ЖАН ҚАЛАУЫН ҰЛЫҚТАП…

Білім Қоғам
151 Views

Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі (Мағжан) деп айтылғандай, қазақ үшін ұстаздан артық тұлға жоқ екені бесенеден белгілі. Сондай-ақ еңбек жолын мұғалімдіктен бастап немесе осы салаға бүкіл ғұмырын арнаған адамның азаматтық арының кіршіксіздігінде мін болмайтындығы туралы да сенім бар.
Әбенова Ләззат Усманқызы қырық жылдан астам уақыттан бері ұстаздық етіп, ұлт болашағын тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан тұлға. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қасиет» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаз ұрпақты тәрбиелейді.
Студент шәкірт санасына білім нәрін егіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Университет қабырғасында көптеген тәрбие шараларына да араласу, тіл білімі саласында игі жаңалықтар мен заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа әдісті жылда оқу үрдісіне қолдану, іздену – бұл ұлт болашағын тәрбиелеудің ізгі амалдары деп білеміз. Ләззат Усманқызы осы айтылған қыруар істердің басы-қасында жүрген ұлағатты ұстаз. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру.
Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Ләззат Усманқызы ұстаздықпен қатар ғылым жолына түсіп, бойындағы бар дарынын шәкіртке үйрету үшін азаматтық парызын өтеп жүрген жан. Ол еліміздің аса ірі оқу орындарының бірі – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Филолог, қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірді. 2010 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қазақ әдебиеті мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
Қазіргі таңда Жұмабек Ахметұлы Тәшенев атындағы университеттің Ғалым хатшысы, «Тілдер және әде-биет» кафедрасының қауымдастырылған профессор лауазымында абыройлы қызмет етіп келеді. Көптеген ғылыми мақалалар мен әдебиеттану саласында өзіндік қолтаңбасы бар еңбектердің авторы. Әсіресе шәкірттік мектебі қалыптасқан көптеген студенттерді өз ісінің маманы етіп шығаруда еңбегі еленіп, білімі мен білігі бағаланып, 2021 жылы ҚР ЖОО үздік оқытушысы атанды. 2023 жылы А.Байтұрсынов атындағы күміс медальдің иегері атанды. Марапатпен қатар ұстаз үшін өмірдің барлық жақсылығынан биік тұратын да осы шәкірттерінің қалаулы азаматтар қатарынан көрінгендігімен өлшенетіні рас.
Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ (Абай. 18-сөз). Жүрегі таза, көкірегі нұрлы Ләззат Усманқызы білім мен ұстаздық қызметке сүйіспеншілігімен қатар, оның бойынан өмірге деген сенімділігі мен ізгілікті байқауға болады. Үнемі ізденістің үстінде жүретін аяулы ұстаздың тек сүйікті шәкірттеріне білім беріп қана емес, қолы қалт еткенде оқулықтар мен мақалалар жазып, ділгір істің түйінін шешуге де атсалысады.

Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан
Ақылсыз болса, ғылым – тұл, –

деп Шәкәрім ақын айтқандай, ғылымға, білімге парасаттылар ғана қол жеткізеді. Ләззат Әбенова мұғалімдікті өзінің өмірлік серігі еткен, сол арқылы балаларға тәрбие берерде тек ар-намыс қағидаларын берік ұстанған, тәрбиенің ата-бабалар жолындағы мызғымас қағидаттарын меңгерген жан.
Ләззат Усманқызы өз шәкірттеріне қазақтың дархандығындай даланың қыр-сырын үйрете жүріп, халқымыздың ежелгі дәуір әдебиеті мен Абайдан бастау алған тәрбиелік мағынасы терең ұстанымдарынан да жан-жақты дәріс беріп жүргеніне әріптес, қызметтестері куә.
Алпыстың асқарына келген Ләззат Усманқызы Әбенова жан қалауын ұлықтап жүріп, ел құрметіне бөленді. Ол көркем мінездің алғышарттарын бойына сіңіріп, айналасындағының барлығын жақсы көретін ардақты ана, аяулы жар, қадірменді ұстаз.


Зылиха ТҰРАРҚЫЗЫ,
Ж.А.Тәшенев университеті Тілдер және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, доцент.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *