеу жолында қажымай еңбек етіп, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген нәзік жандының жол бастаушы тәлімгері – Бауыржан Исаев тұғын. Бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан. Қиын салаға келген өрімдей жас қыздың тәлімгері өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, полицей болудың барлық қыр-сырын жалықпай үйреткен. Сол кездегі жас қыз бүгінгі жеткен барлық жетістіктерін тәлімгерінің тәлімді тәрбиесінің арқасы, қадірлі ағама алғысым шексіз! – деп өзінің жүрекжарды лебізін білдіреді.

ЖАНАРДЫҢ ЖАН ҚҰМАРЛЫҒЫ

Түркістан облысы полиция департаментінің ең сұлу полицей аруларының бірі – Жанар Қалабаева қашанда белсенді өмір сүреді. Спорттан да құралақан емес. Тіпті шабыты келгенде шығармашылықпен айналысып, көптеген кітаптар оқиды. Өз ісіне тиянақты маман, ел мен жер көруді ұнатады. Сондықтан, еңбек демалысында үнемі алыс-жақын шетелдерге саяхаттап, сол елдің мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрімен танысқанды жаны қалайды. Әр елдің өзіне тән тағам дайындау ерекшелігін көріп, жазып алып, іс жүзінде жүзеге асырады. Дәмді тамақ дайындауды жаны сүйеді.

Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халық арасында сақтық жұмысын жүргізіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицейдің еңбек жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Тынымсыз еңбек қашанда өз бағасын алатыны осы болар.

Ер азаматқа тән ауыр қызмет пен нәзік жанды әйел затының мойнындағы міндетті қатар атқарып жүрген Жанар сынды батыл қызымызды көктем мерекесінде шын жүректен құттықтап, еңбегіне табыс, қызметіне сәттілік пен абырой тілейміз! Ең бастысы – аналар мерекесінде әйел бақытын, жан жүрегімен сезінуді шын жүректен тілеп, жолыңыз ашық болсын дегіміз келеді!

Айдана ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ,

Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *