ЖАСТАРДЫ ШИРАТАТЫН ЖҮЗ ШАРА

Жастар
1 558 Views

Бүгін біз қаламыздың жастар саясатын жүзеге асыруда аса маңызды орталықтарының бірі – Жастар ресурстық орталығы туралы сөз қозғаймыз. Жастар ресурстық орталығы – жастардың бос уақытын және демалысын ұйымдастыру, шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласындағы қызметті іске асыратын ұйым. Олардың міндетіне жастар бастамаларын, жобаларын іске асыру, шығармашылық әлеуетті дамыту, шығармашылық фестивальдар, мәдени – ойын-сауық іс-шараларын өткізу, жастар бірлестіктерін, бастамашыл және шығармашылық топтарды қолдау. Ресурстық орталық қызметінің басты мақсаты – жастар ұйымдары мен олардың дамуына көмек көрсету және қолдау болғандықтан кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, қадағалаусыздықтың алдын алуда орталық жұмысының маңызы зор екені даусыз. Осы орайда біз Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары – Жани ҚАМБАР мырзамен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша атқарған іс-шаралар мен мектеп жасындағы балаларға арналған үйірмелер туралы әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.

ЖЕТКІНШЕКТЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫС ПЕН СУЦИДКЕ СЕБЕП НЕ?

Уақыт – адам өмірінің өлшеуі. Уақыттың бос өткені, өмірдің бос кеткені екенін біле тұра терең түсініп, қадіріне жете алмай жататын жандар аз емес. Қазір әлемде болып жатқан пандемия кезеңінде, өзіңді дамытуға көңіл бөліп, уақытты пайдалы өткізуге шексіз мүмкіндік бар.

Кей жасөсіпірімдер бос уақытын пайдалы дүниелерге жұмсамауының салдарынан, қылмыс пен суицид саны біршама арта түскен. Негізгі үш бағытта дау шешетін сотқа былтыр жалпы саны 91 қылмыстық іс, 828 азматттық іс және 160 әкімшілік іс түскен. Қылмыстық істердің басым көпшілігі бөтеннің мүлкін ашық және жасырын түрде жымқыру, жас балаларды азғындық жолға түсіру баптары бойынша қозғалаған. Бұл өңірдің кәмелетке толмаған жастары арасында ұрлық қылмысы алдыңғы қатарда тұр дегенді білдіреді. Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша да біршама әкімшілік іс қозғалған. Сескендіретін статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, кәмелетке толмаған жастар арасында 2018 жылы 232, ал 2019 жылы 179 қылмыс тіркелген. Атап айтсақ, Абай ауданында – 48 (2018 жылы – 57), Әл-Фараби ауданында –60 (2018 жылы – 75), Еңбекші ауданында – 44 (2018 жылы– 46), Қаратау ауданында – 27 (2018 жылы – 54) қылмыстық іс тіркелген. Қуантарлығы, биыл 2018 жылмен салыстырғанда қылмыс саны 53-ке кеміген.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласы бойынша кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік көрсеткіші бойынша 4 – 15 жасар, 38 – 16 жасар, 166 – 17 жасар, жалпы саны – 208 жас тіркелген. 2020 жылғы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің бір айлық көрсеткіші бойынша 1 – 15 жас, 4 – 16 жасар, 16 – 17 жасар, жалпы саны – 21 жас тіркелген.

Суицид оқиғасының статистикасы да көңіл көншітпейді. Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, елімізде суицид тыйылар емес. Атап айтқанда, өткен 2019 жылы 3805 жасөспірім өмірмен қоштасуға әрекет жасаған. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға көп деген сөз. Бір таңқаларлығы – әлгілердің басым бөлігі, яғни 73,6-80 пайызы мұндай қадамға сап-сау күйінде барған. Мамандардың мәлімдеуінше, суицидке барудың биологиялық, әлеуметтік және соматикалық 800 түрлі себеп-салдары бар екен. Мәселен жалғыздық, күйзеліс, қарыз, жазылмайтын дерттер, тағы басқалар бар көрінеді. Еліміздің статистикасында бестікке Түркістан облысы – 342 адам көрсеткішімен еніп отыр.

Шымкент қаласында 2019 жылдың қорытындысына қарасақ, 14 –29 жас аралығында 104 дәйек-дерек тіркелген. Соның ішінде: оқталғандар –70, аяқталғандар –34. Осы орайда жастар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында Жастар ресурстық орталығының психологтары тарапынан 26 семинар-тренинг, кездесу, ата-аналар жиналысы ұйымдастырылған. Сонымен қатар әр ай сайын кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру, әр аптада жоғары және орта арнаулы оқу орындарында және жалпы білім беру мекемелерінде қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Қылмыстың алдын алу барысында аутрич, NEET жастармен жұмыс бөлімі жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып қала аумағындағы оқу орындарында 22 кездесу өткізілді. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастар арасында заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүруі бойынша 17 рейдттік іс-шара ұйымдастырылды.

ЖАСТАР ҮШІН ЖОСПАР

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында болуы бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, ата-аналардың қарауынсыз қалу, тәлім-тәрбие мәселелерін қолға алу қажет. Рейдтік іс-шара барысында кәмелетке толмаған 350-ге жуық жасөспірімге хаттама толтырып, ата-аналарына ескерту жасалды. Шараның мақсаты – жастар арасында қылмыс көрсеткіштерін азайту, сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қолдау көрсету, жастардың уақытын тиімді пайдалану көзделген болатын. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасында топта және топпен тиімді жұмыс жүргізу, өз-өзіне сенімділік қабілеттерін арттыру, психодиагностика бағыттарында саябақтарда түрлі жаттығулар мен акциялар ұйымдастыру жоспарлануда.

Жастарды сауалатты өмір салтымен қатар көше спорт түрін насихаттау мақсатында олардың бос уақытын тиімді пайдалану арқылы спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін «Саламатты ұрпақ!» жобасы, «Шымкент жастары» футбол лигасын, «Жастар» баскетбол лигасын ашу көзделуде. Сонымен қатар «Tour de Shymkent» веломарафоны ұйымдастырылады. «XXI legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоры қолдауымен бірлесе отырып «Street workout» көше спортынан 14-29 жас аралығындағы жастар арасында сайыс ұйымдастыру жоспары кезекте тұр. «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес» орталықтарымен бірлесе, осал топтағы жастармен 50 семинар-тренинг, акциялар ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар оқуға түсе алмаған және әскерге шақырылмаған түлектердің мәлімет базасын жасақтап, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға, үйірмелерге тарту, NEET санатындағы жастарға арналған базадағы кеңес беру орталықтарының жұмысын ұйымдастыру іске асырылатын болады.

Жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау мақсатында «Шабыт» жобасы арқылы талантты жастардың базасын қалыптастыру негізге алынды. Жоба аясында «Жас star» жас әншілер байқауын, «Shymkent dance festival» бишілер байқауын, ұлттық өнер өкілдері арасында байқаулар ұйымдастыратын болады. «Үздік жастар» премиясын Тәуелсіздіктің 29 жылдығына орай 29 номинация бойынша Шымкент қаласының үздік жастарын марапаттау, «Face of Shymkent» студенттер арасында қыз баланың бойына қазақи тәрбиені сіңіру үшін қалалық сұлулық байқауы сияқты имидждік шаралар өткізілетін болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауындағы ұлттық құндылықтарды насихаттау негізінде «Жастар айтысы», ақындар айтысын ұйымдастыру қолға алынды. «Жастар синергиясы» жазғы лагері ұйымдастырылып, жастар арасындағы мәдениет аралық байланысты нығайту мақсатында, жастар саласында озық идеялар мен жобалармен ой бөлісу және түрлі салаларда жетістікке жеткен азаматтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Абай Құнанбаевтың 175, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған арнайы жоспарға сәйкес «Поэзия мінбері» өтетін болады. Еріктілер жылында медициналық еріктілік, экологиялық еріктілік, әлеуметтік еріктілік, медиа еріктілік бағытында жұмыс жасайтын еріктілер ұйымы бар. 150 еріктілерден тұратын ұйым лагерьлер, коворкингтер өткізеді.

«Professional» жобасы ЖОО және ОАОО бітірушілері үшін Шымкент қаласындағы ТОП-25 кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде тағылымдамадан бастауға да, сонымен қатар алған білімі бойынша кәсіби білім мен дағдыларды қалыптастыру мен шоғырландыруға бағытталған. Жоба жастарға өздерінің кәсіби дайындығы мен тәжірибелеріне баға беруге мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – Жобаға қатысушыны жұмысқа орналастыру. Жоба бойынша бағытталған жастардың кемі 50 пайызын жұмысқа тұрғызуға ықпал ету. «Jastar business idea» – Инновациялық жобалардың базасын қалыптастырып, инвестиция тартуға көмектеседі. Бұған қоса бес инновациялық жобаға қаржылай грант қарастылырған. Бұл кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік. «Атамекен» ҰКП бірлесіп, 100 адамға кәсіпкерлік негіздерін үйрету мақсатында «Вusiness school for jastar» жобасы жасалмақ. «Silkway» Халықаралық университетімен бірлесіп компьютерлік бағдарламашылар жұмыс жасайтын коворкинг орталығы ашылады. Дұрыс отбасы құру үшін отбасы қағидаларын үйрететін тренингтер, мектеп жасындағылар үшін дұрыс мамандық таңдауға көмектесетін шаралар өткізілді. Оған қоса Шымкент қаласының 133 мектебінен бес лидерді жинақтап, спорттық, мәдени, білім, тағы басқа салалар бойынша 50 іс-шара ұйымдастырып, қаламыздағы бес мың оқушыны қамтитын,лидерлік қасиетті дамытатын лига құрылады.

2020 жыл басынан бастап қоғамдағы жастардың өзекті проблемаларын шешуге көмектесу мақсатында «Көзқарас» жастар телебағдарламасының көрсетілімі ұйымдастырылатын болады. Бағдарлама негізінен 30 минуттық 12 түсірілімді құрайды. Жетістікке жеткен жастарды халық арасында насихаттау арқылы табысқа жету жолын көрсетеді.Сондайақ екінші «Ақиқат» пікір сайыс телебағдарламасының көрсетілімі ұйымдастырылмақ. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, тиісті басқарма өкілдерін бағдарлама түсіріліміне қатыстыра отырып, шешім ұсыну көзделуде.

Қазақстан Республикасының Түңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы құндылықтарды насихаттау мақсатында 100 әлеуметтік ролик түсіріліп, танымал әлеуметтік желілерде жарияланады. Түрлі тақырыптарды қамти отырып көрерменге ой салатын түсірілімдерді әзірлеу, сондай-ақ бейнеролик кейіпкерлері ретінде өнерлі жастарды тарта отырып, шығармашылық қолдау көрсету – басты мақсат болмақ. Мемлекеттік бағдарламалар, жастар жобаларын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында қала көшелеріне 10 ситибордта баннер орналастырылып, қала жастары мен қонақтарына жастар саясатына қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсінік беріп, қажетті мағлұматтарды орналастыру көзделуде.

Шалғайда орналасқан елді мекендегі жастар да ескерусіз қалған жоқ. Арнайы «мобильді топ» 2020 жылдан өз жұмысын бастаған. Жыл бойына 30 000 жасты қамтитын мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй және кәсіпкерлік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қаладағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша бағдарламаларды насихаттауда, инновациялық идеялар, гранттар, стартап жобалар туралы ақпарат береді. Шағын аудандарда жастарға шахмат, кіші футбол ойындарынан 50 турнир, қаладағы ірі және ұсақ сауда орындары (базарлар), көлік жуу орындары, тағы басқа «ыстық» нүктелерде NEET санатына жататын жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында 50 акция жұмысы ұйымдастырылатын болады.Сонымен қатар қаламыздағы Жастар ресурстық орталығындағы жастарға қызмет көрсету бөлімі жыл басынан бері бірнеше арнайы жобаларды іске асыруда. Психологиялық көмек және күйзелістің алдын алу бөлімі қазіргі таңға дейін денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесе жастар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез құлықтың алдын алу, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында 10 семинар-тренинг, жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында бес кездесу ұйымдастырған болатын. Психолог мамандарының жеке қабылдауына 12 жас келіп қатысты. Алдағы уақытта қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары, жалпы білім беру мекемелерінде жоғарыда аталған тақырыптар бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізу жоспарлануда.

ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖОБАЛАРЫ

Жастар ресурстық орталығы – қаламыздағы жастардың талантын шыңдап,қолдау көрсететін бірегей орталық. Талғамы түрлі жастар үшін сан түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. КММ базасында жастарға ең қажетті, заман талабына сай тоғыз үйірме тегін қызмет көрсетеді. Әр аптаның сейсенбісі мен бейсенбісі күндері ағылшын және орыс тілін жетік меңгеруге мүмкіндік мол. Дене сымбатын арттырып, деніңнің саулығын жақсартуға сеп болатын «заманауи би» үйірмесіне сейсенбі мен жұма күндері бара аласыз. Сахнаны сүйетін, жаңа таныстықты қалайтын жайдарлы жастар үшін «Жайдарман» клубы бар. Шымкенттің танымал КВН ойыншыларынан сабақ алып, Республикалық «Jaidarman» ойынына қатыса алады. Жарасымды әзіл айтуға шебер жандарға «Stand Up» үйірмесінің есігі ашық. Әлемдік аренадағы әзілкеш болғысы келетін жасөспірімдер әр жексенбі сайын барып қатыса алады. Логикалық машығы жетілген зияткерлерге арнайы шахмат үйірмесі жұмыс жасайды. Дүйсенбі, жұма күндері шахматқа барып, ақыл-ойды жетілдіруге уақыт табуға болады. Қара сөздің шешені болам деушілерге жаңа серпін сыйлайтын «Пікірсайыс клубы» бар. Сейсенбі мен бейсенбі күндері пікірсайыс алаңында өз ойыңды өзгеше форматта жеткізуге болады.Ақындықты шыңдайтын, «Жас ақындар» үйірмесі бар. Камерамен жұмыс жасағанды сүйетін, сән туралы жаңалықтарды білетін, дене-сымбаты сәнбике болуға келетін жастар үшін «Sulu models» агенттігі жексенбіде жұмыс жасайды. Жалпы жыл басынан үйірмелерге тартылған жастар саны – 1000-ға жеткен.

КАРАНТИНДЕ ДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ШАРАЛАР

Карантин біткен соң үйірмелер кестеге сәйкес қайта өз жұмысын жалғастырып, жоспарланған жобаларіске асатын болады. Жастар – болашақтың іргетасы. Іргетас берік болу үшін жастарға қатысты мәселелер бүгін шешімін табуы тиіс.Сондықтан орталық өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Онлайн түрде түрлі байқаулар мен танымдық шаралар өткізілуде. Әлеуметтік желілерде (Instagram, facebook,) алдын ала анонспен аптасына үш рет тікелей эфир өткізіліп, бейне нұсқаулар одан әрі таратылуда. «Stand Up» жобасы өз жұмысынан тоқтатпай, тікелей эфир арқылы жүргізіліп келеді. Еліміздің бірқатар танымал жұлдыздарымен сұхбат құрып, ән кеші ұйымдастырылуда.

Төтенше жағдай уақытында жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және түрлі тақырыптарда онлайн сабақтармен сұхбаттар ұйымдастыру мақсатында 10 түрлі салада жетістікке жеткен азаматтармен онлайн сұхбаттар ұйымдастырылды. Оған бизнес, кәсіпкерлік, блогер, әзіл-сықақ және білім саласында елімізге танымал азаматтар қатысты. Осыған дейін кәсіпкер Әйгерім Зиябекпен бизнес ашудың қыр-сырын талқылап, жас блогер әрі вайнер Зарина Нұржановамен блоггинг туралы, тағы басқа да тұлғалармен тікелей эфирде біршама пайдалы ақпараттарды үйренген болатын. Аталған онлайн сұхбаттарға 8000-ға жуық жас қатысып, 2500 -ге жуық сұрақтар қойылды. Алдағы атқарылатын жұмыстарды жоспарлай отырып, талдау жүргізуде.Өзге де онлайн шаралар жайлы орталықтың инстаграм парақшасынан хабардар бола аласыздар.

Төтенше жағдайға байланысты желі парақшасында орталық тарапынан «Үйде бірге оқимыз!» атты challenge бастаған болатын. Марафонның мақсаты – жастардың оқу мәдениетін арттыру, карантинде уақытты тиімді пайдалану.

Марафон шарттары:

1) @resurstyq_ortalyq парақшаcына тіркеліп, посттың астына «қатысамын» деп және оқитын үш кітапты жазып, 10 досты белгілеу;

2) Инстаграм парақшаңызда аты-жөніңізді, үш оқитын кітаптың атауын, #ҮйдеБіргеОқимыз #UideBirgeOqimyz17 хештегтерімен пост жариялау;

3) Кітаптан алған әсермен бөлісу үшін бейнероликтерді стористерде @resurstyq_ortalyq белгілеп, #UideBirgeOqimyz17 хештегімен салу;

Жеңімпаздар 30 сәуір күні сағат тікелей эфирде 17:00-де анықталады. Белсенді қатысушылар Алғыс хаттар мен сыйлықтарға ие болады. Ескерту: Рандомды анықталған жеңімпазға оқыған әр кітабына байланысты 10 сұрақ қойылады. Кемінде бес сұраққа жауап бере алмаған жағдайда, бас жүлде иегері қайта анықталатын болады.

Қатысушыларға қойылатын талаптар: 14-28 жас аралығы. Шымкент тұрғы болу. Басты жүлде: IPhone 11 Pro.

Көзқарасы әртүрлі, талғамы бөлек жастардың жиналатын орталық жаңаша мүмкіндіктер мекені. Өз ортасын қалыптастырып, дос табуға болатын орда, бүгінде уақытты қадірлейтіндердің сүйікті орталығы. Әр саланы қамтитын, талантты шыңдап, тәрбиені ұштап, ұтқыр тұлғаларды қалыптастыратын орталық.Уақыт деген бақытты бағалай білейік!

Әлия ТҮГЕЛБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *