ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЕСТІ ҰРПАҚ, ҚЫЛМЫССЫЗ БОЛАШАҚ

Қоғам Құқық
878 Views

Біздің мемлекет жас болса да қазіргі таңда әлемдікаренадағы өркениеті озық отыз елдің қатарына ену үшін аянбай еңбек етуде. Аларасуларының межесін тым биік көздеп, нық қадам басып келеді. Осы жолда адаспай қазақтың заңғар арманын бағындыруда жастар орны орасан екені сөзсіз. Сондықтанда ата-бабаларымыздың аманаты болған Тәуелсіздікті, елдікті келер ұрпаққажеткізіп, заман сан құбылғанда ел тізгінін ұстай алар, рухымызды сақтап, оданкейінгі ұрпаққа жеткізер тұлға тәрбиелеу біздің басты міндет. Осындай ұлы ұрпаққазақ маңдайына бітер болса, келер дәуреннің дауылдарынан аман-сау өтерімізхақ.

Осы орайда біз Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сұбханұлы Сайхановпен пікірлескен болатынбыз. Әңгіме барысында Шымкент қаласы бойынша жастардың қылмысы мен басқа да заң бұзушылықтардың қазіргі ахуалы, өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың жоспары, жастармен жасалып жатқан профилактикалық жұмыстар туралы сөз болды.

Негізгі үш бағытта дау шешетін сотқа былтыр жалпы саны 91 қылмыстық іс, 828 азматттық іс және 160 әкімшілік іс түскен. Қылмыстық істердің басым көпшілігі бөтеннің мүлкін ашық және жасырын түрде жымқыру, жас балаларды азғындық жолға түсіру баптары бойынша қозғалған. Бұл өңірдің кәмелетке толмаған жастары арасында ұрлық қылмысы алдыңғы қатарда тұр дегенді білдіреді. Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша да біршама әкімшілік іс қозғалған.

Жасалған сараптамалардан қылмысқа ұрынатын балалардың 50 пайызы толық емес отбасыда тәрбиеленген балалар екені анықталған. Демек, жастар тәрбиесінде отбасының толық болуы және оның құндылықтарының сақталуы үлкен мәнге ие. Осыны ескере отырып, жасөспірімдер қылмысының алдын алудың алғышарты отбасының толық болып сақталуы екенін түсінеміз. Бірақ, бір өкініштісі, қазіргі таңда Қазақстан ажырасу саны бойынша төрткүл әлемдегі алғашқы ондыққа кіріп отыр. Бұл – шын мәнінде аса күрделі мәселе екені сөзсіз. Сол себепті де елімізде отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «отбасылық сот» жобасы іске асқан болатын.

Төрағаның айтуынша, Шымкент қаласының ювеналды соты да бұл жобаға белсенділік танытуда. Атап айтқанда, «Құқық», «Ана үйі» қоғамдық қорларымен меморандум жасап, отбасылық құндылықтар туралы «дөңгелек үстел», студент және оқушы жастармен кездесулер өткізіп, отбасылық құндылықтар негізін және аталған соттың қазіргі таңдағы қажеттігін түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл да кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жасалған игі шара болады деп үміттенеді.

Судья жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін жасалған профилактикалық шаралар туралы да мәлімдеді. Атап айтқанда, мектеп жастарымен бірнеше кездесулер ұйымдастырылып, қылмысқа бармау, оның алдын алу, басқалар тарапынан жәбір көру жағдайларында не істеу керек деген тақырыптарды талқылаған. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер арқылы 24 материал, ВЕБ-сайтқа 12 материал, газет-журналдарға 17 мақала және телерадиоға 8 сұхбат берілген. Осы орайда атап айтарлық игі шараның бірі – қаламыздың әзірге алты мектебінде медиация кабинеттерінің ашылуы. Бұл орталықтар оқушылармен тығыз жұмыс жасап, араларындағы дауды шешіп, қылмыстық дау-дамайлардың алдын алуға жұмыс жасайды. Мектеп медиаторлары оқушы мен ұстаз арасында дау туа қалса және ата-аналармен түсінбеушіліктер болғанда да татуластыру жұмысын жүргізеді. Мұндай кабинеттерді болашақта басқа мектептерде де ашу жоспарда.

Жастарға қылмыстың зардаптарын түсіндіру мақсатында жоғарыда айтылған шаралардан бөлек бір жағдайды мысалға келтірді:

– «Өткен жылы резонанстық бір қылмыс анықтаған болатынбыз. Ол бұзақылық іс ретінде қаралды. Нақты айтсақ, үш мектептің оқушылары сөзге келіп, қарулы қақтығыс ұйымдастырған. Бұл даудың үкімін өзім шығардым. Оны осы мектептердің барлық оқушысын басын қосып, жариялаймын деп шештім. Осылайша 46 мектепте үкім жарияланды. Мұндағы мақсат осындай қылмыстың қандай салдары бар екенін оқушыларға жеткізу болатын. Соңында бұл мәселе де өз шешімін тапты. Қаншама жылдан бері келісімге келе алмаған оқушылар қақтығысарын тоқтатып, бітімгершілікке келді», – дейді судья.

Бұдан әрі сөзінде төраға кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза туралы айтты:

– «Біз кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауға әрекет жасаймыз. Бұл мәселеде балама жолдарды қарастырып, оның қайта тәрбиеленуіне бар мүмкіндікті жасаймыз. Себебі, олар — бала. Біз үшін ол балалардың қайта қылмыс жасамай, түзу жолға түсіп, оңалып кетуі маңызды. Ал қылмыс жасаған өз кінәсін мойындамай, болашақта да осы жолдан таймайтынын аңғартқан кезде амал жоқтан қатаң жаза кесуге мәжбүрміз. Өткен жылы үш жасөспірімді бас бостандығынан айырдық. Олар ҚР Конститутциясының 192 бабы бойынша қылмыс жасаған еді», – деп сөзін қорытындылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Өтпелі кезеңдерді бастан кешіп жатқан қоғамды, мемлекеттік экономика әлі сақталып тұрған тұста, жекеменшік институттары әлі қалыптасып біте қоймаған кезде, мемлекетіміздің қызметінің орасан зор маңызға ие болатыны мемлекет тарапынан қалыптасқан шаралардың бәрінің мәні де, ықпалы да қоғамдағы тәртіп бұзушылық пен қылмыстың әуелі алдын алуға бағытталған», – деген болатын.

Сондықтан қазір осы мәселе төңірегінде ювеналды сотпен қатар жастар орталықтары, мемлекеттік органдар, әкімдік, «Жас отан» жастар қанаты және тағы басқа да ұйымдар жұмыла жұмыс атқарып келеді. Жастар арасындағы қылмыстық істерді төмендету бойынша «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізіп, жауыр болған мәселе шешімін қарастыруда.

Шынында да елдің келешегіне сенімді болу үшін қазіргі жастар тәрбиесін басты назарға қою – оң шешім болмақ. Қазақта «Балаңды тәрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар. Бұл сөздің төркініне терең бойласақ, кішілердің қателігіне тек ересектер кінәлі екенін түсінеміз. Дүниенің ащысы мен тұщысын енді ғана танып, ақ пен қараны өз бетінше ажыратып, дұрыс жолды таңдауға қауқары жетпейтін жас ұрпақ өзінен ілгерілердің қолдауы мен қамқорлығына қашанда мұқтаж. Ал оларға бағдар көрсету біздің басты борышымыз болмақ.

Г. ҒАНИҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *